"ДӘСТҮРЛІ ЖАУАП"
Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Панкиннің Еуразия экономика одағы (ЕАЭО) елдерінің біріне санкция салынған жағдайда одақ мүшелерінің бірлескен жауап шараларын қолданатыны" жайлы мәселе қарастырылып жатқаны және мұнан кейін де қарастырыла беретіні туралы мәлімдемесіне осы одақтың мүшесі Қазақстан ізінше жауап қатып, ұйымды саясиландырмауға шақырды.
Қырымды аннексиялағанына байланысты Батыстың санкциясына дүркін-дүркін ілініп келе жатқан Ресейдің бұл пікірін Қазақстан қоғамы тіксіне қабылдағанға ұқсайды. Әлеуметтік желіде "санкция Ресейге салынды, Беларуське де салынуы мүмкін, оған қатысы жоқ елдер не үшін қарсы шараға қосылуы керек" деген сыңайдағы пікір көбейді.
23 мамырда Афинадан Вильнюске бара жатқан жолаушы ұшағын Минскіге мәжбүрлеп қондырып, ұшақтан беларусь оппозициялық журналисі Роман Протасевич пен оның жүріп жүрген қызын күштеп алып қалған Беларусь билігінің қылығын Батыс елдері "халықаралық нормаларды өрескел бұзу" деп атады. АҚШ Беларусь мемлекеттік мекемелеріне санкция салды. Еуропа одағы да осы мәселені қарастырып жатыр.
Еуразия экономика одағы
Еуразия экономика одағына (ЕАЭО) Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан мен Ресей мүше. Өңірлік экономикалық интеграцияның халықаралық ұйымы сайтында ЕАЭО "ұлттық экономикаларды жан-жақты жаңғырту, кооперациялау мен олардың бәсекеге қабілетін және мүше мемлекеттер халқының өмір сүру деңгейін арттыру үшін жағдай жасау мақсатында құрылған" деп көрсетілген. Ұйым ақпаратында ЕАЭО-да тауар, қызмет, капитал мен жұмыс күшінің қозғалу еркіндігі, сондай-ақ экономика салаларындағы үйлестірілген, келісілген немесе бірыңғай саясат жүргізу қамтамасыз етілетіні айтылған.
ЕАЭО мәселелері жөніндегі арнайы түсініктеме берген ресми Нұр-Сұлтан осы көңіл күйге жауап ретінде "Батыс санкцияларының бүкіл ЕАЭО-ға емес, жекелеген мемлекеттерге бағытталғанын" айтып, Еуразия экономика одағын "тек қана экономикалық интеграция" деп санайтынын мәлімдеді.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі "бірлестікке еуразиялық интеграция органдарына тән емес функцияларды беруге болмайтынын дәстүрлі түрде атап өтеміз" деу арқылы бұған дейін де осыған ұқсас жауап айтып келе жатқанын меңзегенге ұқсайды.
Өйткені түрлі сарапшылар мен одақтың кейбір мүшелері бұл одаққа саяси реңк бергісі келетін алуан болжам мен бастама көтере бастағанда Қазақстан шартта "экономикалық одақ" деп көрсетілгенін бірнеше рет алға тартқан еді.
Бастапқыда Қазақстан, Ресей, Беларусь бірге негізін қалаған ЕАЭО құрамына кейін Армения мен Қырғызстан енген. Одаққа мүше мемлекет басшыларынан құралған Еуразия жоғары экономикалық кеңесі ұйымның ең жоғарғы басқарушы органы ретінде белгілеген. Жылына кемінде бір рет өтетін кеңесте одақ іс-әрекеттері жайлы шешім консенсус арқылы қабылдануы тиіс.
Мұнан өзге Еуразия үкіметаралық кеңесі мен тұрақты жұмыс істейтін Еуразия экономика комиссиясы бар. Солай бола тұра одақ мүшелері арасында мұндай түсініспеушілік неден тууы мүмкін? Қазақстан қазіргі қарсылық реакциясына қарамастан экономикадағы одақтастарын қолдап, саяси жауапқа кірісуі мүмкін бе?
Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылардың пікірінше, "экономикалық одақтың" құрылғанына 5 жылдан асса да оны одақ мүшелері әрқалай түсінетіні байқалады. Әсіресе, одақ көшбасшысы саналатын Ресей бұған көбіне саяси одақ деп қарайды.
"РЕСЕЙДІҢ ЭГОСЫН ҚАНАҒАТТАНДЫРУ"
Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаевтың пікірінше, Қазақстан сыртқы істер министрлігінің реакциясы одақ туралы түсініктің әртүрлі екендігін және Еуразия экономика одағының ортақ шешім қабылдау механизмі жасалмағанын көрсеткен.
– Бұл бастама Еуропа одағына еліктеуден туып отырғанға ұқсайды. Мәселеге Еуропа одағы секілді бірлесіп жауап бергісі келеді. Бірақ мұнан Еуразия экономика одағы құрылғанда санкцияға қарсы бірлескен жауап шара қолдану туралы шешім қабылдайтын механизм жасалмағаны көрініп тұр. Ресей осыған енді кіріскісі келетін сияқты, – дейді ол.
Бейсебаевтың сөзінше, мұндай ұсыныс айтылғанымен әрі қарайғы әрекет Ресей мен Батыстың қарым-қатынасына тәуелді. Егер Ресей мен АҚШ арасындағы жағдай қатты ушықпаса "одақтастар бірге жауап беру керек" деген мәселе өзекті болмауы мүмкін.
– Мұндай шешім қабылдамас бұрын экономикалық одақтастар арасында талқылануы тиіс. Қазақстан "экономикалық одақ" деп қанша қашқақтаса да экономиканың саясаттан бөлек жүрмейтіні белгілі, – дейді Қазбек Бейсебаев.
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітовтің пікірінше, Ресей Еуразия экономика одағы әлдебір елге, мәселен Батысқа қарсы бірлескен жауап шара қабылдағысы келсе де, ол Батыстың Ресейге салған санкиясына тең бола алмайды. Мысалы, Батыс бұл одақтың жауап шарасын сезінбеуі де мүмкін. Сондықтан мұны Ресейдің "эгосын" қанағаттандыру әрекеті ғана деуге болады дейді сарапшы.
Қазіргі қарсылық реакциясына қарамастан Еуразия экономика одағы ортақ жауап қайтару туралы шешім қабылдайтын болса, оның Қазақстанға қандай әсері болуы мүмкін? Шалқар Нұрсейітовтің ойынша, мұндай болжамды жоққа шығаруға да болмайды.
– Бірлескен жауап ретінде Еуразия экономика одағы өзі өндіре алатын ауыл шаруашылығы өнімдерін өз аумағына енгізуге тыйым салуы ықтимал. Бірақ "ортақ жауап" деп аталатын "ұжымдық санкцияны" Ресейдің кімге, неге қолданғысы келетіні белгісіз. Жеке тұлғаларға ма, компанияларға ма, қайсыбір тауарға ма? Батыстың реакциясы соған қарай болады, – дейді ол.
"ОДАҚТЫҢ МЕРЕЙТОЙЫ"
2014 жылы Еуразия экономика одағы құрылар қарсаңда қарсы пікірін жиі білдірген экономист Мұхтар Тайжан Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Ресей бастамасына реакциясы дұрыс болды деп санайды.
– Ресей мұны саяси одаққа айналдыруға тырысатынын одақ құрылмай тұрғанда айтқанбыз, мәлімдеме де жасадық. Қазір соған келе жатқанын көріп отырмыз. "Экономикалық одақтамыз" деп санкцияда отырған одақтастарымызды қолдап, Батысқа қарсы "жауап шараға" қосылуға болмайды. Иә, Ресей өз бастамасына көндіру үшін түрлі саяси және экономикалық қысым жасауы да мүмкін. Саяси тәуелсіздігімізден айырылып қалмас үшін төтеп беруге тиіспіз. Түбінде бұл одақтан шығуымыз қажет, – дейді ол.
Тайжанның сөзінше, бұл одақ құрылмай тұрғанда да Ресеймен арадағы саудаға кедергі болмаған, баж салығы салынбаған. Еуразия экономика одағы құрылар қарсаңда Қазақстанда белсенділер түрлі қарсылық шараларын ұйымдастырған еді. Ал ресми билік одақ тек қана экономикалық сипатта болады деп сендіріп, экономикалық одақтың пайдасы көп боларына сендіруге тырысып баққан еді.
Парламент мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров Қазақстан одақтастармен бірге жауап беру шарасына барыншы сақтықпен қарау керек деп санайды.
– Ресей бұл іске өз мүддесінен қарап отыр. Қазақстанның басқа елдермен тұрақты көп векторлы саясат ұстанып келеді. Сондықтан қандай да бір елдің ықпалына түсіп, басқа елдермен қарым-қатынасты бұзуға болмайды. Кез келген шешім халықтың мүддесін ескере отырып қабылдануы тиіс. Еуразия экономика одағының саясатқа еш қатысы жоқ. Қандай да бір саяси шешімдер қабылдағанда одақтағы басқа мемлекеттердің келісімі керек. Сондықтан мұндай мәселе Қазақстанның өзінің келісімінсіз шешілмейді, – дейді.
Алайда саясаттанушы Шалқар Нұрсейітовтің айтуынша, Еуразия экономика одағы бойынша Қазақстанның ұстанымы үнемі ескеріле бермеуі де мүмкін.
– "Экономикалық одақты саясиландыру қажет емес" дегенді былтырдан бастап Қазақстан президенті де айта бастады. 2020 жылы мамыр айында президенттердің жоғары экономикалық кеңесінің отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев "2025 жылға дейінгі еуразиялық экономикалық интеграцияның стратегиялық даму бағыттары туралы" құжатты асығыс қабылдауға қарсылығын ашық білдірді. Бұл ұсыныс сол сәтте ескерілгенімен, бәрібір 2020 жылдың желтоқсан айында қабылданып кетті, – дейді ол.
2019 жылы Еуразия экономика одағының құрылғанына 5 жыл және Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық интеграция жөніндегі идеясына 25 жыл толғанын одақтас мемлекет басшылары Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтанда атап өткен. Сол жиында сөйлеген Назарбаев Еуразия экономика одағы одақтас мемлекеттерге тиімді ұйымға айналғанын айтқан болатын. Назарбаев 2019 жылы наурыз айында Қазақстан президенті өкілетін тапсырғаннан кейін біршама уақыттан соң Ресей президенті Владимир Путиннің ұсынысымен Еуразия экономика одағының жоғары басқарушы органы – Еуразия жоғары экономикалық кеңесінің құрметті төрағасы болып сайланған.
ПІКІРЛЕР