Accessibility links

"Құжатсыз жүру қажытты". Ауғанстан мен Сауд Арабиясынан келген қазақтардың мұңы


Ауғанстан мен Сауд Арабиясынан келген қазақтарға құжат алу арман
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:33 0:00

Видео: Ауғанстан мен Сауд Арабиясынан келген қазақтарға құжат алу арман

Қазақстанға Ауғанстан мен Сауд Арабиясынан көшіп келген ондаған этникалық қазақ ықтияр хат я оралман мәртебесін ала алмай жүр. Билік олардан сотталмағаны жайлы құжат, қазақ екеніне дәлел сұрайды.

"ӘКЕМ АТАМЕКЕНІН АҢСАП ӨТТІ"

Алматы облысы Қарасай ауданының орталығы Қаскелең қаласындағы автовокзал маңындағы тар көшедегі Ауғанстаннан көшіп келген қазақтар тұрып жатқан үйді ұзақ іздеп, әрең таптық. Бір-біріне жапсарласа салынған үйлердің бірінің ауласына ендік.

Алдымыздан шыққан отағасы – 49 жастағы Имам Әлі Тұрап ішке қарай жол бастады. Шағын үш бөлмесі бар үйге кірген бетте көктің жағымсыз иісі қолқаны қапты. Кіреберістегі аядай бөлмеде тамақ пісіретін газ пеш душ кабинасы қатар тұр. Ортадағы аласа үстелдің үстіндегі әйелдің қол сөмкесіне салынған бірнеше жұқа нан көзге шалынады. Есіктен кіріп-шыққан кішкентай балалар әлгі нанның шетінен үзіп жеп жүр.

Келесі бөлмедегі абдыраның үстіне көрпе-жастық жинап, бетін ақ матамен жауып қойыпты. Үйдің ішінде одан басқа көзге түсетіндей зат байқалмайды. Жүктің алдында малдас құрып Имам Әлінің анасы Зәуре отыр. Кейуана берген сәлемімізге өзбекше жауап қатты.

Ауғанстаннан атамекені Қазақстанға көшіп келген Имам Әлі Тұраптың анасы Зәуре әже.
Ауғанстаннан атамекені Қазақстанға көшіп келген Имам Әлі Тұраптың анасы Зәуре әже.

Имам Әлі Тұрап 2016 жылы Ауғанстанның Құндыз аймағынан Қаскелеңге көшіп келген. Отбасында 83 жастағы анасы мен бес баласы бар. Әйелі қазір Алматыда ауруханада жатыр.

Имам Әлінің айтуынша, әкесі өткен ғасырдың отызыншы жылдары Қазақстаннан он үш жасында кетіпті.

- Әкемнің ата-анасы осында өліпті. Әкем апасы екеуі орыстардан қашқан көшке ілесіп Ауғанстанға өткен. Бірақ барған соң көп ұзамай апасы да қайтыс болған. Әкем жасы отыздан асқанша Құндыз өңіріндегі Асхалан деген ауылда бір бай өзбектің малын бағыпты. Кейін әлгі өзбек әкемізге осы шешемізді алып берген екен. Қоңырат қызы болады, - деді Имам Әлі.

Ол Ауғанстанға жастай кеткен әкесінің дүниеден өткенше туған жерін аузынан тастамай, бір көруді армандап кеткенін айтады.

- Әкем өмір бойы атамекенін аңсап, жылап өтті. "Әке-шешем, ата-бабам жатқан жерге барып, дұға етіңдер" дейтін. Руы - Жалайыр. Жылап отырып өлең айтатын. Алматы деген жерден келдік дейтін, - дейді Имам Әлі.

- Әкеңіздің айтатын өлеңдерін білесіз бе? - деп сұрадым. Бірақ Имам Әлі есіне түсіре алмады.

Имам Әлі Тұрап (сол жақта) пен анасы Зәуре. Қаскелең, Алматы облысы, 5 маусым 2020 жыл.
Имам Әлі Тұрап (сол жақта) пен анасы Зәуре. Қаскелең, Алматы облысы, 5 маусым 2020 жыл.

Осы кезде бағанадан бері әңгімені үнсіз тыңдап, анда-санда жаулығының шетімен көзін сүртіп қана отырған қарт анасы сөзге араласты.

- Шалым "мен өлсем кім дұға етіп, арулап көмеді, балаларым жас" деп жылайтын еді. Осыдан он алты жыл бұрын жетпіс бес жасында өмірден өтті. "Жылама, артыңда ұрпағың бар" деп жұбататынмын, - деді Зәуре әжей.

Кейуана тек өзбекше ғана сөйлейді екен. Көп сөзге жоқ. Қойған сауалымызға көбіне "Хамма рахмат" деп қана жауап беріп отырды.

- Әкем атамекенінен Ауғанстанға орыстардан қашып барды. Бірақ Ауғанстанға орыстар басып кіргенде біз ешқайда кете алмадық. Ал қазақтардың көбі Иран мен Түркияға кетіп қалды, - дейді Имам Әлі.

Ол Ауғанстанда мал бағып, күріш егумен де айналысқанын, ал Қазақстанға келген соң әркімге жалданып жұмыс істеп, тапқан азын-аулақ табысына күн жүргенін айтады.

- Қолымнан ұсталық келеді, құрылыс та саламын, бірақ тұрақты жұмысым жоқ. Тапқанымыз тамағымыздан артылмайды, - дейді ол.

Ауғанстаннан Қазақстанға көшіп келген Имам Әлі Тұрап балаларымен бірге. Қаскелең, Алматы облысы, 5 маусым 2020 жыл.
Ауғанстаннан Қазақстанға көшіп келген Имам Әлі Тұрап балаларымен бірге. Қаскелең, Алматы облысы, 5 маусым 2020 жыл.

Имам Әлі Қаскелеңде жалдап тұрып жатқан үйге айына 30 мың теңге (шамамен 75 доллар) төлейтінін айтады.

АТАМЕКЕНГЕ ТУРИСТІК ВИЗАМЕН КЕЛГЕНДЕР

Имам Әлімен бірге Қазақстанға екі інісі де көшіп келген. Ниматулла есімді інісінің төрт баласы бар, екіншісі інісі әлі бойдақ екен. Тағы бір інісі мен екі қарындасы Ауғанстанда қалған.

Оларды Қазақстанға Түркиядан сәл ертерек қоныс аударған жамағайын туысы шақыру жіберіп алдырған. Бірақ Имам Әлінің отбасы Қазақстанға уақытша қыдыруға келгендерге берілетін визамен келгенін елге жеткенде бір-ақ білген.

- Ешқандай білімім жоқ. Асхаланда оқитын мектеп те болған жоқ. Ол жақта мектеп тек қалаларда ғана бар, ақшасы барлар ғана оқиды. Соғыс болып жатқан елде ауылды жердегі мектептерді жарып жібереді. Сондықтан ешкім мектеп салмайды. Біздің ешқайсымыз хат танымаймыз. Бізге қандай виза берілгенін де білмейміз. Ауғанстанға қайта барсақ, өлтіріп тастайды, - дейді Имам Әлі жыламсырап.

Имам Әлі Тұраптың отбасы жалдап тұрып жатқан үй. Қаскелең, Алматы облысы, 5 маусым 2020 жыл.
Имам Әлі Тұраптың отбасы жалдап тұрып жатқан үй. Қаскелең, Алматы облысы, 5 маусым 2020 жыл.

Ауғанстаннан Қазақстанға туристік визамен келген Тұрап отбасындағы он бес адам төрт жылдан бері не "оралман" мәртебесін, не ықтияр хат, не Қазақстан азаматтығын ала алмай жүр. Имам Әлі Алматы облыстық көші-қон полициясы басшысының қолы қойылып, мөрі басылған "отбасы мүшелерінің азаматтық мәселесі қаралып жатқаны" туралы анықтама мен ЖСН (ИИН) жазылған қағаздарды көрсетті.

- Тым болмағанда ықтияр хат алсақ, әлеуметтік көмекке қол жеткізіп, дәрігерге тегін қаралар едік, - деп армандайды ол.

Қазақстанда шетелден көшіп келген этникалық қазақтарға азаматтық алғанға дейін ықтиярхат беріледі. Бұл құжат олардың дәрігерге қаралып, әлеуметтік жәрдемақы алуына, жұмыс істеуіне, құқығын қорғап, ел аумағында еркін жүріп-тұруына мүмкіндік береді.

"ҚҰЖАТСЫЗ ЖҰМЫСҚА АЛМАЙДЫ"

Имам Әлінің үлкен ұлының жасы он төртте, биыл Қаскелеңдегі орта мектептің жетінші сыныбын бітірген. Онан кейінгі екі қызы бірінші және үшінші сыныпты тәмамдапты. Ал кейінгі екеуі әлі мектеп жасына жете қоймаған.

Имам Әлінің әйелі 39 жастағы Нажиба Қазақ қазір Алматыдағы Сызғанов атындағы ауруханада емделіп жатыр. Жақында асқазанына ота жасатқан. Имам Әлі әйелі ауырып қалған кезде жергілікті аурухана дәрігерлерінің "құжатың жоқ" деп қарамай қойғанын айтып, мұңын шақты.

- "Адам болмайды, дайындала бер" деді. Еркек басыммен жыладым, - дейді ол.

Осы кезде үйге екі бала ерткен әйел кірді. Имам Әлінің келіні Хабиба Ибрахим екен. Қайнағасының үйіне журналистер келгенін естіп жетіпті. Күйеуі мен қайнысы жалданып істейтін жұмыс іздеп кеткен. Хабиба да құжатсыз жүрудің қиындығын айтып шағынды.

Имам Әлі Тұрап (оң жақта) пен келіні Хабиба Ибрахим. Қаскелең, Алматы облысы, 5 маусым 2020 жыл.
Имам Әлі Тұрап (оң жақта) пен келіні Хабиба Ибрахим. Қаскелең, Алматы облысы, 5 маусым 2020 жыл.

- Құжатымыз жоқ болғаннан кейін ешкім жұмысқа алмайды. Әйтпесе кез-келген жұмысты істер едік, - деген Хабиба өздері қара танымайтындақтан өтініш те жаза алмайтынын, арыз жаздыру үшін әркімге жалынатынын айтады.

Қайынағасы мен келіні тұрақты табыс көзі жоқ екі үйдегі он бес адамның әупірімдеп жан сақтап отырғанын, кейде балалары мектепке барған кезде қиналып қалатынын айтады. Бар арманы - Қазақстанда еркін жүріп, жұмысқа тұруға мүмкіндік беретін құжатқа қол жеткізу.

САУД АРАБИЯСЫНАН КЕЛГЕН ҚАЗАҚТЫҢ ХИКАЯСЫ

Қаскелеңде құжат ала алмай жүрген тек Тұрап әулеті ғана емес. 2018 жылы ақпанда Сауд Арабиясынан осында көшіп келген 51 жастағы Махмұт Әбділкәрім Жарылқаптың (Ауғанстан полициясы берген анықтамада Махмуд Абдул Карим Жар Алкаб деп жазылған) отбасындағы сегіз адам да содан бері құжатсыз жүр.

Сауд Арабиясынан Қазақстанға көшіп келген Махмұт Әбділкәрім Жарылқап. Қаскелең, Алматы облысы, 5 маусым 2020 жыл.
Сауд Арабиясынан Қазақстанға көшіп келген Махмұт Әбділкәрім Жарылқап. Қаскелең, Алматы облысы, 5 маусым 2020 жыл.

Махмұттың айтуынша, атасы Жарылқап қазіргі Қызылорда облысы Шиелі ауданында туып өскен. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары совет үкіметі орнағаннан кейін Ауғанстанға көшкен. 1976 жылы олар Түркия арқылы Сауд Арабиясына көшіп барыпты, Меккеде тұрған.

- Ол кезде алты жаста едім. Жиырмаға толғаннан кейін Жиддаға қоныс аудардым, Біраз уақытым сол жақта өтті, Істемеген жұмысым жоқ. Алты сыныптық қана білімім бар - дейді Махмұт.

Оның айтуынша, отбасындағы жандар 40 жылдам астам уақыт Ауғанстан азаматы ретінде Сауд Арабиясында ықтияр хатпен тұрған. Махмұттың әке-шешесі мен атасы 1998 жылы Сауд Арабиясынан Қазақстанға көшіп келіп, Қазақстан азаматтығын алған. Кейін осында қайтыс болған. Махмұттың өзі сырқат қызының денсаулығына қарайлап, отбасымен Сауд Арабиясында қалуға мәжбүр болғанын айтады. Тек арада 20 жыл өткенде атамекенге қоныс аударған.

Махмұт әке-шешесі мен атасының Қазақстан азаматтығын алғанын растайтын құжаттарды көрсетті. Атасы Жарылқапқа Ішкі істер министрлігі берген төлқұжатта "Қуан Жарылқап, 1924 жылы Қызылорда облысында туған. Ұлты - қазақ" деп жазылған. Ал Махмұтқа Қазақстанның Сауд Арабиясындағы елшілігі берген визада оның "этникалық қазақ" екені көрсетіліпті.

- Маған Жиддадағы елшілік С10 визасын беріп, "үш айға жарамды, елге барған соң құжаттарыңызды реттеп аласыз" деді. Мен жиырма күннің ішінде барлық құжаттарымды дайындап, көші-қон полициясына бардым. Бірақ менен "Ауғанстанда сотталмағаның туралы қағаз әкел" деді. Мен ол елден алты жасымда кеткем, содан қайтып барған емеспін. Ондай қағазды қалай аламын? - дейді ол налып.

С10 визасы шетелде тұратын этникалық қазақтарға ғана беріледі. Махмұттың айтуынша, отбасы мүшелерінің құжатында (Ауғанстан паспортында) ұлты жазылмаған. Тек қосымша берілетін анықтамадағы "тілі" деген тұсына "қазақ" деп жазылыпты. "Біздің ұлтымызды Ауғанстанда осылай анықтайды" дейді Махмұт. Мұндай қағаз Имам Әлі Тұрапта да бар.

Ауғанстан билігінің сол елде туған этникалық қазақ Махмұт Әбділкәрім Жарылқапқа берген құжатының орысшаға аударылған көшірмесі.
Ауғанстан билігінің сол елде туған этникалық қазақ Махмұт Әбділкәрім Жарылқапқа берген құжатының орысшаға аударылған көшірмесі.

Махмұттың алты баласының үшеуі кәмелетке толғанын, екі ұлы Мекке қаласында 12 жылдық мектепті бітіргенін айтады. Ал қызы Қазақстанға келген соң былтыр он бірінші сыныпты тәмамдапты. Бірақ үшеуі де қазір жұмыссыз отыр. Ересек балалар ана тілін енді үйреніп жүрсе, мектепте оқитын үш баласы қазақша жатық сөйлейді екен.

Махмұт қант диабетімен ауыратынын, ауыр жұмысқа жарамайтынын айтады.

- Ықтияр хатпен жүрсем де Сауд Арабиясында дәрігерлер уақытымен қарап, емдеп тұратын еді. Ал мұндай құжатым болмағандықтан дәрігер де тіркеуге алмайды, қарамайды, - дейді ол.

Отбасы қазір Қаскелеңдегі жамағайын туысының үйін жалдап тұрады. Махмұттың әйелі тігін тігеді, балалары уақытша жұмысқа жалданады. "Осылайша тапқан бірде бар, бірде жоқ аз-мұз табысқа күн көріп жатырмыз" дейді отағасы.

ОН ТӨРТ ЖЫЛ БҰРЫН КЕЛГЕНДЕРДІҢ СЕРГЕЛДЕҢІ

2006 жылы Ауғанстанның Мазари-Шариф қаласынан Қазақстанға көшіп келген Әбу Саттар Назарбайдың отбасы қазір Алматы облысы Іле ауданындағы Байсерке ауылында тұрады.

Ауғанстаннан көшіп келген қазақ Әбу Саттар Назарбайдың отбасы: Хайтхал Мохаммадулла (оң жақта), Мүмина Абдурахман (сол жақтан екінші) және оның екі қызы Рухия (сол жақта) мен Шүкірия. Байсерке ауылы, Алматы облысы, 8 маусым 2020 жыл.
Ауғанстаннан көшіп келген қазақ Әбу Саттар Назарбайдың отбасы: Хайтхал Мохаммадулла (оң жақта), Мүмина Абдурахман (сол жақтан екінші) және оның екі қызы Рухия (сол жақта) мен Шүкірия. Байсерке ауылы, Алматы облысы, 8 маусым 2020 жыл.

2007 жылы Қазақстан азаматтығын алған Әбу Саттар арада бес жыл өткенде, 52 жасында бақилық болып, артында екі әйелі – Хайтхал Мохаммадулла мен Мүмина Абдурахман және төрт баласы қалған.

Отбасы мүшелерінің үшеуі - Әбу Саттардың екі әйелі мен үлкен ұлы Хелалуддин Қазақстан азаматтығын алып үлгермеген.

Хелалуддин Қазақстанға көшіп келгенде сегіз жаста болыпты. Қазір жасы 22-де.

- Мектепте оқып, білім алғым келді. Бірақ "құжатың жоқ" деп ешбір мектеп алмай қойды, - дейді Хелалуддин.

Оның кіші шешесінен туған Шүкірия, Рухия және Нұрдәулет есімді үш бауыры бар. Атамекенге көшіп келгеннен кейін дүниеге келген үшеуі де Қазақстан азаматы.

Ауғанстаннан көшіп келген қазақ Әбу Саттар Назарбайдың Қазақстанда дүниеге келген балалары (оңнан солға қарай): Шүкірия, Рухия мен Нұрдәулет. Байсерке ауылы, Алматы облысы, 8 маусым 2020 жыл.
Ауғанстаннан көшіп келген қазақ Әбу Саттар Назарбайдың Қазақстанда дүниеге келген балалары (оңнан солға қарай): Шүкірия, Рухия мен Нұрдәулет. Байсерке ауылы, Алматы облысы, 8 маусым 2020 жыл.

2017 жылы Қазақстан билігі Хелалуддин мен екі шешесін көші-қон заңын бұзғаны үшін ел аумағынан шығарып жіберген.

- Тамыз айында бізге бес күннің ішінде шекарадан шығып кету туралы сот шешімі шықты. Үш баланы таныс адамға қалдырып, шығып кеттік. Мазари-Шарифте үш ай болып, виза аштырып кері қайттық. Ықтияр хат алу үшін құжат жинадық. Бірақ "сотталмағаның туралы берілген анықтама дұрыс емес" деп кері қайтарды, - дейді ол.

Қазақстанда бір жылға дейін жүруге рұқсат беретін В10 визасының мерзімі аяқталғаннан кейін, 2018 жылы Хелалуддин екі шешесімен Ауғанстанға қайта барып, Қазақстанға тағы да сондай виза аштырған.

- Ауғанстанға екінші мәрте барған кезде ақшамыз болмады. Осы жақтағы тамыр-таныстардан қарызға ақша алып кеттік. Ол қарызды әлі өтеп біткен жоқпыз. Өйткені Мазари-Шарифте тағы үш ай үй жалдап жаттық, - дейді Хелалуддин.

Ол Ауғанстаннан барлық құжаттарын түгендеп оралған соң, Алматы облысының көші-қон полициясына өткізгенін айтады. Көші-қон комитетінен "оралман" мәртебесін де алған. Хелалуддин сөзіне дәлел ретінде облыстық көші-қон полициясының құжаттарды қабылдап алғаны туралы анықтама қағазды да көрсетті.

Ауғанстаннан Қазақстанға көшіп келген Хелалуддин Әбу Саттар. Байсерке ауылы, Алматы облысы, 8 маусым 2020 жыл.
Ауғанстаннан Қазақстанға көшіп келген Хелалуддин Әбу Саттар. Байсерке ауылы, Алматы облысы, 8 маусым 2020 жыл.

Хелалуддин өздеріне ықтияр хаттың не үшін берілмегенін білмейді. Айтуынша, облыстық көші-қон полициясы "отказ келді" деген бір ауыз сөзбен ғана шектелген. Үйдің жалғыз бас көтерері Хелалуддин қазір Өтеген батыр кентіндегі құрылыс материалдарын сататын базарлардың бірінде жүкші болып жүр.

- Көші-қон полициясы көп тексермейді. Тексерсе де жөнімді айтсам, жібере салады. Оған да тәуба, - дейді Хелалуддин.

Ол базарда жүк тасып, күніне екі-үш мың теңге (7-8 доллар) табыс табатынын айтады.

Мұхаммед пен Имам Әліден Хелалуддиннің бір артықшылығы – басында баспанасы бар. Әкесі көзі тірісінде Байсерке ауылынан жер алып, төрт бөлмелі үй тұрғызып кеткен екен. Бірақ үйдің құжаты жоқ.

Отбасы мүшелерінің айтуынша, Әбу Саттар қайтыс болғаннан кейін оның жамағайын туысы жерге таласып, дау сотқа жеткен.

- Төрт ай соттастық. Ақыры сот жердің мұрагері етіп кішкентай Нұрдәулетті таныды, - дейді Хайтхал Мохаммадулла.

Ауғанстаннан көшіп келген қазақ Әбу Саттар Назарбайдың әйелі Хайтхал Мохаммадулла күйеуі салған үйдің алдында тұр. Байсерке ауылы, Алматы облысы, 8 маусым 2020 жыл.
Ауғанстаннан көшіп келген қазақ Әбу Саттар Назарбайдың әйелі Хайтхал Мохаммадулла күйеуі салған үйдің алдында тұр. Байсерке ауылы, Алматы облысы, 8 маусым 2020 жыл.

Бірақ отбасы мүшелері құжаты жоқ үйге тіркеуге тұра алмайды. Асыраушысынан айрылған кәмелетке толмаған балалар мемлекеттен ешқандай жәрдемақы ала алмай отыр. Іле ауданы әкімдігінің аты-жөнін атағысы келмеген өкілінің Азаттыққа айтуынша, "балаларға зейнетақы төлеу үшін аналарында Қазақстан азаматтығы болуы керек немесе олар тұлдыр жетім ретінде балалар үйіне өткізілуі керек".

"АУҒАНСТАННАН КЕЛГЕНДЕРДІҢ ҰЛТЫН АНЫҚТАУ ҚИЫН"

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі Ауғанстан мен Сауд Арабиясынан келген этникалық қазақтардың проблемасы жайлы Азаттықтың сауалына WhatSapp мессенджері арқылы жауап жолдады.

"Бұл кісілер алдымен оралман мәртебесін алуы шарт. Тек сонан кейін ғана бар құжаттарымен бірге көші-қон полициясының процедураларынан өтеді. Бірақ олар әкімдіктен әлі ондай құжат алған жоқ" деп жазған полиция.

Ауғанстаннан көшіп келген Мүмина Абдурахманның Қазақстан азаматтығын сұраған өтініші мен өзге құжаттарын қабылдап алғаны туралы Алматы облыстық көші-қон полициясының 2018 жылы 25 мамырда берген қағазы.
Ауғанстаннан көшіп келген Мүмина Абдурахманның Қазақстан азаматтығын сұраған өтініші мен өзге құжаттарын қабылдап алғаны туралы Алматы облыстық көші-қон полициясының 2018 жылы 25 мамырда берген қағазы.

Ауғанстаннан көшіп келген қазақтардың құжат мәселесімен айналысып жүрген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілі Айжан Бодаубайқызының айтуынша, бар мәселе көші-қон комитетіне тіреледі.

- Бұл кісілерге көші-қон комитеті оралман мәртебесін бермей отыр. Жарты жыл бұрын Ауғанстаннан келген этникалық қазақтарды ертіп, облыс әкіміне де кірдік. Ол кісі бір аптаның ішінде бітіріп беріңдер деп қол астындағыларға тапсырма берген. Бірақ әлі нәтиже жоқ, - дейді ол.

Алматы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты көші-қон бөлімінің жетекшісі Жарқын Жақсыбеков Ауғанстаннан келген азаматтарға оралман мәртебесі берілмеуінің себебін олардың "этникалық тегін анықтаудың қиындығымен" түсіндіреді.

- Ауғанстаннан келген азаматтардың ұлты паспортында жазылмайды, "Таскира" деген анықтамада ана тілі ғана көрсетіледі. Бірақ ол құжат олардың ұлтының анықтамасы бола алмайды, - дейді Жақсыбеков.

Оның айтуынша, төлқұжатқа қосымша берілетін бұл анықтаманы алушы өзінің ыңғайына қаратып жаздыра алады. Бұған дейін мұндай жалған құжаттар анықталған дейді шенеунік.

- Соңғы уақытта аймақтық жұмыспен қамту органдарынан Қазақстанға Ауғанстаннан тұрақты тұруға келген этникалық қазақтарға "оралман" мәртебесін беру мәселесі қиындап кеткені туралы фактілердің жиілегеніне байланысты, олардың ұлты мен ұсынған құжаттарының шынайылығын дипломатиялық арналар арқылы тексеріп, анықтау жөнінде сыртқы істер министрлігіне 27 қаңтарда хат жіберілді, - дейді Жақсыбеков.

Оның сөзінше, министрліктен бұл хатқа жауап әлі келмеген.

Ауғанстанда тұратын қазақтардың басым бөлігі Қазақстаннан өткен ғасырдың 30-жылдары совет билігі тұсында кеткен. Қазір Ауғанстанның Мазари-Шариф, Құндыз аймағында саны аз қазақ диаспорасы тұрады. 1979 жылы совет әскері Ауғанстанға басып кірген кезде қазақтардың бір бөлігі Иран мен Түркияға өтіп кеткен.

Ресми тұлғалардың айтуынша, Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі 28 жылда шетелден тарихи атамекеніне бір миллионнан астам этникалық қазақ оралған. Қазақстанға көшіп келген қазақтардың кейбірі не ықтияр хат, не оралман мәртебесін я азаматтық ала алмай, әлеуметтік жәрдем мен медициналық қызметтен қағылып, өзге де түрлі қиындыққа кезігетіні туралы Азаттық бірнеше рет жазған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG