МЕРЗІМІ ӨТКЕН КУӘЛІК
Қытайдан атамекенге көшіп келген Нұрдаш Жайылхан мен Нұргүл Қыдырбек Қазақстан азаматтығына қол жеткізе алмай жүр. Олар Атырауда жергілікті билік орындарындағы қағазбастылық пен салғырттық салдарынан азаматтыққа іліге алмай қалдық дейді.
48 жастағы Нұрдаш Жайылхан Қытайдың Іле аймағындағы Нұрат ауданында дүниеге келген. Айтуынша, он бес жылдан астам уақыт Қытайдағы түрлі мекемелерде электрик болып жұмыс істеген, әйелі Нұргүл Қыдырбек базарда сауда-саттықпен айналысқан. 2016 жылы балалары Қазақстанға оқуға аттанғанда соңынан бірге ілесіп келуді ұйғарған.
- Балаларымыз қытай тіліндегі балабақшаға барып, мектебін бітірді. Кейін жоғары оқу орнын Қазақстанда жалғастырамыз әрі сонда тұрамыз деп шешті. Балаларсыз қайда барамыз, біз де бірге келдік, - дейді Нұргүл Қыдырбек.
Қазақстанға 2016 жылы маусымда келген отбасы әуелі Талдықорғаннан үй сатып алған. Бірақ оны өз аттарына рәсімдеуге әрі жеке кәсіппен айналысуға азаматтық жоқтығы қолбайлау болған. Кейін балалары жоғары оқу орнында білім алып жатқан Атырауға қоныс аударған.
Нұргүл Қыдырбектің айтуынша, көші-қон қызметі оларға берген оралман куәлігінің жарамдылық мерзімі 2017 жылы маусымда біткен кезде, соның алдында ғана ықтиярхат қолдарына кеш тигендіктен, отбасы Қазақстан азаматтығын жеңілдікті тәртіп бойынша алуға тиісті құжаттарды толық тапсырып үлгермеген.
- 2016 жылдың тамызында оралман куәлігін алдық. Ал ыхтиярхатқа тек 2017 жылдың наурызында ғана қолымыз жетті. Біз азаматтыққа құжат жинап апарғанша оралман куәлігінің мерзімі өтіп кетіпті. Бірақ бізге куәліктің жарамдылық мерзімін тағы жарты жылға ұзартамыз деген соң соған сеніп жүргенбіз, сөйтсек, заң тағы өзгеріп кетіпті, - дейді Нұргүл.
Оралман отбасы қолдарында ыхтиярхат барлығына қарамастан өздерін Қытайға кері шақырып алуы мүмкін деп қорқады.
- Енді азаматтық алмай барсақ сотталуымыз кәміл. Біз Қазақстан билігінен азаматтықтан басқа ештеңе сұрап отырғамыз жоқ. Бізге квота да, жер де керек емес. Мұнда масыл болу үшін келгеміз жоқ. Денсаулығымыз болса өз жанымызды бағамыз, - дейді Нұрдаш Жайылхан.
Ерлі-зайыптылар өздерінің оралман куәлігінің мерзімі аяқталғанша азаматтық алуға құжат тапсырып үлгермегендеріне ыхтиярхатты өздеріне кешіктіріп берген көші-қон полициясы кінәлі деп санайды.
- Әр қағазды жинау үлкен уақыт алады. Оған ұзын-сонар кезекті қосыңыз. Ныспысы қазақтарға азаматтық төлқұжатын оралман куәлігінсіз неге бірден бермейді екен? - дейді Нұргүл Қыдырбек.
"ЖАЛПЫ ТӘРТІППЕН ӨТЕСІЗДЕР"
Азаттық тілшісі Нұргүл Қыдырбекпен бірге азаматтық мәселесінің мән-жайын білу үшін Атырау қаласы ішкі істер басқармасының Көші-қон қызметіне келген кезде, ғимарат ішінде ұзын-сонар кезекте тұрған адамдардан ине шаншар орын жоқ еді. Журналист сұрастыра келе бұлар Өзбекстаннан нәпақа іздеп келген еңбек мигранттары екенін білді. Қолдарына көрші елдің төлқұжаттары мен тіркеу қағазын ұстаған адамдар бір-бірімен таласа-тармаса мөр соғатын жалғыз терезеге тезірек жетуге тырысып, шулап жатты.
Атырау қалалық көші-қон полициясының шетел азаматтарын Қазақстанда тұрақты тұруға қалдыру жөніндегі бөлімі қызметкері полиция капитаны Айсұлу Жапақова Нұрдаш Жайылхан мен Нұргүл Қыдырбекке берілген оралман куәлігінің мерзімі өтіп кеткендіктен олар жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алу құқығын пайдалана алмайтынын айтады.
- Оралман куәлігінің мерзімі өтіп кетсе жеңілдетілген тәртіп бойынша қабылдай алмаймыз. Азаматтық алу туралы заңның 16-бабына сәйкес жалпы тәртіп бойынша өтесіздер. Яғни, енді бес жылдан кейін немесе жақын туыстарыңызбен бірігу үшін үш жылдан соң азаматтық ала аласыздар, - деді ол Нұргүл Қыдырбекке.
Оралмандарды қоғамға бейімдеу, азаматтық алуына жәрдемдесу қызметімен айналысып жүрген "Жібек жолы" бауырластар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Әлия Тазабекова көші-қон полициясында маман жетіспегендіктен құжаттарды рәсімдеу тым ұзаққа созылады дейді.
- Түсінікісіз кедергілерге тап болған оралмандар құжаттарын уақтылы ала алмайды. Құзырлы орындар тексереміз деп уақыт созады. Бұған қоса, оралмандарға қандай құжаттар қажеттігін бірден түсіндіріп те айтпайды, - дейді Әлия Тазабекова.
Атырау көші-қон полициясының мәліметінше, 2017 жылы облыс аумағына шет мемлекеттерден қоныс аударған 197 этникалық қазақ оралман мәртебесін алған. Олардың ішінде 159 адам Өзбекстаннан, 28 адам - Қытайдан, жетеуі - Ресейден, сонымен бірге Молдова, Түркіменстан және Түркиядан бір-бір адамнан көшіп келген.
P.S. Осы мақала сайтымызда жарияланған наурыздың 29-ы күні Қазақстан парламенті көші-қон мәселелері бойынша қолданыстағы заңға өзгеріс енгізу туралы заң жобасын талқылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова жобада шетелден келген этникалық қазақтарға берілетін оралман куәлігінің мерзімін ұзарту қарастырылғанын хабарлады. Оның айтуынша, оралман мәртебесі бітетін бір жыл ішінде Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен рәсімдеуге үлгермеген шетелдерден атамекенге көшіп келген этникалық қазақтардың "көптеген өтініші" бойынша заңға осындай өзгеріс енгізу көзделген. Министрлік шетелден қоныс аударған этникалық репатрианттардың "Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіп бойынша алуы үшін ғана" оралман мәртебесінің мерзімін тағы үш айға ұзартуды ұсынады деп мәлімдеген Мәдина Әбілқасымова. Бірақ, жобада оралман куәлігінің мерзімі аяқталғанына алты айдан асқан адамдарға бұл ереже қолданылмайды деп көрсетілген.