Қазақстанда коронавирус пен коронавирусқа ұқсас пневмония жұқтырғандар көбейіп жатыр. 27 маусымда 1701 науқас анықталған. 1686-ының ПТР тесті оң шыққан. Қазақстан билігі науқастардың көбеюін елде коронавирустың жылдам тарайтын түрі "үндістандық штамның" таралуымен түсіндіреді.
Жексенбі күні Нұр-Сұлтанда – 507, Қарағанды облысында – 278, Алматыда – 215, Шымкентте – 103, Батыс Қазақстан облысында 101 адамның ПТР тесті оң шыққан. Қалған облыстар мен қалаларда анықталған науқастар жүзге жетпейді.
Ақмола, Ақтөбе және Қызылорда облыстары коронавирус бойынша "жасылдан" "сары аймаққа" өтті. Бұған дейін "сары аймақта" үш облыстан бөлек, Шымкент, Қостанай және Маңғыстау облыстары болған. Қазір "жасыл аймақта" Алматы облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Жамбыл, Павлодар, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстары ғана қалған. Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары "қызыл аймақта" тұр.
26 маусымда 11 адам қайтыс болған: 10 адамның өліміне – коронавирус, 1 адамның өліміне коронавирус пневмониясы себеп болды деп айтылады.
2020 жылдың наурыз айынан бері елде 419 800 адамның ПТР тесті оң шыққан, 4316-сы қайтыс болған. Коронавирус пневмониясын жұқтырғандар 56 940 адамға жетті. 3443-і көз жұмған.
Соңғы мәлімет бойынша, 3 млн 165 мың адам коронавирусқа қарсы вакцинаның кемінде бір дозасын алған. 1 млн 905 мың адам екі дозасын алған.
Билік халықтың ынтасын ояту үшін бұған дейін вакцина алушылар арасында пәтер, көлік сияқты қымбат сыйлықтар ойната бастаған. Ақпаратқа қарағанда, осыдан соң Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында вакцинаға кезек көбейген. 27 маусымда елде 48 мың адамға вакцина салынған. Дегенмен елде "жалған вакцина алушылар қатары" көбейгені туралы да ақпарат бар.
ПІКІРЛЕР