Accessibility links

"Жұтты мойындап, төтенше жағдайға көшу керек". Қуаңшылық шаруаны малдан, министрді қызметінен айырды


Мал жайып жүрген қойшы. Архив суреті.
Мал жайып жүрген қойшы. Архив суреті.

Малы қырылған шаруалар үкіметтен қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жариялап, зардап шеккендерге нақты жәрдем көрсетуін сұрайды. Олар жұт келетіні көктемде-ақ белгілі болған дейді. "Жұмыс істей алмаған" ауыл шаруашылығы министрін орнынан алған президент "мемлекет шаруаға қажет көмекті көрсетеді" деп уәде етті.

"БҰЛ ЖҰМЫС ҚОЛЫҢЫЗДАН КЕЛМЕЙДІ ЕКЕН"

10 шілде күні үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қуаңшылықтан ауыл шаруашылығы қатты зардап шегіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, "ауа-райының қолайсыздығына қоса болжам жасау жұмысының тиімсіздігінен ахуал ушығып кеткен".

– Әсіресе, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында жағдай күрделі. Бір ғана Маңғыстаудың өзінде жаппай қырылған малдың саны 3 мыңға жетті. Бір тонна шөптің орташа бағасы 23 мың теңге, ал кейбір аймақта 42 мың теңге болды, – деді ол.

Тоқаевтың сөзінше, "әкімдіктер мен Ауыл шаруашылығы министрлігі дұрыс шешім қабылдамай, жүйелі әрі нақты жұмыс атқармаған, соның кесірінен шаруалар тығырыққа тірелген".

– Министрлік бұл жұмысты тиімді ұйымдастыра алған жоқ. Сондықтан осы салаға бірден-бір жауапты тұлға ретінде министр Сапархан Омаровтың отставкаға кеткені дұрыс деп есептеймін. Бұл жұмыс, әсіресе, дағдарыс кезінде қолыңыздан келмейді екен, – деді Тоқаев 2019 жылғы ақпаннан бері министр қызметін атқарып келген Омаровқа.

Президент үкімет пен әкімдерге қуаңшылық зардабын шегіп жатқан аймақтарға жем-шөп жеткізіп, малдың қырылуын тоқтатуды, төтенше шара ретінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан шөп жинау мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

– Мемлекет міндетті түрде қажет көмекті көрсетеді, сондай-ақ шаруалар да ортақ жұмысқа атсалысуы керек, – деді ол.

Тоқаевтың сынынан соң Сапархан Омаров қызметінен алынып, осы кезге дейін қаржы министрінің орынбасары болып істеген Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы министрі міндетін атқарушы болып тағайындалды.

Малды құдықтан суғару. Архив суреті.
Малды құдықтан суғару. Архив суреті.

"МАЛҒА БЕРЕТІН КАРТОН ДА ҚАТ"

Биыл қыс пен ерте көктемде жауын-шашынның аз түсуіне байланысты Маңғыстау өңірінде қуаңшылық басталып келе жатқаны жайлы алғашқы хабар көктем ортасында-ақ тарала бастаған еді. Қабырғасы ырсиып, айдауға жарамай ілбіп бара жатқан көтерем жылқы мен әр жерде өліп жатқан мал суреттері әлеуметтік желіде де молынан тараған. Кейінгі кездегі хабарларға қарағанда қуаңшылықтың үдей түскені, шаруа жағдайының ауырлай бастағаны байқалады.

– Өріске шықты деген аты болмаса уақ мал жейтін шөп таппай, қу тастан өзге түк жоқ жерді иіскелеп жүр. Қарайған бұта көрінсе, соны кеміріп тұра қалады. Түсте күн қайнағанда ауылға айдаймыз. Маңырап, шулап қайтады. Қорада да жей қоятын жем-шөп жоқ. Табылса кебек, суға жібітіп картон қағаз береміз. Картон да қат. Дүкеннен шығып қалған картон жерде қалмайды. Ақтау қаласынан алдырып жатқандар да бар, – дейді Жәнібек Қожық.

Маңғыстау облысын қуаңшылық қысып, жұрт малға "картон беріп жатыр"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:48 0:00

2019 жылы маусымда Қазақстан президенті болып сайланған соң Қасым-Жомарт Тоқаев құрған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі болған Маңғыстау аймағының қоғам белсендісі Жәнібек Қожық өзі тұратын Оңды ауылында қой кезегіне шығатынын айтады. Оның сөзінше, әр көшедегі 15-16 үй бірігіп шығаратын 300-ден астам уақ мал ауылдан 5-6 шақырымнан алысқа ұзай алмайды.

– Ауыл ақсақалдары биылғыдай қуаңшылықты өмірі көрмедік деп отыр. Қайта біздің ауылдың айналасына биыл аздап қар жауған еді. Соның күшімен шыққан көкті осыған дейін талғажау етіп келдік. Сондықтан біздің жағдайымыз Маңғыстау өңіріндегі басқа ауылдардан гөрі сәл тәуір деуге болар. Тұщықұдық, Ақшыңырау, Қызан ауылдары, Бейнеу ауданы түгел қатты қиналып отыр, – дейді ол.

Қожықтың сөзінше, қуаңшылықтан қиналған өңірге өзге аймақтардан жем-шөп жеткізіле бастаған. Бірақ бағасы тым қымбат.

– Жем-шөп сатып пайда тапқысы келетін кәсіпкердің жайы түсінікті. Билік те әкеліп жатырмыз дегенді айтады. Бірақ бағасы қалта көтеретіндей жем-шөп көрмедім. Шаруа барын салып сатып алып-ақ жатыр. Алайда қалтасы жұқа шаруаның қашанға дейін шамасы жетеді. Сондықтан қолдағы малды сатып жіберуге тырысып жатыр. Базарда мал бағасы әбден түсті. Ірі жылқының өзі 100 мыңға сатылса қуанады. Арық-тұрық малды ешкім алғысы келмейді. Басқа өңірден келіп сатып алады дейін десең алып кетуге де жарамай, жолда өледі. Мемлекет төтенше жағдай жариялап, шаруаға шұғыл көмектеспесе келер жылы Маңғыстауда тігерге тұяқ қалмайды, – дейді Жәнібек Қожық.

"ЖАППАЙ АРЗАНҒА САТТЫ"

9 шілде күні ауыл шаруашылығы министрлігі өткізген баспасөз мәлихатында қуаңшылық Қазақстанның көп өңірінде байқалғанымен, әсіресе Маңғыстау облысы мен Қызылорда облысының Арал ауданында оның зардабы қатты сезілгені айтылды.

Қызылорда облысы Арал ауданының Қамыстыбас ауылының шаруасы Рақымжан Көптілеуовтің сөзінше, кейінгі кезде өрістен қайтпай қалатын мал көбейген.

Өрісте жайылып жүрген қой. Архив суреті.
Өрісте жайылып жүрген қой. Архив суреті.

– Ауылдан ұзап шыққан көтерем сиыр қайтарда 4-5 рет тоқтап, демалып келеді. Суы тартыла бастаған көлдің жағасындағы қорыс шөбіне ентелей кірген жылқы қайта шыға алмай батпақта қалып жатыр. Қазір ауыл адамдары көл маңын бақылап, көтерем жылқыны көлден сүйреп шығарып жүр. Жайылымға кеткен түйе тоймаса ботасына да оралмайды. Шөп таба алмаған түйе жыңғыл жейді. Жыңғыл басындағы құрт түйеге жаудай тиді. Миқұрт жеген түйелер де өліп жатыр, – дейді ол.

Көптілеуовтің айтуынша, биыл жылқы құлын ертпеген. Биенің көбі іш тастаған.

– Кіші Аралдың арғы бетінде мыңдап жылқы айдайтын кәсіпкерлер биені еміп әлсіретпесін деп биыл ерте көктемде құлындарын 20-40 мың теңгеден жаппай арзанға сатып құтылды. Оған күлгендер қазір сата алмай да жүр, – дейді ол.

Рақымжан Көптілеуов аудан әкімдігі таратқан жем-шөп жетіспейді дейді. Таяуда алты жүк көлігімен әкелген шөпті әр ауылға бөлгенде Қамыстыбасқа бір көлік қана тиген. Ал ол аш малға жұғын да болмайды. Малы көп кәсіпкерлер шөбі бар жер іздеп, көрші облыстарға малын алып кеткен.

"ҚУАҢШЫЛЫҚ ҚАТТЫ БОЛАТЫНЫ КӨКТЕМДЕ-АҚ БЕЛГІЛІ ЕДІ"

Ресми баспасөзде қуаңшылық қысқан шаруаларға жергілікті билік барынша жәрдемдесіп жатқаны айтылған. 11 маусымда, яғни осыдан бір ай бұрын Нұр-Сұлтандағы орталық коммуникация қызметінде баспасөз конференциясын өткізген Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов Маңғыстау өңірінде 1 мыңнан астам мал өлді деп хабарлаған еді.

Бірақ қоғам белсендісі Жәнібек Қожық ресми мәліметке сенбейді. "Өйткені, біріншіден халық қолындағы малының нақты санын айтқысы келмейді. Екіншіден, билік өлген мал есебін толық алып жатқан жоқ" деп түсіндіреді ол.

– Қазақ дәстүрінде малы мен бала санын айтпайтын ырым бар. Оның үстіне совет өкіметі кезінде мал санын жасырып ұстауға мәжбүр болды. Өйткені малы көбейіп, байығандарға сұрақ көбейді. Қайта қазір мал санын нақты көрсетіп, әрқайсына реестрде тіркелген сырға салу тиімді. Мал санына қарай түрлі субсидия алуға болады. Бірақ оны қарапайым шаруаның бәрі бірдей біле бермейді. Әр ауылда 500 үй болса, соның жарымы жылқы ұстайды. Әр үйде бір жылқыдан өлді деген күннің өзінде мыңнан баяғыда асып кетті. Үкімет көмекті енді ойластырған боп жатыр. Қуаңшылық қатты болатыны ерте көктемде-ақ белгілі еді, сол кезден әрекет жасағанда мұндай болмас еді, – дейді Қожық.

– Әр ауылда 500 үй болса, соның жарымы жылқы ұстайды. Әр үйде бір жылқыдан өлді деген күннің өзінде мыңнан баяғыда асып кетті. Үкімет көмекті енді ойластырған боп жатыр. Қуаңшылық қатты болатыны ерте көктемде-ақ белгілі еді, сол кезден әрекет жасағанда мұндай болмас еді, – дейді Қожық.

Билік деректеріне күмәнмен қарайтындардың бірі Ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев. Ол қуаңшылық мәселесін үкімет жиынына қатысқанда да ескерткенін, бірақ ешкім сенбей, дәлел сұрағанын айтады.

"Қолдан жасалған" қуаңшылық. Қызылорда облысында әкімдік мың адамды судан айырды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:39 0:00

Садырбаев Маңғыстау облысы мен Қызылорда облысының үш ауданын, Түркістан облысының екі ауданын аралап шыққанын да айтты. Ол "Арал ауданында бір шаруаның өзінде 250 ірі қара өлген, бір ауылды есептегенде өлген мал 500-ден асты" деген дерек келтірді.

– Үкімет өтірік мәліметке алданып отыр. Өйткені шаруалардың өлген малы түгел есепке алынып жатқан жоқ. Мысалы, ветеринар шаруаның 200 бас малы өлгенде 80-ін ғана тіркеген, – дейді Алмасбек Садырбаев.

Мал шаруашылығы маманының сөзінше, бүгінде Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары мен Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде ғана қуаңшылық бәсең. Қалған өңірдің барлығында қуаңшылық байқалып тұр. Сондықтан Қазақстан мұның жұт екенін мойындап, тұтас ел бойынша төтенше жағдай жариялауы керек деп есептейді Садырбаев.

– Аудан көлемінде ғана төтенше жағдай жариялау жеткіліксіз. Алда тағы ұрынбас үшін Маңғыстау өңіріндегі мұнай компанияларын әр аудан, ауылға ұңғыма құдық қазуға міндеттеу керек. Өйткені Маңғыстау мен Қызылордада үшінші жыл қатарынан қуаңшылық болып отыр. Әскери техниканы пайдаланып, малды шөбі бар өңірге жаппай көшіру керек. Оған ауданның шамасы жетпейді. Мұнан да басқа ірі кешенді мәселелерді шешу үшін республика бойынша төтенше жағдай жариялау қажет, – дейді ол.

Алмасбек Садырбаевтың сөзінше, "жем-шөппен қамтамасыз етпей мал өлімін тоқтату қиын. Жұтқа ұшыраған шаруалардың барлығының кредитіне екі жыл каникул бермесе тағы болмайды".

ДЕПУТАТ: ҮКІМЕТ КОМИССИЯСЫ ЕКІ АЙ БҰРЫН АЙТҚАН

Қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жариялауды парламент мәжілісіне Маңғыстау өңірінен сайланған депутат Самат Мұсабаев та қолдайды. Бірақ оның сөзінше, республика деңгейінде емес, Маңғыстау облысы мен Арал ауданында жарияласа жеткілікті.

– Қуаңшылыққа байланысты мамыр айында Ауыл шаруашылығы министрі 12 адамнан тұратын комиссия құрып, Маңғыстауға жіберді. Мәжілістің тағы бір депутаты Еділ Жаңбыршин екеуміз де комиссия құрамына кірдік. Шаруашылықтың апат жағдайын көріп, комиссия төтенше жағдай жариялау керек деген шешімге келді. Ұсынысымызды мамырдың аяғында премьер-министр Асқар Мәминге жаздық. Бірақ төтенше жағдай әлі жарияланбай отыр, – дейді депутат.

Мамытбеков: Биыл қураған шөп те жоқ
please wait

No media source currently available

0:00 0:08:38 0:00

Самат Мұсабаевтың есебінше, Маңғыстау облысында қуаңшылықтан 6-7 мың бас ірі қара қырылған. Ол ресми және бейресми деректердің сай келмейтінін "халықтың қолындағы малды тіркетуге ықыласы жоқтығынан" да көреді. Ал мемлекет есебіне тіркелмеген мал өлсе – өлген мал санатына жатпайды.

Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Арыстан Омаров тіркелмеген мал, яғни мемлекет есебіндегі сырғасы жоқ мал өлген малдың статистикасына кірмейтінін айтады.

Оның сөзінше, Арал ауданында қазірге дейін барлығы 500-ден астам жылқы мен сиыр, 1 түйе өлген. 7 шілдеден бастап төтенше жағдай жарияланған. Жәрмеңке ұйымдастырылып, тіркемесі бар 32 көлік шөп, екі көлік жем жеткізіліп, арзан бағамен таратылған.

– Жағдай біршама тұрақталды. Арал малын басқа аудандарға көшірудің қажеті жоқ, – деді ол.

Арал ауданында төтенше жағдай жарияланатыны жайлы осыдан бір айға жуық бұрын, 17 маусымда хабарлаған еді.

9 шілде күні Нұр-Cұлтан қаласындағы баспасөз жиынында Ауыл шаруашылығы министрлігі аппаратының жетекшісі Марат Оразаев қырылған мал жайлы басқаша мәлімет келтірген еді.

"Маңғыстау облысында 1147 мал өлген" деген министрлік өкілі "бұл – Маңғыстаудағы мал санының 0,13 пайызы ғана" деп, мейлінше аз екенін түсіндіргісі келгендей болды. Оның сөзінше, Қызылорда облысында 492 бас мал өлген.

Оразаев жекелеген аймақта төтенше жағдай жариялау мәселесін жергілікті әкімдіктер сондағы төтенше жағдайлар жөніндегі өкілетті органдармен келісіп шешетінін айтты. Қуаңшылық қысқан аймақтардан Ақтөбе, Атырау облысы мен Солтүстік Қазақстан облысына 2260 жылқы, 3 мыңнан астам қой, 200 түйе жеткізілген. Ал жұқпалы дерттен емес, аштан қырылған мал үшін шаруаға өтем төленбейді деді министрлік өкілі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG