"Лейланың үлкен ұлы Хамзат 17 жасқа толғанда, ол оны кіші ұлы Халидпен бірге Австриядағы әкесіне жіберген, білім алсын деген. Ол ұлдарының Панкисидегі радикал жастардың арасында болғанын қаламаған. Жақсы білім алған, бес тілді меңгерген Хамзат 10 жылдан соң еліне оралған. Бірақ 2013 жылы Сирияға соғысқа кетіп қалған. Ол жерде Хамзат "Ислам мемлекетінің" соғыс министрі Тархан Батирашвилидің жақын досы және аудармашысы атанған. Сөйтіп жүріп ел аузында жүрген шешен қызы Седа Дудуркаеваға үйленген. Седаның әкесі Асу Дудуркаев ол кезде Шешенстан үкіметінде миграциялық қызметтің басшысы болған. Бірақ осы оқиғадан кейін республика басшысы Рамзан Қадыров оны жұмыстан шығарып, Седаны елге қайтаруды бұйырған. Лейла болса ұлының бөтен елде не істеп жүргенін білгісі келіп, Сирияға барған. Сол жақта ұлының қатты өзгергенін көрген. Хамзат "Ислам мемлекеті" үшін өлуге дайын болған, бұл ісі мұсылмандар үшін әділдік орнатуға көмектеседі деп сенген".
Бұл – "Қош бол, "Ислам мемлекеті": Шығыс Еуропа лаңкестерінің оқиғасы" кітабынан үзінді. Кітапта Сириядан қашып шыққандардың, қарулы қақтығыстардан тірі қалғандар мен өлгендердің туыстарының әңгімесі жиналған.
Кітаптағы кейіпкерлер – Әзербайжан, Дағыстан, Грузия, Қазақстан, Шешенстан, Ресей, Украина азаматтары. ДАИШ ("Қазақстанда тыйым салынған, өздерін "Ислам мемлекеті" деп атайтын экстремистік топтың араб тіліндегі атауының қысқартылған нұсқасы – ред.) бұл адамдарды не үшін біріктірді? Бұған осы елдердің СССР құрамында болуының, Ресейдегі оқиғалардың қандай қатысы бар? Кітап авторы Екатерина Сергецкова Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында осы сұрақтарға жауап берді.
– Кітапта Украинадан алыс жерлер жайлы (ДАИШ бақылау жүргізген аумақтар мен Сириядағы соғысты меңзеп отыр – ред.), еліңіздегі маңызды мәселелерге қатысы жоқ нәрселерді қамтисыз. Өзіңіз Украинада тұрасыз. "Ислам мемлекеті" тақырыбын таңдауыңызға не түрткі болды?
– Постсоветтік елдердің азаматтары бұл ұйымда қандай рөл атқарғаны қызықтырды. Өйткені ДАИШ сапында соғысуға осы елдерден мыңдаған адам аттанды. Ресми деректерге қарағанда, экстремистік топ құрамында осы елдерден шыққан 15 мыңдай адам болған. Бұған олардың отбасын, "Ислам мемлекеті" жерінде туған балаларды қосыңыз. Яғни, өте көп. "Ислам мемлекеті" құрамындағы шетелдіктердің үштен бірі посткеңестік елдердің азаматтары деуге болады. Сонда посткеңестік елдерден шыққандардың сол жаққа баруын, қозғалысқа не себепті қосылғанын түсіндіретін зерттеудің жоғын түсіндім. Әрине, осы тақырыпты жиі қозғайтын Human Rights Watch ұйымының баяндамалары бар. Бірақ олар көбіне жалаң сандар мен анонимді әңгімелер болатын. Ал мен болған оқиғаларды сол жаққа барған адамдар арқылы білгім келді. Не үшін кеткенін түсінгім келді. Кітап тарихы осылай басталды.
– Оқиғаға қатысушылармен, куәгерлермен сөйлестіңіз. "Ислам мемлекеті" құрамында постсоветтік елдерден шыққандар неліктен көп?" деген сұрақтың жауабын таба алдыңыз ба?
– Таба алдым деп ойлаймын. Кітапта осы сұрақтардың жауабы бар сияқты. Әрине, жағдай күрделі болғандықтан, төтесінен айтылмайды. Адамдарда радикалды ислам қоғзалысына кіруге қажеттілік неден болғанын әлеуметтанушы Саския Сассен қолданған expulsion сөзімен, яғни "аластату" ұғымымен түсіндіруге болады. Ол радикалды эмиграцияны осылай атайды. Бұл – соғыс кесірінен немесе экономикалық себептерден болған эмиграция. Өз еліндегі жағдай бұл адамдардың көңілінен шықпайды, мемлекет оларды аластатып отыр. Посткеңестер елдер ішінде Ресейді алып қарасақ, онда көптеген жылға ұласқан шешен соғысы болды. Соғыстан басқа ештеңе көрмеген ұрпақ өсіп шықты. Олар соғыс кезінде өсуге, тәрбие алуға мәжбүр болды. Жасөспірімдер қолына қару алып, 10-12 жастан Шешенстан, Дағыстандағы түрлі топтарға қосылды. Салдарынан олардың көбі Ресей орнатқан жүйеге қарсылық таныту жолына түсті. Бұл сол кезде пайда болған авторитаризмге қарсылық еді.
Олар өзіне жайлы болатын орта іздеді және оны жалғыз "Ислам мемлекетінен" ғана емес, Сирия мен Ирак аумағындағы кез келген лаңкестік топтан таба білді. Олар мұны жаттығу алаңы деп қабылдаған: "қазір осы жерде қабілетімізді шыңдаймыз, сосын Ресейге барып, Шешенстанды қайтарып аламыз" деген сияқты. Орталық Азиядан шыққандардың көбі үшін бұл жол әлеуметтік баспалдақ, үшінші сұрыптағы адам мәртебесінен арылу мүмкіндігі болған (кітапта Орталық Азиядан шыққан, алдымен Мәскеуге жұмысқа барып, сол жақтан Сирияға соғысқа кеткендердің оқиғасы айтылады – ред.). Ресейде Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан азаматтарын осылай атайды. Мәселе даму мүмкіндігі жоқ, білім ала алмайтын, табысы жоғары жұмысқа тұра алмайтын, кедей өмір сүретін адамдар жайлы болып отыр. Олар үшін бұл қол жетпес армандай. Сондықтан оларға Сириядағы мұсылмандарды қорғау қалыпты өмір сүруге мүмкіндік бермеген жағдайдан шығуға түрткі болған. Бұдан не шыққаны – басқа мәселе. Адамдар бейбіт жолмен бірдеңе өзгертудің орнына неліктен соғысты таңдады? Бұл жерде адамдардың үміті үзілген, басқа таңдауы болмаған сыңайлы.
– Кітабыңызды оқып отырып, мен де соны байқадым. Сіз әңгімелескен кейіпкерлер "Ислам мемлекеті" құрамына кіргенде, олар үшін діннің соншалық маңызды болмағаны – күтпеген жағдай болды. Олардың айтқандарына қарасақ, "Ислам мемлекетінің" өзінде содырлардың біразы ислам дәстүрін негізге алмайтыны, оны өздерінің ыңғайына қарай түсіндіретіні біраз пікірталас туғызғандай. Мәселе адамдардың әсіре діншілдігінде болмай шықты...
– Дінді бұрмалаған. Діни сауаты аз адамдар ұғымдарды үстіртін қабылдайды. Олар "исламды осылай да осылай түсіну керек" деген уағызшыларға қатты сенеді. Әдебиет оқымаған, діни ережелерді бұрын ұстанбаған адам үшін бұл пропаганда сияқты әсер етеді. Шын мәнінде, бұл діни пропаганда болды да. "Ислам мемлекеті" лидерлері исламдағы ең қарама-қайшы түсініктерді алып, өздеріне ыңғайлап түсіндірген. Сол арқылы адамдарды соғысқа барып, халифат орнатуға ынталандырғысы келген. Негізінде мұның өте бейбіт дін саналатын исламға қатысы жоқ.
– Сіз айтқан ығыстыру Донбастағы шиеленістен де байқалады. Кітаптағы бірнеше кейіпкер Сирияда да, Донбаста да соғысқан. Яғни, бұл екі қарулы қақтығыстың соншалық ерекшеленбейтініне, соғыстың мәні бір екенін сая ма?
– Меніңше, бір соғыстан кейін екіншісіне барып жүргендер бар. Кітабымда алдымен Грузияда Ресейге қарсы соғысып, кейін Сирияға барған шешендер туралы жаздым. Олардың ішінде лаңкестік ұйым деп танылмаған, Асадқа қарсы оппозиция өкілі саналатын еріктілер әскеріне кіргендер де, "Ислам мемлекеті" үшін соғысуға кеткендер де бар. Олардың көбі кейін Украинаға келіп, Донбаста соғысқан. Мысалы, ерікті немесе барлаушы ретінде, немесе басқа да жолмен Украинаның шығысындағы соғысқа қатысқан. Бірақ мен ортақ инфрақұрылым бар деп айта алмаймын. Жоқ деуге де болады. Мұндағы негізгі мәселе – кей шешен үшін Сириядағы соғыс та, Донбастағы соғыс та Ресейге қарсы соғысумен тең болып тұрғаны. Сондықтан олар бұл екі соғысты қарсылықтың бір бөлігі ретінде қабылдаған.
– "Ислам мемлекеті" мүшелерінің немесе Сирия ерікті әскері құрамына кіргендердің Украина жерінде болуы елге қауіп төндіре ме?
– Бұл жерде нақты оқиғаға байланысты сияқты. Себебі соғыспаған, бірақ Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан секілді елдер оларға қарсы лаңкестік бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған босқындар да бар. Бұрмаланған, күмәнді куәгерлердің айтқанымен қозғалған істер де бар. Жалған іс қозғайды да, Интерполға жібереді. Адамдарды қамауға алады. Жаңалықтан Киевте "Ислам мемлекеті" содыры ұсталды, оны Интерпол сұрауымен отанына экстрадициялайды" дегенді естіп жатамыз. Алайда бұл әділ айыптау ма, оны ешқашан біле алмайсың. Өз басым мұндай жаңалықтарға сенбеймін. Себебі мен білетін жағдайлардың көбі – "Ислам мемлекетіне" еш қатысы жоқ адамдарға қарсы қозғалған жалған істер.
Бұл оқиғаның екінші жағы да бар. Расымен "Ислам мемлекеті" үшін соғысқан адамдар қауіпсіздік қызметінің көзіне түспей қалады. Қауіп төндіретін шын содырлар жазасыз, назарсыз қалып жатады. Ол адам Украинада еркін өмір сүріп, бизнеспен айналысуы мүмкін. Оны анықтап, ешкім қамауға алмайды.
Екінші мәселе – олар расымен қауіп төндіре ме? Ұйқыдағы ұйымдар болады. Олар белгілі бір уақыт тыныш отырады, теракт немесе арнайы операцияларды жоспарлайды. Сол арқылы Сирияға немесе Иракқа барып, басқа топтарға қосылуды көздейді. Мұндай топтарды анықтау және ұстау өте қиын. Арнайы қызмет үшін өте қиын жұмыс. Олар осы тақырыпқа маманданған болуы керек, топтың қалай жұмыс істейтінін түсініп, оларды қалай, қайдан іздеу керегін білуін қажет етеді.
Түрлі-түрлі оқиға бар. Олардың бәрін бір жерге жинап, мыналардың бәрі қауіпті деуге келмейді. Олай емес. Жалған қылмыстық іс қозғалғаны үшін өмірі тас-талқан болғандар да бары анық. Мұндай жағдайлар өте көп.
– Яғни, "Ислам мемлекеті" посткеңестік елдердегі "жарамсыздарға" қарсы қару ретінде де қолданыла ма?
– Өзгеше ойлайтындарға қарсы қару сияқты. Ресейде мұндай істер мыңдап саналады. Украинада да адамдарды осындай айыппен ұстап жатады. Ал Украина жеріндегі шын қауіпті содырлар болса да, олар үшін Украина – тыныш отырып, ақша табатын, ісін дөңгелететін жер. Олар үшін бұл жер safe heaven (ағылшын тілінен тура аударғанда "жайлы жұмақ" мағынасын білдіреді – ред.). Мен жинаған әңгімелерге қарасақ, түсінуімше, олар Украинада лаңкестік жасауды жоспарлап отырған жоқ. Олардың мақсаты басқа.
– Сіз өте жабық әлемге бас сұқтыңыз. Кейіпкерлердің бәрін қалай таптыңыз? Олардың бәрі сізбен сөйлесіпті, кейбірі, тіпті, ашықтан-ашық әңгімелесіпті.
– Бұл сұрақ мені үнемі ыңғайсыз жағдайға қалдырады. Шынында дереккөз іздеу, сол адамдармен қарым-қатынас орнату өте қиын, ұзақ және ауыр жұмыс. Егер адам саған сенсе, ол саған басқа әлемнің есігін ашуға дайын болады. Сенімен ашық сөйлесетін басқа адамдарен таныстыра алады. Бұл кітапқа бес жыл кетті. Дереккөзбен күн сайын жұмыс істедім. Бұған көп уақыт, шыдам, ашықтық керек. Көп қылмыс жасаған адамды сөйлеткің келсе, онымен өзің ашық болуың керек, мұны неге жасап жатқаныңды ашық айтуың керек. Мен сөйлескен адамдардың маған келісім беруі соның дәлелі секілді.
– Ал сіздің әйел болғаныңыз қандай да бір жағдайда кедергі келтірді ме?
– Мұндай кедергі мүлдем болған жоқ. "Әйелдермен бетпе-бет сөйлесе алмаймыз, бізде ондай жоқ. Бірақ сізге сенемін, сондықтан оқиғамды жеткізу үшін ішкі ұстанымдарымнан бас тарта аламын" дегендер болды.
ПІКІРЛЕР