Accessibility links

"Өзімді өртесем де, үйімді бермеймін". Шымкентте белсенді сот шешімдеріне қарсы пикет өткізді


Белсенді Қыздығой Ажарқұлова жалғыз адамдық пикет өткізіп тұр. Шымкент, 7 маусым 2021 жыл.
Белсенді Қыздығой Ажарқұлова жалғыз адамдық пикет өткізіп тұр. Шымкент, 7 маусым 2021 жыл.

7 маусым күні Шымкентте "Баспанамызды қорғайық" қоғамдық ұйымының бұрынғы жетекшісі, белсенді Қыздығой Ажарқұлова Еңбекші аудандық сотының алдында бір адамдық пикет өткізіп, жалғыз баспанасына қатысты шығарылған сот шешімдеріне қарсылық білдірді. Бұл туралы оқиға орнынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Ажарқұлованың сөзінше, сот банктен несие алғанда кепілге қойған баспанасын босатып, банкке өткізу туралы шешім шығарған. Ол 2015 жылы пәтерді кепілге қойып, АТФ банктен несие алғанын айтады. 2015 жылы "Алаяқтық" бабымен істі болған соң несиені өтей алмаған. Айтуынша, алған несиесін алаяқтық жолмен басқа адамға бергенін сотта дәлелдесе де, сот орындаушылары осы күнге дейін бұл ақшаны өндірмеген.

- Үйді сату туралы ешқандай ескерту берместен банк істі сотқа өткізіп, сот сатуға шешім шығарып, сот орындаушылары сатуға қойып сатып жіберді. Менің уәждерім апелляциялық сотта ескерілмеді. Шағыммен жоғарғы сотқа дейін бардым, нәтиже болмады, - дейді белсенді.

Ол сот орындаушылар пәтерді сатып жіберсе де, босатпай отыр. Ажарқұлова іске қатысты барлық дәлелі бар екенін айтады. Жоғарғы сот арнайы комиссия құрып, тексеруін; президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың араласуын сұрайды.

Белсенді қала әкімдігінен бір айға күніне бір сағаттан жалғыз адамдық пикет өткізуге рұқсат алған.

- Өзімді өртеп жіберсем де, жалғыз баспанамды бермеймін. Алты немеремді далада қалдырмаймын, - дейді ол.

Ажарқұлова пикет өткізіп жатқанда Еңбекші аудандық сотының өкілі келіп, алыстан оны бейнекамераға түсірді. Бірнеше полиция келіп, мән-жайды сұрады. Пикет өткізуге қала әкімдігінен рұқсаты бар екенін көрген соң сырттай бақылап тұрды. Ары-бері өткен бірнеше тұрғын белсендінің сот шарбағына іліп қойған үш плакаттағы талаптарын оқып жатты.

Ажарқұлова отбасында 15 жан барын, оның алтауы – кәмелет жасқа толмаған бала екенін айтады. Сөзінше, бәрі бірге дауға ілік болған екі бөлмелі пәтерде тұрып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG