Ауғанстанда билікті басып алған радикалды "Талибан" қозғалысы жаңа үкімет құрамын жариялады. Қозғалыс жетекшісі 60 жастағы Хайбатулла Ахундзада мемлекет басшысы болып танылды. Бұл туралы пәкістандық Dawn басылымы жазды.
Үкімет басшысы міндетін Мұхаммад Хасан Ахунд атқарады. Осыған дейін ол радикалды қозғалыста басшылық кеңеске (шуру) жетекшілік еткен.
Барлық негізгі қызметтер тәліптер арасында бөлінген. Атап айтқанда, Кубадағы америкалық Гуантаномо түрмесінде 12 жыл қамауда болған Абдул Хак Васик барлау министрі болды. Ішкі істер министрі міндетін "Хаккани желісі" тобының (бұл топты Америка экстремистік топ деп таныған) жетекшісі Сираджуддин Хаккани атқарады. "Талибанның" негізін қалаған адамның ұлы Мұхаммад Якуб Муджахид қорғаныс министрі болды. Елдің бұрынғы сыртқы істер министрі Мұхаммад Ханиф Атмар экономика министрі болып танылды.
Тамыздың ортасында тәліптер шабуылды үдетіп, Ауғанстанның барлық аумағын басып алған. Ел астанасы әрі елдегі ең ірі қала Кабулды соғыссыз жаулап алды. Бұған дейін радикалды топ өкілдері билікпен коалициялық үкімет құру туралы келіссөзге қатысқан.
Билікті басып алғаннан кейін қозғалыс өкілдері коалицияға зәру емес екенін айтып, үкіметті өз бетінше жасақтайтынын жеткізген. Ауғанстан Ислам эмираты деп жарияланды.
Батыс елдері тәліптерді Ауғанстанның заңды үкіметі деп мойындамайды. АҚШ президенті Джо Байден егер қозғалыс халықаралық қауымдастықтың өзін мойындағанын қаласа, оған ұзақ әрі көп күш салуы керек деп мәлімдеді.
1996-2001 жылдары тәліптер билікке келіп, оны Ислам эмираты деп жариялаған. Сол кезде олардың үкіметін тек үш мемлекет – Пәкістан, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктері мойындаған.
ПІКІРЛЕР