Accessibility links

АҚШ елшілігінде Қазақстандағы адам құқығы мәселесі талқыланды


Арнайы жасақ алаңға бейбіт наразылыққа шыққан белсенділерді кеттлингке алып тұр. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.
Арнайы жасақ алаңға бейбіт наразылыққа шыққан белсенділерді кеттлингке алып тұр. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.

6 мамырда АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған онлайн жиында АҚШ мемлекеттік департаментінің Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі есебін талқылау өтті.

Жиынға АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер, қазақстандық құқық қорғаушылар мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысты.

АҚШ елшісі Мозер Вашингтон Қазақстандағы адам құқығы мәселелеріне алаңдайтынын, Нұр-Сұлтанмен адам құқығы бойынша келіссөздерді жиі жүргізетінін жеткізді.

"АҚШ сөз бостандығы, бейбіт митинг өткізу құқығы демократияның ең үздік элементі деп санайды. Мемлекет өз халқына, елдегі әлсіз топтарға қызмет етуі тиіс. Жемқорлық, адам саудасы әлсіз топтарға соққы болып тиіп, халықты үлкен құндылықтардан айырады" деді ол жиында.

Кейін Қазақстандағы бейүкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері сөз алып, АҚШ есебінде айтылмаған мәселелерге тоқталды.

Қазақстандағы халықаралық адам құқығы қорғау бюросының құқық қорғаушысы Евгений Жовтис кейінгі уақытта Нұр-Сұлтан белсенділерді қамаудан бөлек қоғамдық істерден шектеу жазасын қолдана бастағанын, бұл жаза АҚШ есебінде айтылмағанын жеткізді.

"Кейінгі жылдары билік қоғамдық істерге шектеу қою жазасын жиі қолдана бастады. Бұл – азаматтық қоғамның саяси позициясына үлкен соққы. Белсенділерге саяси партияға, кәсіподаққа, қоғамдық бірлестікке мүше болуға, саяси-әлеуметтік мәселе талқыланып жатқан алаң мен көшеге баруға тыйым салынып жатыр. Оларға желіге пост жариялауға; репост жасауға; халықаралық үкіметтік емес ұйымдар ұйымдастырылған тренинг, семинар, конференцияға қатысу да шектеу қойылады" деді ол жиында.

Жовтис АҚШ елшісі алдында Қазақстан органдары кейінгі кезде бейбіт наразылыққа шыққандарды құрсауға алып, кеттлинг жасап жеті-сегіз сағат ұстайтынын да айтты.

"Халықаралық құқықтық бастама" қорының президенті Айна Шорманбаева АҚШ есебінде Қазақстан үкіметі ұсынған адвокаттық қызмет туралы заң айтылмағанын атап өтті.

"Тәуелсіз адвокаттар мен заңгерлердің жұмысына қол сұғу – есепте айтылмаған мәселенің бірі. Әділет министрлігі заң жобасын дайындап, адвокаттар жұмысы мен заңдық көмекті орталықтандырмақ. Министрлік ұсынған бұл заңды парламент қабылдады. Заңда біз ұсынған біраз ұсыныстар ескерілген. Бірақ бұл заң қабылданса, Қазақстанның сот жүйесіне қауіп төнеді" деді ол.

Әділет министрлігі ұсынған "Адвокаттар жұмысы туралы" жаңа заң адвокаттар мен заңгерлерді республикалық бірлестіктер құрамына кіріп, жарна төлеп отыруға міндеттейді. Бұған қоса заңгерлер "Ұлттық ақпараттық технологиялар" холдингі әзірлеген "Е-Заң көмегі" платформасын қолданып, Заң кеңесшілері палаталарының қауымдастығы жүйесіне қосылғаны үшін ақша төлеуі тиіс. Заңгерлер бұл заң "тәуелсіз адвокатураны жоюға" бағытталған деп наразылық білдірген.

АҚШ елшілігі ұйымдастырған жиында "Әділ сөз" баспасөз құқығын қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева Қазақстанда журнлистерді қорғайтын ұлттық бағдарлама жоқтығын айтты.

"Біздің үкімет қауіпсіздік дегенді өте таяз түсінеді. Адам өлтіру, ұрлау, суицидке жеткізу сияқты төтенше жағдайларды ғана біледі. Ал ЮНЕСКО дайындаған журналистердің қауіпсіздігінің көрсеткіштерінде медиа туралы заң, журналистерге шабуыл жасалса үкіметтің реакциясы, сот шешімдері, журналистерге шабуыл кіреді" деді ол.

АҚШ-тың 2020 жылға арналған адам құқығы жөніндегі есебінде Қазақстанда биліктің президенттің қолында шоғырланғаны, атқарушы биліктің дамыған елдерде тәуелсіз саналатын заң шығарушы және сот билігін қадағалайтыны жазылған. Авторлар Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттіктен кетсе де, билікке деген ықпалын сақтап қалғанын, ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың құқықбұзушылыққа толы сайлауда президент атанғанын айтады.

Есепте Қазақстанда түрмеде азаптау, адам саудасы, елде саяси тұтқындар бары, соттың тәуелді екені, интернеттің бұғатталатыны, баспасөз мен сөз бостандығы шектелгені, жұрттың митингіге шығу құқығы тапталатыны, кәсіподақ құруға мүмкіндіктің аздығы айтылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG