Covid-19 вирусы жұғып ауырған адамда денсаулығы нашарлап, жүрек-қан тамыры және тыныс алу жүйесі аурулары асқынуынан бөлек, бірден көрінбейтін, бірақ орталық жүйке жүйесіне кері әсер ететін постковид синдромы байқалуы мүмкін. Психиатрлар мен психологтар коронавирус инфекциясынан кейін науқастың мазасы болмай, ұйқысы қашып, бойынан үрей мен күйзеліс және басқа да белгілер байқалатынын айтады.
АУРУДАН ЖАЗЫЛҒАННАН КЕЙІНГІ БЕЛГІЛЕР
Астананың 30 жастағы тұрғыны Айнұр Ермұханова 2020 жылы жазда коронавируспен ауырған. Аурудың өзі жеңіл өткенімен, салдары ауыр болған. Айнұр аяқ астынан түсініксіз фобиялар пайда болғанын айтады.
– Коронавирус шамамен бір айға созылды. Бірақ одан кейін де денсаулық жағдайым оңалып кеткен жоқ. Керісінше, біртүрлі ентігіп, күтпеген жерден жүрек соғысым жиілеп, үнемі ауа жетпей қалады деп қорқып, қарадай үрейленетін болдым. Мұндайда «Көмектес, маған бірнәрсе болған сияқты, қазір ауа жетпей, тұншығып қаламын!» деп күйеуіме жүгіретінмін. Коронавирусқа дейін психотерапияға барып жүргем. Тек кезекті бір сеанс кезінде психолог менің үрейге бой алдырып жүргенімді айтып түсіндірді. Бұрын мұндайды көрген емеспін. Психолог үрей билеген кезде өзімді қалай дұрыс ұстауға болатынын үйретті, бірақ бұл жағдай тағы бірнеше айға созылды, – дейді Айнұр.
Коронавирус инфекциясы адамның психикасына әсер етуі мүмкін деген болжамдар пандемия жаңа басталып, көп мемлекет карантин шараларын енгізіп, азаматтар қоғамнан оқшау жағдайда қалуға мәжбүр болған кезде-ақ айтыла бастаған. Бірақ кейінгі айларда жарияланған медицина зерттеулері Covid-19 вирусынан кейін психика қызметінің бұзылуына әлеуметтік факторлар ғана емес, медициналық себептер де әсер еткенін дәлелдеп отыр. Бір жағынан, ондай кінәрат жүрек-қан тамыры жүйесінің әртүрлі бөлігінде, оның ішінде мидың ұсақ тамырларында жүріп жатқан қабыну процесімен байланысты. Екінші жағынан, болашағына алаңдаудан, табыстан айрылудан және үйреншікті өмір салтының күрт өзгеруінен күшейе түсетін стресс те әсер етеді. Коронавирус дертімен ауырып шыққаннан кейінгі кезеңде үрей, мазасыздану, ұйқы қашып, торығу осыдан пайда болады.
Алматылық психотерапевт дәрігер Жібек Жолдасова халықаралық зерттеулерге сүйеніп, коронавирустан кейін науқасқа неврологиялық және психиатриялық диагноз қойылу қаупі тұмаумен салыстырғанда 44 пайызға жоғары екенін айтады. Сондықтан Жолдасова алдағы уақытта адамзатты әлдеқайда қиын мәселелер күтіп тұр деп есептейді.
– Қазір мамандар пандемияны жеңіп, экономика қалпына келген күннің өзінде коронавирус инфекциясының салдарынан пайда болған басқа әртүрлі аурулардың эпидемиясы басталуы мүмкін екенін айтып отыр. Бұл мәселе пандемиядан артық болмаса, кем емес. Біз әлі көп жыл бойы оның салдарын сезінетін боламыз. Жүйке жүйесіне әсер ететін асқынуларға келсек, психиатриялық белгілердің арасында мазасы қашып, торығу жиі таралған. Адамдар мазасызданып, торықса, кей науқастың ұйқысы қашады, енді біреулер аурудан жазылғаннан кейін бірнеше ай бойын басқан әлсіздіктен арыла алмайды.
Коронавируспен ауырып жазылған науқастардың көбі когнитивті қызмет, зер салу, есте сақтау қабілеті нашарлағанын айтады. Facebook-тегі Survivors Corp тобындағы қолданушылар аурудан айыққаннан кейін бірнеше айдан соң әртүрлі белгі пайда болғанын жазады. Топта мыңдаған жазба, ондаған мың пікір бар. АҚШ-та тұратын қолданушылардың бірі күнде басы ауыратынын, күші сарқылып, «ақыл-есі тұманданғандай» сезімде болатынын айтады. Ол «Коронавирустан кейін мазасы қашып, торығуға түскен адамдар бар ма?» деп сұраған. Оған бірнеше адам осыған ұқсас жағдайды бастан өткеріп жатқанын айтып, жауап берген. Топта мұндай жазбалар өте көп.
Өткен айда Lancet Psychiatry медицина журналы британдық және америкалық дәрігерлердің зерттеуін жариялады. Дәрігерлер Covid-19 вирусы жұғып ауырған әрбір үшінші науқас дерттен айыққаннан кейін жарты жылдан соң жүйкесі немесе психикасы сыр береді деген қорытындыға келген. Зерттеуге 236 мың адам қатысқан. Олардың 13 пайызына жүйкесі және психикасында ақау бар деген диагноз бірінші рет қойылған.
Қазақстандық гештальт-терапевт Әния Базарбекова өзінің және әріптестерінің тәжірибесіне сүйеніп, кейінгі жылы клиникалық жағдайлар саны шынымен өскенін айтады. «Коронавирус жаңа пайда болып, мұның қандай ауру екені түсініксіз кезде адамдарда қорқыныш басым болды. Біреу түшкірсе не жөтелсе үрейлене қарайтын болды» дейді Базарбекова.
– Мұндай сұмдық пен үрейге жолыққан адам өмірдің шексіз емесін түсінеді. Пандемияға дейін жұрттың көбі қамсыз жүруші еді. Үнемі ажалдың ауылы алыс қой деп ойлайсың. Коронавируспен ауырып жазылғандар үшін психотерапия топтары ұйымдастырылды. Онда клиникалық жағдай көп кездесті. Өйткені Covid жұқтырғандар, әсіресе, пандемияның бірінші толқыны кезінде адамдар мұның қандай ауру екенін білмеді, үрей билеген, сезімін сыртқа шығармай, ішінде ұстағандар көп болды. Кейін мұндай сезім басылып, ауру қарқыны бәсеңдегенімен, өлімнен қорқу және басқа да фобиялар бойымыздан кеткен жоқ. Сондықтан үрейге берілу, торығу жиіледі, – дейді Әния Базарбекова.
Психотерапевт Жібек Жолдасованың айтуынша, халықаралық дәрігерлер қауымдастығы коронвирустен кейінгі толқын кезінде кең таралған созылмалы аурулар салдарынан мүгедек болып қалатындар мен дәм-тұзы таусылатындар көрсеткіші күрт артып, бұл қоғамға ондаған жыл бойы әсер етеді деген болжам жасап отыр.
– Бұл әсіресе, жүрек-қан тамырымен байланысты дерті бар, семіздікке шалдыққан, диабетпен ауыратын адамдарға қатысты. Бұл өте маңызды. Барлық мемлекеттің денсаулық сақтау жүйесі осыған дайын болуы керек. Қазір батыста жүрек ауруы мен қант диабетіне шалдыққан, Covid-19 вирусынан жазылған науқастарға көмектесу үшін нақты тактикалық және стратегиялық шаралар дайындалып жатыр, – дейді Жолдасова.
НЕ ІСТЕУ КЕРЕК? МАМАН КЕҢЕСІ
Психотерапевт Жібек Жолдасова коронавирустың тағы бір қауіпті салдарына адам қанында тромб түзілу ықтималдығын жатқызады. Микротромбтар бүкіл денеге тарап, барлық ішкі органдарда болуы мүмкін. Сондықтан бір жері ауырған адам тексеруден өтіп, дер кезінде дәрігерге, әсіресе, салалық мамандарға қаралуы керек.
– Кейбір адамның өкпесінде микротромбтар болады. Сондықтан аурудан кейін бірнеше ай бойы ентігу байқалуы мүмкін. Пульмонологқа қаралып, тыныс алу жаттығуын жасап, оңалтудың өзге де әдістерін қолдану керек. Енді біреулерде микротромбтар мида кездеседі. Ондайда тірек-қимыл аппаратының, бұлшық еттің қызметін тексеріп, неврология белгілеріне де мән берген жөн. Жарты жыл бұрын ғылыми журналдарға алғашқы инсультты көбіне коронавирус инфекциясы белгісімен шатастырып алуға болатыны жөнінде мақалалар жарық көрді. Бұл шынымен көп жағдайда расталған. Коронавируспен ауырған 50 науқастың біреуі дерттен жазылғаннан кейін алты айдың ішінде инсульт алуы мүмкін. Коронавируспен ауырмай тұрып, адамға энцефалопатия, яғни, мидың созылмалы ишемиясы диагнозы қойылған болса, инсульт алу қаупі 11 науқастың біреуінде кездеседі, – дейді Жібек Жолдасова.
Психотерапевт коронавируспен ауырып жазылған науқастарға көп адам ұстана бермейтін ұйқы режимін бақылау, дұрыс тамақтану, белсенді өмір салтын ұстану (тіпті жарты сағат қалыпты дене қимылының өзі мидың жұмыс істеу қабілетін жақсартып, стреске төзімділікті арттырып, ағзадағы қан айналымын жақсартады) сияқты қарапайым ережелерді сақтауға кеңес береді.
– Біз уақыт созып, ауру әбден асқынған кезде ғана жедел жәрдем шақыратын ескі әдетпен өмір сүреміз. Шын мәнінде дәрігерге ертерек қаралу керек. Ауру жеңіл кезде жазылып шығуға мүмкіндік көп. Психиатрға баруға қорықсаңыз, тым болмаса невропатологқа барыңыз. Тыныштандыратын дәріні, тіпті антидепресанттың өзін қатардағы дәрігер де жазып береді. Денсаулық сақтау министрлігінің тиісті бұйрығы бар, оған сәйкес, аздап мазаңыз кеткен жағдайда емханадағы дәрігер де көмектесе алады, – дейді Жолдасова.
Lancet журналы табысы орташа және төмен мемлекеттердегі адамдардың психикасына Covid-19 вирусының қалай әсер еткенін талдаған мақала жариялады. Басылымның жазуынша, мұндай елдердегі (олардың қатарында Қазақстан да бар) жағдайды билік қауіпті вирустың таралуын тоқтата алмайды деген сенімсіздік одан әрі ушықтырады. Жұрттың ертеңгі күнге деген сенімі сола бастайды. Өйткені пандемия экономикалық және әлеуметтік теңсіздікті, халықтың денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау ресурстарымен жеткілікті деңгейде қамтылмағанын ашық көрсетеді. Мұндай жағдайда суицид қаупі артады. Сарапшылардың пікірінше, мемлекеттер психологиялық көмек көрсететін жедел желі мен онлайн қызметті іске қосып, әлжуаз топтарға психологиялық және психиатриялық көмек беретін арнайы бағдарламалар дайындап, жүзеге асырғаны жөн.
Гештальт-терапевт Әния Базарбекованың пікірінше, қазір психологтарды оқытып, олардың клиникалық психология бойынша кәсіби біліктілігін арттыру қажет. Өйткені алдағы уақытта Қазақстанда (бүкіл әлемде де) психолог қызметіне сұраныс өсіп, тиісті білім-тәжірибесі бар маман тапшы болмақ.
– Осыдан біраз уақыт бұрын ресейлік гештальт-терапевт Даниил Холмов «Біз коронавирустан емдейтін аурухана салдық, енді психиатриялық ауруханалар салу керек» деген еді. Болашақта шынымен неврология диспансерлері қажет болады. Өйткені коронавируспен ауырған науқастарда әртүрлі неврология ауруы пайда болады. Білуімше, қазір жедел желілер, аурухана, емхана мен психоневрология диспансерлерінің штатында психотерапевт маман бар. Коронавируспен ауырған науқастар ол жайлы біреумен сөйлесіп, ой-пікір бөлісуі керек. Өзіңді түсіну өте маңызды, – дейді психолог.
Нұр-Сұлтан қаласында тұратын Айнұр Ермұханова ұзақ уақыт дәрігерге қаралып, әртүрлі сараптамадан өткен. Ем қонып, тоғыз айдан кейін Айнұр қайтадан иіс пен дәм сезе бастаған. Жағдайы түзелген. Бойына күш-қуаты оралып, өз жағдайын бақылауда ұстауға мүмкіндік алған.
Кейінгі түскен мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавируспен ауырғандар саны әлі көп. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 12 мамырда елде коронавирус жұқтырғандар қатарына 2283 адам қосылған. Қазақстанда былтырғы наурыздан бері барлығы 350 591 адамға коронавирус жұққан.
ПІКІРЛЕР