Accessibility links

Тоқаев мемлекет банктерге көмектеспеуі керек деді. Мұндай сөзді Назарбаев та айтқан


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауына мемлекет банкирлерге көмектеспеуі керек деп, бұғатталған активтерді экономикалық айналымға қайтару қажетін айтты.

"Стресті активтер деңгейін төмендету жұмыстарының маңызы зор. Біз мемлекет банкирлерге көмектеспеуі керек деген шешім қабылдадық. Сондай-ақ бұғатталған активтерді экономикалық айналымға қайтару қажет, бірақ мұны нарық негізіне сүйеніп қана жасау керек. Ол үшін заң базасы қажет. Үкімет қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірге жылдың соңына дейін парламентке заң жобасын енгізуі қажет" деді Тоқаев 1 қыркүйек күнгі жолдауында.

Қазақстан 2008-2009 жылдардағы қаржы дағдарысы кезінде екінші деңгейлі банктерге бюджеттен 10 миллиард доллар шамасында көмек көрсеткен. Осыдан кейін Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев жекеменшік банктерге мемлекет ақшасын беруді тиімсіз деп атап өтіп, бұл тәжірибені тоқтату қажетін айтқан.

"Біз оларды әрдайым қорғаймыз. Әрдайым. Бұл жеке банктер, жеке адамдар "біз үлкенбіз, баймыз" деп мақтанды. Енді олар қазір қайда? Мемлекетке қол жайып келіп отыр. Көмектес, несиемізді құтқар дейді. Неге бердік? ... Жоқ, мұндай банктерге көмек жоқ" деді Назарбаев 2014 жылы Ұлттық банктің сол кездегі басшысы Қайрат Келімбетовке.

Бірақ 2017 жылы Назарбаев тұсында мемлекет екінші деңгейлі банктерге тағы 10 миллиард доллар бөлді.

Тоқаев бұл жолдауында елде инфляция деңгейінің өсіп кеткенін, Ұлттық банктің оны тоқтатуда қауқарсыз екенін мәлімдеді. Ол банк басшылығын инфляцияны әлемдік тенденцияға сілтей беретіні үшін сынады.

"Мұндай сылтаулар ұлттық экономиканың әлсіздігін көрсетеді. Ондай болса, кәсіби экономистеріміздің рөлі неде? Ұлттық банк пен үкіметтің басты міндеті – инфляцияны 4-6 пайыз аралығына қайтару" деді ол.

Қазақстан президентінің сөзінше, дағдарыспен күреске үкімет 6,3 триллион теңге жұмсап, бұл артық ақша массасының пайда болуына әкелген. Бірақ Тоқаевтың айтуынша, бұл ақша кей салаларға жете қоймаған.

"Екінші деңгейлі банктер шағын жобаларды, әсіресе ауылдағы жобаларды қолдамайды. Сол себепті микроқаржы ұйымдарының әлеуетін пайдалану қажет. Олар сол жерде жұмыс істейді, клиенттерін, олардың кәсібін, мүмкіндіктерін біледі" деді Тоқаев.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG