Accessibility links

"Талаптарымыз ішінара орындалды". Жаңаөзенде "КЕЗБИ" жұмысшылары ереуілді тоқтатты


"КЕЗБИ" компаниясының жұмысшылары ереуілдетіп отыр. Жаңаөзен, 1 шілде 2021 жыл.
"КЕЗБИ" компаниясының жұмысшылары ереуілдетіп отыр. Жаңаөзен, 1 шілде 2021 жыл.

Жаңаөзенде мұнай өндіруші "ӨзенМұнайГаз" компаниясының бұрғыларын жөндейтін "КЕЗБИ" мекемесінің жұмысшылары бір аптадан соң ереуілді тоқтатып, жұмысқа шықты. Олар жалақы өсіру, жұмыс жағдайын жақсарту бойынша қойған 12 талаптың "ішнара орындалғанын" айтады.

"УӘДЕДЕН СӘЛ АУЫТҚУ БОЛСА, ҚАЙТА ЕРЕУІЛГЕ ШЫҒАМЫЗ"

"КЕЗБИ" мекемесінің жұмысшысы Нұрсұлтан Нұрымовтың сөзінше, талаптарының орындалғанын 6 шілде жергілікті уақыт бойынша кешкі төртте айтқан. Осыдан соң жұмысшылар 30 маусымда басталған ереуілдерін тоқтатқан.

- Еңбек төрелігі комиссиясының хаттамасын қолымызға алып танысқан соң үйімізге тарқадық, - дейді ол.

Жұмысшылар апта бойы күні-түні ереуілдеткендіктен, шаршап жұмысты 6 шілде емес, бүгін 7 шілдеден бастаған.

"КЕЗБИ" жұмысшыларының Азаттыққа ұсынған бітімгерлік комиссияның хаттамасында:

  • жалақы жұмысшылар талап еткендей жүз пайыз емес, 50 пайызға өсетіні;
  • жұмыс жоспары орындалса, 25-35 пайыз үстемақы берілетіні;
  • санаторийге, профилакторийге сауықтыру үшін 50 айлық есептік көрсеткішке тең (146 мың теңге) ақы, Мұнайшылар күні мен Тәуелсіздік күніне орай 30 АЕК (87500 теңге) төленетіні;
  • тиісті сертификаттаудан өткен құрал-жабдықпен қамтамасыз етілетіні айтылған.

Хаттамада зиянды аймақта жұмыс істеп, ауыр жұмыс жасағаны үшін ақы төлеу мәселесі Маңғыстау облыстық еңбек инспекциясына жолданатыны баяндалған.

"КЕЗБИ" мекемесіндегі жұмысшылар кәсіподағының жетекшісі Жолмұрат Ұлықпанов егер уәде бұзылса, қайта ереуілге шығатындарын айтады.

- Әрине, толық қол жеткіздік дей алмаймыз. Бірақ осы бекітілген талаптардан сәл ауытқу болса, ешқандай ескертусіз ереуілге шығатынымызды айттық. "ӨзенМұнайГаз" мұнайшылармен бір ауаны жұтып, бір жерде жұмыс істейміз. Егер қосымша ақылар төленсе, біздің есебімізше, жалақымызға 85 пайыз қосылады. Билікке "не жалақымызды өсір, не тамақтың бағасын түсір" деген талап болған, - деді ол Азаттыққа.

Ұлықпановтың сөзінше, еңбекақыға қойылған тариф 2020 жылдан бері өзгермеген, ал Жаңаөзендегі картоптың бір келісі 300 теңгеге, сәбіз 600 теңгеге жеткен, сондықтан талап "өте заңды".

Ол "КЕЗБИ" мекемесіндегі жұмысшылар кәсіподағын құру да қиын болғанын және тәуелсіз, шынайы кәсіподақ үшін күрес әлі жалғасып жатқанын айтады.

- Өзіміз құрған кәсіподаққа қысым көп. Қазірдің өзінде үш адам соттасып жатыр. Оларды осы кәсіподақ жұмысына белсене араласқаны үшін жұмыстан шығарған. Кәсіподақ пен оны қолдаған жұмысшылар арқасында бір апталық ереуілде оң шешім қабылданды. Жекелеген алғашқы кәсіподақтың өзін ашу үшін қаншама қиындықтан өттік. Құжатымызды жеті рет тіркеуге тасыдық, тіркемеуге тырысты. Соңында тіркеттік, өзімізді мойындаттық, - дейді ол.

