Accessibility links

Ақпарат министрі журналистердің "тергелуіне" байланысты реакция білдірді


Аида Балаева.
Аида Балаева.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Жамбылдағы жарылысқа байланысты "жалған ақпарат тарату" бабы бойынша іс қозғалып, журналистердің "тергеліп жатқанына" түсініктеме берді. Азаттыққа берген сұхбатында министр мәселеден толық хабардар емес екенін айтып, бірақ міндетті түрде "егжей-тегжейлі қараймыз: мәселе неден туындады, не үшін оны жауапқа тартып жатқанын анықтаймыз, көмек көрсетеміз" деді ол.

– Құқық қорғау органдары оны беталды ұстамайды ғой. Бұл жерде ең бастысы не үшін [полицияға шақырғанын] білу керек. Жалпы министр ретінде [айтарым] әр журналист өзінің жұмысын істеуі керек. Халыққа дұрыс ақпарат таратуы тиіс, – деді министр.

"Журналистке қандай тұрғыда көмек бересіздер?" деген сұраққа министр "құқықтық тұрғыда анықтау мәселесіне, барлығына өзіміз көмек көрсетеміз" деді.

Осы аптада Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы жарылыс кезінде тараған ақпаратқа байланысты полицияның "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабымен қылмыстық іс қозғап, екі журналистің полицияға шақырылғаны белгілі болған. Олардың бірі 7 арнаның тілшісі Данияр Әлімқұл қорғануға құқығы бар куә ретінде, екіншісі Turaninfo.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Исламбек Дастан куә ретінде шақырылған. Полицияға арызды облыстық ішкі саясат басқармасы түсірген.

Әзірге қылмыстық іске нақты қандай жайт түрткі болғаны белгісіз. Әлеуметтік желіде бұған дейін мәселе "бір депутаттың/кәсіпкердің үйінде үйіліп жатқан снарядтардан басталса керек" деп жазған. Кей мәліметке қарағанда, журналистердің бірі сол маңнан ақпарат таратқан.

Қазір интернетте тергеліп жатқан журналистерді қолдау мақсатында қол жинау да басталған. Жазбаға бір сағатқа жуық уақыт ішінде 100-ден астам комментарий қалдырылған.

Желі қолданушылары журналистерді кәсіби міндетін атқарғаны үшін қылмыстық қудалауға болмайды деп жазды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG