29 мамырда Шымкентте "Феминита" ұйымының белсенділері Гүлзада Сержан мен Жанар Серкебаеваға бір топ адам шабуыл жасады. Кейін оларды полиция ұстап әкетті. Бұл туралы құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль Vlast.kz сайтына хабарлаған.
Чернобильдің сөзінше, белсенділердің үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.
Гүлзада Сержан мен Жанар Секербаева 29 мамырда Шымкентте ЛБК және трансгендер әйелдердің басын қосып, олардың құқығы жайлы жиын өткізуді жоспарлаған. Оқиға куәгерлерінің бірі Азаттыққа шамамен оннан аса ер адам келіп, белсенділерге күш қолданып, қол жұмсағанын айтады.
Ал құқық қорғаушы Чернобильдің vlast.kz сайтына айтуынша, қонақ үй алдын ала төлем жасалса да, жиынды өткізуден бас тартқан.
"Қыздар көрші кафеге барғанда 20 адам келген. Олардың ішінде ислам дінін ұстанатындар бар. Полиция мен штаттық киімдегі адамдар да болған. Гүлзада мен Жанарға сөзбен балағаттап, күш көрсеткен. Жанарды жұдырықпен бетінен ұрған. Кафеден күштеп шығарып, Абай ауданы полиция бөлімшесіне апарған. Жанар қарсылық көрсеткенде полицияның погонын жұлып алған сияқты" дейді ол.
Құқық қорғаушыға өзін Қуанышбек Рүстем деп таныстырған тергеуші хабарласып, полицейлердің рапорты бойынша "Билік өкілін қорғау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтқан. Нақты қай белсендіге іс қозғалғаны белгісіз. Құқық қорғаушы оларға адвокат іздеп жатқанын айтқан.
Шымкент полиция департаменті бұл жағдайға қатысты әлі ешқандай пікір білдірген жоқ.
ПІКІРЛЕР