Accessibility links

"Кері кету". Foreign Policy Centre Қазақстандағы адам құқықтары ахуалына баға берді


"Қазақстанның демократиялық партиясын" құруға ынталы топ мүшелері полиция құрсауында ("кеттлинг") тұр. Алматы, 28 ақпан 2021 жыл.
"Қазақстанның демократиялық партиясын" құруға ынталы топ мүшелері полиция құрсауында ("кеттлинг") тұр. Алматы, 28 ақпан 2021 жыл.

Ұлыбританиядағы Foreign Policy Centre тәуелсіз зерттеу орталығы "Кері кету: Қазақстандағы адам құқықтарына қысымды талдау" атты зерттеуін жариялады. Онда қазақстандық және шетелдік ғалымдар елдегі саяси және азаматтық құқықтар, сөз бостандығы мен еңбек құқықтары ахуалына баға береді.

"Кейінгі 30 жылда Қазақстанды басқарушы элита айтарлықтай экономикалық өсімге қол жеткізді, бірақ өзі де ерекше пайдаға кенелді. Элита ел ішіндегі түрлі этнос топтар арасындағы тұрақтылықты сақтағанымен, бұған саяси және азаматтық бостандықтарды құрбан ете отырып қол жеткізді" дейді Foreign Policy Centre директоры Адам Хуг.

Отыз жылдай ел басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы орнына қалдырған үзеңгілесі Қасым-Жомарт Тоқаев президент қызметіне кіріскен соң "халық үніне құлақ асатын үкіметке бастайтын саяси реформаларды іске асыруға уәде еткен. Алайда зерттеушілер Тоқаев жалғастырып жатқан "демократияландырусыз модернизация" және "жүйе ішіндегі реформа" биліктің қазіргі авторитар құрылымын сақтайды дейді. Оның үстіне биліктегі "Нұр Отан" партиясының төрағасы әрі аса ықпалды Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметін атқаратын экс-президент Назарбаев билік пен ықпалын сақтап, елді сахна сыртынан басқаратындықтан, Тоқаевтың іс-әрекет алаңы шектеулі, мемлекет бюрократиясына ықпалы әлсіз дейді ғалымдар.

"КОСМЕТИКАЛЫҚ СЫЛАП-СИПАУ ЖӘНЕ САЯСИ ҚҰҚЫҚТАРДЫ ШЕКТЕУ

Колумбия университетінің PhD кандидаты Коллин Вуд Тоқаевтың 2021 жылғы 10 маусымдағы "Қазақстанның адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы" жарлығын "естуші мемлекет" концепциясымен салыстырады.

Полицейлер үкіметке наразылық білдіріп шеруге шыққан азаматтардың қолындағы плакатты тартып алуға әрекет жасап жатыр. Алматы, 6 шілде 2021 жыл.
Полицейлер үкіметке наразылық білдіріп шеруге шыққан азаматтардың қолындағы плакатты тартып алуға әрекет жасап жатыр. Алматы, 6 шілде 2021 жыл.

Автор бұл жарлық Қылмыстық кодекске болмашы ғана өзгеріс енгізумен шектеледі деп есептейді. Бұл тура 2020 жылдың маусымындағы бейіт жиын туралы заңға енгізілген өзгерістер тәрізді болмақ. Бейбіт жиындар туралы заң шектеулерді сәл жұмсартқанымен, қазақстандықтардың жиналу құқығын бәрібір шектейді. Ұйымдастырушылар бейбіт жиын өткізетінін жергілікті билікке алдын ала хабарлауы тиіс, митингіге рұқсат беру-бермеу жайлы шешуші сөзді жергілікті билік айтады. Осы заңды 2020 жылдың 6 маусымында өткен бейбіт жиында сынаған наразыларды жаппай ұстау бұл "реформа" косметикалық сылап-сипау екенін көрсетті.

Автор Қазақстан қоғамдық бірлестіктерді тіркеу процесі арқылы өзі қауіп көретін топтардың жұмысына тосқауыл қояды дейді. Feminita феминистік ұйымының әділет министрлігіне үш мәрте құжат тапсырып, тіркеле алмағаны – бұған мысал. Кейін министрлік өкілдері күтпеген жерден Feminita жарғысына "түзетулер" мақұлданып, ұйым тіркелгенін хабарлады. Құзырлы орган ұйым өкілдерінің келісімінсіз жарғыдағы кей баптарды алып тастаған.

Автор бұл мысал мемлекет пен қоғам қарым-қатынасында белсенді плюралистік азаматтық қоғам қарастырылмағанын көрсетеді дейді.

Қазақстан Конституциясы сөз бостандығы мен бейбіт жиындар құқығына кепілдік бергенімен, Қылмыстық кодекстегі қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған баптар бұл құқықтарды шектейді. Коллин Вуд Конституция мен Қылмыстық кодекстегі осы сәйкессіздікті тез арада жойып, қоғамдық өмірдегі басқа да шектеулерді азайту үшін реформа қажет дейді.

"44 АЙМАҚ" ЖӘНЕ "МАЖОРИТАРЛЫҚ ЖҮЙЕМЕН САЙЛАНАТЫН ПАРЛАМЕНТ"

Құқық қорғаушылар Айна Шорманбаева мен Амангелді Шорманбаев биліктің Назарбаевтың қолында шоғырлануы елдегі шынайы оппозиция, тәуелсіз БАҚ-тың жоқтығы репрессияшыл аппараттың күшеюі мен азаматтық кеңістіктің тарылуына әкеп соқтырды дейді. Осының салдарынан мемлекетке тәуелді қоғам өз мүддесін қорғай алмай отыр деген авторлар елдегі саяси билікті құқық қорғау органдары қолдайтын олигарх топтары бөліп алды деп қорытады. Сондықтан мұндай жүйедегі өзгеріс ең алдымен конституциялық реформадан басталып, одан кейін өзін-өзі басқарудың жаңа жүйесін құру үшін әкімшілік-аумақтық реформа жүргізілуі шарт.

Құқық қорғаушылар Қазақстандағы конституциялық реформа тек Конституцияны өзгертіп қана қоймай, сайлау, саяси партиялар мен кәcіподақтар туралы заңды, президент пен парламент құзыретін, үкімет құрылымын қамтуы тиіс дейді. Сонымен қатар өзін-өзі басқарудың шынайы жүйесін құру үшін елдің аумақтық бөлініс жүйесін өзгерту керек.

Авторлардың айтуынша, аймақтардың қазіргі саны бүкіл қаржының бір қолда шоғырланғанын, биліктің орталықтандырылғанын анық көрсетеді.

"Мысалы, Еуропадағы бірнеше мемлекеттің жеріне тең аумақты алып жатқан Қарағанды облысын бір адам – облыс әкімі басқарады. Біз қазіргі 17 аймақ орнына 44 аймақ құруды ұсынамыз" дейді авторлар.

Құқық қорғаушылар елдегі басқару жүйесін президенттік-парламенттік жүйеге ауыстыруды ұсынады. Себебі елде әлі Еуропадағыдай парламентаризм институты қалыптасқан жоқ, сондықтан өтпелі кезеңде аралас жүйе болғаны жөн.

Авторлар парламент мәжілісін пропорционал сайлау жүйесінен бас тартып, мажоритар жүйеге қайтып оралу керек деп есептейді. Олар сондай-ақ сенат депутаттарын да халық сайлауы керек дейді.

Қазір тәуелсіз саяси партияны тіркеу үшін бастамашыл топ кемінде 20 мың адамның қолын жинауы тиіс. Айна және Амангелді Шорманбаевтар мұндай жағдайда саяси партия құру мүмкіндігі жоққа тән, сол себепті саяси партиялар туралы заңға өзгеріс енгізіп, тіркеу үшін қажет қол санын 20 мыңнан 200-ге түсіру керек дейді.

КЕТТЛИНГ ӘДІСІ ЖӘНЕ АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЕРЕЖЕЛЕРІН БҰРМАЛАУ

Полицияның белсенділерге кеттлинг әдісін қолдануына тоқталған құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль бұл әдіс әу бастан ұлттық және халықаралық заңдарға қайшы екеніне назар аударады.

