Accessibility links

Шымкентте бюджет қызметкерлері баспана кезегінің жылжымай жатқанына наразы


Шымкент әкімдігіне баспана мәселесімен барған бюджет қызметкерлері. Шымкент, 2 маусым 2021 жыл.
Шымкент әкімдігіне баспана мәселесімен барған бюджет қызметкерлері. Шымкент, 2 маусым 2021 жыл.

2 маусымда Шымкент қаласы әкімдігіне барған он шақты бюджет қызметкері мемлекеттен берілетін тегін баспана кезегінің жылжымай жатқанына наразы болды. Әкімдік үш жылдан бері бюджет қызметкерлеріне тегін баспана берілмей жатқанын алға тартып, жиналғандардың кейбірін банк қызметкерлерімен кездестіруге алып кетті.

Мектепте күзетші болып жұмыс істейтін Жадыра Бейімбетова 12 жылдан бері жатақхананың бір бөлмесін жалға алып, баласы екеуі өмір сүріп келе жатқанын айтады. Айлығы - 45 мың теңге. Мемлекеттен тегін баспана алу үшін үй кезегіне тұрғанына 9 жылдан асқан.

- Қазір үй кезегінде 381 болып тұрмын. Менің жалақыммен банк мемлекеттік бағдарламамен де ипотекаға үй бермейді. Қашанғы бөтеннің босағасында жүреміз? - дейді ол көзіне жас алып.

Жиналғандардың барлығы мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейді. Олардың арасында мектеп асханасында аспазшы, балабақшада тәрбиеші, емханада медбике болып жұмыс істейтіндер бар. Барлығы отбасымен бірге жалдамалы пәтерде тұратындарын, тапқаны пәтер ақысынан артылмайтынына шағымданды.

"Жылдар бойы кезегімізді күтіп шаршадық. Тапқан еңбекақымызды бөтенге бермей, өз үйімізге құйсақ дейміз. Әкімдік соған мүмкіндік берсе" дейді олар.

Наразыларды қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков пен қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Азамат Рысжанов әкімдік жанындағы Көрме орталығына шақырып, сөйлесті. Білісбеков мемлекеттен баспана кезекпен ғана берілетінін айтып, кезегі жақындағандарға күтуге, қалғанына банкке барып, мемлекеттік бағдарлама негізінде аз пайызбен берілетін ипотека алуға кеңес берді.

Әйелдердің бір тобы әкімдік қызметкерлерімен бірге кетті, қалғаны аз жалақымен банктің ипотека беруіне күмәнмен қарап, үйіне тарады.

Қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Азамат Рысжановтың айтуынша, Шымкентте үй кезегінде тұрғандар саны 45 мыңға жуықтаған. Олардың 19 мыңнан астамы – бюджет қызметкері. Олардың арасында мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін жалақысы аз қызметкерлер де бар. Үй кезегінде тұрған бюджет қызметкерлеріне үш жылдан бері баспана беру тоқтатылған. Тек мемлекеттік бағдарлама негізінде банктен несие беру қарастырылған.

Шымкентте бұған дейін де көп балалы аналар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналар баспана кезегінің жылжымай жатқанына шағымданып, үй мәселесін шешіп беруді сұраған. Ал билік баспана кезекпен берілетінін, кезекті өзгерте алмайтындығын жиі алға тартады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG