Accessibility links

"Ресей "отаршыл" деген сөзден қашады". 1916 жылғы көтеріліс кезіндегі зорлық-зомбылық пен аштық


Ресей патшасына қызмет еткен казактардың көтерілісшілерді жазалауы. Суретші картинасынан көшірме.
Ресей патшасына қызмет еткен казактардың көтерілісшілерді жазалауы. Суретші картинасынан көшірме.

105 жыл бұрын Ресей патшасының Түркістан өлкесі мен ішінара Сібірдегі "бұратана" ұлттардың 19-43 жас аралығындағы ер азаматтарын майдандағы қара жұмысқа алу жайлы жарлығы қазақ даласы мен Орта Азияда көтеріліске ұласты. Көтерілісті патша әскері қатыгездікпен басып-жаншыды, жазалаушы отрядтан қашқан қазақтар мен қырғыздар Қытайға босыды.

Қазақтар мен Орталық Азия халқының көтеріліске шығуына не себеп болды? Жазалаушы отряд қолынан қанша адам қаза тапты? Көтерілістің салдары қандай болды? Бұл тақырыпты зерттеуге Қазақстанмен салыстырғанда Қырғызстанда неге көп мән беріледі? Ресей кейінгі жылдары неліктен бұл көтерілісті "бәрімізге ортақ қасірет" деп көрсете бастады?

1916 жылғы көтеріліс пен Орталық Азиядағы Ресей отаршылдығын зерттеп жүрген тарихшы, Оксфорд университеті Нью колледждің оқытушысы және ғылыми қызметкері, "1916 жылғы Орталық Азия көтерілісі. Соғыс және революция дәуірінде күйреуші империя" (The Central Asian revolt of 1916. A Collapsing Empire in the Age of War and Revolution) еңбегі редакторларының бірі Александр Моррисон Азаттыққа берген сұхбатында осы және басқа сұрақтарға жауап берді.

КӨТЕРІЛІСТІҢ БАСТЫ СЕБЕБІ – ЖЕР МӘСЕЛЕСІ

Азаттық: 1916 жылы 25 маусымда Ресей патшасының шығарған жарлығы Орталық Азия елдеріндегі көтеріліске ұласты. Бірнеше күннен кейін алғашқы наразылық Худжандта (қазіргі Тәжікстан) бұрқ етті, 12 шілдеде Жизақта (Өзбекстан) басталған үлкен толқу екі аптаға созылды. Тамызда көтеріліс қазақтар мен қырғыздар мекендейтін Жетісу өңірінде жалғасты, ал қыркүйекте Торғай қазақтары бастаған көтеріліс жақсы ұйымдастырылды. Көптеген тарихшы патша жарлығы көтеріліске түрткі болған себеп қана, ал негізі түп-тамыры тереңде деп есептейді. 1916 жылғы көтерілістің шын мәніндегі себептері қандай?

Александр Моррисон: Меніңше, жарлық – бұған әкелген тікелей себеп. Осы тікелей себеп пен тереңірек проблемаларды бөліп қарастырған жөн. 1916 жылдың жазында Орталық Азияда бәрі жақсы болса, халық патша жарлығына қарсы олай әрекет етуі екіталай еді. Сондықтан қысқа және ұзақмерзімді факторлар қатар әсер етті деп есептеймін. Орта мерзімдегі фактор – Бірінші дүниежүзілік соғыстың Орталық Азия халқына әсері. Өйткені патша жарлығына дейін, отаршыл биліктің алдыңғы елу жылында халыққа қойылған талаптар күшейді. Қазақ пен қырғызға салынған салық ұлғайды, малын тартып алды, әсіресе, соғысқа қажет деп жылқыны көп алды. Соғыс Ресей империясы мен Орталық Азияға экономикалық ауыр салмақ салды, әсіресе мақта өсіретін аймақтарға қиын тиді. Мемлекет мақтаны белгіленген бағамен сатып алуға монополия орнатқысы келді. Бұл аймақтар азық-түлікті сатып алатын, ал баға өте тез өсті.

"Он алтыншы жыл". Азаттық тапқан суреттер
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:01 0:00

Ең кескілескен сұрапыл көтеріліс Жетісуда өтті. Түркістандағы отырықшы аймақтарда, Худжанд, Жизақ пен Ферғанадағы толқулар тез басылғанымен, көтеріліс Жетісуда, артынша Торғайда жалғасты. Жетісу өңіріндегі наразылыққа басты себеп – Ресейден көшіп келген шаруалардың қоныстануы екені анық. Бұл процесс 1880-жылдары басталды. Бастапқыда қоныстанушы аз әрі олар негізінен стратегиялық жолдардың бойында орналасқандықтан айтарлықтай наразылық болған жоқ. Бірақ 1905-1906 жылдары Ресейден қоныс аударып келушілер күрт көбейді. Орталық үкіметтің қоныстандыру басқармасы деген орган шаруаларды Жетісу өңіріне көбірек қоныстандыруға басымдық берді. Ғылыми жолмен "артық жерлерді" анықтаймыз деген басқарма қазақ немесе қырғыз отбасы көшпенді болса, оларға мынанша жер, ал отырықшы болса мынанша жер беріледі дегенді басшылыққа алды. Сөйтіп, бүкіл үй санын сол жер аумағына көбейтті, артылған аумақты "артық жерге" жатқызды. Әрине, бұл жер бөлудің ақымақ әдісі еді. Өйткені бір жер құнарлы, бірі құнарсыз, бір жер суармалы болса, енді бірі суарылмайды, белгілі бір аумақ – жайлау болса, енді бірі қыстау. Ойпаттан жазыққа көшіп жүрген көшпенді халыққа бұл екі жер де керек еді. Қоныстандыру басқармасы іс жүзінде қазақ пен қырғыз мекендейтін жерді ["артық" жер ретінде] анықтады. Осылайша бұл кезеңде көшпенді қазақ пен қырғыздың қыстауда тұрақтап қалу үрдісі байқалды. Олар үй тұрғызып, егін салып, көшпенділіктен алшақтай бастады. Қоныстандыру басқармасына ең оңай жол "қазақ пен қырғыз бұл жерді қоныстануға жақсы деп тапты ма, олай болса жерін тартып алып, қоныстанушыларға берейік, олар [қазақ пен қырғыз] көшіп бара алатын жер көп қой" деу еді. Әрине, бұл үлкен талас-тартыс тудырды. Мұны жақсы түсінген Түркістандағы жергілікті шенеуніктердің көпшілігі оған қарсы болды. Өйткені түбі шиеленіс, жанжал мен зорлық-зомбылыққа әкеп соқтыратынын білді. Бірақ олардың қарсылығы еленбеді, қоныстандыру бағдарламасы орындалды. Сөйтіп, Верный қаласының маңындағы өңірлерде, Пішпек, Пржевальск округтарында қоныстандыру қарқынды жүрді. Сондықтан ең қатыгез, кескілескен көтеріліс осы аймақтарда өтті.

Азаттық: Көтеріліс әртүрлі тарихи кезеңде әрқилы сипатталды. Совет билігі тұсында оны "таптық күрес" тұрғысынан қарастырып, Орталық Азиядағы халық Ресейден келген қоныстанушылармен бірге патша режиміне қарсы шыққа дейтін де пікір болды. Совет одағы тараған соң жергілікті тарихшылар көтеріліске ұлт-азаттық қозғалыс деген баға берді. Ал Батыс зерттеушілерінің бұл көтеріліске көзқарасы қандай?

Александр Моррисон
Александр Моррисон

Александр Моррисон: Батыс тарихшылары арасында бұл тақырып Совет одағында зерттелмеді деген миф бар. Бірақ мүлде олай емес. Бұл тақырып әсіресе 1920-1930 жылдары белсенді зерттелді, ең қызықты және көп нәрсені қамтыған тарихнама дәл сол кезеңде жасалды. Мысалы, Тұрар Рысқұловтың жазбалары. Иә, идеологиялық тұрғыдан бұрмалау бар, бірақ Рысқұловтың оқиғаны қалай талдап, түсіндіргенін жоққа шығарып, сызып тастауға болмайды. Сол кезде "Красный архив" сияқты журналдарға көптеген құжат жарияланды, өйткені 1916 жылғы көтеріліс "Орталық Азияда төңкеріс дәстүрі бар, ол тіпті 1917 жылғы Петроградтағы төңкерістен ертерек болды" деуге жақсы дәлел еді әрі мұның идеологиялық маңызы болды.

Ал 1930 жылдан отарлау саясатынан алшақтау басталды. Орыс халқының маңызды рөліне басымдық берілгендіктен, 1916 жылдың ажырамас факторы болған ұлтаралық конфликт проблема тудыра бастады. 1920-жылдары бұны отарлауға және Ресейге қарсы көтеріліс деуге болатын. Өйткені 1917 жыл өткеннен қол үзіп, бас тарту ретінде қарастырылғандықтан, Орталық Азиядағы патша режимінің саясатын сынауға болатын. Бірақ 1930 жылға қарай идеология өзгергендіктен мұндай аргументті алға тарту қиындай түсті. Сөйтіп оны отарлауға қарсы ұлттық элементтері бар көтеріліс деп қарастыра бастады. Ұлт-азаттық қозғалыс деген тіркес осыдан шықты. Бірақ сонымен қатар таптық конфликт элементтері де бар. Алайда оны түсіндіріп, қисынға келтіруі қиын. Мысалы, біз тапқан деректердің ішінде "шын мәнінде ол қоныстанушыларға қарсы шабуыл емес, бай-кулактарға қарсы шабуыл, сондықтан олар орыс болғандықтан емес, бай болғандықтан шабуылға ұшырады" деп түсіндірген тарихшылар да болды.

Шын мәнінде, көтерілістің шынайы сипаты бұдан күрделі. Жақында қоныс аударып келгендермен салыстырғанда, 1880-1890 жылдары көшіп келгендер мен жергілікті ұлттың қарым-қатынасы жақсырақ болды. Өйткені жақында келген шаруалар қырғыз бен қазақтың жеріне қоныстанды. Көтерілісті асқан қатыгездікпен басып-жаншыған жазалаушы отрядтардың алдыңғы қатарында солар болды. Әрине, қоныстанушылар зорлық-зомбылыққа жақын болды деген марксистік интерпретацияға мүлде қайшы келді. Сөйтіп, бұл түсіндірме шетке ысырылды. Осылайша ұлттық көтеріліс бұл бір жағынан қазақ, қырғыз және өзбектің революциялық сана-сезімді қалыптастыру жолы болса, екінші жағынан ол тапқа негізделген деп түсіндірілді. Жергілікті және орыс шаруалары патша режиміне қарсы бірігіп, отарлаушы шенеуніктер, байлар мен орта тапқа қарсы бас көтерді. Бірақ бұл да кей облыстағы көтеріліс сипатына қайшы. Кей өңірде жергілікті элита көтерілісті бастап жүрді. Ал кей аймақта көтерілісшілердің болыс, ауылнай, ақсақалдарға тап беруінің себебі, олар тыл жұмысына шақырылғандардың тізімін жасады, көп ретте жемқорлыққа батты.

Постсоветтік кезеңде Орталық Азияда жазылған тарихта таптық конфликтідегі ұлттық элементтен бас тартты, бұл белгілі бір дәрежеде ілгерлеу. Бірақ мұндағы мәселе, ол бұрынғы ұлттық бірегейлікпен байланыстырылды, ол уақытта бұл болған жоқ немесе енді туындап жатқан. Жетісу өңірінің бір жағында қырғыздар өз ұлт-азаттық қозғалысын, екінші жағында қазақтар өз ұлт-азаттық қозғалысын жасап жатты деу, шын мәнінде бізге көтеріліс табиғатын түсінуге көмектеспейді, өйткені қырғыз бен қазақтың көтерілу себебі бір. Бұл – орыс қоныстанушылары мен патша жарлығына қарсылық. Біз көтеріліс осы екі топтың арасында [қырғыз бен қазақ] өзара байланыс күшейгенде шыққанын білеміз. Қазақтар белгілі бір дәрежеде қырғыздардан ақпарат жеткен соң көтеріліске шықты.

Кейінгі он жылдықтағы көңілге қонымды жайт – осы тақырыпта көптеген еңбек жарық көріп жатыр. Оның ішінде редакторлардың бірі өзім болған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Жапония, Канада, АҚШ, Франция, Германия мен Ұлыбритания тарихшылары бірігіп жазған еңбекті атар едім. Оны жазғанда түрлі дерек көздерді, ауыз әдебиетін пайдаланып, көтерілісті белгілі бір дәрежеде бүгінгі күн тұрғысынан түсінуге тырыстық. Ең маңызды нәрсе, орыс тіліндегі емес, жергілікті халықтың тілінде жазылған дерек көздер қолданылып жатқанын көріп отырмыз. Бұл Ресей архивтерінен бас тарту үшін емес, куәгерлердің берген жауабын түсіну үшін керек. Оны Ресей деректерінен табу қиын. Екінші жағынан, 1920-жылдары жазылған поэзия, ауыз әдебиеті көтерілісшілер үшін көтерілістің қандай мәні болғанын түсінуге көмектеседі. Әсіресе, қырғыздар үшін Үркін оқиғасы, яғни Қытайға мәжбүрлі түрде көшу ұлттық сананы қалыптастыруда айрықша маңызды. Меніңше, бұл Торғай көтерілісіне де қатысты, Торғайдағы көтеріліс Жетісу өңірімен салыстырғанда өте жақсы ұйымдастырылды, анық саяси талабы, балама саяси құрылым құруға талпынысы байқалды. Бұл бағыттағы тарих ұлттық контекстен, тар ауқымнан шығып дамып жатыр.

Алайда Ресейге қатысты бұлай деп айта алмаймыз. Өйткені Ресейде көтеріліс интерпретациясы әлі де саясиландырылған. Әріптестерімнен білетінім, 2016 жылы Ресейде Орталық Азиядан, әсіресе Қырғызстаннан келіп жатқан нарративті жоққа шығару үшін тапсырыспен конференциялар өткізілді. Ресейде көтерілістің екі интерпрециясы бар. Бірі әскери тарихшы Андрей Гарлин ұсынған қатаң интерпретация. Оған сәйкес, "көтеріліс соғыс кезіндегі өрескел опасыздық және бұратана қырғыз бен қазақтың бейкүнә қоныс аударушыларға қарсы шабуылына ұласқан". Ал зорлық-зомбылықты басу керек. Екіншісі, яғни жұмсақ интерпретация бойынша, бұл бәріне ортақ трагедия. Яғни бұл – мемлекет біліксіздігінің нәтижесі, бірақ оған ешкім кінәлі емес деп түсіндіреді. Бұл интерпретацияның проблемасы сол, ол екі жақтың адам шығынын есепке алмайды. Рас, 3,5 мың Ресей азаматы қаза тапты. Біз Жетісуда қанша қазақ пен қырғыз мерт болғанын нақты білмейміз, шамамен 150 мыңнан кем емес. Сондықтан екі жақтың адам шығынындағы айырма үлкен болғандықтан, оны ортақ қасірет дей алмайсың. Бір жақтың зорлық-зомбылығы екінші жақтікінен әлдеқайда басым. Бұл – сол уақытта қалыптасқан отарлық ахуалдың көрінісі.

"РЕСЕЙ "ОТАРШЫЛ" ДЕГЕН СӨЗДІ ҚОРЛАУ ДЕП ҚАБЫЛДАЙДЫ"

Азаттық: Ресей неге мұндай қарсы нарративтер келтіре бастады? Бұл сол кездегі зорлық, жаппай адам өлтіруді ақтау ма, әлде қатыгез отаршылдықты жасыру әрекеті ме?

Александр Моррисон: Меніңше, мұның астарында саяси себеп жатыр. Өйткені Қырғызстандағы көтерілісті басып-жаншуды геноцидке теңеген топтар бар. Бірақ бұл да [көтерілісті түсінуге] септігін тигізетін нарратив емес, өйткені көтерілісті басуды геноцид деп санамаймын. Ал мұндай айыптаулар пікірталасты диалог жүргізуге болмайтын деңгейге жеткізеді. Ресейде бұдан басқа да проблема бар. Ол – адамдар мен биліктің Ресейдің өткен тарихын сипаттағанда "отаршыл" деген сөзді қолдануға аллергиясы. Олар "отаршылдық" сөзін қорлау деп қабылдайды. "Ресей отарлаушы империя болды" десем, бұл Ресей немесе оның халқына күйе жағу емес. Ұлыбритания да отарлаушы империя болды, бұл – екі елге ортақ факт. Бұл жердегі мәселе оны айыптау немесе баға беретін мәлімдемелер жасау емес, белгілі бір уақытта болған мәдени практика, билік қарым-қатынасы мен оның бүгінгі салдарын түсіну. Мұны бүгін жоққа шығарып, Ресей Еуропадағы басқа отаршыл империялардан өзгеше болды, саяси теңдік, нәсілдер теңдігі болды деп өтірікке салсақ, процесті түсіне алмаймыз. Ресей отаршылдығы ерекше қатыгез болды деп айта алмаймын. Шын мәнінде, 1916 жылғы зорлық-зомбылық көп ретте Ресей мемлекетіне тән емес. [Орталық Азияны] жаулау кезінде әсіресе түркімендерде қырғын болғаны рас, бірақ бәрібір ондай үлкен масштабта емес. Халықаралық стандарттарға сүйенсек, орыстардың Орталық Азияны жаулауы дәл француздардың Алжирді жаулағаны тәрізді қатыгез болған жоқ. Британ отаршылдығымен салыстырғанда, орыс отаршылдығында айрықша экономикалық қанау болған жоқ. Осылайша, бұл жерде Ресей Еуропадағы өзге отаршыл империялардан жаман, қатыгез болған деген сөз айтылып жатқан жоқ. Біз жай ғана олардың арасында белгілі бір ұқсастық барын айтамыз. Орыстардың өзі сол кезде Орталық Азияға жасап жатқанын британдықтар Үндістанда немесе француздар Солтүстік Африкада жасаған әрекетке ұқсас деп санады, өйткені бұл кәдімгі Еуропа отаршылдығы. Бірақ белгілі бір өзгешеліктер бар. Британдықтар нәсіл арқылы өзгешелесе, орыстар үшін өзгешелеуде дін маңызды болды.

