Accessibility links

Шымкентте Мұхаммедовтің жақтастары белсендіні босатып, ашық сот өткізуді талап етті


Белсенді Нұржан Мұхаммедовті қолдап келген топ. Шымкент, 4 маусым 2021 жыл.
Белсенді Нұржан Мұхаммедовті қолдап келген топ. Шымкент, 4 маусым 2021 жыл.

4 маусым күні Шымкенттегі Қаратау аудандық сотына "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" және "полицияны қорлады" деген айыппен алты айдан бері қамауда жатқан азаматтық белсенді Нұржан Мұхаммедовтің қырықтан аса жақтасы жиналып, оны босатуды, ашық сот өткізуді талап етті. Бұл туралы оқиға орнынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Карантин талабына сай, Мұхаммедов сот отырысына Сәуле мөлтекауданындағы ИЧ-167/11 мекемесінен онлайн режимде қатысты. Сот басталмастан бұрын ол қолына төрт шумақ өлең мен "Сенің намысың еліңнің намысы" деген плакат ұстап отырды. Ал сот дәлізіне жиналған жақтастары "Нұржан Мұхаммедовке бостандық!" деп жазылған және Мұхаммедовтің суреті салынған плакат пен Қазақстан жалауын көтеріп тұрды.

Белсенді Нұржан Мұхаммедовтіің сотына қатысып отырған адамдар. Шымкент, 4 маусым 2021 жыл.
Белсенді Нұржан Мұхаммедовтіің сотына қатысып отырған адамдар. Шымкент, 4 маусым 2021 жыл.

Судья істі қарай бастағанда жақтастары көріп отырған теледидардың дауысы жаңғырып, естілмей қалды. Жиналғандар әуелі сот қызметкерлерінен дыбысты жөндеп беруін сұрады. Болмаған соң жаппай "Ашық сот", "Бостандық!" деп шамамен 10 минуттай айқайлап тұрды. Сот күзеті қоғамдық орында тәртіпті бұзбауға шақырғанымен, наразылық жалғасты.

Жиналғандар наразылығы тоқтамаған соң судья үзіліс жариялады. Наразылар сот ауласына шығып қарсылығын жалғастырды. Осы кезде Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары мен полиция келіп, рұқсат етілмеген митинг өткізуге болмайтынын ескерткенмен белсенділер наразылығын тоқтатпады. Сот үзілістен кейін техникалық ақауға байланысты сот отырысының кейінге қалатынын хабарлады.

- Мұхаммедов – ұлттың белсендісі. Елді, жерді қорғауға митингіге шақырды. Оны жарты жылдан бері абақтыға жауып қойды. Мұхаммедовті абақтыдан шығармаса мыңдап жиналамыз, - деді Алматыдан белсендіге қолдау білдіруге келген саясаткер Балташ Тұрсымбаев.

Сот 18 мамырдан бастап Мұхаммедовтің ісін қарай бастаған. Ол "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деген айыптан бөлек, "полицияны қорлады" деген күдікке ілініп отыр.

Мұхаммедовтің айыптау актісін оқыған прокурор оның "ауыр санаттағы қылмыстық іс бойынша айыпталғанын", Нұр-Сұлтан соты қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясының" қызметін үгіттеп, насихаттағанын атап өткен. (Аталған екі ұйымды Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп танығанмен Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған).

Сот құжаттарындағы мәліметке сүйенсек, Мұхаммедов 2020 жылы қараша айында көлікті тоқтатқан патрульдік полиция қызметкерлеріне "тіл тигізген", ал сот психологиялық-филологиялық сараптама оның балағат сөздер айтқанын растаған.

Мұхаммедов бұған дейін тағылған айыппен келіспей, екі рет аштық жариялаған. Екі ретте де прокурормен кездескеннен соң аштығын тоқтатқан.

46 жастағы белсенді соңғы бірнеше жылда"саяси тұтқындарға бостандық" талап еткен жиындарға, Қытай экспансиясына, жердің сатылуына қарсы шығып, бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған. Сот оны "заңсыз митингілерге" қатысқаны үшін бірнеше рет 5 күннен 15 күнге дейін қамаған.

Былтыр қазан айында ол "полицияны қорлады" деп айыпталып, 220 мың теңге (80 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі) айыппұл алған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Нұржан Мұхаммедовті "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген.

2019 жылдың 19 қарашасында саяси көзқарасын ашық айтып жүрген белсендінің ауласында тұрған жеке көлігінің айнасын шағып, жүргізуші орындығына иттің басын тастап кеткен. Ол мұны азаматтық белсенділігімен байланыстырған. Бұл туралы полицияға арыз түсіргенімен, әлі күнге иттің басын кім тастағаны анықталмаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG