Accessibility links

Ақордаға баспана сұрап келген шымкенттік әйелдерді президент әкімшілігі қабылдамады


Нұр-Сұлтанда президент әкімшілігі алдында баспана талап етіп отырған шымкенттік көп балалы әйелдер. 27 тамыз 2021 жыл.
Нұр-Сұлтанда президент әкімшілігі алдында баспана талап етіп отырған шымкенттік көп балалы әйелдер. 27 тамыз 2021 жыл.

Баспана сұрап Шымкенттен Нұр-Сұлтанға келген көп балалы алты әйел 27 тамызда президент әкімшілігіне қабылдауға кіре алмады. "Астанада бір аптадан бері жүрміз" деген әйелдер кеше 26 тамызда президент әкімшілігінің алдында түнегендерін айтады.

Нұр-Сұлтанға келген шымкенттік әйелдер 2015 жылдан бері үй кезегінде тұрғандарын, астанаға бірнеше рет келсе де, нәтиже болмағанын жеткізді.

- Бес күн отырсақ та бір адам шығып "не үшін жүрсіңдер?" деп сұрамады. Президент әкімшілігінің қызметкері қабылдаймыз деп алып, кейін басқа есіктен шығып қашып кетті. Қасымызда екі айлық сәбиімен жүрген әйел де бар. Кеше үй жалдауға қаражат таппаған соң [президент әкімшілігінің алдында] түнедік. Маса талады, бірақ кетпейміз, - деді Зәуре Садықова.

Сегіз баласы бар Садықованың сөзінше, Шымкент билігі оған уақытша паналайтын екі бөлмелі пәтер берген. Бірақ ол "бұл үйді маған басыбайлы бермейді, ішкі жағдайы нашар, жөндеу жасауды сұраймын" деп талап етеді.

- Бұған дейін де келдік. Мамыр айында бізді шымкенттік мамандар келіп алып кетті. Мына әйелдердің бәрі үй жалдап жүр. Қазір Шымкентте де қымбатшылық. Пәтер бағасы – 70-80 мың теңге. Оны шұбырған баламен жалдауға қалтасы көтермейді. Біздің мұңымызды тыңдау орнына Шымкент әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі қысым көрсетеді, - дейді ол.

Садықованың сөзін басқа да әйелдер қолдады.

Аздан соң әйелдерге президент әкімшілігі қызметкері шықты. Өзін президент әкімшілігінің өтініштерді қабылдау бөлімі бастығының орынбасары Данияр Қадыров деп таныстырған ол "қабылдаудың жүріп жатқанын, бәрі заңмен шешілетінін" айтты.

- Бәрі заң жүзінде болуы тиіс. Мен бұл адамдардың қағазын тауып алып зерттеймін. Содан соң ғана қабылдауға ретімен кіреді. Қабылдау жәй қабылдау емес, нәтижесі болуы керек. Оған шамамен отыз күндей уақыт керек, - деді ол.

Жиналған әйелдер "отыз күн болса да отыра береміз" десті.

Қазақстанның әр өңірінен көп балалы әйелдер баспана, жәрдемақы мәселесін айтып Ақордаға жиі келеді. Бірақ олар президент әкімшілігіне кіріп, ондағы лауазымды тұлғаларға мәселесін бетпе-бет айтуы сирек.

Шымкентте көп балалы әйелдер наразылығы былтырғы жылдан бері бірнеше мәрте қайталанған. Биыл сәуірде де Шымкентте бір топ әйел қала әкімдігіне барып, баспана мәселесін шешуді, әр балаға 42500 теңгеден төлеуді талап еткен. Қала әкімі шықпаған соң наразы әйелдер әкімдік маңындағы жолды жабуға да тырысқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG