Тәліптер Ауғанстанды бақылауға алғаннан кейін "Талибанның" репрессияшыл заңдарынан қорыққан мыңдаған ауған азаматы эвакуация орталығына айналған Кабул халықаралық әуежайына ағылды. Тар қуысқа барып тірелген жұрт діттеген жерге өтпек болып бір-бірін таптап, зардап шегіп жатыр. Бірақ әуежайды қоршауға алған Батыс күштері тек өз дипөкілдіктері мен соларға қызмет еткен ауғандарды ғана эвакуациялап жатыр. Қалғаны шарасыз күйде.
Осы тұста Азаттыққа ауған қазағы екенін айтып, Қазақстан үкіметінен Ауғанстаннан алып кетуді сұраған азаматтар жаппай жүгіне бастады. Олар тәліп билігі орнаса өміріне қауіп төнетінін айтады. Желіде жарияланған видеолардың бірінде бір топ қыз-келіншектің ортасында отырған егде жастағы әйел қазақ тілінде еркін сөйлеп, тәліптер келгелі базарға барып, нан сатып алмай отырғанын, аш қалғанын мәлімдеді.
Тәліптер осыған дейін билік құрғанда әйел құқығын қатты шектеген. Әйелдерге білім алуға, жұмыс істеуге, көшеде ер адамсыз жүруге тыйым салды. Осы күндері "Талибан" басшылығы әйелдердің білім алып, жұмыс істеуіне жол ашатынын айтады, бірақ оған сенбейтіндер көп.
Журналистер Қазақстан сыртқы істер министрлігіне ауған қазақтарының ахуалы жөнінде сауал жолдай бергеннен кейін, 18 тамыз күні мекеменің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеме жасап, Қазақстанның Ауғанстандағы елшігіне қазақ екенін айтып жүгінетіндер қатары артқанын растады, бірақ көбінің дәлелі жоқ деді.
Смадияровтың сөзінше, Ауғанстанда бар-жоғы 15 қазақ отбасы не 200-ге тарта ұлты қазақ адамдар тұрады, олардан өтініш түссе, қазақ үкіметі оларды алып кетуге дайын. Қалғаны қазақ тілін білмейді, ата-бабасының ауған жеріне қалай келгенін айтып бере алмайды және руын танымайды деді СІМ өкілі.
Азаттық сөйлескен ауған қазақтары СІМ айтқан саннан көп екенін айтып отыр. Түрлі уәлаятты топтасып тұрып жатқан ауған қазақтарымен сөйлескенде, олар өзі жеке танитын отбасылар мен ондағы адам санын айтып берді. Жалпы сан расында қазақ билігі айтқаннан көп болып шықты.
ҚҰНДЫЗДА ЖҮЗДЕН АСТАМ ҚАЗАҚ БАР
Ауған қазақтарының бірі Құдіретолла Тұрап Ауғанстанның солтүстігінде орналасқан бір Құндыз қаласының өзінде 15-ке тарта қазақ отбасы тұратынын айтады.
Құдіретолланың отбасында төрт баласы, әйелінен басқа үш қарындасы мен анасы және бір інісі, жиыны 11 адам бар екен.
– Әбдінасыр қазақтың отбасында 7 адам, Әбділхамит қазақта 10 адам, Хабибуллада 9 адам, Хамидулланың үйінде 5 адам, Зиядуллада 5 адам, Ибадулланың үйінде 3 адам, туысым Хайруллада 11 адам, Мұхаммед Османның үйінде 9 адам, Исламеддиннің үйінде 4 адам, Абдулхалилдің отбасында 9 адам, Гулам Наби атаның үйінде 11 адам бар – дейді Құдіретолла 100-ге тарта адамды тізіп шығып.
Сондай-ақ, ол Құндыз қаласына жақын орналасқан ауылдарда тағы да бес отбасының бар екенін айтты.
Ауған қазақтарының сөзінше, қазақтар Құндызда ғана емес, Тахар, Мазари-Шариф, Бағлан уәлаяттарында және ел астанасы Кабулда да бар.
"ТАХАРДАН ОН БІР ҚАЗАҚ ОТБАСЫ КАБУЛГЕ ҚАШЫП КЕЛДІ"
Кабулда тұратын 24 жастағы ауған қазағы Абдулбасад Гулам Дастагир осыдан төрт күн бұрын Ауғанстан астанасына Тахардан 11 отбасы қашып келгенін айтады.
– Олардың әрқайсында алты-жетіден адам, жиыны 70-тей кісі бар. Найманның бағаналы руынан, сосын арғын, тобықты руларынан шыққан қазақтар. Біз Қазақстан елшілігіне бардық. Ондағылар: "Жақын арада бір комиссия құрамыз, қазақ екендеріңді анықтаймыз, сосын алып кетеміз" деді. Бірақ алып кете ме, жоқ па, сенбей отырмыз, – дейді ол.
Абдулбасадтың айтуынша, Тахардағы қазақтар кейінгі уақытта жан-жаққа шашылып кеткен. Қазір кімнің қайда екенін анықтау мүмкін емес. Тіпті ағайындылар бірінен бірі адасып қалған көрінеді.
Түркістан облысында тұратын Аманулла Назари: "Тахарда екі інім мен әке-шешем тұратын еді. Әкем сексеннен асты. Қазір әке-шешеммен сөйлесе алмай отырғаныма бір айдан асты. Өлі-тірі екенін білмеймін. Бір інім Кабул қаласына отбасымен қашып келіпті. Ол да әке-шешемнен хабарсыз" дейді Абдулбасадтың сөзін растап.
"МАЗАРИ-ШАРИФТЕГІ ҚАЗАҚТАР"
Мазари-Шарифте тұратын 71 жастағы Тасболат ол жақта 11 отбасы барын айтады. Айтуынша, қаланың өзінде алты, маңайындағы ауылдарда бес отбасы тұрады.
– Мен Аспаның ішінде Есімбет боламын. Содан кейін Демле Шүкір деген кете (кіші жүз руы) бар. Сондай-ақ, Қадір деген адай (кіші жүз руы) бар, одан басқа Мамет дейтін сарғасқа бар. Әйелінің аты Гүлнәр. Бекмұрат Қожа деген жігіттің үйі бар. Ақша ауылында тұратын Қаратамыр баласы бар, – деп бірнешеуінің ата-тегіне дейін айтып отыр.
Қарияның сөзінше, Мазари-Шарифке жақын Шұбырған аулында бір отбасы, Қожакент аулында екі отбасы бар.
Азаттық ауған қазақтарының сөзінен 40-қа тарта отбасы санап шықты. Бұл деректің қаншалық рас екенін дербес тексеру мүмкін болмады.
ҚАЗАҚТАР АУҒАНСТАНҒА ҚАЛАЙ БАРДЫ?
Қазақтар ауған жеріне негізінен 1930-жылдары большевиктер қуғынынан бас сауғалап қашқан. Бірақ ашық ақпараттарда қазақтардың ол жерге 20-ғасырға дейін де барғаны айтылады. Ауғанстанға қанша қазақ көшіп, оның қаншасы сонда біржола қалғаны белгісіз. Санақ жүрмеген. Көбі Ауғанстанның солтүстік аудандарында тілі мен мәдениеті ұқсас өзбектер көп тұратын жерлерге қоныстанған.
Тарихшы Болат Сайлан 1960-жылдары ауған қазақтарының басын біріктіру амалдары болғанын, сол кезде олардың саны жөнінде дерек болғанын айтады.
– 1965 жылы Ауғанстан халық демократиялық партиясы құрылған. Соның негізінде ол жақтағы қазақтардың орталығы ашылған. Сол орталықтардың берген мәліметінше, 60 мыңдай қазақ бар болатын. Олардың басым бөлігі Қазан төңкерісінен кейін барған, – дейді ол.
Тарихшы әрі диаспоролог Гүлнәр Меңдіқұлова "Қазақ диаспораларының тарихи тағдыры" деген зерттеуінде ауған қазақтарының саны жөнінде шетел деректерін келтіреді. Оған қарағанда, 1978 жылдары Ауғанстанда 20-24 мың қазақ тұрған.
Қазір Данияда тұратын ауған қазағы Акбар Аюби Ауғанстанда туыстары тұратынын, олардың сөзінше, алты қалада 4-5 отбасыдан тұратынын айтады. Аюбидің өзі Ауғанстаннан 1979 жылы, Совет одағы басып кіргенде кеткен. Оның айтуынша, қазақ мәдениетін сақтап отырған қазақтардың көбі 1980-жылдары көшкен.
– Советтер әкемнің дүкенінің есігі алдында қызыл жалау тұру керек деді. Ленин еңбектерін оқыта бастады. Содан ауған халқы қарсылық көрсетіп, митингіге шықты. Орталық билікке солдат керек қой. Халық солдат болудан қашты. Моджахедтермен соғысқысы келмеді. Моджахедтер де қару-жарақ, ақша сұрап, қысымға алды, – дейді Аюби ауған қазақтарының не себепті көшкенін түсіндіріп.
Ол кезде Ауғанстан қазақтары Пәкістанға, Иран арқылы Түркия, Түркиядан Сауд Арабиясы мен Еуропа елдеріне кеткен. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мәліметінше, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанға 13 мыңға жуық қазақ көшіп келген.
"ТІЛІН ҰМЫТСА ДА, ҚАЗАҚ ҚОЙ"
Акбар Аюби тәліптердің әйел құқығын сақтаймыз деген сөзіне сенбейді.
– Тәліптер сырт көзге әйел құқығын қорғаймыз дегенмен ауылдарда, алыс қалаларды қысым көрсетеді. Ұры деп ұстап алып, дүре соғып жатқанын көріп отырмыз. Атып жатқандары да бар, видеолар келіп жатыр. Олардың көбі оқымаған, білімсіз адамдар, – дейді Данияда тұратын ауған қазағы.
Оның сөзінше, Ауғанстанда қалған қазақтар – Ауғанстанға 1930-жылдарға дейін барғандар.
– Олар ауған жеріне орныққан. Егіншілігі, малы бар. Кейінгі қазақтар мал шаруашылығымен ғана айналысып, кейін басқа кәсіп үйренді. Өзбекпен, тәжікпен араласып, әр жерге шашылып қалған қазақтар басқа ұлттарға сіңісіп кетті, қазақша сөйлей алмайды. Бірақ тілін ұмытcа да, олар қазақ қой. Олардан руын сұраса, Қазақстандағы Ауғанстаннан келген қазақтармен бір байланысы болып шығады, сөйтіп анықтауға болады, – дейді ол.
"АУҒАН ҚАЗАҚТАРЫН АНЫҚТАУ ҚИЫН, БІРАҚ МҮМКІН"
Совет одағы тұсында Ауғанстанда барлау қызметінде жұмыс істеген, кейін Қазақстанның Кабулдағы елшісі болған Өміртай Бітімов ауған қазақтарының санағы жүрмегенін, бірақ оларды анықтаудың жолы барын айтады.
– Ауғанстан қазақтарының жеке басын анықтау қиын. Себебі, ондағы қазақтың көбі жергілікті тәжік пен өзбек қыздарына үйленген. Олардан туған бала ана тілін жақсы білмейді. Бірақ жергілікті қазақтар бірін бірі таниды. Солар арқылы олардың кім екенін анықтауға болады, – дейді ол.
АУҒАН ҚАЗАҚТАРЫ ҰЛТЫН ҚАЛАЙ РАСТАЙДЫ?
18 тамыз күнгі сөзінде СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров репатриация туралы өтініш берген адамның қазақ екенін елшілік ішінде құрылған комиссия анықтайды деді. Өкілдің бұл сөзінен комиссия елшілік қызметкерлерінен құралады деп ұғуға болады.
Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис репатриацияға өтініш берген адамның ұлтын тану ісімен мамандар айналысуы керек дейді.
– Мемлекет олар тілді біледі не білмейді деп айтпауы керек. Адамның ортасы тіліне қатты әсер етеді. Моңғолиядағы қазақтар мен Қытайдағы қазақтардың тілі бір-бірінен ерекшеленеді. Мемлекет адамның қазақ ұлтына қатысы барын анықтаудың нақты критерийлері мен ережелерін бекітуі қажет және бұл іске тарихшыларды, этнографтарды тартуы керек. Егер бұл жасалмаса, субъективтілікке, тіпті жемқорлыққа жол беріледі, – дейді ол.
Оның сөзінше, өтініш берген адамның тілін анықтауға лингвистерді жұмылдыруға болады және мұны қазіргі жағдайда онлайн өткізуге болады.
Жовтис ауған азаматтарын қандай қағидамен әкелетінін де анықтап алған жөн деп санайды.
– Егер біз мұны гуманитарлық миссия ретінде жүзеге асырсақ, онда репатриация процедурасына емес, баспана беру процедурасына сүйену қажет, – дейді ол.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде құқық пәнінен дәріс беретін Шыңғыс Ергөбек қазіргі жағдайда ауған азаматтарының бәріне босқын деп қарау қажет деп санайды.
– Репатриант мәртебесін беру-бермеу уақыт талап етеді. Құжат жинап, анықтау жұмыстарын жүргізу қажет болады. Ал қазір төтенше жағдай, оларға ең әуелі босқын мәртебесі қажет, – дейді ол.
Заңгер босқын мәртебесі саяси қуғын-сүргін қаупі төнген адамдарға берілетінін, Ауғанстанның жағдайында мұны дәлелдеу қиынға соқпайтынын айтады. Оның сөзінше, Ауғанстанның тәліптер қолына өтуі және Қазақстанның "Талибанды" террористік ұйым деп тануы босқын мәртебесін тағайындауды жеңілдетуі тиіс.
– Егер біз оларға босқын деп қарасақ, онда оларға этникалық критерий қою дұрыс емес, – дейді Ергөбек.
Материалды әзірлеуге Азаттық тілшісі Асылхан Мамашұлы үлес қосты.
ПІКІРЛЕР