"КҮЙЕУІМ КӨҢІЛ-КҮЙІ БОЛМАСА ҚОЛ ЖҰМСАЙДЫ"
32 жастағы Назира тұрмыс құрғалы тоғыз жыл болған. Қазір екі баланың анасы. Бір қарағанда өзгелер қызығатындай бақытты жан көрінеді. Алайда жанарында мұң бар. Оған күйеуі жиі қол көтереді...
– Сырт көзге жақсы болып көрінетін күйеуім қол көтеруді жиілетті. Сылтау іздемейді де, көңіл-күйі болмаса қол жұмсайды. Кейін сабасына түседі, кешірім сұрайды, арада біраз уақыт өткенде қайтадан ашуланып, салып қалады. Жақындарым бір-екі рет араша түсіп, көмектеспек болған. Бірақ ондай арашадан кейін күйеуімнің ашу-ызасы күшейді. Мұны білген жақындарым "жағдайды ушықтырмайық" деп, мүлде араласпауды жөн деп тапты. Өзіммен өзім қалдым, басым қатты, кетейін бе әлде тағы сәл шыдайын ба? – дейді келіншек.
Назира "кінә менен, мінезім, іс-әрекетімнен" деп қуыстанып, психологиялық түрлі курстарға жазылған. Бірақ өзін жегідей жеген сұраққа әлі жауап таба алмаған. Қазір ол отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдерге арналған "Stand up for your rights" ("Құқығынды қорғауға ұмтыл") атты онлайн жобаға қатысып жүр. Жоба өзін мазалаған сұрақтарға жауап табуға көмектеседі деп үміттенеді.
БҰЛ ҚАНДАЙ ЖОБА ЖӘНЕ ҚАЛАЙ ТІРКЕЛУГЕ БОЛАДЫ?
"Құқығыңды қорғауға ұмтыл" атты ақпараттық жобаға қазір Назира сияқты тұрмыста құқай көрген 40 қыз-келіншек тіркелген. Бір топ маман оларға психологиялық көмекпен қатар отбасындағы агрессорды танып-білуге, өз қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, заң тұрғысынан сауат ашуға көмектесіп жатыр.
Қазақстан ішкі істер министрлігінің статистикасы бойынша, елде коронавирус инфекциясына байланысты енгізілген карантин кезінде тұрмыстағы зорлық-зомбылық фактілері күрт артқан. Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің ерекше істер жөніндегі аға тергеушісі Арман Матжанның сөзінше, 2020 жылғы наурыз бен тамыз аралығында тұрмыстағы зорлық-зомбылық бойынша 237 құқық бұзушылық тіркеліп, 33 адам көз жұмған. Бұл көрсеткіш 2019 жылдың наурыз-тамыз аралығымен салыстырғанда 41,7 пайызға артық.
"Құқығыңды қорғауға ұмтыл" жобасын ұйымдастырушылар карантин кезінде қорлық көрген әйелдерге видео сабақ форматында дәрістер, заң жағынан және психологиялық кеңес береді.
Кеңес алғысы келетіндер nasilyunet.kz сайтына кіріп, онлайн дәрістерге тіркеле алады я бірден мамандарға хабарласуына болады. Жобаны ұйымдастырушылардың сөзінше, көмек сұраған адамның жеке дерегі құпия сақталады. Сайт қазір орыс тілінде жұмыс істейді, жоба авторлары жақын арада қазақша нұсқасы іске қосылады деп уәде беріп отыр.
– Зорлық көргендердің көбі пандемия кезінде және оны ұят санап айтқысы келмейді, тіпті психолог пен заңгерге де ашылып сөйлемейді. Сондықтан бұл сайттан барлық ақпаратты онлайн алуға болады. Мәселен, психолог [онлайн кеңес беруде] жәбірленуші кім екенін, оның қарым-қатынастары белгілерін түсіндіруге тырысады. Зорлық-зомбылықтың циклі бар: алдымен жанжал болады, кейін татуласады, одан соң зорлық-зомбылық тағы қайталанады, осылай жалғаса береді. Осының бәрі әйелдің өзіне жағдайды бағамдап, алданып қалмауға көмектеседі. Сайтта адвокаттың да сабағы бар. Бізде отбасындағы зорлықты полицияның тіркемей қоятын кезі болады. Ондайда прокуратураға шағым жазу керек. Адвокатымыз жәбірленушінің арызды өздігінен жазып, тапсыру үшін қажет құжаттардың тізімі мен үлгілерін көрсетеді, заң жөнінен кеңес береді, – дейді жоба жетекшісі Мирхат Серікбаев.
Бұдан бөлек, сайтта арнайы сертификаты бар инструктор кеңес сұраған әйелдерге шабуылға ұшырағанда өзін-өзі қорғаудың әдіс-тәсілін үйретеді.
– Супер әдісті онлайн үйрету мүмкін емес. Бірақ соққыдан қорғану, дене мүшесі мен ішкі құрылысты сақтаудың амалын, қолда бар затпен қорғану әдістерін үйретуге болады. Әйел қолындағы пышақпен қорғанған жағдайда бұл әрекеті заң тұрғысынан "қорғану" деп танылуы үшін не істеу керегін де түсіндіреміз, – дейді Серікбаев.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, алты миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген жоба үш жылға жоспарланған. Қазір жоба авторлары ұялы телефон қосымшасын дайындап жатыр, оған дағдарыс орталықтарының мекенжайы мен телефоны көрсетілген карта және "SOS" батырмасын енгізбек. Батырманы басқанда бірден жақыныңа, көмектесе алатын кез-келген адамға дабыл белгісі түседі.
"МАҚСАТЫМЫЗ – ӘЙЕЛДІҢ КӨЗІН АШЫП, САУАТЫН КӨТЕРУ"
Жоба авторлары сайтқа күнделікті жүздеген адам кіретінін, барлығы бірдей тіркелмесе де ақпарат алып жатқанын айтады. Қазір онлайн дәріске 25-40 жас аралығындағы 40 әйел тіркелген.
– Кеңес алуға айына он әйел хабарласса, соның жетеуі отбасында әлімжеттік көргенін айтады. Сөйлесе келе менталиттеттің салдарынан әйелдер отбасындағы жағдайға үнемі өзін кінәлайтынын байқайсың. Осыдан кейін оларды "нені дұрыс істемедім?", "өзгеруім керек пе еді?", "менікі дұрыс болмады" деген ой мазалайды. Тіпті бейсаналы түрде агрессордың өзін ақтауға дейін барады, – дейді жоба психологы Бақытгүл Садықова.
Психолог зәбір көрген әйелге WhatsApp арқылы хабарласып, кеңес береді. Маман күйеуінен таяқ жеген әйел қоғамнан қолдау болмағандықтан, отбасындағы зорлық-зомбылыққа көніп жүре беретінін айтады.
– Жобамыздың мақсаты – әйелдің көзін ашып, сауатын көтеру. Әйелге қорлық көрсеткен агрессор "мұның бәріне өзің кінәлісің", "сен ашуыма тидің", "олай істемеуің керек еді" деп психологиялық манипуляция жасайды. Біздің қоғам да жәбірленушінің өзін кінәлауға дайын тұрады. Кез келген жанжалда "оның қандай екенін білмеуші ме едің?", "үндемей-ақ қойсаң болмас па еді?" деп әйелді тығырыққа тірейді. Осылайша әйел әңгіртаяққа көнуге мәжбүр болады. Мәселенің шешімін "Күйеуіңнің көңілін қалай табуға болады?", "Жақсырақ болудың жолдары", "Күйеуіңді қатты жақсы көру үшін не істеу керек?" деген түрлі психологиялық курстардан іздейді. Ол әйел отбасындағы зорлық өзінің емес, агрессордың проблемасы екенін, ал агрессормен бірге қалу я қалмауды таңдау өз еркінде екенін түсіне алмай келеді, – дейді психолог.
Психолог Бақытгүл Садықова қазір Назираның да таңдау алдында тұрғанын, "қиын болса да кетіп қалып, қорлықсыз өмір сүрсем бе, әлде балаларым үшін отбасында қалып, осы өміріме мойынсұнсам ба?" деген сұраққа жауапты әлі таппағанын айтады.
БҰҰ есебінше, Қазақстанда жыл сайын 400-дей әйел тұрмыстағы зорлық зомбылықтан қаза болады. ІІМ ресми статистикасы бойынша, тұрмыстағы зорлық-зомбылық бойынша 2019 жылы – 1196 факт, 2020 жылы 1049 факт тіркелген. Сарапшылар елде отбасында қысым көрсе де арыз жазбайтын әйел көп, сондықтан зорлық-зомбылыққа душар болғандар саны ресми мәліметтегіден әлдеқайда көп деп санайды.
2017 жылы Қазақстан отбасындағы әлімжеттік туралы баптарды Қылмыстық кодекстен алып тастаған. 2017 жылы 3 шілдеде Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Сабау" және "Денсаулыққа жеңіл дәрежеде зақым келтіру" баптарын Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстыру туралы заңға қол қойған. Оған дейін отбасындағы әлімжеттік қылмыс ретінде қаралып, кінәлілер 226 900 – 453 800 теңге аралығында айыппұл төлейтін немесе екі айға дейінгі мерзімге қамалатын. 2017 жылдың шілде айынан бастап, айыппұл көлемі бірнеше есе азайды, қамау мерзімі де 20 тәулікке дейін қысқарды.
Халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау ұйымының биылғы мәлімдемесінде Қазақстан заңы іс жүзінде зәбір көрсетушіге "ақша төлеп, күш көрсетуге құқық береді" деп жазған. HRW "биліктің әйелді отбасындағы зорлық-зомбылықтан заң жүзінде қорғамауы Қазақстанның адам құқығы саласындағы міндеттемесіне қайшы келеді" деп есептейді.
Қазақстандағы құқық қорғаушылар да биліктен "Сабау" және "Денсаулыққа жеңіл дәрежеде зақым келтіру" бабын қылмыс қатарына қосуды ұсынған. Нұр-Сұлтан әзірге үнсіз.
Тоқаев өзгерткен "Зорлық-зомбылық" заңына көңілі толмайтындар көп (6 қаңтар 2020 ж.)
ПІКІРЛЕР