Бүгінде тарихи нарративтерге қарсы шығуының себебі, Ресейдің ойынша, бұл оның Орталық Азиядағы Қазақстан, Қырғызстан тәрізді Еуразия экономика одағына мүше елдермен қарым-қатынасына қатер төндіреді.

Азаттық: Ресейдің Орталық Азияны жаулауы дәл Британияның Үндістанды немесе Францияның Алжирді жаулағанындай қатыгез болған жоқ дедіңіз. Сөйте тұра Ресей отаршыл режимі 1916 жылы көтерілісті басқанда белгілі бір дәрежеде этникалық тазалау жүргізді. Дәл сол кезеңде Ресей жасаған зорлық-зомбылықты Францияның Алжирде, Британияның солтүстік-батыстағы зорлық-зомбылығымен салыстыруға келе ме? Осы уақытта Ресейдің отар елдерге жасағаны Еуропаның отаршыл режимдерінің отар елдерге көрсеткен зорлық-зомбылығымен бірдей ме? ​

Александр Моррисон: Меніңше, осы көтерілістегі зорлық-зомбылықты ең қатыгез зорлық-зомбылықпен салыстыруға болады. Бұл дәл Германияның Африканың оңтүстік-шығысында гереро тайпасына жасаған геноцидіне тең болмаса да, Францияның 1920 жылы реформа кезінде Мароккодағы зорлық-зомбылығымен салыстыруға әбден келеді.

"ШАМАМЕН 150 МЫҢ АДАМ ҚЫРЫЛДЫ"

Азаттық: Көтерілісті басқан кезде зорлық-зомбылықтан қаза тапқандар саны белгісіз дедіңіз. 1916 жылғы көтеріліс, төңкеріс пен азамат соғысын зерттеген италиялық тарихшы Марко Буттиноның жазуынша, Жетісу өлкесінде қаза тапқандар саны 150 000 – 270 000 аралығында. Дегенмен жазалаушы отрядтардың қолынан шамамен қанша қазақ, қанша қырғыз және Орталық Азиядағы өзге ұлттардан қанша адам қаза тапқаны жайлы дерек бар ма? ​

Александр Моррисон: Бұл жердегі мәселе нақты деректер жоқтығында. 1917 жылғы санақ белгілі себептерге байланысты аяқталмады. Осылайша бізде адам санын салыстыруға болатын санақ мәліметі жоқ. Буттиноның көрсеткіші салық есебінен алынған. Бірақ бұл нақты сан емес. Ол бізге сонша адам өлтірілді дегенді емес, қанша адам із-түзсіз жоғалғанын көрсетеді. Яғни ол Жетісу өлкесінде соғыстан кейін өмір сүреді деп болжанған межеден шамамен 270 мың адамға аз болғанын көрсетеді. Сонда олар қайда кетті? Белгілі бір бөлігі Қытайға қашып, қайтып оралмады. Көтеріліс, төңкеріс, азамат соғысы туу көрсеткішін төмендетті. Сондай-ақ бұл есепке аштан өлгендер де кіреді. Өйткені ол кезде Орталық Азияның көп бөлігінде аштық болды. Қанша адам өлтірілді, ал қанша адам тау асып, Қытайға бара жатқанда опат болғанын білмейміз. Сондықтан 150 мың адам – бұл шамамен қаза тапқандар саны. Бірақ, бір анығы, көтеріліс Орталық Азияның демографиясына зор нұқсан тигізді. Халықтың шамамен үштен бірі жоқ болды.

"1916 жылғы Орталық Азия көтерілісі. Соғыс және революция дәуірінде күйреуші империя" кітабының мұқабасы.
"1916 жылғы Орталық Азия көтерілісі. Соғыс және революция дәуірінде күйреуші империя" кітабының мұқабасы.

Азаттық: Ал жазалаушы топтар шамамен қанша көтерілісшіге қарсы әрекет еткен ? Ол туралы дерек бар ма?

