Accessibility links

Шымкентте наразы әйелдер тағы әкімнің шығуын талап етті


Шымкент әкімдігі алдына жиналған наразылар. 30 маусым 2021 жыл.
Шымкент әкімдігі алдына жиналған наразылар. 30 маусым 2021 жыл.

30 маусым күні Шымкент қаласы әкімдігінің алдына жиналған әйелдер жергілікті биліктен бағаны тұрақтандыруды, баспана, жәрдемақы сияқты әлеуметтік мәселелерді шешуді және балаларға коронавирусқа қарсы вакцина салуға қарсы екенін айтып, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің шығуын талап етті. Бұл туралы оқиға орнынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Көп балалы ана Гүлзира Садықова әкімдік берген уақытша тегін баспанада бес баласымен тұрады. Үлкен ұлы – мүгедек. Ол ай сайын берілетін 55 мың теңге жәрдемақы дәрі-дәрмегінен артылмайтынын айтады. Бес баласына берілетін 58 мың теңгемен күн көріп жүр. Азық-түлік бағасы қымбаттаған соң бұл жәрдемақы күнделікті тамағына да жетпей жатыр.

- Бұрын айына 2 қап ұн сатып алсақ, қазір 1 қап ұн алып, нанның өзін үнемдеп жатырмыз. 1 қап ұнның өзі 10 мың теңгеге жетті. Кей таныстарымның үйінде сол нанның өзі де жоқ. Коммуналдық төлемдер де қымбат, газдың өзіне бір айда 6 мың теңге төледік, - дейді ол.

Наразылардың бірі Бақтыгүл Батырбекова отбасымен апатты жағдайда тұрған жалдамалы үйде тұрады. Оның да мүгедек баласы бар. Бір жасқа толмаған баласына, төрт баласына және мүгедек баласына берілетін жәрдемақыны азық етеді.

- 2 келі картопты 500 теңгеге сатып алдым. Ол дым болмады. Өткен жылы осы уақытта 1 келі картоп 120-150 теңге болатын. Етті ұмыттық қой. Күнделікті арыз-түлік қымбаттаған соң қарызға баттық. Бір айдан екінші айға жетпей, дүкенге қарызға кіріп жатырмыз, - дейді көп балалы әйел.

Әкімдік алдына жиналған жиырмаға жуық әйел "жергілікті билік бағаны тұрақтандыруға күш салсын, күнкөріс қымбаттаған соң соған сай жалақы мен жәрдемақыны өсірсін, баспана мәселесін шешсін және коронавирусқа қарсы балаларға вакцина салмасын" деген талап қойды. Олардың алдына аудан әкімдігі мен басқармалардың қызметкерлері келіп, жағдайды түсіндірмек болды. Бірақ наразы әйелдер қала әкімі Мұрат Әйтеновтің шығуын талап етті. "Әкім шық!" деп бірнеше рет айқайлады. Әкім шықпаған соң талабы орындалмайынша әкімдік алдынан кетпейтіндерін айтты.

Шымкентте соңғы жарты жылда күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасы қымбаттағаны байқалады. Мысалы, 1 литр сұйық майдың бағасы 600 теңгеден 800 теңгеге өсті. Әлеуметтік дүкендерде сұйық маймен бірге қанттың өзін бір адамға белгілі бір мөлшермен шектеп сатып жатыр. Орташа есеппен ұнның бағасы 8 мың теңгеден 10 мың теңгеге қымбаттады. Соңғы бір айда картоп пен сәбіздің бағасы өскені байқалды.

Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, қалада әлеуметтік аз қамтылған отбасы саны қырық мыңға жуықтайды. Олардың бәріне атаулы әлеуметтік көмек беріледі.

Маусым айының басында сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары 6,3 пайызға қымбаттады деп мәлімдеген. Бағасы қатты өскен азық-түлік өнімдерінің тізімінде алдыңғы орындарда сәбіз (145%), картоп (138%), шемішке майы (116%), пияз (110%), қант (109%), қарақұмық (107%) тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG