Accessibility links

"Билікке – жарнама, елге пайдасыз". Қазақстан БҰҰ адам құқығы кеңесіне енді


Оппозицияның наразылық шеруі өтеді деп алдын ала хабарланған жерге келген азаматтарды полиция күштеп әкетіп жатыр. Алматы, 6 маусым 2020 ж.
Оппозицияның наразылық шеруі өтеді деп алдын ала хабарланған жерге келген азаматтарды полиция күштеп әкетіп жатыр. Алматы, 6 маусым 2020 ж.

БҰҰ адам құқықтары жөніндегі кеңесіне Қазақстанның сайлануын ресми Нұр-Сұлтан "осы саладағы күш-жігерімізді мойындау" деп атады. Ал құқық қорғаушылар азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандығы тапталып жатқан елде билік мұны өзін жарнамалау құралы ретінде ғана пайдаланып, шынайы өзгеріске бармайды деп санайды.

14 қазанда БҰҰ Бас ассамблеясы Адам құқықтары жөніндегі кеңеске 2022-2024 жылдар кезеңіне жаңадан сайлаған 18 елдің арасында Қазақстан да бар:

Нұр-Сұлтанның кандидатурасын Бас ассамблеяға мүше 193 елдің 184-і қолдаған. Ережеге сай, кеңес құрамына сайлану үшін кемінде 97 дауыс керек.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі 15 қазанда таратқан хабарламасында "Еліміздің дүниежүзілік ұйымның бас құқық қорғау органына сайлануы оның адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы халықаралық нормалар мен стандарттарды ілгерілету процесіне белсенді және жауапты қатысушы ретіндегі рөлін мойындау" деп мәлімдеді.

"Қазақстан Кеңестегі жұмысының басым бағыттары гендерлік теңдікті ілгерілету және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, өлім жазасын жаппай жою, төзбеушіліктің барлық нысандарына қарсы күрес, дін мен сенім бостандығы, инклюзивті және жалпыға бірдей білім беруді қамтамасыз ету, сондай-ақ Covid-19 пандемиясы жағдайында адам құқықтарын құрметтеу болады" делінген СІМ хабарламасында.

БҰҰ адам құқығы жөніндегі кеңесінің отырысы. Женева, Швейцария, 13 наурыз 2018 ж.
БҰҰ адам құқығы жөніндегі кеңесінің отырысы. Женева, Швейцария, 13 наурыз 2018 ж.

Адам құқықтары жөніндегі кеңеске 47 мемлекет мүше. БҰҰ-ға қарасты үкіметаралық органның құзыретіне адам құқығы саласына байланысты барлық мәселені талқылау жатады.

"ҚАЗАҚСТАН – АДАМ ҚҰҚЫҒЫН БҰЗАТЫН ЕЛ"

Қазақстан бұл кеңеске араға тоғыз жыл салып қайта еніп отыр. Ең алғаш рет мемлекет 2013-2015 жылдары осы кеңес мүшесі болған. Сол кездегідей, қазір де Қазақстан адам құқығы бұзылатын ел ретінде жиі сынға қалып жүр.

Осыдан бірнеше күн бұрын халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы БҰҰ адам құқықтары жөніндегі кеңесіне кандидаттар арасында мүше болуға лайықтысы азын айтып, Қазақстандағы адам құқығының жай-күйін сынаған.

"Қазақстан үкіметі адам құқығы мәселесін күн тәртібіне енгізіп, көңіл бөліп келе жатқанын айтқанымен, елде азаматтардың сөз бостандығы, бейбіт жиналу және бірігу құқықтары, соның ішінде тәуелсіз кәсіподақ құру құқығы да елеулі түрде шектеледі" деді HRW мәлімдемесінде.

Сот екі жылға бостандығын шектеген белсенді Диана Баймағамбетованың Азаттыққа сұхбаты. Алматы, 11 қазан 2021 ж.

Диана Баймағамбетова: Билік белсенділердің аузын жабу үшін бәрін істеп жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:57 0:00

Биліктің атына мұндай сынды жергілікті құқық қорғаушылар да жиі айтады. Қазақстан БҰҰ адам құқығы жөніндегі кеңесіне мүше болып қабылданар қарсаңда, елдің ең ірі мегаполисінде 13 оппозиялық белсендіге сот үкімі шықты.

Қазақстанның адам құқығы және заңдылықты сақтау бюросы "саяси қудалау науқанының шырқау шегі" деп атаған сот процесінде судья "Экстремистік ұйымның ісіне араласты" деп айыпталған 13 адамның барлығына жаза кесті: төртеуін 5 жылға түрмеге қамап, өзгелерінің бостандығын 1 жылдан 2 жылға дейінгі мерзімге шектеді. Сотталушылар тағылған айыпты мойындамайтынын, үкіммен келіспейтінін мәлімдеді.

13 белсенді Нұр-Сұлтан соты "экстремистік ұйым" деп таныған, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, қуғындағы экс-банкир Мұхтар Әблязов жетекшілік ететін "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы мен "Көше партиясына" қатысы бар, олар ұйымдастырған заңсыз митингілер мен акцияларға, пикеттерге қатысты деп айыпталды. Бірақ белсенділердің "Көше партиясына" тыйым салған сот қаулысын көрсетіп, іске тіркеу туралы талабын сот қанағаттандырмады.

