Қазақстандық алпауыт ENRC-дің АҚШ пен Ұлыбританиядағы сот істерінің саны көбейе түсті. Корпорация Қазақстандағы жемқорлық туралы кітап шығарған баспа үйі мен журналисті британ сотына берді. Бұдан бұрын олар "журналиске ақпарат берді" деп өзі жалдаған заңгердің және Британияның мемлекеттік мекемесінің үстінен арыз түсірген.
Бірнеше қазақстандық олигарх негізін қалаған ENRC корпорациясы "Клептопия: "Лас ақша" әлемді қалай жаулайды?" (Kleptopia: How Dirty Money Is Conquering the World) деген кітаптың авторы, британдық журналист Том Берджес пен оны шығарған баспа HarperCollins-ті "жала жапты" деп Британия сотына берді. Law360 сайтының хабарлауынша, оларға "қазақстандық тау-кен компаниясы Африкадағы [кен орындарын] сатып алу кезіндегі парақорлыққа жол берді деген айыптаулар" ұнамаған.
ENRC былтыр АҚШ сотына да журналист пен баспа үйіне қарсы арыз берген.
Financial Times газетінің зерттеуші-журналисі Том Берджестің "Клептопия" кітабы "Клептократияның пайда болуы және лас ақша мен Ұлыбритания арасындағы байланыстың жай-жапсарын айтады".
Law360 сайтының жазуынша, кітапта ENRC-дің Лондон қор биржасына шыға сала Конго Демократиялық Республикасы, Зимбабве және басқа жерлерде кеніштерді жылдам сатып алғанына және кейіннен Ұлыбритания ірі алаяқтықпен күрес агенттігі (Serious Fraud Office – SFO) компаниядағы жемқорлық ісін тергей бастағанына тоқталады.
"Қазір ақ жағалылар қылмысымен күрес агенттігі ENRC-дің 2013 жылдан бергі Қазақстан мен Африкадағы операцияларындағы алаяқтық, парақорлық және жемқорлық істерін тергеп жатыр, бірақ әзірге ешқандай айып тағылған жоқ. ЕNRC заң бұзғанын жоққа шығарады" деп жазады автор.
"Жала жабу" бойынша журналист пен баспа үйіне қарсы істің жай-жапсары жарияланбады.
"Біз медианың түрлі тақырыптарға, соның ішінде біздің бизнесімізге қатысты шынайы әрі объективті ақпарат беру құқығын толық қолдаймыз. Бірақ ауыр айып таға отырып, журналист ол ақпаратының нақты да шынайы екеніне, сенімді айғақпен дәлелденгеніне көз жеткізу міндеті де бар екенін білгені жөн. Бұл істе автор осы міндетін орындай алмаған" делінген ENRC-тің осы іске қатысты мәлімдемесінде.
Law360 сайтының жазуынша, қазақстандық компания "жаппай жемқорлық жасады" деген айыппен күресу үшін заңгермен, журналиспен, Британияның ірі алаяқтықпен күрес агенттігімен, бұрынғы мердігерімен және Қазақстанның бұрынғы премьер-министрімен де соттасып жатыр.
Қазақстанның тау-кен компаниясы жемқорлыққа байланысты өз ішінде тергеу жүргізу үшін жалдаған Dechert LLP заңгері мен ірі алаяқтықпен күрес агенттігі өзара ауыз жаласқан деп санайды. Басылымның жазуынша, "заң фирмасының зейнеттегі әріптесі Нейл Джеррард тергеуді жандандырып, гонорарын көбейту үшін компания туралы ақпаратты агенттікке берген".
Бір қызығы, Джеррард та "із кесушілерді жалдап,әйелім екеумізді аңдытты, құпия аңду операцияларының аясында машинама аппарат орнатып, Лондондағы жүріс-тұрысымды бақылады" деп ENRC-дің өзін сотқа берген.
Берджес пен баспа үйіне қарсы Британиядағы іс биыл тамызда ғана қозғалса, ENRC-дің ірі алаяқтықпен күрес агенттігімен және компанияның ісін жүргізген тергеуші Джон Гибсонмен соты жыл басынан бері жүріп жатыр. Корпорация өкілдерінің айтуынша, "компанияға зиян келтіріп", өздері туралы "жалған түсінік қалыптастыру" үшін және "істі тергеуге үкіметтен тағы қаржы алуды негіздеу үшін" Гибсон тергеу материалдарын журналистерге жасырын беріп келген.
Қазақстандық компанияның пікірі бойынша, журналист Берджеске де ENRC туралы мәліметті Британияның осы мемлекеттік мекемесі берген. Олардың талап арызына сенсек, Гибсон Лондондағы жерасты автотұрағында Берджеспен "құпия" кездесіп, тергеудің бағыты туралы толық ақпарат берген және ол мәлімет "Клептопия" кітабы мен Financial Times-та 2020 жылы жарық көрген мақалаға арқау болған. ENRC тергеу ақпаратын "жүйелі түрде" журналиске беріп отырды деп ірі алаяқтықпен күрес агенттігін айыптайды, ал Гибсонның өзі және Британияның ірі алаяқтықпен күрес агенттігі бұл айыптауды жоққа шығарады.
"Саяси және моральдық жемқорлық, зорлық-зомбылық, бақылаудың әлсіздігі және [қылмыстық] қатысу туралы әңгіме". Британдық Financial Times басылымы зерттеуші-журналист Том Берджестің былтыр жарық көрген "Клептопия: арам ақша қалай әлемді жаулап жатыр" деген кітабына осындай сипаттама берген.
Кітаптың ауқымды бөлігі Қазақстанға және бұл елге тікелей қатысы бар адамдарға арналған. Онда Қазақстандағы металлургия өнеркәсібінің көп бөлігін бақылайтын ENRC-дің негізін қалаған Александр Машкевич, Алиджан Ибрагимов (биыл 21 ақпанда қайтыс болған) пен Патох Шодиев үштігімен қоса, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың да есімі аталады. Автор Қазақстанды әлемдік клептократияның басты орталығы санайды. Клептократияда ондаған миллион доллар көлемінде "сыйақы" берудің өзі қалыпты құбылыс саналады және онда "диктаторларды қолдап", "демократияны тұншықтырады" дейді Берджес.
ENRC – Қазақстандағы және әлемдегі металл және өзге де шикізат өнімдерін өндіріп, тасымалдаумен айналысатын алпауыт корпорация. 2020 жылы қазанда "Клептопия" кітабына шолу жариялаған The Economist бұл корпорация жайлы былай деп жазған: "Жартылай Қазақстан үкіметіне тиесілі болған бұл мекемені Орталық Азиядан шыққан үш адам құрған, олар Совет одағының бұрынғы зауыттарын арзан бағаға сатып алып, тез арада миллиардер атанған".
Былтыр қарашада Азаттыққа сұхбатында Берджес Назарбаев режимінің қуғындағы саясаткер Мұхтар Әблязовқа "қарсы ұйымдастырған "лас айлаларының" ауқымы таңқалдырғанын" да айтқан. Кітаптың біраз бөлігі Нұр-Сұлтанның Қазақстан билігіне қарсы күресіп жүрген Мұхтар Әблязовқа саяси, қаржылық және құқықтық тұрғыдан қысым жасау әрекеттерін сипаттайды.
Былтыр қыркүйекте ENRC Том Берджес пен HarperCollins баспа үйін АҚШ-та да дәл осындай "жала жабу" бабымен сотқа берген. Биыл маусымда бір топ халықаралық құқық қорғау ұйымы корпорацияның АҚШ пен Ұлыбританияда "оннан астам адамға қарсы шығуына" наразылық білдіріп мәлімдеме жасады. Article 19, Transparency International, IFEX, "Шекарасыз репортерлар" және басқа да ұйымдар қол қойған мәлімдемеде олар ENRC-ді қоғам назарын "жемқорлық ісінен бұрып әкетпек болды", "қоғамның қырағы қадағалауынан құтылуға тырысты" деп айыптайды және бұл істі "пікір білдіру бостандығын шектеп, жемқорлықпен күреске кедергі келтіретін өрескел әрекет" деп сипаттаған.
КЕНЕСАРЫНЫҢ БАСЫ ЖӘНЕ "РЕСЕЙ ЫҚПАЛЫ"
Eurasianet басылымы қазақтілді ортада жиі талқыланатын тақырып – 19 ғасырда өмір сүрген қазақ ханы, Ресей отаршылдығына қарсы күрестің жетекшісі Кенесары Қасымұлының бас сүйегін қайтару мәселесін қозғаған. Автордың жазуынша, биыл жазда Мәскеуге барған Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуде әдеттегі саяси тақырыптармен бірге "тосын қолқа салып", Кенесарының бас сүйегін қайтаруға жәрдемдесуді сұраған. Бұл "патриот қазақтардың біразын қатты қуантты" деп жазады автор.
Оның айтуынша, Қазақстанда Кенесары "тарихтан гөрі аңызға көбірек ұқсайды".
"1830 жылдары Ресей империясы қамал салып, ықпалын күшейтіп даладағы билігін нығайтып алды. Жаңа дәуір көшпелі тұрмыс салтын бұзып, хандардың беделін түсірді, бұл оқтын-оқтын ашулы қарсылық туғызып отырды".
Патриоттар үшін Кенесары басының оралуы – ар-намыс мәселесі деп жазады автор.
Ал Кенесары қорының басшысы Уәлихан Қайсаровтың айтуынша, "қазақтың ұлттық рухын басып тастаған ескі совет саясатын әлі ұстанып отырған Ресей жәдігерді беруден бас тартуы мүмкін" деп санайды.
Автордың жазуынша, Қайсаровтың сөзі эмоцияшыл болғанымен, оның пікірінің жаны бар. "Қазақстан мен Қырғызстандағы ұлтшылдардың қызмет көрсету саласындағы адамдар жергілікті тілде сөйлесін деп талап қоюын негізсіз деп санаған Ресей саяси сахнасы тербеліс үстінде" деген автор өткен апталардағы ұлт және тіл мәселесіне қатысты Ресейде болған оқиғаларды еске салады.
Кенесарының басын қайтару тақырыбын бұдан да маңызды әлеуметтік, экономикалық мәселелерден назар аудару әрекеті деп санайтындар да бар.
ПІКІРЛЕР