Александр Моррисон: Бұған да мейлінше толық жауап жоқ. Алматы мен Бішкек архивтерінде жұмыс істегенде, жекелеген оқиғалар жайлы деректер таптым. Мысалы, 200 сарбаз бен қоныстанушыдан құралған жазалаушы отряд 70 адамды өлтірген нақты оқиғаны білеміз. Бірақ тұтас картинаны білу үшін архив құжаттарын жүйелі түре зерттеу керек. Алайда тағы бір қиындық тудыратын нәрсе, оқиғалардың көпшілігі архив жазбаларына мүлде кірмеген, есепке алынбаған. Өйткені ол мұрағатта тіркелуі үшін адам өлтірді деп айыпталғандарды сот қудалауы керек. Бірақ ешкім сотталмаған сияқты. Тергеу жүргізілген белгілі бір оқиғалар бар, бірақ олар аса көп емес. Сондықтан бұл көрсеткіш қашанда да тек шамалап айтылатын ғана дүние болып қала береді.

Біз Торғайдағы Жанбосыновтың көтерілісіне шамамен 40 мыңнан 50 мыңға дейін адам қатысты деп есептейміз. Жетісуда көтеріліске қатысқандардың саны бұдан аз болуы мүмкін, бірақ ол да нақты емес.

Азаттық: Енді көтерілістің салдарына тоқталсақ​. Көтеріліс басылғаннан кейін де жергілікті халыққа қарсы зорлық-зомбылық пен оларды өлтіру жалғасқан. Қазақ тарихшылары 1917 жылы қыста Жетісуда аштық басталып, бірнеше жылға созылды дейді. Ал сіз осы аштық пен көтерілістің басқа да тарихи маңызы бар салдары туралы не айтар едіңіз?​

Александр Моррисон: Жетісу – астық өндіретін аймақ, былайша айтқанда, Түркістанның астық қоры еді. Онда жергілікті сұраныстан артық астық өндірілетін. Бұл астық мақта өндіретін аймақтарға жөнелтілуі керек еді. Соғыс басталғанда орыстар Жетісу теміржолын сала бастады, ол Әулиетаға 1916 жылы жетті. Теміржол Жетісуды Орталық Азиядағы мақта өндіруші аймақтармен жалғауы керек еді. Бірақ соғыс кезінде құрылысы тоқтап қалды. Демек, 1916 жылғы көтеріліс Жетісудағы астықтың азаюына әкелді, бірақ ол кезде де жағдай ауыр емес еді. 1917 жыл тақағанда ахуал ушықты, өйткені адамдар өз жерін тастап қашты, демек егін егілмеді. Бұл мақта өсіретін аймақтарға тіпті ауыр тиді. Өйткені олар еш уақытта тамағына жететін астық өсірмейтін. Ал 1918 жылы атаман Дутов Орынбордан Ташкентке баратын теміржолды кесіп тастағанда, тіпті үлкен соққы болды. Сібірден тасымалданатын бидай Орталық Азияға мүлде жете алмады. Сөйтіп, аймақта сұмдық аштық басталды. Жем-шөп жетпегендіктен және адамдар Қытайға ауып кеткендіктен көптеген мал қырылды.

"ӘЛСІЗ ОТАРШЫЛ РЕЖИМ" ЖӘНЕ "СОВЕТ БИЛІГІНІҢ АМБИЦИЯСЫ"

Азаттық: 1916 жылы қазақ халқы отаршыл режимге қарсы бас көтерді. Патша билігі құлап, Совет билігі орнаған соң да жүйеге қарсылық жалғасты. 1916 жылы отаршыл езгіге қарсылық күшті болды ма әлде Совет билігіне қарсылық күшті болды ма?

Александр Моррисон: Бұл сұраққа жауап беру қиын. 1916 жылғы көтерілістің салдары жойқын болды. Ал Ресейдің Орталық Азиядағы 50 жылдық отаршылдығы мен қоныс аударушылардың соңғы легі келгенге дейінгі кезеңді алсақ, отарлаушы режим өте әлсіз мемлекет болған. Денсаулық сақтау я білім беруді жақсартуға қажет көп нәрсе қолға алынбады. Екінші жағынан отаршыл режим халыққа килікпейтін, билікті орталықтандыруға тырыспады, малын жаппай тартып алу, дінге араласу болған жоқ. Отаршыл режим әлсіз болғандықтан адамдардың өміріне килігіп, оларды бақылауда ұстайтын шамасы болған жоқ дей аламыз.

Ал Совет одағының амбициясы одан әлдеқайда басым болды. Совет өкіметі – адамды өзгертіп, жаңа адам шығарғысы келетін модернистік режим. Бұл ол денсаулық сақтау, білім беру, инфрақұрылымды дамыту тәрізді салада көбірек нәрсе істеді дегенді білдіреді. 1920-1930 жылдары Совет одағы қазақтарды ұлт ретінде таныды. Қазақ АССР-ін құрып, қазақ тілінде білім бере бастады. Қазақстанда ғылым академиясын, опера театрын, институттар ашты. Бірақ екінші жағынан бай-кулактың мүлкін тәркіледі. Оның байларға ғана емес, байға жатқызылып, бірақ шын мәнінде бай болмаған халыққа да кесірі тиді: малын тәркілеп, ұжымдық ресурс ретінде пайдаланды. Артынша қазақ даласында ұжымдастыру науқаны жүрді, бұл үлкен апатқа соқтырғаны мәлім. Халықтың 40 пайызы аштан қырылды. Патша режимінде дәл мұндай зұлмат болған жоқ. Бұл қасақана ұйымдастырылған, мемлекет басындағы шенеуніктердің әрекеті екені сөзсіз. Яғни Қазақ ССР-і одақ мүшесі болса да, осындай әрекет жасалды. Осы оқиғалар, мысалы, ұжымдастыру наразылық тудырды. Біз жазған еңбекте белгілі бір облыстарда, әсіресе Торғайдағы көтеріліс үздіксіз сипатта болғаны айтылған. 19-ғасырдың басында бұл жер Кенесары көтерілісінің орталығы болған. 1916 жылы да онда көтеріліс болды. 1930-жылдары ұжымдастыруға қарсылықтың басты орталығы болды.

1916 жылы Торғайда Амангелді Иманов бастаған көтеріліске қатысқан қазақтар. Архивтегі сурет.
1916 жылы Торғайда Амангелді Иманов бастаған көтеріліске қатысқан қазақтар. Архивтегі сурет.

Совет одағында ұлттық мәдениет, ұлттық бірегейлікті білдірудің белгілі бір кеңістігі болды. Бәріміз де Ілияс Есенберлин романдарының бүгінгі қазақ ұлттық санасы үшін маңызды екенін білеміз. Яғни мәдени еркіндік элементі болды. Бірақ тура сол мезетте қазақ тілін қолдану күрт құлдырады. Меніңше, бұл парадокс. Қонаев елге жетекшілік еткенде Қазақстанға орталықтан көптеген инвестиция әкелді, Алматыны көріктендірді. Ол елді басқарғанда белгілі бір саяси қызмет атқаратын қазақ саны 30-дан 60 пайызға өсті. Бірақ бір мезгілде тілді қолдану құлдырады. Совет одағының жоққа шығаруға болмайтын тағы бір "мұрасы" – қоршаған ортаға тигізген залалы, бұл – апат. Полигондарда ядролық сынақтар өткізу, Арал теңізінің апаты болашақ ұрпаққа кесапатын тигізеді.

"КӨТЕРІЛІС ҚАЗАҚСТАНДА ДӘЛ ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫДАЙ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ КӨТЕРІЛЕТІН САЯСИ МӘСЕЛЕ ЕМЕС"

Азаттық: Қазақстанмен салыстырғанда Қырғызстанда 1916 жылғы көтеріліс жайлы тарихи зерттеулер мен оқиғаға саяси баға беруге көбірек мән беріледі . Көтеріліске 100 жыл толғанда Қырғызстан үкіметі бірқатар іс-шараны қаржыландырды. Торғай даласында көптеген адам қаза тапқанына қарамастан, Қазақстанда мұндай шаралар болған жоқ. Қазақстанда бұл тақырыпқа жете мән беріле ме?​

Александр Моррисон: Меніңше, мұның кемінде екі себебі бар. Түптеп келгенде, көтерілістің қазақтармен салыстырғанда қырғыздарға салдары көбірек тиді, пропорционал түрде алғанда, қаза тапқан қырғыз көбірек. Қырғыз ұлттық санасының қаыптасуына қатты әсер етті, ал қазақтың ұлт ретіндегі санасының қалыптасуы одан бұрынырақ басталған еді.

Ал екіншісі – саяси себеп. Қырғызстанның білім беру, мәдени саласында біршама еркіндік бар. Қазақстан билігі Ресеймен қарым-қатынаста шиеленіс тудыруы ықтимал дүниені алға тартып, қолдау білдіреді деп ойламаймын. Бірақ ғылыми деңгейде жақсы жұмыстар атқарылды деп есептеймін. Меніңше, бұл Қазақстанда дәл Қырғызстандағыдай жоғары деңгейде көтерілетін саяси мәселе емес.

Азаттық: Қазақстанда бұл тақырып жеткілікті дәрежеде зерттелді ме?

Александр Моррисон: Меніңше, қызықты жұмыстар жасалып жатқанның белгісі бар сияқты. Жетісу көтерілісін зерттеу үшін Қазақстандағы архивке бару керек. Қырғыз әріптестеріме үнемі осы тақырыпты зерттеу үшін Алматыға бару керектігін айтамын, өйткені Верный Жетісу астанасы болды. Жетісу облыстық басқармасының жазбалары осында сақталған, Бішкекте құжаттар аз. [Манаш] Қозыбаев 90-жылдары маңызды жинақ шығарды. Кейінгі жылдары әріптестерім Алматыда жекелеген болыстарда не болғаны жайлы зерттеулер жүргізіп жүр. Бірақ әлі де зерттелетін дүниелер бар.

Меніңше, бұл тұрғыда өңірлік әріптестік жетіспей жатыр. Қазақстан тарихшыларына бұл тақырыпта Қырғызстан я Өзбекстан тарихшылары не жазып жатқанын білу маңызды деп есептеймін.

Азаттық: 1916 жылғы көтерілісті аяусыз басып-жаншу, қатыгездік, зорлық-зомбылық, қаза тапқандардың белгісіз болуы, осының бәрі Ресей өз отарларына метрополия ретінде қарап, әрекет еткенін көрсете ме?

Александр Моррисон: Метрополия-колония қарым-қатынасының көптеген қыры бар, зорлық-зомбылық соның бірі ғана. Ресей билігі кезеңінде зорлық-зомбылық жасырын сипатта жүрді. Ресей Орталық Азияға қарағанда Кавказға көбірек қатыгездік пен зорлық-зомбылық көрсетті дей алмаймын. Шын мәнінде, ол Орталық Азияда айрықша қатыгез отарлаушы держава болған жоқ. Жерлеріңізде әскери горнизондар болды, олар пайдаланылуға тиіс еді, өйткені режимдеріңіздің белгілі бір легитимдік дәрежесі болды. Салық деңгейі төмен еді. Орталық Азиядағы мұсылман элита негізінен оған дайын болды. Алаш[орда] Ресей империясынан тәуелсіз болуға шақырған жоқ, олар тең азаматтықты, қазақтың көпұлтты империяның азаматы ретінде танылғанын қалады. 1916 жыл мұның тас-талқанын шығарды. Меніңше, мұның бір себебі, Орталық Азия халқы өзіне тым көп талап қойылмаса, Ресей билігіне төзеді деген жазылмаған түсініктің құрдымға кетуі. Бұл салық, малды алу себебінен және патша жарлығы шыққан соң құрдымға кетті. Бірақ бұл одан да бұрын, қазақ пен қырғыз жеріне қоныстанушылар келіп, жер үшін талас туындағанда басталды, олардың келуі отарлауды жаңа деңгейге шығарды. Бірақ мұндай нәрсе отарлаушы елдердің барлығына жүрді. Дегенмен метрополия мен колония қарым-қатынасын экономикалық тұрғыдан қарастырсақ, айрықша экономикалық қанау болды деп айта алмаймын. Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін Орталық Азияда мақта өндірісі айтарлықтай өсті. Жергілікті өндірушілер одан жақсы пайда тапты. Орталық Азияның мақтасы Американың мақтасынан қымбат болды. Орыстар салық жеңілдігін беру арқылы оны субсидиялады. Сөйтіп, Мәскеудегі өндірушілер импортпен келетін мақтаға қарағанда өз мақтасына көбірек ақша төледі. Бұл отарлаушы және отар елдің қарым-қатынасы деуге келмейді. Бірақ бұл Орталық Азия отар болмады деген сөз емес. Меніңше, бұл экономикадан гөрі саяcи қарым-қатынасқа қатысты нәрсе.

Бәлкім, басқа отарлаушы елдерге қарағанда Ресейді пайда емес, билік көбірек қызықтырған шығар. Бірақ, меніңше, метрополия мен отар елдің қарым-қатынасы болғаны айқын, өйткені бәрінен бұрын саяси құқықтар теңсіздігі бар еді. 19-20-ғасырда Ресейде земство, тәуелсіз азаматтық соттар, азаматтық басқару болды, 1905 жылдан кейін Думаға өкілдер сайланды. Бірақ Орталық Азияда бұлай болмады, сот әскерилердің қолында еді. Бүкіл аймақты әскерилер басқарды. Бірінші және екінші Думаға қысқа мерзімде өкілдер сайланды, бірақ кейін ол жойылды.

Азаттық: Әңгімеңізге рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG