Авторитар басшысы "коронавирус жоқ" деп мәлімдеген Түркіменстанда індет басталғалы бері ковидпен байланысты 25 мың адам өлімі тіркелген. Тізім құпия түзіліп, жарияланбаған. Азаттықтың Түркімен қызметіне елдегі денсаулық сақтау саласындағы дереккөзі осылай деп мәлімдеді.
"[Коронавирустан] қайтыс болғандардың өлімі туралы мәлімет жарияланбағанмен күн сайын аймақтағылар денсаулық сақтау министріне сол жөнінде баяндайды" деді дереккөзі.
Америкалық Джонс Хопкинс университеті мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жинаған мәліметке сәйкес, әлемде коронавирус жөнінде дерек бермеген кемінде бес мемлекет бар. Арасында 6 млн халық тұратын Түркіменстан да бар. Үш ел Тынық мұхитында құрлықтан алшақ орналасқан. Төртіншісі – Солтүстік Корея.
Түркіменстанды 2006 жылдан бері басқарып келе жатқан Гурбангулы Бердімұхамедов "елде коронавирус бар" деген ақпаратты терістеп, қыркүйек айында БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеген кезде коронавируспен күрес шараларын "саясиландырудың қажеті жоқ" деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР