Accessibility links

Нобель сыйлығын алған ресейлік журналист Дмитрий Муратов кім?


Ресейлік журналист Дмитрий Муратов "Новая газета" редакциясында отыр. 7 қазан 2021 жыл.
Ресейлік журналист Дмитрий Муратов "Новая газета" редакциясында отыр. 7 қазан 2021 жыл.

Ресейлік журналист Дмитрий Муратов пен филиппин журналисі Мария Ресса биылғы Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын алды. Нобель комитеті екі журналиске сыйлықты "ой еркіндігін қорғауға күш салғаны үшін" берді. Муратов – ондаған жыл бойы Ресей билігіндегі жемқорлықты жариялап жүрген ресейлік "Новая газета" басылымының редакторы. Нобель комитеті бұл басылымды "қазіргі Ресейдегі ең тәуелсіз газет" деп сипаттап, Муратовтың еліндегі "сөз бостандығын қорғаудағы" жұмысын атап өтті.

МУРАТОВ ПЕН "НОВАЯ ГАЗЕТА"

Дмитрий Муратов – Ресейдегі "Новая газета" тәуелсіз басылымын 1993 жылы негізін қалағандардың бірі. Содан бері осы газеттің бас редакторы болып келеді. Ресейдегі адам құқығы, саясат, жемқорлық тақырыптарын ашық, әрі терең зерттеп жазатын газет түрлі қиындықтарға, қысымға тап болды.

Бұл басылым Ресей президенті Владимир Путин мен оның маңындағыларды ашық сынап жүрген санаулы медианың қатарында.

Аптасына үш рет шығатын басылым биліктегі коррупция мен қызметін асыра пайдалану фактілері жайлы зерттеулер мен адамдардың ауыр жағдайы жайлы мақалаларды жиі жариялайды. Шешенстандағы адам құқығының бұзылуы жайлы да көп жазады.

"Новая газета" редакциясына талай мәрте қорқыту мен қоқан-лоқы жасалған.

"Ресейдің барлық аймағында жұмыс істейміз. Ел бойынша ондаған фрилансеріміз бар. Біз – халықтың газетіміз" деген еді Муратов.

Муратов Нобель сыйлығын "Новая газета" тілшісі Анна Политковскаяның қазасына 15 жыл толған тұста алды. Басылымның танымал журналисі Политковская 2006 жылы кісі қолынан қаза тапқан. Ол Шешенстан билігінің қатыгездігі мен Ресейдегі жемқорлық жайлы көп жазды.

Муратов әріптесінің қазасына кінәлілердің табылмағанын ашық сынаған еді.

"Новая газетаның" тағы алты журналисі кісі қолынан қаза болған. Басылым журналистері өлтіріп кетеміз деген хаттар мен ескертулерді қазір де жиі алады.

Муратов бұл сыйлықты Ресей билігі тәуелсіз басылымдарды "шетел агенті" деп қысым жасап жатқан тұста алды. Мәскеу Азаттық радиосын, "Настоящее время" телеарнасын, "Дождь" телеарнасын, "Медуза" сайтын және тағы ондаған медианы "шетел агенті" деп, олардың жұмысына кедергі жасап жатыр.

Муратов "Қысымға тап болған Ресей журналистикасын көмектесуді жалғастырамыз. "Шетел агенті" деп қысымға тап болған адамдарға да көмек қолымызды созуға тырысамыз" деген еді.

Мария Ресса мен Дмитрий Муратов.
Мария Ресса мен Дмитрий Муратов.

Ал Муратовпен бірге Нобель сыйлығын алған филиппиндік Мария Рессаны BBC сайты "Филипинде сөз бостандығы символына айналған журналист" деп атаған. Ол президент Родриго Дутерте режимін аямай сынайды. Президент оны "халық жауы" деп атаған. Билік журналистің ағылшын тіліндегі Рапплер сайтын да талай рет сотқа берген. Time журналы Рессаны 2018 жылы ең ықпалды 100 адамның қатарына қосқан.

Биылғы Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығына барлығы 300-ден аса үміткер болған. Олардың арасында ресейлік оппозиционер Алексей Навальный, Беларусь оппозициясының жетекшісі Светлана Тихановская, экобелсенді Грета Тунберг бар.

БИЫЛҒЫ СЫЙЛЫҚТАРДЫ КІМ АЛДЫ?

Биыл медицина саласындағы Нобель сыйлығын америкалық Дэвид Джулиус пен Ардем Патапутян алды. Оларға сыйлық "температура рецепторлары мен тактильді рецепторды ашқаны үшін" берілді.

Ал физика саласы бойынша сыйлықты "климатты физикалық модельдеп, ғаламдық жылынуды тоқтатуға үміт сыйлаған" ғалымдар Клаус Хассельман, Джордж Паризи және Сюкуро Манабэ иеленді.

Химия саласы бойынша сыйлық молекулаларды синтездеу құрылғысын жасаған химиктер Бенджамин Лист пен Дэвид Макмиллан алды.

Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы Африкадағы колонизация туралы жазған танзаниялық жазушы Абдулразак Гурнаға берілді.

НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫ ЖАЙЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ?

Нобель сыйлығы жыл сайын бейбітшілік, әдебиет, физика, химия және медицина саласы бойынша беріледі. Сыйлықты "адамзатқа көп пайда әкелген" адамдар алады. Бұл сөздің авторы – динамитті ойлап тапқан швед Альберт Нобельдің сөзі. Нобель осы сыйлықтың берілуіне көп күш салды. Нобель сыйлығы алғаш рет 1901 жылы берілді.

Алты номинацияның бесеуі Швецияда, бейбітшілік жөніндегі сыйлық Норвегияда таңдалады.

Академиялар, университеттер, профессорлар, ғалымдар, бұрынғы лауреаттар үміткерлер ұсына алады. Нобель қоры үміткерлердің толық тізімін 50 жыл бойы жариялауға тыйым салған.

Сыйлықты бір адам я екі-үш адам бөлісе алады. Егер комиссия сыйлыққа лайықты адам таппаса, берілмейді. Нобель сыйлығы ұйымдарға да берілуі мүмкін.

Соғыс кездерінде лауреаттар анықталмай қалған.

ЛАУРЕАТТАРҒА ҚАНДАЙ СЫЙЛЫҚ БЕРІЛЕДІ?

Сыйлық иегерлеріне ерекше Нобель дипломы, Нобель медалі және 10 миллион швед кроны, яғни 1,1 миллион доллар беріледі. Егер жеңімпаз бірнешеу болса ақшалай сыйлықты тең бөліседі. Марапаттау рәсімі Нобельдің өмірден өткен күні – 10 желтоқсанда болады. Ақшаны алу үшін лауреаттар лекция оқуы тиіс.

1901-2019 жылдары аралығында сыйлық 947 мәрте берілді – 920 адам, 27 ұйым. Ең жасы – 17 жастағы Малала Юсуфзай. Ол – Ауғанстандағы қыздардың білімі үшін күрескен белсенді.

Малала Юсуфзай.
Малала Юсуфзай.

Ең егдесі – Джон Гуденаф 97 жасында сыйлық иегері атанды. Нобель лауреаттарының 53-і – әйел. Алты адам сыйлықтан бас тартқан. Олардың қатарында философ Жан-Поль Сартр (1964) мен вьетнамдық саясаткер Ле Дык Тхо (1973) бар. Қалған төрт адам еліндегі қысымнан соң сыйлықты алмады.

Нобель сыйлығын алғандардың қатарында АҚШ-тың экс-президенттері Джимми Картер (2002) мен Барак Обама (2009), Еуропа одағы (2012), БҰҰ мен ұйымның сол кездегі басшысы Кофи Аннан (2001), Альберт Эйнштейн (1921, физика) бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG