4 мамырда Азаттықтың Тәжік қызметі Қырғызстанмен қақтығыста мерт болған тағы екі адамның аты-жөнін анықтады. Екеуі де әскери қызметкер.
Қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыс кезінде қаза тапқандар – шекара қызметінің 20 жастағы сарбазы Аслиддин Абдузамонов пен 26 жастағы офицері Абдулло Саидов.
Нұрабад ауданы хукуматы (әкімдігі) әскерилердің 29 сәуірде опат болып, 1 мамырда жерленгенін айтты.
Аслиддин Абдузамонов әскер бір жарым жыл бұрын шақырылған. Ол Исфарадағы Ходжаи Аъло шекара заставасында қызмет еткен. Бұл туралы Азаттықтың Тәжік қызметіне Нұрабад аудан Хумдон ауылының басшысы Махмадаюб Кароматов айтты.
"Снайпер көзіне тиген. Жерлеу кезінде елдің қорғаныс министрі екеуінің де елге жасалған шабуылға тойтарыс беремін деп қаза тапқанын айтты" деді Кароматов.
Биліктің сөзінше, Абдуллох Саидов та Ходжаи Аъло шекара заставасында қызмет еткен, Оның басында снайпер винтовкасы оғының ізі болған.
"Жерлеу ресми сипатта өтті. Енді олардың отбасына қаржылай көмек беру шешімі бар" деді Нұрабад ауданы шенеуніктерінің бірі.
Азаттық радиосы Тәжік қызметінің есебіне қарағанда, шекарадағы қақтығыстан мерт болған тәжік азаматтарының саны 18-ге жетіп отыр. Тоқсаннан астам тәжік азаматының жарақаттанғаны айтылады.
3 мамыр күні Тәжікстан төтенше жағдайлар комитеті бірнеше күндік үнсіздіктен кейін ақыры зардаптың ауқымы туралы мәлімдеме жасады, бірақ мерт болғандар жөнінде ешнәрсе айтпады.
Қырғызстан билігі 183 адамның жарақаттанып, 36 адамның опат болғанын хабарлады. Қаза тапқандардың екеуі – бала.
Екі ел де қақтығысты бірінші болып бастады деп бір-бірін айыптап отыр. Қырғыз-тәжік шекарасындағы қанды қақтығыс 28 сәуір күні басталған. Оған суды бөлу бекетіне камера орнату түрткі болған. Совет одағы кезінде салынған бұл канал шекара бойымен өтіп, екі жаққа да су беріп отырған.
Қазір Тәжікстан мен Қырғызстан атысты толық тоқтатып, әскери күштерін шекара аймағынан алып кеткенін мәлімдеп отыр.
Еуропалық одақ, ЕҚЫҰ және Ресей екі тарапты да атысты тоқтату келісімін ұстануға шақырып отыр. Тәжікстанда да, Қырғызстанда да Ресейдің әскери базасы бар.
Human Rights Watch ұйымы екі елді де қарулы қақтығыс кезінде адам құқығын бұзғандарды жауапқа тартуға шақырды.
Екі ел арасындағы қақтығыстар көбіне жер, су және жайылым үшін болады. Тәжікстан мен Қырғызстанның ортақ шекарасы 970 шақырымнан тұрады. Оның жартысына жуығы бөлінбеген де, белгіленбеген де. Яғни делимитация мен демаркация жасалмаған.
ПІКІРЛЕР