"Мұның бәрі ата-анамның көз жасына татымайды" деді Отажонов жақында президент сайлауына түсуден бас тартатынын айтып. Осыған дейін ол "Эрк" ("Ерік") демократиялық партиясының атынан президент сайлауына түсетінін мәлімдеген еді.
Өзбекстанда да, Орталық Азияның өзге елдерінде президент сайлауына түскісі келетін оппозиция кандидаттары көптеген кедергілерге тап болады.
Өйткені билік басында отырғандар жаңа идеясы бар адамдарды ұнатпайды. Сол себепті оларға құқық қорғау органдарын, сот жүйесін, тіпті кейде баскесерлерді айдап салады да, кандидатты сайлауға қатыстырмай қояды.
ӨЗБЕКСТАН
Отажонов бұрын әнші болған. Бірақ былтыр желтоқсанда ән айту шариғат заңдарына қайшы деп, кәсібінен бас тартқан.
Кейінірек ол "Эрк" демократиялық партиясының атынан қазан айында өтетін президент сайлауына қатысатынын жариялап, көпшілікті таңғалдырды.
"Эрк" партиясы 30 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бірақ әлі күнге дейін ресми тіркеуден өтпеген.
Шындығында, Отажонов пен "Эрк" партиясының сайлауға жіберілмейтіні о бастан белгілі еді.
Өзбекстанның қазіргі президенті Шавкат Мирзияев екінші мерзімге сайлануды көздеп отыр. Ол осыған дейін "елге нағыз оппозициялық партиялар мен кандидаттар керек" дегенді бірнеше рет айтқан. Бірақ президент пен оның әкімшілігі оппозицияның уақыты әлі келген жоқ деп ойлайтын сияқты.
Өзбекстандағы Термез университетінің бұрынғы ректоры Хидирназар Аллақұлов "Ақиқат және даму" дейтін партия құрып, президент сайлауына қатыспақ болған. Бірақ Әділет министрлігі партияны тіркемей қойды.
Отажонов пен Аллақұлов өзге де кедергілерге тап болған.
Оппозициялық партиялардың қоғамдық жиындарына және кандидаттардың үйлеріне белгісіз адамдар барып, пікірталастарды бұзған, Отажонов пен Аллақұловты саясаттан кетуге үндеген.
Одан кейін полиция Отажоновтың көлігін тоқтатып, автотұраққа қойған. Ол бұл туралы Instagram парақшасындағы оқырмандарына айтқанда, полиция Отажонов қорлауға жатар-жатпасын тергей бастаған.
Жақында әлеуметтік желіде президентке қарсы сөз айту қылмыс деп танылған. Соған қарағанда, полицияны қорлауға болмайтын көрінеді.
Осы уақта белгісіз біреулер Аллақұловты подъезінен тосып алып, оны төбелес бастауға арандатқан. Ол бұл туралы шағынғанда, әлгі адамдар ар-ожданымызды қорлады деп қарымта шағынған, сотқа арыз берген.
Айыппұл өндіруге келген сот орындаушылары Аллақұловтың үйіндегі теледидар, тоңазытқыш, микротолқынды пеш сияқты тұрмыстық техникасын түгел алып кеткен.
Кезінде "Күншуақты Өзбекстан" коалициясының лидері Санжар Умаров 2005 жылғы президент сайлауына қатысатынын жариялағаннан кейін ақша жымқырды, салық төлеуден жалтарды және өзге де қаржылық заңбұзушылықтар жасады деген айыппен 11 жылға қамалған.
Ол 2009 жылы халықаралық қысымның арқасында түрмеден шығып, АҚШ-қа қоныс аударған, қазір сол жақта тұрады.
ТӘЖІКСТАН
Тәжікстан билігі саяси қарсыластарына әлдеқайда қатыгез.
Заид Саидов кәсіпкерлікпен айналысып, мемлекеттік қызметте істеген. 2002-2007 жылдары өнеркәсіп министрі де болған. Бірақ ол "Жаңа Тәжікстан" партиясын құрғаннан кейін биліктің қаһарына ұшыраған.
2013 жылы сәуірде "Жаңа Тәжікстан" партиясы тіркеуге өтініш берген. Бірақ Саидов жыл соңында өтеді деп жоспарланған президент сайлауына қатыспайтынын кесіп айтқан.
Алайда бұл оны құтқармады.
12 мамырда жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік агенттік Саидовқа қарсы деректерді бұрмалау және полигамия айыбы бойынша іс қозғаған, оның үйіне тінту жүргізілген.
"Садои мардом" парламенттік газеті "Жаңа Тәжікстан" сияқты партиялар белгілі бір тұлғалардың жеке мүддесін қорғау үшін құрылған, Саидов осы эгосының арқасында қаншама байлық пен мүлікке ие болып отыр, ол Тәжікстанда 1992-1997 жылдары болған азаматтық соғыс кезінде үкімет күштеріне қарсы күрескен Біріккен тәжік оппозициясына қаржы жинауға көмектесті деп жазған.
Саидовқа тағылған айыптар саны күн санап артып, пара алу, ақша жымқыру, мемлекет мүлкін заңсыз жекешелендіру, зорлау және кәмелеттік жасқа толмаған баланы зорлау деген жаңа баптар қосылды.
Саидов саяси партия құратынын жариялағаннан кейін сегіз айдан соң жабық сот отырысында қаржылық алаяқтық, көп әйел алу, кәмелеттік жасқа толмаған баламен жыныстық қатынаста болу баптары бойынша айыпты деп танылып, 26 жылға түрмеге жабылған (кейінірек жаза мерзімі тағы үш жылға ұзарған).
Сот үкімі шыққаннан кейін Саидовтың адвокаттары мен олардың отбасы да қудалауға ұшыраған.
Адвокаттардың бірі Шухрат Кудратов кейінірек алаяқтық және пара алу бабы бойынша тоғыз жылға сотталған.
Тәжікстан билігі біртіндеп Саидовтың бар мүлкін тартып алып, оның отбасын өз үйінен қуып шыққан.
2015 жылдың соңында билік Біріккен тәжік оппозициясының негізі болған Тәжікстанның ислами жаңғыруы партиясының қызметіне тыйым салу үшін дәл осы тактиканы қолданып, қозғалыс лидерлерінің көбін түрмеге жапты.
ҚАЗАҚСТАН
Әкежан Қажыгелдин 1994-1997 жылдар аралығында Қазақстанның премьер-министрі болып, сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевпен келісе алмай қызметінен кеткен.
Ол 2000 жылы желтоқсанда өтеді деп белгіленген президент сайлауына қатыспақ болды.
Бірақ 1998 жылы қазанда Назарбаев бір топ депутатпен жабық есік артында кездесу өткізген. Сол кездесуде депутаттар президент құзыретін бес жылдан жеті жылға дейін ұзартуды ұсынған. Бұл қадам Назарбаевқа тағы екі мерзім сыйлап, президент сайлауы 1999 жылдың қаңтар айына ауысты.
Бұл ұсыныс парламенттің бірлескен отырысында бірнеше күн ішінде қабылданған.
14 қазанда Қажыгелдин сайлауға өз кандидатурасын ұсынды. Бірақ 20 қазанда Алматы соты "Әділ сайлау үшін" қозғалысының қазан айының басында өткен митингіне барған Қажыгелдинді "тіркелмеген ұйымның бұқаралық шаралары мен жиынына қатысты деп үкім кесті.
Бұл әкімшілік құқықбұзушылыққа жатады. Бірақ қазақстандық соттар жаңа заңға сәйкес, Қажыгелдинді сайлаудан шеттетуге толық негіз бар деп тапқан.
Қажыгелдин сот шешіміне қарсы шығуға тырысты. Бірақ оның сайлауалды командасының мүшелері қудалауға ұшырап, қоғаммен байланыс жөніндегі қызметкері мен баспасөз хатшысы соққыға жығылды, ал Қажыгелдинді қолдаған "21-ғасыр" газетінің редакциясында жарылыс болды.
Қажыгелдин Қазақстаннан кетіп, оралған жоқ.
Президент сайлауына түсуі мүмкін деген тағы бір адам Алтынбек Сәрсенбайұлы еді.
Ол саясатта ұзақ жүрген, бір кездері ақпарат министрі, Қазақстанның Ресейдегі елшісі болған тұлға болды.
2005 жылы сәуірде Сәрсенбайұлы да Назарбаевты сынап, "Нағыз Ақ жол" оппозициялық партиясын құрған. Ол сол жылы өтетін президент сайлауында Назарбаевпен бәсекеге түсуді жоспарлаған.
Бірақ Сәрсенбайұлы өзі кандидат болудың орнына бірнеше оппозициялық топтан құралған "Әділ Қазақстан үшін" блогының атынан ұсынылған Жармахан Тұяқбайды қолдаған.
Сайлауалды науқанның басында Тұяқбайға екі рет шабуыл жасалған (мысалы, бірде блок мүшелері Шымкент қонақ үйіне жиналған кезде 300-ден астам белгісіз адам басып кіріп, оппозиция өкілдерінің кездесуін бұзған).
2006 жылы ақпанда Сәрсенбайұлын өлтіріп кетті. Саясаткердің, оққағары мен жүргізушісінің мәйіті Алматының сыртындағы жол бойынан табылды. Олардың қолын қайыра байлап, басынан атып кеткен.
ҚЫРҒЫЗСТАН
Қырғызстан Орталық Азияда демократиялық сайлау өткізген жалғыз мемлекет саналады. Соған қарамастан, Қазақстан, Өзбекстан мен Тәжікстанда болатын оппозициялық кандидаттарға кедергі жасау амалдары бұл жақта да кездеседі.
1990-жылдары Феликс Кулов вице-президент, ұлттық қауіпсіздік министрі, Шу облысының басшысы, Бішкек мэрі болып, мемлекеттік қызметтегі әртүрлі лауазымда жұмыс істеген.
Қазақстандағы Қажыгелдин сияқты, Кулов та Қырғызстанды 2005 жылдың наурызына дейін басқарған президент Асқар Ақаевқа сыни көзбен қарай бастаған.
1999 жылы мемлекеттік басылымдарда Кулов Ақаевты күштеп биліктен тайдырып немесе өлтіруді ойластырып жүр деген мақала шыға бастаған.
Бұл айыптауларға байланысты тергеу ісі басталып, 1999 жылы сәуірде Кулов Бішкек мэрі қызметінен отставкаға кеткен.
Маусымға қарай Кулов "Ар-намыс" деп аталатын партия құрды. Қырғызстандағы сайлау уақыты 2000 жылы қазанға белгілендіктен, Куловтың президент қызметінен дәмелі екені белгілі болды.
Бірақ оған дейін Кулов 2000 жылы ақпанда өтетін парламент сайлауында бақ сынап көргісі келді.
"Ақаевты орнынан тайдырмақ болды" деген ақпар жөнінде басталған тергеулерге қоса оған "1996 жылы ұлттық қауіпсіздік министрі Анарбек Бақаевқа қастандық жасап, жол апатын ұйымдастырды" деген айып тағылды.
Жол апатынан кейін Бақаевтың орнын Кулов басқан. Ал Бақаев 1998 жылы қаңтарда көз жұмғанға дейін комада жатқан.
Билік "Ар-намыс" партиясын тіркемей тұрып, заңға "сайлауға саяси бәсеке басталардан кемі бір жыл бұрын тіркелген партиялар ғана қатыса алады" деген өзгеріс енгізген.
"Қырғызстан демократиялық қозғалысы" партиясы Куловты өз атынан кандидат етіп ұсынды. Бірақ Куловқа қарсы тергеу жалғаса берді.
"Кулов Шу облысының губернаторы болған кезде 62 мың доллар жымқырған, заңсыз түрде бірнеше үкіметтік шенеуніктің телефон әңгімесін тыңдауға арналған құрылғылар сатып алған, ұлттық қауіпсіздік министрі болған кезде "Қалқан" арнаулы жасағын құрып, оған Ақаевты өлтіруді тапсырған" деген айыптар тағылды.
2000 жылы ақпанда Кулов Талас облысы Қарабура ауданында сайлауға түсіп, парламент сайлауының бірінші кезеңінде жеңіске жеткен. Бірақ жалпы алғанда 36 пайыз дауыс жиған. Бұл толық жеңіске жетуге жетпеген.
12 наурызда өткен сайлаудың екінші кезеңінде Куловтың бірінші кезеңде 18 пайыз қолдауға ие болған қарсыласы Алымбай Султанов 56 пайыз дауыс жинап кеткен.
Сайлаудан кейін наразылық болды, ал Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бақылаушылары көптеген заңбұзушылыққа куә болғанын айтты.
Осыдан кейін өңірлік сайлау комиссиясының төрағасы 17 наурыз күні өзіне қол жұмсады деген хабар тарады.
Кулов 22 наурызда жүрек талмасымен ауруханада жатқан жерінен жемқорлық айыбымен тұтқынға алынған.
27 маусымда әскери сотта жабық сот процесі басталып, 7 тамызда ол күтпеген жерден ақталып шықты.
9 тамызда Кулов президент сайлауына қатысатынын мәлімдеді.
11 қыркүйекте Куловты ақтау туралы үкімнің күші жойылды. Орталық сайлау комиссиясы оны 29 қазанда өтетін сайлауға кандидат етіп тіркеуден бас тартты.
2001 жылы қаңтарда әскери сот Кулов ұлттық қауіпсіздік министрі болған кезде билігін асыра пайдаланған деп тауып, оны жеті жылға бас бостандығынан айырды.
2005 жылы наурызда "Қызғалдақ революциясының" нәтижесінде Ақаев елден қуылғаннан кейін Кулов бостандыққа шыққан.
Қырғызстанда 2017 жылғы президент сайлауы қалай өткенін білетін азаматтарға Омурбек Бабановтың есімі жақсы таныс. Ол сайлауға дейін жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша жеңіске жақын тұрған. Бірақ Бабановқа қарсы кең көлемді жала жабу науқаны жүріп, соңында ол сайлаудан кейінгі қылмыстық қудалаудан қорқып, елден кетуге мәжбүр болды.
Аталған елдердің әрқайсысында мұндай мысалдар жетіп-артылады.
Орталық Азия мемлекеттерінің тәуелсіздік алғанына отыз жылдан асты.
Осы уақыт ішінде Қырғызстанда өткен бірнеше сайлауды есепке алмағанда, Орталық Азия елдеріндегі дауыс беру процесі шынайы сайлаумен сыртқы пішіні бір, бірақ ішкі мазмұны бөлек, саясат пен басқару жүйесіне еш өзгеріс әкелмейтін шара сипатында қалып отыр.
Соған қарамастан, Орталық Азия басшылары Батыс бақылаушыларының сайлауға қатысты айтқан сын-пікірін көтере алмайды.
ПІКІРЛЕР