Азаттық тілшісі комиссия шешіміне қатысты комментарий алмаққа "КЕЗБИ" мекемесі басшылығына қоңырау шалған. Мекеме басшысы Бітім Кезбаев қазір госпитальде емделіп жатқанын, компанияда балалары отырғанын айтты, бірақ ешқайсысының телефонын бермеді.

ЕРЕУІЛ ҚАЛАЙ БОЛДЫ?

30 маусымда Жаңаөзенде "КЕЗБИ" мекемесінің 600-дей жұмысшысы жұмыстарын тоқтатып, ереуіл бастаған. Олар ереуіл кезінде жұмысқа шықпады. Наразылар еңбек жағдайын жақсартып, жалақыны көтеруді, яғни жалпы 12 талап қойған еді:

  • Жалақыны көтеріп, сыйақы төлеу жүйесін қайта қарастыруды,
  • Мереке күндерінде жасалған жұмыстар мен зиянды аймақтағы жұмыс үшін ақы төлеуді,
  • Жұмысшыларға еңбек өтіліне қарай карьерлік көтермелеу жасауды,
  • Еңбек демалысына қосымша сауықтыру орындарына баруды қамтамасыз етуді,
  • Ұңғымаларды жөндейтін шеберлерге жағдай жасауды,
  • Бұрғышылардың қасына көмекші беруді,
  • Стандартқа сай құрал-сайманмен қамтамасыз етуді,
  • 2019 жылдың қаңтарынан бастап жұмысшыларға берілетін қаражат туралы есеп беру.

Наразы жұмысшылардың бірі Азаттыққа "Бізді құл қылып жұмсап жүр. Мына жігіттердің бәрі лайықты еңбекақыларын талап етіп отыр. Бізде ұңғымаларды жөндейтін бригадалардың ешқайсысына дұрыс ақша төленбейді. Жұмыс ауыр, шыжыған күннің астында жүреміз. Емделгіміз келеді, жақсы жалақы алғымыз келеді" деген еді.

Ереуіл кезінде жұмысшылар видеоүндеу жасап, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан, премьер-министр Асқар Маминнан, Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннен, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басшысы Алик Айдарбаевтан проблемаға назар аударуын сұраған.

Күннің аптабында ереуілдеп отырған жұмысшыларға 4 шілдеде "Нұр Отан" және "Ақ жол" партиясынан мәслихатқа сайланған депутаттар келіп, ереуілді тоқтатуға шақырған.

"Біз – сіздер сайлаған депутаттармыз" деп сөз бастаған Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Мақсат Мақышевтің сөзін наразы жұмысшылар бөліп, "сіздерді сол орынға отырғызды, халық сайлаған жоқ. Біз сендердің айлықтарыңды сұрап отырған жоқпыз, өз ақшамызды сұрап отырмыз" деген еді.

Жаңаөзенде "КЕЗБИ" жұмысшылары жұмыс жағдайын жақсартуды талап етіп, ереуілдетіп жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:57 0:00

1992 жылы құрылған "КЕЗБИ" компаниясы Маңғыстау облысындағы мұнай компанияларының ұңғымаларын жөндейді. Ол – Жаңаөзендегі ең ірі мұнай компаниясы "ӨзенМұнайГаз" акционерлік қоғамының мердігер мекемесі. Мұндағы 27 бригада 1200-ге жуық адам жұмыс істейді.

"КЕЗБИ" компаниясы жұмысшылары 2019 жылы 25 шілдеде кәсіподақ құрып, тіркеген. Ол "Ынтымақ" салалық кәсіподағының құрамына енген. Кәсіподақтың 600-ден астам мүшесі бар.

2019 жылы қазан айында "КЕЗБИ" жұмысшылары Жаңаөзен қаласы әкімдігінің алдына жиналып "жұмысшылар құқығын қорғайтын кәсіподақ құрғаны үшін қудаланып жатқанына" шағымданған еді. Олар "жұмыс беруші компания жұмысшылардың құқықтарын таптайды, себепсіз жұмыстан шығарады" деген еді.

Қазақстанда түрлі мекемелерде жұмысшылар жалақы өсіруді, жұмыс жағдайын жақсартуды талап етіп жиі ереуілдетеді. Елде ереуіл жұмысшылардың лайықты жалақы талап етіп, талабын орындататын негізгі әдіске айналды. Кейбір жұмысшылардың талабы ереуілден соң орындалады, кейбірі наразылық білдіргені үшін жұмыстан қуылады.

Сарапшылар елде ереуілдің жиілегеніне жұмыс беруші мен жұмысшы арасында көпір болатын тәуелсіз кәсіподақтың жоқтығымен байланыстырады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG