Accessibility links

"Диктатор режимінде сенім, уәде деген болмайды". Саясаттанушы биліктің телефон тыңдауы жайында


Телефон әңгімесін тыңдап отырған адам. Көрнекі сурет.
Телефон әңгімесін тыңдап отырған адам. Көрнекі сурет.

Ақорда жақында тағы бір дауға қалды. OCCRP халықаралық зерттеу тобы ондаған елдің үкіметі израильдік фирма шығарған тыңшы бағдарламасының көмегімен өзгелерді аңдитынын әшкереледі. Телефоны тыңдалуы мүмкін адамдардың арасында журналистер, құқық қорғаушылар, кәсіпкерлер, тіпті мемлекет басшылары бары мәлім болды. Тізімде Қазақстанның қазіргі президенті мен премьер-министрі де жүр. Зерттеушілер өзге мемлекет басшыларын көрші елдер аңдыса, Қазақстанда тапсырысты биліктің өзі берген дейді. Режимнің өз адамдарын аңдуға деген талпынысы нені білдіреді? Ақорда бұл зерттеуді неге мойындамайды? Азаттық саясаттанушы, коммуникация маманы Шалқар Нұрсейітовтен сұрап көрді.

18 шілде күні Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) оннан аса елдің үкіметі саяси қарсыластарын, тілшілерді, құқық қорғаушылар мен діни лидерлерді тыңшы бағдарламасының көмегімен аңдығанын әшкереледі. Зерттеуге сүйенсек, олар осы мақсатқа израильдік NSO Group компаниясының Pegasus деп аталатын арнайы бағдарламасын қолданған.

Авторлар Pegasus нысанасына ілінген 50 мың телефон нөмірін қолға түсіргенін, оның екі мыңына Қазақстанның тапсырыс бергенін айтты. Көп ұзамай Қазақстан тапсырыс берген адамдардың аты-жөні жариялана бастады.

Алдымен тізімде журналистер Серікжан Мәулетбай мен Бигелді Ғабдуллин, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина және қуғындағы экс-банкир Мұхтар Әблязовке қатысы болуы мүмкін екі француз белсендісі аталды. Одан кейін бұл тізімге Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сенат спикері кезінде ілінген), премьер-министр Асқар Мамин (вице-премьер кезінде) және Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев (премьер-министр кезінде), "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорын басқарған Ахметжан Есімов те енді.

Кейінгі күндері олардың қатарына олигарх саналатын кәсіпкерлер қосылды. Олардың арасынан Болат Өтемұратовты, Кеңес Рақышевті, Нұрлан Смағұловты және Ахметжан Есімовтың күйеу баласы Ғалымжан Есеновті көруге болады. Тізімде сондай-ақ елдегі ең бай бизнесмен аталатын Тимур Құлыбаевтың (Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы) немере інісі мен екі көмекшісі де бар.

Қазақстанда бұл жаңалықты интернет желісінде қызу талқылап жатқанда, президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Дәурен Абаев зерттеу деректерін "дәлелсіз интрига тудыратын ақпарат" деп атады.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов OCCRP зерттеуін оқығанда есіне бірінші болып Рахат Әлиев түскенін айтады. 2007-2008 жылдары YouTube желісінде "Қазақстан билігіндегі ықпалды адамдардың телефон әңгімесі" деген аудиожазбалар тараған. Олар Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Рахат Әлиев Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшылығында болған кезде жазылған деп саналады.

Қайын атасымен араздасып, шетелге қашқан, 2015 жылы Австрия түрмесінде өлі табылған Рахат Әлиев кезінде Азаттыққа берген сұхбатында желіде тараған атышулы аудиожазбалардың расымен де телефон әңгімелері екенін, оны Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті жазғанын айтқан.

Шалқар Нұрсейітов: Телефон тыңдау – Қазақстанда бұрыннан қалыптасқан тәжірибе. Режим өкілдерінің осылайша бір-біріне компромат жинауы тәуелсіз Қазақстан тарихында ғана емес, Совет одағы тұсында да болған.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт.
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт.

Авторитар билік жүйесі орнаған елдерде шешуші сөзді айтатын бір адам не санаулы адамдар тобы болады. Олар режим ішінде жүргендердің өзара топтасып, билікке қарсы шығуынан сескенеді.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында ондай жағдай болды да. 2001 жылдың басында бизнес пен биліктің жас өкілдері ұйымдасып, елде қалыптасқан билік жүйесіне сыни көзқарасын Назарбаевқа жеткізген. Оларды "жас түріктер" деп те атаған. Бірақ мұның соңы топ мүшелерінің түрмеге қамалып, қудалануымен аяқталғаны мәлім. Режимнің мүшесі болса да, бәріне бірдей сене беруге болмайтынын Назарбаев сол кезде-ақ түсінді деп ойлаймын. Бәлкім оған дейін де білген.

Одан кейін билік мұны кооптация үшін, яғни қарсыласын өз қатарына тарту үшін де пайдалануы мүмкін. Мұндай жағдайлар да болды. Оппозицияда жүрген кейбір адамдарды тартып алып, оппозиция күшін әлсіретті.

Енді қазір елде оппозициялық күш қалмағаннан кейін өз қатарында жүргендерге компромат жинаумен әуестеніп отыр. Билік қазір саяси белсенділерден гөрі ықпалы көп олигархтардан көбірек қауіптенеді. Оларды уысынан шығармауға, қалыптасқан ойын ережесін бұзбауын қадағалауға барын салады.

Азаттық: Ешкімге сенбей ме?

Шалқар Нұрсейітов: Диктаторлық режимде сенім, уәде деген нәрсе ешқашан болмайды. Мұндай режимнің ойыншылары барлығын дәл осы сәттегі ахуалмен есептейді, барынша бірінші болып шабуылдауға тырысады. Ал ол үшін компромат жинайды.

Өкінішке қарай, бізде ашық сайлау жоқ. Егер ашық сайлау болса, біз мұндай компроматтарды ертерек көрер едік.

Азаттық: Осының алдындағы сұхбаттарыңызда "Назарбаев деген бір адам емес. Назарбаев – жүйе" деп айтқан едіңіз. Қазір көріп отырғанымыздай, Назарбаевтың төңірегінде жүрген саналатын адамдардың өзі күдікке ілінгендей. Бұл әлгі анықтаманы қайта қарау керек дегенді білдірмей ме?

Шалқар Нұрсейітов: Жүйе деген Назарбаевқа бастан-аяқ берілген, өз пікірі жоқ адамдардың әскері деп қабылдамауымыз керек. Билік біртұтас монолит емес. Осы жүйенің ішінде бизнесі бойынша мүдделес, бірге оқыған, бір-біріне құда болып келетін кішігірім топтар, кландар бар. Сол топтар ортақ қауіптің алдында альянс құруы мүмкін. Өйткені саясатта альянс құрмай билікте ұзақ отыру, жиған капиталды сақтап қалу мүмкін емес.

Назарбаев саяси сахнадан толық кеткенде олар қаласа да, қаламаса да ойын ережесі өзгереді. Біреу байлыққа кенеледі, біреу капиталынан айырылады. Бұл қауіп "паранояға" әкеліп, адамдар алдағы он не жиырма жылдықта саяси ойын ережесін анықтайтын топтың қатарынан табылуға не сол топта өз өкілінің болуына талпынады.

Ал егер альянс құру мүмкін болмаса, елде билік транзиті болайын деп жатса, онда бұл жиған-тергенін сыртқа тасуға әкеледі. Мысалы постназарбаев кезеңіне дайындалған режим өкілдері байлығын офшорға шығара бастады, я болмаса бар күшін салып мемлекеттік меншікті жекешелендіріп алуға тырысып жатыр.

Азаттық: Pegasus тізімінде аты аталған қазақстандықтардың бәрі тізімге 2017-2019 жылдары кірген екен. Транзитті ойластырған Ақорда осы арқылы сезіктенген адамын алдын ала тексеріп алғысы келген жоқ па екен?

Шалқар Нұрсейітов: Біз оны нақты айта алмаймыз. ҰҚК не өзге де органдар оған дейін өзге бағдарламаны қолданған болуы да мүмкін. Pegasus жайлы біз тек OCCRP зерттеуінен кейін ғана біліп отырмыз.

Азаттық: Биліктің өз адамдарынан не себепті күдіктенетінін айттыңыз. Бірақ тізімдегі адамдардың кейбірі байлығы мен ықпалы көп олигархтар. Өтемұратов, Рақышев, Құлыбаев. Соңғысы – Назарбаевтың жақын туысы. Pegasus жайлы зерттеу оларға қалай әсер етуі мүмкін?

Шалқар Нұрсейітов: Тізімдегі адамдар да, оларды аңдуға тапсырыс беруі мүмкін деген ҰҚК басшылығы да бір режимнің адамдары. Меніңше, олардың арасында жеке әңгіме болады, оның нәтижесі кейбір кадр тағайындауға әсер етуі ықтимал. Бәлкім департамент басшылары кетер. Әлдекімдер құрбандыққа шалынар. Бірақ дәл Кәрім Мәсімовтің (ҰҚК басшысы) өзі кете қоймайды. Бұл оның саяси мансабына нүкте қояды деп те ойламаймын.

Телефон әңгімесін тыңдап отырған адам. Көрнекі сурет.
Телефон әңгімесін тыңдап отырған адам. Көрнекі сурет.

Мұның бәрі (аңду, күдіктену) авторитар режимге тән дүние, олар мұны түсінеді және осы ойын ережесімен бұрыннан ойнап келеді. Ары қарай да ойнауға мәжбүр. Егер қазір ашықтан ашық қарсы шықса, ойыннан шығарылады.

"Pegasus тізімінен" табылғанына өздері де таңғала қойған жоқ деп ойлаймын.

Азаттық: Pegasus зерттеуіне Қазақстан билігі атынан алғаш болып президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Дәурен Абаев пікір білдірді. Ол "Бізге дәлелсіз, жеткілікті дәрежеде интрига тудыратын ақпаратты беріп, әншейін соған сенуді ұсынады" деді. Шенеуніктің бұл сөз туралы не дейсіз?

Шалқар Нұрсейітов: Абаев аталған журналистік ұйымды Қазақстандағы БАҚ секілді көретін болар. Бірақ оған күмәнім бар. Ол қанша жерден режим өкілі болса да, халықаралық ұйымдардың қалай жұмыс істейтінінен хабардар деп ойлаймын. Абаев бар болғаны өз функциясын атқарды. Зерттеу қоғамда резонанс тудырған соң, биліктен қандай да бір реакция керек болды, сол миссияны Абаевқа жүктеп қойды. Бірақ оның жауабы сәтсіз әрі күлкілі шықты. Себебі бұл зерттеуді бір емес ондаған елдің журналистері бірлесе жүргізді. Олар пәленше айтты, түгенше жазды дегенге сене салмайды. Жағдайдан хабары бар бірнеше дереккөзге жүгінеді, ақпаратты растығына көз жеткізеді. Сол себептің зерттеу қорытындысына күмән тумауы керек.

Ал режимде бұған қарсы айтар уәж болмаған соң, ақпарат көзіне күмән туғызбақ болды. Бұл да бір пропагандалық айла. Бірақ мына жағдай үшін өте сәтсіз айла.

Мұндай халықаралық ұйымдарға Қазақстаннан келіп-кетер пайда жоқ, олар ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен мемлекеттік тапсырыс алмайды. Олардың басты капиталы – репутациясы. Олар мұның жақсы біледі.

Азаттық: Осы жағдай дамыған елдерде бола қалса, "Бұл жаңалыққа өзіміз де аң-таңбыз, ішкі тергеу жүргізіп, нәтижесі айтылған мәліметті растаса, жауапты адамдар жазаланады. Бізде адам құқығын бұлай бұзуға жол жоқ" дегендей мәлімдеме жасап жатады. Абаев мемлекеттік қызметтегі адам, абайлап сөйлемесе, қызметінен айырылуы мүмкін. Бірақ "арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей" сөйлеудің мүмкіндігі бар ма еді?

Шалқар Нұрсейітов: Өкінішке қарай, бізде ҰҚК бар, басқа да құқық қорғау органдары бар – ешқайсысы парламентке тәуелді емес. Демократиялық елде мұндай мемлекеттік органдар атқарушы билік тармағына жатады және заң шығарушы орган алдында есеп береді. Бізде сенатта халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті бар. Жоқ дегенде сол комитетке есеп беруі керек. Ал енді бізде тұтас парламент те, атқарушы билік те бір партияның өкілдерінен тұрады. Бәрі бір режимнің мүшелері.

Азаттық: Адамдар осы бір жағдайдан қандай сабақ алды деп ойлайсыз?

Шалқар Нұрсейітов: Ақпарат технологиялары заманында бұл өз кәсібімен айналысып жүрген азаматтар түгіл қауіпсіздігін қорғауға қаражаты мол адамдардың өзін бақылау оңай екенін көрсетті. "Pegasus тізімінде" екі-ақ мың адам бар деді ғой, одан бөлек бағдарламалар да болуы мүмкін. Мысалы, ресейлік не қытайлық бағдарлама.

Сонымен қатар бізде қоғамдық орындарға, жол қиылыстарына бақылау камераларын орнатып жатыр. Pegasus секілді бағдарламалар "элитаны" аңду амалы болса, жаңағы камералар қатардағы азаматтарды бақылай алады.

Бұл – Қазақстанға саяси өзгеріс әкелемін деген белсенді азаматтар үшін үлкен белгі. Қазақстанда бақылауда болу оп-оңай шаруа екенін көрсетіп отыр. Мұндай аңдуға тап болсаңыз, конституциялық құқығыңыздың бұзылғанын айтып қорғана алмайсыз. Өйткені ҰҚК де, басқа органдар да ешбір саяси институтқа қарамайды. Оларды жауапқа тарту мүмкін емес.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG