22 қыркүйекте Нұр-Сұлтанның қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы "тыйым салынған ұйымның жұмысын ұйымдастырды және оған қатысты" деп айыпталып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған Ербол Есхожиннің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.
Сот онлайн режимде өтті және оған белсенді қатыстырылмады. Оның себебі процесте айтылмады.
– Есхожиннің арызын қанағаттандыруға негіз жоқ. Бірінші сот инстанциясындағы шешім дұрыс қабылданған. Есхожиннің кінәсі толық дәлелденген, - деді істі жүргізген судья Әділхан Шайхысламов.
Есхожиннің адвокаты Мейіржан Досқараев алғашқы сот инстанциясында жасаған көп өтініштерінің қабылданбағанын айтып, апелляция сатысында ескеруді сұрады.
- Филология ғылымдарының докторы, конституциялық кеңестің штаттан тыс сарапшысы Қайыржановтың нотариуспен куәландырған сараптамасын іске қосуды сұраймын. Сарапшы Есхожиннің тәртіпсіздік пен террорға шақырмағанын, тек бейбіт митинг арқылы демокртиялық үрдістерге ұмтылғанын нақтылады. Ербол Есхожин Конституцияда белгіленген құқықтарын пайдаланғаны үшін айыпты болып отыр. Оның тергеуін дұрыс жүргізбеген полиция департаментіне қатысты жеке қаулы қабылдауды да сұраймын, - деді адвокат Мейіржан Досқараев.
Сотқа қатысқан Есхожиннің туыстары белсендіні айыптауға негіз болған сараптаманы жасаған сарапшылардың барлығын, полиция өкілдерін қайта шақыруды талап етті. Адвокат та, оның туыстары да сөйлеп, Есхожинді босатуды сұрады. Бірақ өтініштер ескерілмеді.
44 жастағы Ербол Есхожин Қылмыстық кодекстің 405-бабының 1-2 тармағы бойынша ("қызметіне тыйым салынған экстремистік ұйымның жұмысына қатысты және ұйымдастырды") айыпталған. Нұр-Сұлтандағы №2 Сарыарқа аудандық соты биыл 3 тамызда азаматтық белсендіні 2 жыл 6 айға қамау туралы үкім шығарды. Бұдан бөлек, оған 5 жылға дейін бейбіт жиындарға қатысуға, әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салынған. Белсендінің өзі тағылған айыппен келіспейді.
Ербол Есхожин қамауға 2020 жылдың 22 желтоқсанында алынған. Оған дейін 2019-2020 жылдары бірнеше мәрте әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 85 күн абақтыда отырған.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Ербол Есхожинді "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген.
Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 405-бабымен айыпталған ("тыйым салынған ұйымның ісіне араласу") адам көп. Олардың нақты саны белгілі болмағанымен құқық қорғаушылар 300-ден асатынын айтады.
Жуырда астаналық азаматтық белсенді Асқар Қайырбек те дәл осы баппен айыпты деп танылып, 2 жыл 2 айға бас бостандығынан айырылған.
Қазақстан билігі ҚДТ қозғалысын "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент бұл ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы HRW Қазақстанға 405-бап бойынша сотталған белсенділердің шешімдерін де қайта қарауды ұсынған. Құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігінен оларды дереу босатуға шақырған.
ПІКІРЛЕР