Accessibility links

G7 лидерлері Британиядағы саммитте пандемия, климат және Ресей мәселесін талқылайды


АҚШ президенті Джо Байден (сол жақта) мен Ұлыбритания премьері Борис Джонсон (оң жақта) кездесуі. 10 маусым 2021 жыл.
АҚШ президенті Джо Байден (сол жақта) мен Ұлыбритания премьері Борис Джонсон (оң жақта) кездесуі. 10 маусым 2021 жыл.

Жұма, 11 маусымда Ұлыбританияның Корнуолл графтығының Карбис-Бэй қаласында G7 саммиті басталады. Бұл – "Үлкен жетілік" лидерлерінің коронавирус пандемиясы басталғалы, Джо Байденннің президент қызметіне кіріскелі алғашқы жиыны.

Әлемдегі экономикалық тұрғыда дамыған жеті ел – Ұлыбритания, Германия, Франция, АҚШ, Канада, Италия және Жапония лидерлерінің саммиті үш күнге созылады. Австралия, Үндістан, ОАР және Оңтүстік Корея жиынға қонақ ретінде шақырылған.

Саммитте пандемиямен күрес, коронавирустан кейін әлем экономикасын қалпына келтіру, климаттың өзгеруі және Ресейдің қылығы талқыланбақ. Жиын алдында Байден кедей елдерге коронавирусқа қарсы екпенің 500 миллион дозасын беретінін мәлімдеді.

Байден бұл саммит Дональд Трапмтың төрт жылдық президенттігінен кейін "АҚШ-тың әлемдік аренаға оралғанын көрсетпеді" деді. АҚШ-ты Трамп басқарған төрт жылда Вашингтон изоляциялық тенденцияға қатты бет бұрған еді.

Байденнің сөзінше, "Үлкен жетіліктің" саммитінің мақсаты – "одақты күшейту".

"Путин және Қытайға Еуропа мен АҚШ әлі де бірге екенін көрсетіп, "Үлкен жетілік" қарап отырмайтынын ұқтыруымыз керек" деді ол.

Байденнің айтуынша, демократиялы елдер әлемдегі ең үлкен мәселелерді шешуге дайын.

Саммитте және саммиттен кейінгі НАТО елдері мен ЕО лидерінің Байденмен кездесуінде Ресейдің әлемдік аренадағы қылығы талқыланады. АҚШ пен оның одақтастары Мәскеудің әрекеттерін агрессивті және қалыптасқан нормаларға қарсы деп санайды.

16 маусымда Джо Байден Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуге Батыс елдерінің ортақ ұстанымымен баруы мүмкін.

  • Ресей 2014 жылы Қырымды аннексиялап алған соң "Үлкен жетіліктен" шығып кеткен. Бұрын бұл ұйым "Үлкен сегіздік" деп аталған еді. Трамп Ресейді қатарға қайта қосуды немесе қонақ ретінде шақыруды талап еткен. Бірақ "Үлкен жетілік" елдері бұған қарсы болған. Былтырғы саммит АҚШ-та өтуі тиіс еді, алайда пандемияға байланысты жиын болмай қалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG