Осы тұста Қазақстанда "Олар қазақ болса, тыныш кезде неге келмеген, неге енді басына қиын іс түскенде атамекенін іздеп жатыр?" деп кінәлағандар болды. Азаттық Ауғанстанда қалған қазақтардың осыған дейін атамекеніне қоныс аудармауының себебін іздеп көрді.
"АҒАЖАН, КӨМЕКТЕСІҢІЗ..."
"Ауғанстандағы қазақ туысым жарақат алды, ол қазір Кабулда бас сауғалап жүр". Алматы облысы Қарасай ауданында тұратын Ауғанстаннан келген оралман Имам Әлі Тұрап сол елде қалған жақыны жайлы осылай деп, араша сұрады. Елдің қиыр солтүстігіндегі Құндыз қаласы маңында тұратын 35 жастағы Мұхаммед Айбармен (кейіпкердің қауіпсіздігі мақсатында есімі өзгертілді) осылай байланыстық.
Тәліптер Мұхаммедтің соңынан қуып жүргендей әсер қалдырады. "Талибан" жасағы Құндызға кірген 8 тамызда аяғына миномет оғының жарықшағы тиген Мұхаммед емделу үшін Кабулға барады. Бірақ 15 тамызда "Талибан" қозғалысы Ауғанстандағы билікті басып алғаннан кейін ол ауруханадан қашып кетуге мәжбүр болады.
Ауғанстан қазақтары Нұр-Сұлтаннан жәрдем сұрайды (18 тамыз 2021 ж.)
"Қазақстанға жете алмай жүргеніме бес жыл болды" деген Мұхаммед Айбар мұң-зарын мессенджер арқылы жалына жеткізді.
– Аға, менің [Қазақстанға] баруыма көмектесіңіз, ақысына, иншалла, дұға етемін. Егер Қазақстанға барсам, қызметімді қыламын, ағажан, көмектесіңіз, Ауғанстанда өмір сүру қиын болып барады, әсіресе қазақтарға, – дейді ол қазақшадан гөрі өзбекшеге жақын тілмен.
Мұхаммед қазақтың қоңырат руынан екенін айтады.
– 1990 жылы төрт жасымда әке-шешем науқастан қайтыс болды. Алыс туыстарым Алматыда тұрады деп естимін. Әкемнің нағашылары (Имам Әлі Тұраптың отбасы – ред.) да сол жақта тұрады. Өзім әркімнің босағасында жүріп ер жеттім. Атам кішкентай күнімде "қоңыраттың ішінде божбанбыз" деп үйреткен. Басқа ештеңе білмеймін, – дейді ол.
Мұхаммедтің кішкентай төрт баласы бар. Үлкені 11-де, кенжесі 2 жаста. Мессенджермен жіберген суреттерде бет-әлпеті қазақтан аумайтын бүлдіршіндердің тостағандай көзі мөлдірейді.
– Үш баламның құжаты бар. Кішкентайымда ғана құжат жоқ, ала алмадым. Бірақ барлық құжатта ұлтымыз "ауған" деп жазылған. Қанша рет "қазақ деп жаз" дедік, жазбады, – дейді ол.
Жалға алған көлігімен Құндыз қаласындағы базар мен сол маңдағы ауыл арасында кісі тасып күнелтетін Мұхаммед 2016 жылдан бері Қазақстанға келуге талпынғанын, бірақ оған ақшасы жетпегенін айтады.
1993 жылы 5 сәуірде сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Иран Ислам Республикасынан және басқа да мемлекеттерден отандастарды көшіріп алуды ұйымдастыру шаралары және иммиграция квотасы туралы" қаулыға қол қойған. Қазақстан билігі осы бағдарлама негізінде Ауғанстаннан 13 мыңға жуық қазақтың елге оралғанын айтады.
Бірақ бала күнінде ата-анасынан айрылып, жетім қалған Мұхаммед "ондай бағдарламаның болғанын білген де жоқпын" дейді. Есейіп, үйлі-баранды болғаннан кейін туыс-жақынын, атамекенін іздей бастаған. Бірақ қолдың қысқалығы жылдам жиналып, Қазақстанға көшіп кетуге мүмкіндік бермеген.
"КӘРІ ӘКЕ-ШЕШЕМДІ КӨШІРЕ АЛМАДЫҚ"
Қазақстан үкіметінің көмегіне сүйенбей, Ауғанстаннан өз бетімен көшіп келгендердің айтуынша, ондағы қазақтардың атамекенге келмеуінің басты екі себебі бар. Біріншіден, Қазақстанның қазақтарды елге қайтару бағдарламасынан көбі бейхабар, екіншіден өз бетімен келуге мүмкіндігі жоқ.
Түркістан облысында тұратын Аманулла Назаридің айтуынша, ауған қазақтары негізінен мал шаруашылығын кәсіп етеді, малы жоқтары жер жыртып, егін салады. Оның сөзінше, әр жерде шашырап орналасқан қазақтардың көбі Қазақстанның қазақтарды көшіріп алу туралы бағдарламасынан хабарсыз. Оған басым көпшілігінің хат танымайтыны, жазу-сызу білмейтіні де себеп дейді ол.
"Тоқаев аға, елімізге алып кетсеңіз". Ауғанстан қазақтарының Қазақстан билігіне өтініші (9 қыркүйек 2021 ж.)
Ауғанстанның Мазар-и-Шариф қаласында тұрған Аманулла Назари оншақты жыл талпынып жүріп, Қазақстанға 2019 жылы әзер жеткен. Шамасы жетпеген соң 80-нен асқан кәрі әке-шешесін әкеле алмаған.
– 1998 жылы көшейін деп жатқан кезімде үлкен ағам қайтыс болды. Екінші рет талпынған кезде үйіміз сатылмады, малымыз өтпеді. Одан кейін жағдайымыз келмеді. Әйтеуір түрлі себептермен Қазақстанның мемлекеттік бағдарламасына іліге алмадық. Кейін өзім көшіп келгеніммен, әке-шешемді әкеле алмадым. Өйткені оған көп қаржы керек, – дейді ол.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында жұмыс істеп, ауған қазақтарының алғашқы көшіне мұрындық болған Ботагөз Уатхан да ондағы қазақтардың сауатсыздығы, жеке басын куәландыратын құжатының болмауы оларды көшіруге көп кедергі болды дейді.
– Соғыс жағдайындағы елде өмір сүргеннен кейін олардың басы бір жерге тоғыспады. Ауғанстанның әр түкпіріне шашырап кетті. Олардың басын біріктіріп, түгел Қазақстанға алып келу мүмкін емес еді, – дейді ол.
Ботагөз Уатханның айтуынша, Ауғанстанда негізінен жергілікті ұлттармен құдандалы болған, ана тілін ұмыта бастаған қазақтар қалған.
Қазақстан билігі Ауғанстаннан елге әкелген 35 қазақтың бірі Азаттыққа сұхбат берді (9 қыркүйек 2021 жыл.)
ЖИЫРМА ЖЫЛДАЙ КҮТКЕН КЕЗЕК
Алматы облысы Қарасай ауданында қоңыр тірлік кешіп жатқан Имам Әлі Тұраптың тұрмысы жайлы Азаттық былтыр жазған. Ауғанстаннан Қазақстанға өз бетімен келген ол кәрі шешесімен және бала-шағасымен Қаскелеңдегі ескі үйді жалдап тұрып жатыр.
Тұраптың сөзінше, Қазақстанға елшілік арқылы қоныс аударудың өзі мехнаты көп жұмыс. Ауғанстанның Құндыз қаласында тұратын олар да жиырма жылдай бұрын "елшіліктің тізіміне қосамын" деген жергілікті белсендіге құжат көшірмелерін беріпті.
– Сол кезде (шамамен 2000 жылдары) Құндызда Мамыр Жәлел деген имам болды. 15 үй болып [Қазақстанға көшетіндер тізіміне] сол кісіге жазылдық. Содан "енді сіздерді көшіріп алуға Қазақстаннан көмек келеді" деді. "Әне кетеміз, міне кетеміз" деп үміт қылып жүрдік. Кейін Мамыр Жәлелдің үйіне барып едім "Назарбаев қазақтар енді өз бетімен келсін, көшіріп ала алмаймыз деп айтты" деді. Өзіміздің көшіп келуге жағдайымыз болмады. Әкем ауырып қалды, – дейді Имам Әлі Тұрап.
Ауғанстанның Герат қаласы тумасы, қазір Данияда тұрып жатқан Қажы Акбар Аюбидің айтуынша, түрлі себеппен отанынан кеткен халықтың басына күн туғанда Қазақстанға қайта оралуға ұмтылуы – қалыпты жағдай, себебі адам бейбіт елде өмір сүруді қалайды. Мәселен, 1979 жылы Совет одағы Ауғанстанға әскер кіргізгенде ондағы қазақтың біразы тыныш жаққа – Иран мен Түркияға ығысты дейді ол. Аюбидің есебінше, ауған қазақтарының жартысы ғана Қазақстанның қандастарды көшіру бағдарламасына ілігіп, атамекенге қоныс аударған. Оның айтуынша, қазақтардың атажұртына оралуына Қазақстан билігі орнатқан түрлі кедергілер де тосқауыл болады.
"ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БЮРОКРАТИЯЛЫҚ ЖҮЙЕ КЕДЕРГІ"
"Қазақстан билігіндегі бюрократиялық жүйе, көшіп келген қазақтардың азаматтық ала алмай сандалуы – сырттағы қазақтардың Қазақстанға қоныс аударуына кедергі" дейді "Отандастар" қоры өкілі, көп жыл шетелде елшілік қызмет атқарған Қалыбек Қобыландин.
– Қытайдағы қазақтар мен Ауғанстандағы қазақтардың өмір тіршілігі мен әлеуметтік жағдайы әрқилы. Ауған қазақтарының көпшілігі сауатсыз. Екіншіден соғыс жағдайында өмір сүрген халықтың тұрмысы да әртүрлі ғой. Қазақстанның көші-қон бағдарламасына ілініп кеткендер де сол қалалы жерде тұрған, тұрмыс жағдайы жақсылары ғана. Үшіншіден, сол алғаш келгендердің ішінде әлі құжат ала алмай сандалып жүргендер баршылық. Ел болғаннан кейін олар оны да естіп-біліп отыр. Ол да сырттағы қазақтың көшуіне кедергі болды, – дейді Қобыландин.
Қазақтар көшінің баяулауына "жергілікті биліктің қағаз жүзінде жұмыс істеуі себеп" дейді Қобыландин.
– Кейінгі жылдары шетелдегі қазақтарды көшіріп әкеліп, солтүстік облыстарға орналастыру бағдарламасы іске қосылды. Қағаз жүзінде бәрі жақсы. Бірақ іс жүзінде айтылған, берілген уәде орындалмай жатыр. Бөлінген ақша жетпей қалады. Қағаз жүзінде берген есеп пен өмір шындығы сәйкес келмейді. Мұндай келеңсіз жағдай ақпарат заманында шекараның арғы бетіне де жылдам жетеді, – дейді ол.
"Отандастар" қорының мәліметі бойынша, Қазақстанға 2021 жылдың алғашқы 8 айында 10 398 адам көшіп келген. Олардың 76,4 пайызы Өзбекстаннан, 10,1 пайызы Қытайдан, 6,4 пайызы Түркіменстаннан, 2,5 пайызы Моңғолиядан, 4,6 пайызы басқа елдерден келген. Жалпы соңғы 30 жылда сыртта тұратын қазақтардың 1 миллион 80 мың 700-і Қазақстанға оралған.
Мұның алдында Азаттық Ауғанстандағы қазақ саны билік айтқандай 200 адам емес, одан әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін жазған.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың Азаттыққа айтуынша, Кабулдағы елшілікте Қазақстанға келгісі келген қазақтардың өтінішін "кешенді түрде зерттейтін", соның ішінде қазақ екенін анықтайтын топ жұмыс істеп жатыр.
9 қыркүйекте Қазақстан қарулы күшінің арнайы ұшағы Ауғанстаннан Алматыға 41 жолаушы жеткізді. Ресми ақпаратта ұлты қазақ 35 адамның Ауғанстаннан атамекенге оралғаны айтылды.
ПІКІРЛЕР