Accessibility links

Оралда "экстремистік ұйым ісіне араласты" деп айыпталған белсенді Оқасовтың соты басталды


Оралдық белсенді Орынбай Оқасов.
Оралдық белсенді Орынбай Оқасов.

Оралда азаматтық белсенді Орынбай Оқасовқа қозғалған іс бойынша сот басталды. Оған "экстремистік ұйымның ісіне араласты" (405-бап, 2-бөлім) деген айып тағылып отыр. Наразылық акцияларынан кейін полиция назарына ілінген Оқасов айыпты толық жоққа шығарады.

Айып бірнеше эпизодтан тұрады. Арасында белсендінің 2021 жылы 28 ақпанда Орал әкімдігі рұқсат берген митингіде сөйлеген сөзі де бар. Онда Оқасов Қазақстанда "экстремистік ұйым" деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясын" Еуропарламент бейбіт оппозициялық ұйым деп танығаны жөнінде атап өтіп, резолюциясынан үзінді келтірген. Айыпқа сонымен бірге белсендінің әлеуметтік желілерде жазғандары мен бейбіт митингілерге қатысуы да негіз болған.

Сейсенбі, 12 қазанда іс бойынша алғашқы сот отырысы өтті. Орынбай Оқасов судья, прокурорға сенімсіздік білдіріп, мемлекеттік адвокаттың қызметінен бас тартты.

— Судьяға сенімім жоқ, судьяны, прокурорды ауыстыру туралы өтініш беремін. Маған берілген адвокат қызметінен де бас тартамын: оның атының да кім екенін білмеймін, ол мені қалай қорғайды? — деді сот отырысы кезінде Орынбай Оқасов.

Сот Оқасовтың өтінішін қанағаттандырған жоқ. Оның ісін әрі қарай да судья Қайрат Өтешов қарай береді. Белсенді құқығының бұзылғанын айтып, шешімді апелляцияға беретінін жеткізді.

Орынбай Оқасов – Оралда бейбіт акцияларға жиі қатысып жүрген азаматтық белсенді. Сол үшін талай рет ұсталып, әкімшілік қамауға алынған. Жазда оның уақытша қамау изоляторынан шыға сала қайта қамалған кездері болды.

2020 жылы Нұр-Сұлтанның Есіл аудандық соты "Көше партиясын" "экстремистік" деп танып, оның қызметіне тыйым салған. Екі жыл бұрын ҚДТ жұмысына да осындай себеппен шектеу қойған еді. Еуропарламент бұл екі ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атайды.

Екі ұйым Қазақстандағы авторитарлық басқаруды тоқтатуды және парламенттік басқару жүйесіне көшуді талап етеді.

"Көше партиясы" мен ҚДТ-ға тыйым салу туралы сот шешімдері жарияланған жоқ.

Қазақстандық құқық қорғаушылар соңғы жылдары билік осы екі ұйымның ісіне араласқаны үшін 300-ге жуық адамды қудалады деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG