Accessibility links

Ақтөбеде автобус жүргізушілері мен кондукторлар жұмыс жағдайына шағымданып, наразылыққа шықты


Ақтөбедегі автобус жүргізушілері мен кондукторлар наразылығы. 31 мамыр 2021 жыл.
Ақтөбедегі автобус жүргізушілері мен кондукторлар наразылығы. 31 мамыр 2021 жыл.

31 мамыр күні түстен кейін Ақтөбедегі "Жолаушылар автокөлік кәсіпорнының" жүргізушілері мен кондукторлары жұмыстан паркке оралып, наразылыққа шықты. Жұмысқа шығудан бас тартқан жүз шақты адам жолақысы 150 теңге болғалы Ақтөбеде жолаушы тасымалы қиындап кеткенін айтады.

- Бүгіннен бастап Ақтөбеде жол ақысы қолма-қол ақшамен төлеген жағдайда - 150 теңге, көлік карталарын қолданушылар үшін - 80 теңге. Картасы жоқ жолаушылар 150 теңге төлегісі келмейді. Қолма-қол ақшаның болмауы автобус жүргізушілері үшін де қиын. Өйткені кондуктордың айлығын жүргізуші өз қалтасынан төлейді. "Кәсіпорын" кондукторларды штатқа алмай отыр. Одан бөлек қосалқы бөлшекке де ақша бермейді. Көшеде жолаушы тасып жүрген автобустан бұзылып паркте тұрғаны көп. Бұдан әрі бұлай жұмыс істей алмаймыз, - дейді жүргізушілердің бірі Руслан Досмәмбетов.

"Жолаушылар автокөлік кәсіпорны" автобус жүргізушілерінің еңбекақысын күндік жоспардың орындалуына қарай төлейді. Көлігі бұзылып, жоспарды орындай алмаған жүргізушілердің басым көпшілігі сәуірде 30-40 мың теңге жалақы алғанын айтады.

-Ертелі-кеш үй көрмейтін автобус жүргізушілеріне кәсіпорын дұрыс жалақы төлесін, кондукторларды штатқа алсын! Қосалқы бөлшекпен жабдықтасын! Біздің талабымыз – осы. Автобустар жиі бұзылып, халық аялдамада сағаттап тұрып қалады. Жолынан қалған жұрт бар ашуын бізден алады. Бүгін де солай болды. Жол ақысы 150 теңге болғаны үшін бозала таңнан бері елден естімеген сөзіміз жоқ. Осының бәрін басшыларға былтырдан бері айтып келеміз. Ақпан айында ереуілге де шығып көрдік. Төрт ай өтті, ештеңе де өзгерген жоқ, - дейді жалдамалы кондуктор Оралгүл Елеусінова.

"Жолаушылар автокөлік кәсіпорны" директоры Қуанышқали Ғұбайдуллин жұмысқа шығудан бас тартқан жүргізушілер мен кондукторларды сабырға шақырып, компанияның қаржылық жағдайы қиын екенін айта бастаған еді. Наразылар басшының сөзіне құлақ аспай, қайтадан шулап кетті.

- Бүгіннен бастап электронды төлем жүйе енгізілді. Осы жүйенің көмегімен үш айдың мониторингі жасалғаннан кейін бізге жергілікті бюджеттен бөлінетін субсидия мөлшері анықталады. Сәл шыдай тұрсаңыздар, қыркүйек айында компанияның қаржылық жағдайы түзеледі, - деді кәсіпорын басшысы жұмысшыларына.

Бірақ Қуанышқали Ғұбайдуллиннің сөзіне ешкім құлақ аспай қойды. Автобустарын қаңтарып қойған жұмысшылар ертең де наразылықтарын жалғастыратындарын айтты.

"Жолаушылар автокөлік кәсіпорны" басшыларының мәліметінше, 31 мамырда автобустардың 50 пайызы желіге шықпаған. Автобуссыз қалған қала тұрғындары дүйсенбі күні түстен кейін әлеуметтік желілерде наразылықтарын жаза бастады.

"Жолаушылар автокөлік кәсіпорны" штатында 285 адам бар. Соның 169-ы – автобус жүргізуші. Компания Ақтөбенің ішінде және қала іргесіндегі Рауан, Ақжар, Жаңақоныс, Қурайлы және Өрлеу ауылдарына 19 бағыт бойынша жолаушы тасиды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG