Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі елдің бас санитарлық дәрігерінің ресейлік "Спутник V" екпесінің екі дозасының арасындағы уақыт интервалын 21 күннен 45 күнге ұзарту қаулысы "құқықтық негізге ие" деп мәлімдеді. Министрлік бұл қаулы препаратты әзірлеушінің ресми түсіндірмесіне сәйкес қабылданған дейді.
- "Спутник V" вакцинасын әзірлеуші ресейлік Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығының директоры Александр Гинцбургтен "Спутник V" вакцинасының бірінші мен екінші дозасын енгізу интервалын 21 күннен 90 күнге дейін көбейтуге болады. Вакцина дозалары арасындағы аралықтың ұлғаюы иммундық жауаптың күшіне әсер етпейді” деген хат алдық, - дейді министрлік.
Ведомство мәлімдемесінде "Қазақстан азаматтары вакцинаның бірінші компонентін алған жері бойынша өтініш бере алады және 21 күн мен 90 күн арасында екінші дозаны ала алады" деп жазған.
Сәуірдің соңында елдің бас санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов "Спутник V" екпесінің екі дозасының арасын 21 күннен 90 күнге ұзартқан. Ол бұл шешімін "көп адамға екпенің бірінші дозасын салып үлгеру керек" деп түсіндірген. Тәуелсіз ғылыми-медициналық Medsupport ұйымы Қиясовтың бұл шешіміне қарсы шығып, адам екінші доза алмаса вирус жұқтырып алуы мүмкін деп дабыл қаққан еді.
Бұл мәселені мәжіліс депутаттары да көтерген. Кейін Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой екі дозаның арасы 45 күннен аспайды деген.
Осы қаулыдан соң желіде кейбір қазақстандықтар 21 күннен кейін екінші дозаны ала алмай жүргендерін жазған.
Министрлік дерегінше, елде 16 мамырға дейін 1,83 млн адам коронавирусқа қарсы екпенің бір дозасын болса да алған. Қазақстан жұртқа ресейлік "Спутник V", қазақстандық QazVac және БАӘ елінде жасалған қытайлық Sinopharm компаниясының вакцинасын егіп жатыр.
ПІКІРЛЕР