"Қазақстанда полицияның бостандықты шектеуі тұтқынға алу болып саналады, мұндай шектеуді тек қылмыс немесе тәртіпсіздіктің алдын алу үшін қолдануға рұқсат етіледі. Осы күнге дейін [кеттлингке алу кезінде] алды алынуы тиіс қылмыс, зорлық-зомбылық немесе тәртіпсіздік болған жоқ" дейді автор.

Чернобильдің айтуынша, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 2020 жылғы желтоқсанда Алматыда полиция белсенділерді қандай заңға сүйеніп үш сағат кеттлингте ұстағанын түсіндіре алмаған. Ал 2021 жылы 28 ақпанда Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы белсенділерді кеттлингке алу туралы пікір білдірген омбудсмен бұл "қоғамдық тәртіпсіздіктің алдын алу үшін қолданылған заңды шара" болғанын айтқан. Омбудсмен бұған ЕҚЫҰ стандарттары бойынша рұқсат етілетінін жеткізген.

Осыған байланысты автор: "ЕҚЫҰ-ның бейбіт жиындар еркіндігін бақылау жөніндегі нұсқаулығында кеттлинг туралы жазылғанымен, оны қолдану нормаға айналмауы тиіс екенін, бұл әдіс "жиын кезінде зорлық-зомбылықтың алдын алу қажет болған айрықша жағдайда ғана қолдануға ұсынылғанын" қазақстандық ресми тұлғалар елемейді" дейді.

Назарбаевтың туған күнінде өткен митингіде наразылар полициямен қақтығысты. Жараланғандар да бар
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:06 0:00

ЕҚЫҰ-ның Жария жиындарда адам құқықтары мен тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулығында "полиция бейбіт өтіп жатқан жиын заңсыз болса да, күш қолданудың кез келген әдісін қолданбауы керегі" айтылған.

Татьяна Чернобиль осылайша Қазақстан бейбіт жиындар еркіндігі жөніндегі адам құқықтарының халықаралық стандарттарын бұрмалап отыр деп қорытады.

ЕРЕУІЛДЕР ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗ КӘСІПОДАҚ

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының Орталық Азия жөніндегі зерттеушісі Мира Риттман Қазақстандағы кәсіподақтарды қудалауға тоқталады.

2014 жылы кәсіподақ туралы заң қабылданғалы бері барлық кәсіподақты бір жыл ішінде әділет министрлігінде қайта тіркеуден өтуге міндеттеді. Заң бойынша, жергілікті кәсіподақтар өнеркәсіп одағына, ал өнеркәсіп одақтары кәсіподақтар федерациясы немесе конфедеренцияға қосылуы тиіс. Бұл талап кәсіподақтарға өз құрылымын айқындауға мүмкіндік беретін халықаралық еңбек құқығына қайшы.

Қазақстан билігінің кәсіподақтарды қудалап, олардың тіркелуін қиындатып, жұмысын шектейтін заңның қабылдағанын Халықаралық еңбек ұйымы да сынаған. 2018 жылы Қазақстан кәсіподақ заңы мен еңбек туралы өзге заңдарды реформалауға уәде берген. 2020 жылдың мамырында заңға уәде еткен түзетулер енгізіліп, кәсіподақтарды тіркеудің нормативті-құқықтық базасы жақсарды. Бірақ биліктің тәуелсіз кәсіподақтарды қудалауы жалғасып жатыр.

Қазақстан Конституциясы мен Еңбек кодексі ереуілге шығу құқығына кепілдік берсе де, жұмысшылар ереуіл жарияламас бұрын ұзақ уақытқа созылатын медиация процедураларынан өтуі керек. Бұл ереуілге шығуды қиындатады. Халықаралық еңбек ұйымының қысымынан кейін 2020 жылдың мамырында Еңбек кодексіне мұнай-газ саласы қызметкерлеріне ереуілге шығуға мүмкіндік беретін түзетулер енгізілді. Бірақ әлі де заңды ереуіл өткізуге кедергі көп болғандықтан, ұжымдық келіссөздерді айналып өткісі келетін жұмысшылар қысқа мерзімді ереуілдер өткізеді. Алайда бұл оларды әкімшілік, тіпті қылмыстық айып бойынша қудалауға мүмкіндік береді.

Түрлі кедергіге қарамастан, кейінгі кезде еңбек ұжымдары ереуілге жиі шығып, артынша кәсіподақ құруға талпыныс білдіріп жатыр. Риттман жұмысшыларды жалдайтын компаниялар мен Қазақстан билігі олардың кәсіподақ құру бастамасына кедергі келтірмей, қудаламай, жұмыс істеуіне мүмкіндік беруі керек дейді.

HRW Қазақстанды Қылмыстық кодекстегі 402-баптың ("Сот шешімімен заңсыз болып танылған ереуілді жалғастыруға үндеу") күшін жойып, тәуелсіз кәсіподақтар мен олардың лидерлерін қудалауды тоқтатуға шақырады.

ПАНДЕМИЯДА АҚПАРАТТЫҚ КЕҢІСТІКТІ БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ "ГЕНДЕР" ТҮСІНІГІН ЖОЮ

"Әділ сөз" баспасөз бостандығын қорғау қорының заңгері Ғалия Әженова пандемия кезінде мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары онлайн жұмысқа көшкендіктен, ақпаратқа қол жеткізу, оны тарату қиындады дейді. Бұл шенеуніктердің онлайн брифинг кезінде өзіне қолайсыз сұраққа жауап бермеуге, БАҚ өкілдерінің микрофонын өшіріп, тілшілердің сөзін бөлуіне мүмкіндік берді.

2020 жылдың маусымында президент қол қойған "Цифрлық технологияларды реттеу туралы" заң жобасы азаматтық қоғам өкілдерінің талқысына ұсынылмай, қысқа мерзімде қабылданды. Құқық қорғаушылар, азаматтық белсенділер, журналистер, зерттеушілер, IT-мамандар мен заңгерлер бұл заң желіде аңду, жеке мәліметтерді қолға түсіру сияқты заңсыз әрекеттерге жол ашады деп есептейді.

Ал халықаралық адам құқықтары саласындағы кеңесші Әйгерім Қамидола мәжіліс былтыр сәуірде отбасы және гендер саясаты мәселелері туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заң жобасын қарай бастағанын, ол бойынша "Ер мен әйелдің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы" заңға түзетулер енгізу қарастырылғанын келтіреді.

Зерттеуші заң жобасына енгізілетін түзетулер "гендер" түсінігін жоятыны алаңдаушылық тудырады дейді. "Гендер" мен "жыныс" бір-бірін алмастыра алатын түсінік емес екенін айтқан автор заң жобасы гендер теңдігі, дискриминацияға жол бермеу, әйелдер мен жыныстық азшылық өкілдерінің құқықтарына теріс әсер етуі мүмкін деп есептейді.

2019 жылы Қазақстан "Әйелдерге жасалатын әлімжеттік пен тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес және оның алдын алу туралы" Еуропа кеңесінің конвенциясын (Стамбұл конвенциясы) ратификациялауға міндеттеме алғанымен, биыл мамырда әділет министрлігінде азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстелде ішкі істер министрлігі үкіметтің Стамбұл конвенциясын ратификациялаудан бас тартатынын мәлімдеген. Қамидоланың жазуынша, министрлік мұны "конвенция дәстүрлі құндылықтарға" қайшы және ЛГБТК+ құқықтарын қорғауға міндеттейді" деп түсіндірген.

Әйгерім Қамидола "гендер" түсінігін ұлттық заңнамадан алып тастау әйелдер мен ЛГБТК+ құқықтарына қарсы бағытталған мемлекет қаржыландыратын "антигендерлік" іс-шараның бірі деп есептейді. "Антигендерлік" заң жобасын қарау, "дәстүрлі құндылықтарды" қорғау арқылы Қазақстан шын мәнінде "гендерлік идеологияға" қарсы шыққан және консерватизм үрдісі жайлаған Шығыс Еуропа, Ресей мен постсоветтік кеңістіктегі елдердің ізімен келе жатыр. Автор Қазақстан үкіметін "гендер" және "гендер теңдігі" түсініктерін заңнамадан жоятын заң жобасын кері қайтарып, адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелерін орындауға үндеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG