Accessibility links

Ақтөбеде "ҚДТ-ға қатысы бар" деп айыпталған белсендіге үкім оқылды


Белсенді Асқар Қаласов қаланың өзге тұрғындарымен бірге полиция ғимараты алдында плакат ұстап тұр. 6 маусым 2020 жыл, Ақтөбе қаласы.
Белсенді Асқар Қаласов қаланың өзге тұрғындарымен бірге полиция ғимараты алдында плакат ұстап тұр. 6 маусым 2020 жыл, Ақтөбе қаласы.

4 тамыз күні Ақтөбе соты "экстремистік ұйымының ісіне араласты" деп айыпталған белсенді Асқар Қаласовтың бас бостандығын екі жылға шектеді. Осы аралықта белсенді пробация бақылауында болады. Мемлекеттік органдарға ескертпей, жұмысы мен тұрғылықты мекенжайын өзгерте алмайды. Судья Жанас Қуанышев белсенді Қаласовтың әлеуметтік желі мен мессенджерлерді пайдалануына да тыйым салды. Яғни, ол жазасын өтеп біткенше аудио-видео хабарлама жолдап, пікір жазып, репост жасамауы тиіс.

Жарыссөз кезінде мемлекеттік айыптаушы Ақмарал Әбуова айыпталушы Асқар Қаласовты "Қазақстанның демократиялық таңдауы" ұйымының белсенді қатысушысы" (Қазақстан соты Мұхтар Әблязов құрған ҚДТ-ны "экстремистік ұйым" деп танығанмен Еуропарламент бейбіт оппозициялық қозғалыс деп атаған) деп атады. Айыптаушы тараптың сөзіне қарағанда, Қаласов желіде Қазақстан билігінің негативті образын қалаптастыру мақсатында жазбалар жариялап, халықты наразылық акцияларына шақырған. Қоғам қауіпсіздігіне қатер төндірген.

Тергеу материалдарына қарағанда, Қылмыстық кодекстің 405-бабы 2-бөлігімен ("экстремистік ұйымның ісіне араласу") айыпталған Асқар Қаласов 2020 жылыжелтоқсан айының соңында жеке парақшасында төрт жазба жариялап, халықты Парламент сайлауы кезінде "Ақжол" партиясына дауыс беруге үгіттеген, митингіге шақырған.

Былтыр жыл соңында және биыл жыл басында елде парламент сайлауы өтейін деп жатқан тұста шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жақтастарын "Нұр Отан" кандидаттарының жолын кесу үшін билікшіл "Ақ жол" партиясын қолдауға шақырған. Осыдан соң кейбір аймақта "Ақ жолды" насихаттаған белсенділердің ұсталып, әкімшілік жазаға тартылғаны хабарланды.

Полиция "Ақ жолды" қолдау парақшасын таратуды заңсыз деп тауып, белсенділерді қудалай бастаған. Ал билікшіл "Ақ жол" партиясы Әблязовтың үндеуінен соң партияға мүшелікке адам қабылдауды тоқтатқан еді.

Белсенді Асқар Қаласов 2021 жылғы 27 наурыздан бері үйқамақта отыр. Ол елдегі саяси режимге қарсы екенін, бірақ өзіне тағылған "экстремист" деген айыппен келіспейтінін айтады.

Қаласовтың адвокаты Расиля Өтегенованың сөзінше, 2020 жылғы 21 тамыз күні полиция қызметкерлері белсендінің қалта телефонын тәркілеген. Бірақ тәркілеу кезінде хаттама толтырмаған.

- Осыдан кейін желіде Асқар Қаласовтың атынан түрлі жазбалар пайда бола бастаған. Желтоқсан айында Қаласовтың атынан жарияланған жазбалардан белсендінің өзі бейхабар. Алдын ала тергеу кезінде бұл жайт ескерусіз қалды. Одан бөлек айыптаушы тарап Асқар Қаласовты "Қазақстанның демократиялық таңдауы ұйымының белсенді қатысушысы" деп атайды. Ал биыл наурыз айында жасалған сот сараптамасында "сараптамаға ұсынылған материалдарда экстремистік ұйым қызметіне қатысу белгілері бар" деп көрсетілген. Екеуі екі бөлек нәрсе. Сарапшы Қаласовты экстремистік ұйымның белсенді қатысушысы деп атамаған, -дейді адвокат Расиля Өтегенова.

Сот үкіміне риза емес тарап апелляциялық алқаға шағым жазбақшы.

Ақтөбелік белсенді Асқар Қаласов осыған дейін әділ сайлау, саяси тұтқындарды босатуды талап еткен көптеген бейбіт акцияларға қатысқан. Бейбіт митингілерге қатысқаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған.

Қазақстанда ҚДТ қозғалысына қатысты көп белсенді қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың нақты саны белгісіз.

4 тамызда Шымкент соты "осы ұйымның ісіне араласты" деп айыпталып, бостандығы екі жылға шектелген шымкенттік белсенді Нұржан Мұхаммедовтің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Мұхаммедов сәрсенбі күні Азаттық тілшісіне "қалалық сот үкімді келесі инстанцияда шағымдана алмайтындай етіп шешім шығарды, мен онымен келіспеймін" деді.

Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы адам құқығы жайлы биыл қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды "экстремизмге қарсы заңдарды" ҚДТ жақтастарына қарсы қолданды деп айыптаған.

Франциядан саяси баспана алған Әблязов ҚДТ қозғалысын "экстремистік" деп таныған сот шешімінің "саяси астары бар" деп санайды.

(Жаңалықты әзірлеуге Дилара Иса да атсалысты).

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG