Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңаөзенде еңбек дауларын шешетін ведомоствоаралық штаб құруды тапсырды. Бұл штабқа мемлекеттік органдар мен "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры кірмек. Ал сарапшылар штаб я комиссия құрамында еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп жүрген жұмысшылар, құқық қорғаушылар мен тәуелсіздік кәсіподақ өкілдері болмаса мұндай штабтар мәселені шешпейді деп санайды.
"Маңғыстаумұнайгаздың" кен орындарының құрылғыларын тазалайтын Techno Trading LTD компаниясының жұмысшылары үш апта бойы ереуілдетіп, 18 қыркүйекте ғана жұмысқа кірісті. 24 күнгі ереуілден соң жұмысшылар жалақыны отыз пайызға өсіру, мереке күндеріне сыйақы беру мен сауықтыру үшін төлем жасау талаптарын орындатты
- Әлі де келісім жасалатын мәселе бар. Сот біздің ереуілімізді заңсыз деп танып, сотқа тартты. Бірақ хаттамада осы сот шешіміне қатысты қудаланбайтынымыз жайлы айтылды. Сауықтыруға төлем жасау 2022 жылға қалды, себебі кейбірі еңбек демалысына барып келді. Денсаулыққа төлем 50 пайыз не 100 пайыз бола ма, қосымша талқылаймыз, - дедi Techno Trading LTD компаниясының операторы Айбек Тәжіғалиев.
Жаз бойы мұнайға бай Маңғыстау облысында мұнайшылар мен мұнай компанияларына қызмет көрсететін жұмысшылары жалақы өсіруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, жаппай ереуілдетті. Талап қойғандар арасында КЕЗБИ, "West Oil Software", "Оilfield equipment and services", "Ақтау мұнай сервис компаниясы", "Industrial Service Resources", "БатысГеофизСервис", "МұнайСпецСнабкомпани", "KMG-Security", "Kunan holding", "Өзенэнергосервис" компаниясының жұмысшылары бар.
Бұл мекемелердің барлығы "ҚазМұнайГаз", "ӨзенМұнайГаз", "МаңғыстауМұнайГаз" компанияларына қызмет көрсетеді. Бірнеше аптаға созылған ереуілдерден соң кейбір жұмысшылардың талабы толық, кейбірінікі ішінара орындалды. Жұмысшылар талаптарын ереуілмен орындатудан басқа амал таппағанын айтқан.
ТОҚАЕВТЫҢ ТАПСЫРМАСЫ
Өткен аптада, 22-23 қыркүйекте Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барғанда президент Тоқаев өңірдегі жұмысшылардың ереуілі жайлы алғаш рет айтып, елдегі "еңбек дауларының 80 пайызы осы облыста болады" деді. Осыдан соң ол Жаңаөзенде еңбек дауларын шешу үшін мемлекеттік органдар мен "Самұрық Қазына" қоры арасында ведомствоаралық штаб құруды тапсырды.
"Жыл басынан бері [Маңғыстау] облысында 150 еңбек дау болған. Оның 130-дан астамы – мұнай-газ секторында. Кейбір жеке компания басшылары жұмысшыларын ереуілге әдейі итермелейді. Бұл компаниялардың тізімі менде бар. Олардың мақсаты – халықты қалқан еткен болып, мемлекеттен ақша алу. Біз мұны білеміз. Олар бөлінген қаржыны жұмысшыларға бермей, өз қалтасына басады. Мұндай қитұрқы әрекеттің жолын кесу керек. Осындай компанияларға аудиторлық және тағы басқа тексеріс жүргізу қажет. Жұртты арандатып, мемлекетке қоқан-лоқы көрсетуге болмайды. Бәрі заң аясында жасалуға тиіс" деді Тоқаев.
"ТӘУЕЛСІЗ КӘСІПОДАҚҚА ҚЫСЫМ ТОҚТАМАЙ ЕҢБЕК ДАУЛАРЫ ШЕШІЛМЕЙДІ"
Алайда сарапшылар мен тәуелсіз кәсіподақ өкілі Тоқаевтың штаб құру бастамасы мен сөзіне күдікпен қарайды. Олар Еңбек кодексіне түзету енгізілмей және тәуелсіз кәсіподақтардың жұмысына мүмкіндік бермей еңбек даулары толық шешілмейтінін айтады. Мәселен Орта Азиядағы еңбек құқықтары бойынша мониторинг миссиясы кеңесінің өкілі Кирилл Букетов тәуелсіз кәсіподақтарды қудалау тоқтамаса еңбек даулары бола береді деп санайды.
– Негізгі шарт – жұмысшыларда өз пікірі мен талабын бейбіт жеткізе алатын тәуелсіз әрі демократиялық кәсіподақ құру құқығы сақталуы керек. Екінші шарт – бұл талаптар талқыланып, келіссөз жүргізілетін алаңның болуы. Үшіншісі – талаптарын орындатудың амалы қалмағанда жұмыс берушіге экономикалық қысым арқылы талабын орындату үшін ереуілге шығу құқығы. Осы үш шарт еңбек дауының тиімді шешілуіне негіз болады. Бұл Халықаралық еңбек ұйымының конвенциясында көрсетілген. Оны Қазақстан мақұлдаған, алайда мұны орындамай отыр. Тәуелсіз кәсіподақтар қатаң бақылауда, ал белсенділері қудаланады. Бақылау мен қудалау тоқтамаса адамдардың талабы мен еңбек даулары өрши береді. Ешқандай штаб, комиссия, қор және жұмысшыларға берген азын-аулақ ақша көмектеспейді, - дейді Букетов.
Қазақстанда тәуелсіз кәсіподақтардың жұмысына тыйым салынып, олардың белсенділері жиі қудалауға ұшырайды. 2017 жылы сот Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын (ТКК) күштеп жабу туралы шешім шығарған. АҚШ мемлекеттік департаменті мен адам құқығын қорғау бойынша халықаралық ұйымдар өз есептерінде Қазақстан билігін тәуелсіз кәсіподақтардың жұмысына кедергі келтірмеуге шақырған.
2011 жылы Жаңаөзенде не болып еді?
"Өзенмұнайгаз" және "Қаражанбасмұнай" компаниялары мұнайшыларының жалақыны көбейтуді талап етіп, 2011 жылы мамырда бастаған ереуілі қантөгіспен аяқталды. 2011 жылғы 16 желтоқсанда Жаңаөзеннің орталық алаңында Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған мерекелік шара кезінде полиция наразыларға оқ атты. Ресми есеп бойынша, 16 адам мерт болып, жүзден астам адам жараланды.
Жаңаөзендегі оқиғаның ертеңіне, 2011 жылғы 17 желтоқсанда Шетпе теміржол станциясында Жаңаөзендегі қырғынды айыптаған тұрғындар мен полиция арасында қақтығыс болып, тағы бір адам көз жұмды.
- Тәуелсіз кәсіподақ –жұмыс жағдайы ғана емес жұмысшылардың абыройы мен құқықтарының сақталуының кепілі. Биыл Маңғыстауда туындаған әр еңбек дауында тәуелсіз кәсіподақты мойындау талап айтылды. Он жыл бұрын, Жаңаөзендегі қанды оқиғаға дейінгі мұнайшылар ереуілінде де жұмысшылар осы талапты қойған. Он жыл бойы билік бұл талапты елемей келеді. Мемлекет тәуелсіз кәсіподақтардың жұмысына мүмкіндік беруі тиіс, - дейді Кирилл Букетов.
2011 жылы бейбіт тұрғындарға оқ ату оқиғасына дейін Жаңаөзенге барып, мұнайшылар ереуілі жайлы мақала жазған Liberty құқық қорғау жетекшісі Ғалым Ағелеуов те шенеуніктер мен "Самұрық Қазына" қорының өкілдерінен құралмақ бұл штаб мәселені шешпейді деп есептейді.
- Әлемдік тәжірибеде еңбек дауын шешетін комиссия құрамының 50 пайызы жұмыс берушіден, қалған 50 пайызы ереуілдеп жатқан кәсіподақ өкілдерінен тұрады. Ал Қазақстан биліктің қателігі – олар бірден жұмыс берушіні жақтап шыға келеді. Билік заңның орындалуын қадағалау керек, жұмыс беруші жұмысшыларына жиын өткізуге, компания ішінде тәуелсіз кәсіподақ құруға кедергі жасады ма жоқ па, соны қадағалау тиіс. Сонда ғана бар мәселе ашық талқыланып, ұжымның да, жұмыс берушінің де көңілінен шығатын ортақ әрі әділ шешім шығады. Ал президент Тоқаевтың ұсынып отырғаны – еш нәтиже бермейтін, тек қағаз бетінде қалатын ұсыныс, - дейді Ағелеуов.
Биыл Маңғыстау облысындағы ереуілдер кезінде жергілікті әкімдік компаниялар шетелдік инвесторларға тиесілі екенін, айлық мәселесі компанияның ішкі жұмысы және оған қатысты шешімді де мекеме өз ішінде қабылдауы тиіс деп айтқан еді. Дегенмен құқық қорғаушы мұнымен келіспейді.
- Қазақстанда заң барлық азаматқа, оның ішінде шетедіктерге де бірдей. Маңыздысы, Қазақстан заңдары Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) стандарттарына сәйкес келуі тиіс. Саяси жігер болса, оған да қол жеткізуге болады, президент Тоқаев оны түсінеді. Бірақ оны орындай алмай келеді. себебі әзірге олигархтердің мүддесіне қарсы шығатындай саяси тәуелсіз емес. Сондықтан мәселені шешудің ырымын жасап қояды, - дейді Ағелеуов.
"ЕҢБЕК ДАУЛАРЫНЫҢ СЕБЕБІ – ЕҢБЕК КОДЕКСІНІҢ ШИКІЛІГІ"
Жаңаөзендегі жұмысшылар құқығық қорғаумен айналысып жүрген белсенді Ахмет Сүйірханов штаб құрамына жұмысшылар кірмесе пайда аз деп санайды. Сүйірхановқа еңбек даулары мен тәуелсіз кәсіподақ жұмысы жақсы таныс. Ол Жаңаөзендегі "Мұнайфилдсервис" мекемесіне 2003 жылы бұрғылаушы болып жұмысқа тұрған. Белсенділігімен көзге түсіп, тәуелсіз кәсіподақ жетекшісі болған, белсенділігі үшін түрлі қысымға да ұшырағанын айтады. 2013 жылы "Мұнайфилдсервис" мекемесінің жұмысшылар құқығын қорғаған кәсіподақ жетекшісіне "қаржыны талан-таражға салды" деген айып тағылған. Кейін ол іс тоқтатылып, Сүйірханов өз еркімен кәсіподақ төрағалығынан кеткен. Алайда екі жылдан кейін жұмысшылар қолдауымен қайта төрағалыққа келді.
Сүйірханов еңбек дауларының негізі Еңбек кодексінің шикілігінде деп біледі. Оның айтуынша, жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы барлық қарым-қатынас ұжымдық келісім шартта көрсетілуі керек.
- Жұмысшының айлығы, жұмыс уақыт мен жағдайы, демалысы мен емі, барлығы осы құжатта жазылуы тиіс. Бірақ көп жағдайда келісім шарт жасалмайды, жасалған күннің өзінде жұмыс берушіге басымдық беріліп жатады. Себебі Еңбек кодексінде жұмыс берушіге басымдық берілген. Заңда жұмыс берушінің "өзі біледі", "өзі шешеді", "болуы мүмкін" деген сөздер көп. Тіпті инфляцияға байланысты жыл сайынғы айлықтың индексацияның өзі Еңбек кодексінде (157-бапты айтады – ред.) "ұжымдық келісім шартта болуы мүмкін, қарастырылуы мүмкін" деп тұр. Нақты "индексация қарастырылсын, ұжымдық келісім шартқа қосылсын" деп жазылмаған. Сосын жұмыс беруші "өзім білем", "жағдайыма, қаржыма, мекеменің табысы мен экономикалық жағдайына қараймын" дейді. Себебі заңда "қосылуы мүмкін" деп тұр, яғни, ол "қосылмауы да мүмкін" деген сөз. Осындай шикіліктің көптігінен дау туындайды. Жұмысшылар өзіміздікін айтамыз, жұмыс беруші өзінікін айтады, заңда нақты жазылмаған соң арты айқай-шу болып, ақыры жұмысшылар көшеде жүреміз, - дейді ол.
Сүйірханов жұмыс істейтін "Мұнайфилдсервис" "Өзенмұнайгазға" тиесілі мұнай кен орындарында бітеліп қалған мұнай көздерін тазалайды. "Мұнайфилдсервис" бұрғылаушысы еңбек дауын шешкенде тәуелсіз кәсіподақтың рөлі зор дейді.
- Жеке меншік компания болған соң оларға "айлықты көтер" десең, "бізге "Өзенмұнайгаздың" беріп отырған ақшасы аз", "егер көтерсек мекеме бонкрот болады" дейді. "Өзенмұнайгаздың" да әр скважинге төлейтін белгілі бір ақшасы бар ғой. 2018 жылы кәсіподақ атынан хат жазып, айлықты кішкене көтердік, категорияны өсіріп, әлеуметтік жеңілдіктер көлемін ұлғайттық, 2019 жылдың ұжымдық келісім шартына енгіздік. Қазір мекемемізде орташа айлық 400 мың теңгеден асады. Мұның барлығын жасайтын тәуелсіз кәсіподақ, - дейді Ахмет Сүйірханов.
Қазақстанда түрлі мекемелерде жұмысшылар жалақы өсіруді, жұмыс жағдайын жақсартуды талап етіп жиі ереуілдетеді. Елде ереуіл жұмысшылардың лайықты жалақы талап етіп, талабын орындататын негізгі әдіске айналды. Сарапшылар да елде ереуілдің жиілегеніне жұмыс беруші мен жұмысшы арасында көпір болатын тәуелсіз кәсіподақтың жоқтығымен байланыстырады.
ПІКІРЛЕР