– Пікірін айтып, бейбіт түрде жиналу – адамның конституцияда, халықаралық пактілерде көрсетілген негізгі құқығына жатады. Қазіргі таңда оны қатаң басып-жаншып тастап отыр. Оларды сол негізгі құқықтарын пайдалануға тырысқаны үшін түрмеге қамады, – дейді құқық қорғаушы Ерлан Қалиев.

Полиция жасағы үкіметке қарсы бейбіт митингіге шыққан азаматты ұстап, әкетіп бара жатыр. Алматы, 6 маусым 2020 ж.
Полиция жасағы үкіметке қарсы бейбіт митингіге шыққан азаматты ұстап, әкетіп бара жатыр. Алматы, 6 маусым 2020 ж.

Қазақстанда тыйым салынған ҚДТ мен "Көше партиясын" Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атайды. Биыл жазда Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Нұр-Сұлтанды Қылмыстық кодекстегі "Экстремизм" бабын билік сыншылары мен белсенділерді қудалауға қолданады деп айыптаған.

"БИЛІК СЫРТҚЫ ЖАРНАМАСЫНА ПАЙДАЛАНАТЫН ҚҰРАЛ"

Қазақстанның БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне сайлануын билік өкілдері "құқық қорғаушыларымыз бен мемлекеттің адам құқығын қорғау саласындағы күш-жігерін мойындауы" деп атады.

"БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі жұмысына Қазақстанның қатысуы мемлекет назарын бұдан ары қарай да құқық қорғау мәселелеріне аударып, адам құқықтарын қорғау саласындағы өзге де көптеген проблеманы шешуге септігін тигізеді" деп жазды Қазақстан президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин Telegram-каналында.

Алайда қазақстандық құқық қорғаушылар БҰҰ адам құқығы жөніндегі кеңесіне Қазақстанның қабылдануына жай ғана ротация деп қарайды. Олардың пікірінше, билік мұны өзін жарнамалау құралы ретінде пайдалануға тырысқанымен, ел ішіндегі адам құқығының шынайы ахуалын жақсартуға еш пайдасы жоқ.

Қазақстанның адам құқығы және заңдылықты сақтау бюросы жетекшісі Евгений Жовтис Қазақстан БҰҰ адам құқығы жөніндегі кеңесіне Азия-Тынық мұхит аймағына берілген бес орынға ұсынылған бес кандидаттың бірі болғандықтан өтті дейді.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.

– Кеңес құрамында саяси құқықтар мен азаматтық бостандықтарды "керемет қорғайтын" Қытай, Куба, Каддафи кезінде Ливия, Мадуро басқаратын Венесуэла және өзгелер болғанын я әлі де барын ескерсек, оларды сіңірген еңбегіне қарап емес, саяси биязылық танытып кеңеске енгізді деуге болар. Оның үстіне БҰҰ ротация жасап тұратынын мақтан етеді және ұмытпасам қазірге дейін 117 ел осы кеңеске мүше болып үлгерді. Ал бірақ билік ішкі пропаганда үшін мұны жарнамалайды, оған қоса бұл билікке саяси қудалау мен саяси құқықтарды бұзғанына халықаралық қауымдастықтың сынын елең қылмауына мүмкіндік береді, – дейді Жовтис.

"Ар.Рух.Хақ" құқық қорғау ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина елдегі адам құқығы ахуалы күннен күнге нашарлап бара жатқанын айтады.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.

– Егер бұған дейін [бұрынғы президент Нұрсұлтан] Назарбаев мырзаның кезінде адам құқығын сақтаудың "ырымы" да жасалмаған болса, қазір [президент Қасым-Жомарт] Тоқаев мырзаның тұсында "бізде билік орындарын ескертуді ғана қажет ететін бейбіт митингі туралы жаңа заң қабылданды, саяси партиялар мен сайлау туралы заңдарға өзгеріс енді" деп ел ішіндегі азаматтық қоғамды да, халықаралық қауымдастықты да алдап келеді. Шын мәнінде мұның барлығы жалған, оның адам құқығының жағдайын жақсартуға еш қатысы да жоқ, – дейді Бақытжан Төреғожина.

Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов.
Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов.

Қазақстандық Liberty құқық қорғау ұйымы жетекшісі Ғалым Ағелеуов болса, Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдында бұған дейін берген уәделері бос сөз болып қалғанын айтады. Ол Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымына төраға болғанын, президент Тоқаевтың "демократиялық өзгерістер жасайтыны" жайлы берген уәдесін мысалға келтірді.

– Біздің билік билікке монополия мен репрессия жүргізуін тыймай-ақ, өз абыройын көтермелеу үшін кезекті жарнамаға қол жеткізгісі келеді. Саяси бәсекелестікті жойып, саяси көзқарасы үшін түрмеге тығып жатқан кезде ешқандай даму болмайды, – дейді құқық қорғаушы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG