Accessibility links

Жүк көлігі жүргізушілері жолды ақылы етуге қарсылық танытты. Себебі не?


Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев пен "Қазавтожол" басқарма төрағасы Асқар Мұратұлы наразылыққа шыққан жүргізушілермен сөйлесіп тұр. Нұр-Сұлтан қаласындағы айналма жол, 30 мамыр 2021 жыл.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев пен "Қазавтожол" басқарма төрағасы Асқар Мұратұлы наразылыққа шыққан жүргізушілермен сөйлесіп тұр. Нұр-Сұлтан қаласындағы айналма жол, 30 мамыр 2021 жыл.

30 мамырда Қазақстан өңірлерінде жүк көліктері жол бойына тізіліп, маусымнан бастап жолды ақылы ету бастамасына наразылық білдірді. Билік жоспары бойынша ел аумағында 18 жол бөлігі ақылы болмақ. Алыс жолға жүретін көлік айдаушылар жол сапасының нашарлығын, жанармайдың қымбаттағанын, тасымал бағасының төмендігін айтады.

Нұр-Сұлтан мен Павлодар арасындағы жолда өткен наразылыққа Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі мен ақылы жолдардың операторы "Қазавтожол" ұлттық компаниясының басшысы келді.

Жүк көлігін жүргізетін Жәнібек Оралхан – жолды ақылы етуге қарсы 30 мамыр күні өткен наразылық акциясына қатысқандардың бірі. Ол өзгелермен бірге көлігін Нұр-Сұлтан қаласының маңындағы айналма жолдың Павлодарға апаратын бөлігінде жиекке қойып қойған.

– Жолдардың ақылы болуына қарсымыз. Жақында ғана жанармайдың бағасы өсірді. Жол ақылы болса, жанармай бағасы өссе, біз тасымалдау бағасын көтереміз, сосын азық-түлік қымбаттайды. Полиция келіп, үйтіп-бүйтіп таратып жіберді. Қазір шопырлардың атынан хат жазып, жолдайын деп отырмыз. Жүк көлігінен шақырымына 25 теңге алады дейді. Алматы мен Нұр-Сұлтан арасын алатын болсақ, 1300 шақырымға 32500 теңге төлейді екенмін. Ал мен Алматыдан Нұр-Сұлтанға дейін 500-550 литр солярка жағып, 100 мың теңге жұмсаймын. Жолда доңғалақ жарылады. Жол мінсіз емес, тас бар, темір бар, тіліп кетеді. Жүк көлігінің бір дөңгелегі қазір 130 мың теңге тұрады, – дейді Оралхан.

Ақтөбе облысында жүк көлігі жүргізушілері жолды ақылы етуге қарсы наразылық өткізді

Ақтөбе облысында жүк көлігі жүргізушілері жолды ақылы етуге қарсы наразылық өткізді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:42 0:00

Жүргізушілер ақылы жолға балама ретінде санаты төмен тегін жол болуы керек дейді. Сөзінің мысалы ретінде Ресейде сондай балама тегін жолдардың барын айтты. Олар сондай-ақ Қазақстан жолдарының сапасы ақылы трассаларымен танымал Еуропада елдеріндегідей емес дейді.

– Бізде автобанның өзінде селкілдеп отырасың, бетонның беті тегіс емес, – дейді Жәнібек Оралхан.

Оралда наразылыққа 50-ден астам көлік жүргізушісі шықты. "Мой город" порталының хабарлауынша, көлік жүргізушілері жолды ақылы етпес бұрын оның сапасын арттыруды талап еткен.

– Біздің жолдарға қараңызшы. Мысалы, Орал-Атырау жолын алыңыз. Ескерткіштерден көз алмайсыз. Барлығы апатты жағдайда, не үшін төлейміз? Жолда байланыс жоқ, жол бойында бұзылып қалса, тұрамыз. Өткендерден көмек сұрауға мәжбүрміз. Одан да жағдай жасап, сапалы жол салсын. Біз сондай-ақ алымның көлеміне келіспейміз, – деді жүк көлігін жүргізетін Александр "Мой город" порталына.

Шымкенттік жүргізуші Дильшаттың қыста жолдың тазаланбайтынын айтады.

– Жолдар өте нашар жағдайда. Жолды ақылы етуге қарсымыз. Жағдай жоқ, дәретхана жоқ. Көрші Ресейде ақылы жолда бар жағдай жасалған. Бізде қыс кезінде жол мүлдем тазаланбайды. Құм шашқандай болады, онысын видеоға түсіріп, есеп береді, сонымен болды. Осының салдарынан қаншама апат болды, – дейді ол.

Қазақстанда шынымен 2021 жылдың маусымынан бастап жолдарды ақылы етпек. Нақты күні белгісіз, бірақ ақылы болатыны – 18 учаске:

  • Шымкент – Өзбекстан шекарасы;
  • Орал – Ресей шекарасы (Саратов);
  • Орал – Ресей шекарасы (Самара);
  • Ресей шекарасы (Орынбор) – Ақтөбе;
  • Щучинск – Петропавл;
  • Шымкент – Қызылорда;
  • Шымкент – Тараз;
  • Тараз – Қайнар;
  • Қапшағай – Талдықорган;
  • Қарабұтақ – Қызылорда;
  • Ақтобе – Орал;
  • Атырау – Бейнеу – Өзбекстан шекарасы;
  • Ақтау – Бейнеу;
  • Қостанай – Ресей шекарасы (Троицк);
  • Нұр-Сұлтан – Қостанай;
  • Павлодар – Ресей шекарасы (Омбы);
  • Нұр-Сұлтан – Павлодар;
  • Павлодар – Семей – Қалбатау.

– Маусымнан бастап енгіземіз. Бірақ бұл 1 маусымнан бастап ақы алынатынын білдірмейді. Бір ай бойы стандарттарға сәйкес келетін, жарамды жолдарда ақы алу енгізіледі. Кей бөліктерде жөндеу жұмыстары жүріп, стандарттарға жеткенде ғана ақы алу енгізіледі. Қазір БҚО-дан шағым түсіп жатыр. Ол жердегі жол бөлігінде шұңқырды жамау жұмыстарын жүргізу керек. Ол жер жол жөнделгеннен кейін ғана ақылы болады, – деді Азаттыққа "Қазавтожол" ұлттық компаниясының ресми өкілі Диас Ахметшәріп.

30 мамырда наразыларға Нұр-Сұлтан түбіндегі жүргізушілер де қосылды. Олармен кездесуге Қазақстан индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев пен "Қазавтожол" басқарма төрағасы Асқар Мұратұлы, "Атамекен" ҰКП және Kazlogistics транспортшылар одағының өкілдері келді. Олар жүк көлігі жүргізушілеріне "Нұрлы жол" инфрақұрылымдық даму бағдарламасының жүзеге асуы жөнінде әңгімеледі.

– Алыс сапарға баратын жүргізушілер жолды ақылы ету шешімі жөнінде пікірін айтып, ұсыныстарын берді. Министрлік пен "Қазавтожол" түскен өтініштерді қарастыруға дайын. Жеті күн ішінде қоғамдық қауымдастықтар жол қозғалысының барлық мүдделі қатысушыларынан ұсыныс жинайды. Ұсыныс жинау аяқталға соң жолды ақылы ету жөніндегі бұйрықтың жобасы қаралады. Алым мөлшері мен ақылы жүйені енгізу мерзімі анықталады, – "Қазавтожол" таратқан баспасөз хабарламасында.

Ұлттық компания ақылы жолдардың үш санаттан тұратынын, жеңіл көліктер тек бірінші санаттағы жолмен жүрерде ғана ақы төлейтінін айтты. Бірінші санатқа мынадай жолдар жатады:

  • Шымкент – Өзбекстан шекарасы;
  • Шымкент – Қызылорда;
  • Шымкент – Тараз;
  • Тараз – Қайнар;
  • Қапшағай – Талдықорған;
  • Нұр-Сұлтан – Павлодар.

– Тарифтер қазір бекітіліп жатыр, олар негізі келісіліп қойған. Бірінші санаттағы жолдарда – әр жағы үш жолақтан тұратын автобан – бәрі төлейді: жеңіл көлік те, жүк көлік те. Жеңіл көліктер шақырымына 1 теңге, жүк көліктері салмағына қарай ең көп дегенде 25 теңге төлейді. Басқа санаттағы жолдар үшін жеңіл көліктерде ақы алынбайды, ақыны тек жүк көліктері төлейді. Бірақ бағасы төмендей береді – 20, 15, 10... – деді Диас Ахметшәріп.

2021 жылы "Қазавтожол" ақылы жүйені республикалық маңызы бар жолдың 5800 шақырымына енгізбек.

– Шучинск және Қапшағай жолдарындағыдай шлагбаум болмайды. Ашық жүйе болады. Аркалар қойылып, оған көліктердің нөмірін анықтап, ақы тағайындайтын камералар орнатылады. Төлеудің жиырмаға жуық жолы бар. Қосымша арқылы, "Каспиголд" арқылы төлеуге болады, – дейді Диас Ахметшәріп.

"Қазавтожол" сайтында жаңа жолдар "жүргізушілер мен жолаушылар үшін жайлылық пен қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етіп, апат деңгейін төмендетеді және жол инфрақұрылымының белсенді түрде дамытуға ықпал етеді" делінген.

Биыл ақылы болатын жолдардың бірі – Ақтөбе-Орал тас жолы. Осы жол арқылы бір күн бұрын өткенін айтқан Эдуар Боранбаев жол сапасына шағымданды.

– Билік халықты мүлдем ойламайды. Кеше Ақтөбеге бардым. Жолда екі доңғалағым тесіліп, 70 мың теңге жұмсадым. Тас жолын ақылы етсе, менің тағы 70 мың теңге төлеуім керек. Онда мен не үшін жұмыс істеймін? Шығынға батамын ғой. Ендеше үкімет маған басқа жұмыс тауып берсін, –дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG