Accessibility links

Зерттеу: Өзбекстан әл-ауқат қорының миллиондаған ақшасы Мирзияевтің туысына берілген


Orient Group

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің туысымен байланысы бар корпорация елдің мемлекеттік әл-ауқат қорынан ондаған миллион доллар алып келген. Азаттық радиосы Өзбек қызметі – Озодлик зерттеу жүргізіп, осыған көз жеткізген.

Озодликтың мәліметі бойынша, Мирзияевтің туысы – Ойбек Умаровқа қатысы бар Orient Group компаниясы қаржыны негізгі инвесторы – Өзбекстан-Оман инвестициялық компаниясы (UOIC) арқылы алып келген.

Orient Group-тің негізін қалаушысы әрі акционері Ойбек Умаров – Мирзияевтің құда баласы. Оның ағасы – Отабек Умаров Өзбекстан президентінің қызы Шахнозамен некеде.

UOIC-дің жарғылық капиталының 75 пайызы Оманның инвестициялық басқармасына тиесілі. Қалған 25 пайызы Өзбекстанның егемен қорын басқаратын қайта құру және даму қорының иелігінде.

Қордың ресми сайтына сенсек, былтыр оның капиталы 25 миллиард долларға жеткен.

Мемлекет алған қаржы ел экономикасының басты секторларын дамытып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.

Озодлик Ольстер университетінің зерттеушісі Кристиан Ласслетпен бірлесе жүргізген зерттеуде соңғы жылдары мемлекеттік қаржының қомақты бөлігі Orient Group-қа беріліп келгенін әшкереледі.

Ласлетт UOIC-дің 2016-2020 жылдардағы Өзбекстандағы инвестициялық портфелін зерттеп, осы аралықта инвестициялық компания елге салған қаржының 86 пайызы, яғни 161 миллион доллардай ақша Orient Group-қа тиесілі компанияларға, мекемелер мен жобаларға жөнелтілгеніне көз жеткізген.

Ақша алғандардың арасында 25 млн доллар алған Gold Dried Fruit Export пен 20 млн доллардай инвестиция алған Binokor Temir Beton Servis компаниялары бар.

Orient Group құрамына банк ісі, құрылыс, сауда, жылжымайтын мүлік және футбол клубы сияқты түрлі салаларда жұмыс істейтін кемі 58 компания кіреді.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (сол жақта) «Ориент Финанс» банкінің өкілі Сакен Пулатовқа награда тапсырып тұр.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (сол жақта) «Ориент Финанс» банкінің өкілі Сакен Пулатовқа награда тапсырып тұр.

UOIC сайтында: «Біз әріптестік қарым-қатынас қалыптастырып, инвесторлардың өз бизнесін дамытуына көмектесеміз әрі ел экономикасын дамытамыз» делінген.

Бір түсініксіз жері – неге компания инвестициясының көп бөлігі Orient Group-қа берілген?

Озодлик UOIC мен Orient Group компанияларына хабарласқанымен, олардан жауап ала алмады.

Мирзияев елдің әл-ауқат қорынан Orient Group-қа ақша беріліп жатқанын біледі, себебі заң бойынша қор қаржысына қатысты кез келген транзакция мен қарыз алу өтініштерін президент мақұлдауы керек.

ЖЫЛДАМ, БІРАҚ БАЙҚАТПАЙ БАЮ

Ағасы 2007 жылы Өзбекстанның сол кездегі премьер-министрі Шавкат Мирзияевтің қызына үйлене салысымен Ойбек Умаровтың тасы өрге домалаған.

Отабек Умаров Шахноза Мирзияеваға 2007 жылы үйленді
Отабек Умаров Шахноза Мирзияеваға 2007 жылы үйленді

2010 жылы, небәрі 24 жасында Ойбек Умаров Orient Finans деп аталатын ірі жекеменшік банктің төрт құрылтайшысының бірі болып тіркелген.

Ферғана облысында өскен оны бала кезде таныған кей адамдардың айтуынша, Ойбек Умаров мал сатумен айналысып, жұрт көзіне түспей жүретін. Ағасы Мирзияев әулетінің күйеу баласы болған соң оның жағдайы күрт өзгеріпті.

2015 жылы Ойбек Умаров «Финансбанктың» 13,6 миллион доллар болатын акцияларына иелік етті. Мирзияев 2016 жылы президент болған соң оның іскерлік мүдделерінің ауқымы кеңейе түсті. Қазір оның бизнес-портфелінде құрылыс, туризм, банк ісі, текстиль өнеркәсібі сияқты түрлі салаларды қамтиды.

Бизнес-империясы сонша ауқымды болғанына қарамастан, Ойбек Умаров жұрт алдына сирек шығады, әлеуметтік желіде аккаунттары да жоқ. Ал ағасы Отабек әлеуметтік желіні көп қолданады, Instagram-да оның 10 миллион фоллоуері бар. Бірақ Отабек желіде де, жұрт алдында сөйлегенде де ауқатты інісі туралы ештеңе айтпайды.

Ойбек Умаров анасы Гөзәл Умаровамен
Ойбек Умаров анасы Гөзәл Умаровамен

Соның кесірінен ел ішінде түрлі қаңқу сөз тараған. Президент отбасы Ойбек Умаровтың байлығына жұрт назарын аударып, сұрақ тудырмау үшін ол туралы әдейі айтпай жүр деген де болжам бар.

ЛАУАЗЫМДЫ ҚЫЗМЕТТІҢ КӨМЕГІ

Өзбекстанда президентке шексіз билік берілген, ол елдегі саясатты да, бизнесті де бақылайды.

1991 жылдан 2016 жылы көз жұмғанға дейін билік құрған Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов отбасының бірнеше мүшесі ен байлықты жинау үшін өз ықпалын пайдаланды деп айыпталған.

Каримовтың үлкен қызы Гүлнара ақша бопсалады, оны заңдастырды, өзгенің мүлкін иемденді деп айыпталып, түрмеге қамалған.

Шавкат Мирзияев билікке келген соң елге инвестиция тарту үшін Өзбекстанды жемқорлық жайлаған ел деген аттан құтқарамын деп уәде берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG