Accessibility links

Ақтөбеде жолдың ақылы болуына қарсылық білдірген жүргізушілер әкімшілік жауапқа тартылды


Жолдың ақылы болуына қарсылық білдірген жүргізушілер. Ақтөбе, 30 мамыр 2021 жыл.
Жолдың ақылы болуына қарсылық білдірген жүргізушілер. Ақтөбе, 30 мамыр 2021 жыл.

Қазақстанда көлік жолдарының ақылы болуына наразылық білдіріп, жексенбіде Самара-Шымкент тас жолының 766-шақырымына жиналған көлік жүргізушілеріне әкімшілік шара қолданылды. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облыстық полиция департамені хабарлады.

Полицияның мәліметінше, Самара-Шымкент тас жолы бойындағы "Батыс жер" кемпингінің жанынан жексенбі күні 11 адам ұсталған. Бұл маң мен Ақтөбе арасы 21 шақырым.

- Жол бойынан ұсталғандар 30 мамырда №4 қалалық полиция бөліміне жеткізілді. Бір адамға Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 614-бабымен (Көлік құралдарының жүруіне кедергі келтіру), он адамға осы кодекстің 615-бабымен (Жаяу жүргіншілердің және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы) айыппұл салынды, - деп хабарлайды Ақтөбе полициясы.

Полицияның мәліметінше, жол бойында наразылық білдірген жүргізушілердің бірі көлігімен Самара-Шымкент трассасын жаппақ болған. Қалған он адам ары-бері жүгіріп, қозғалысқа кедергі жасаған.

Полиция жол бойынан ұстап әкеткен наразылардың бірі (аты-жөнін атамауды өтінді – ред.) учаскеде алты сағат болғанын айтады. Айтуынша, оған 2900 теңге айыппұл салынған.

- Трассаға жұрт жинала бастаған кезде-ақ полиция кемпингтің артына арнайы жасақты әкеп қойды. Халық 17-18 сағат бойы тарамай қойғасын жағдай ушығып кетер деп ойласа керек. Бірақ біз көлікті жол жиегіне қойып, әкімдіктен келгендерге талаптарымызды айтып тұра бердік. Тәртіп бұзғанымыз жоқ. Сағат бестер шамасында жүргізушілердің бірі көлігін кері бұрмақ болған еді. Полиция "жолды жаптың" деп тарпа бас салды. Он шақты адам оған жүгіріп барғанбыз. Әй-шайға қарамастан біздің де қолымызды бұрап, екі автозакқа тиеп әкетті, - дейді аты-жөнін атамауды өтінген көлік жүргізушісі.

30 мамырда Қазақстан өңірлерінде жүк көліктері жол бойына тізіліп, маусымнан бастап жолды ақылы ету бастамасына наразылық білдірді. Билік жоспары бойынша ел аумағында 18 жол бөлігі ақылы болмақ. Алыс жолға жүретін көлік айдаушылар жол сапасының нашарлығын, жанармайдың қымбаттағанын, тасымал бағасының арзандағанын айтады.

Видео: Ақтөбе облысында жүк көлігі жүргізушілері жолды ақылы етуге қарсы наразылық өткізді (30 мамыр 2021 жыл).

Ақтөбе облысында жүк көлігі жүргізушілері жолды ақылы етуге қарсы наразылық өткізді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:42 0:00

17 мамырда "Қазавтожол" ұлттық компаниясы маусымнан бастап Қазақстан бойынша жалпы ұзындығы 5,8 мың шақырым болатын 18 жол бөлігінің ақылы болатынын хабарлаған. Оған Ақтөбе-Орал, Ақтөбе-Орынбор (шекараға дейін) бағытындағы бөліктер кіретін болған.

Ұлттық компанияның мәлімдемесіне қарағанда, жолдар үш категорияға бөлініп, біріншісінде ақыны бәрі төлейді, екінші және үшіншісінде ақыны тек жүк көліктері төлемек, жеңіл көліктер тегін жүреді. Компания ақы жолға жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін ғана алына бастайтынын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG