Accessibility links

Адвокат Алмазбек Атамбаевқа қарсы жаңа іс қозғалғанын хабарлады


Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев сот залында отыр. Бішкек, қараша, 2020 жыл.
Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев сот залында отыр. Бішкек, қараша, 2020 жыл.

Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев 2020 жылғы 9 қазанда Бішкектегі "Ала-Тоо" алаңында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға қатысты деген күдікке ілікті. Атамбаевтың адвокаты Замир Жоошевтың айтуынша, жаңа іс қозғалғаны туралы экс-президентке екі апта бұрын хабарланған.

Адвокат Атамбаевтың күдікке іліккені туралы ескерту қағазынан үзінді жариялады. Онда Қырғызстанның экс-президенті бұрынғы премьер Өмірбек Бабанов, президент аппаратының бұрынғы басшысы Фарид Ниязов және басқа адамдармен билікті басып алу үшін Бішкектегі "Медиа Форум" ғимаратының алдына, артынша "Ала-Тоо" алаңына топ адамды жинауға уағдаласқан. Құжатта айтылғанындай, Алмазбек Атамбаев жиналғандар ішінде "негативті, агрессивті көңіл-күйді қоздырған", соның кесірінен үкімет ғимараты маңына жиналған адамдар арасында жаппай төбелес болған. Мұның соңы атыс қаруы, тас, тротуар пликасы және басқа да заттарды қолданған жаппай тәртіпсіздікке ұласқан.

Алмазбек Атамбаев 2011-2017 жылдары Қырғызстан президенті қызметін атқарды. 2020 жылғы маусымда ол қылмыскер Азиз Байтукаевты заңсыз босату ісі бойынша 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. 2020 жылғы 30 қарашада Қырғызстан жоғарғы соты Атамбаевқа қатысты төменгі инстанциялар шығарған үкімнің күшін жойып, істі Бішкек сотына қайта қарауға жіберген.

Бұған қоса ол – жер телімін заңсыз алу, Түркия азаматтарына жалған төлқұжат беру, қылмыстық жолмен жиналған ақшаны заңдастыру, Бішкек жылу электр станциясын жөндеу кезінде жемқорлыққа жол беру сияқты түрлі істердің фигуранты.

Қазір ол Қырғызстандағы №47 колонияда жатыр. Былтыр желтоқсанда денсаулығы нашарлаған Атамбаевты тергеу изоляторынан осы жерге жеткізген.

Қырғызстанда биліктің ауысуына алып келген былтырғы қазан оқиғалары кезінде наразы топ Алмазбек Атамбаевты ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің тергеу изоляторынан қысқа уақытқа босатып алған.

Сол оқиға кезінде наразы топ түрмеде жатқан тағы бір саясаткер – Садыр Жапаровты да босатқан. 2021 жылғы қаңтарда ол Қырғызстанның президенті болып сайланды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG