Accessibility links

"Бұл – азаптау". Қазақ билігі қолдана бастаған "кеттлинг" әдісі қайдан шықты? Түсіндіреміз


Полиция жасағының бейбіт шерушілерді тар қоршауға алуы. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл. "Кеттлинг" дейтін бұл әдісті құқық қорғау органдары 16 желтоқсаннан бастап қолдана бастады.
Полиция жасағының бейбіт шерушілерді тар қоршауға алуы. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл. "Кеттлинг" дейтін бұл әдісті құқық қорғау органдары 16 желтоқсаннан бастап қолдана бастады.

10 қаңтар күні қазақстандықтар парламент мәжілісі мен мәслихат сайлауына дауыс беріп жатқанда Алматыда полиция жасағы бейбіт шеруге шыққан ондаған адамды қоршап алып, тоғыз сағатқа дейін суық далада ұстады. Қоршау ішінде ас-сусыз қалған азаматтар полицияға шығармай қойған соң тұрған жерінде әжетін өтеуге мәжбүр болды. "Кеттлинг" деп аталатын бұл әдісті Қазақстан полициясы осымен екінші рет қолданып отыр. Бірақ аты айтып тұрғандай, шеттен келген әдістің тарихы әріден басталады. Азаттық "кеттлингтің" қайдан шыққанын, әлемдік тәжірибенің Қазақстанда қолданған түрімен ұқсастығы және алшақтығын түсіндіреді.

Қазақстанда кезекті парламент және мәслихаттар сайлауы қарсаңында бірнеше оппозициялық топ жұртты жаппай наразылық акциясына шығуға үндеген. Олардың қатарында "Oyan, Qazaqstan" қозғалысы мен "Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топ та бар. 10 қаңтар, сайлауға дауыс беру күні Алматыдағы Республика алаңына беттеген осы екі топтың белсенділерін полиция жасағы екі бөлек қоршауға алып, біріншісін 7 сағат, екіншісін 9 сағатқа жуық қыстың суығында далада тапжылтпай ұстады. Gismeteo.kz сайтының дерегінше, сол күні Алматыда ауа температурасы -2 градус болған.

Полиция наразыларды қоршап, күні бойы босатпады. Алматы, 10 қаңтар 2021 ж.

Полиция қоршаудағы белсенділерге бір кесе шәй ішуге, дәретханаға баруға мұрша бермеген
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:14 0:00

Полиция аяғынан суық өткен белсенділерді бірнеше сағат қоршаудан шығармай ұстап, оларға ас-су бергізбеген, әжетханаға да шығармай қойған. Ал белсенділерді қоршап тұрған полиция сарбаздары жиі ауысқан.

Қоршау ішінде қалған демонстранттардың арасында жүкті әйел мен жас қыздар болған. Олардың кейбірін үсік шалып, кейін жедел жәрдем алып кеткен. Өзгелеріне суық далада сағаттап тұрудың салдары кейінірек білінді.

Бар айыбы қолына билікке талап жазылған плакат ұстап, ұран айтқан наразы топты осылайша суықта сағаттап ұстап қинау елдегі азаматтық белсенділерді қудалаудың жаңа бір көрінісі болды. Құқық қорғаушылар арасында мұны азаптау деп атағандар да бар.

Билік бұл әдіске осымен екінші рет жүгінді. Алғашқы жолы 16 желтоқсанда дәл осы Республика алаңындағы қарсылық акциясы кезінде дәл осы екі топқа қарсы қолданған. Бірақ ол күні үш сағат қоршауда ұстағаннан кейін босатқан.

Полицияның бейбіт наразылық акциясына шыққан азаматтарға қолданған бұл әдісін әлемде "кеттлинг" деп атайды.

Полиция қоршауында қалған белсенділер. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.
Полиция қоршауында қалған белсенділер. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.

"КЕТТЛИНГ" ДЕГЕН НЕ ЖӘНЕ ОЛ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

Бұл әдістің атауы ағылшынның "kettle", немістің "kessel" сөздерінен шыққан. Тура мағынада "қазан" дегенді білдіреді. "Кеттлинг" бастапқыда әскери әдіс болған. Wall Street Journal басылымының жазуынша, Екінші дүниежүзілік соғыста неміс әскері "жарып өт те, қазанға түсір" ("keil and kessel") дейтін әдіс қолданған. Қолы қалың әскер өзінен аз дұшпанды осындай әдіспен тұзаққа түсіріп, қоршауға алады.

Wordorigins.org сайтындағы мәліметке қарағанда, Германияда бұл амалды соғысқа дейін аң аулағанда қолданған. Аңшылар жабайы жануарды қоршауға алып, шеңберді тарылта береді, ең соңында оны өлтіріп тынады. Бұл туралы деректер 1682 жылғы жазбаларда кездеседі.

Әуелі аңға шыққанда, одан соң соғыста қолданылған бұл әдісті кейінірек полиция қолданатын болған. BBC басылымының жазуынша, полицияның "кеттлингті" қолдануы 1984 жылғы 18 маусымдағы "Оргрев оқиғасынан" (Battle of Orgreave) басталған.

Ұлыбританияның Оңтүстік Йоркшир аймағындағы ауылда мыңдаған кенші ереуілге шыққан. Сол жерге барған полиция саны жағынан едуәір басым болып, ереуілшілерді қоршауға алған, арты үлкен қақтығысқа ұласқан. "Оргрев оқиғасы" Англия полициясы тарихының ең бір кереағар тұсы саналады. BBC-дің жазуына қарағанда, осы оқиғадан кейін ағылшын кеншілері арасында полиция беделі едәуір төмендеген.

Кейінгі 20 жылда "кеттлингті" жиі қолданатын болды. "Үлкен жиырмалықтың" Лондондағы 2009 жылғы, Торонтодағы 2010 жылғы саммиттері кезінде, 2011 жылғы "Уолл-Стритті басып ал" (Occupy Wall Street) қозғалысы мен 2020 жылғы "Қаралардың өмірі құнды" (Black Lives Matter) қозғалысы барысында да осы әдіс аталды.

"Үлкен жиырмалықтың" саммиті алдындағы наразылық шеруіндегі полиция жасағы. Торонто, Канада, 25 маусым 2010 жыл.
"Үлкен жиырмалықтың" саммиті алдындағы наразылық шеруіндегі полиция жасағы. Торонто, Канада, 25 маусым 2010 жыл.

ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҚОҒАМДАРДА БҰЛ ӘДІС ЗАҢДЫ МА?

Қайшылыққа толы "кеттлинг" әдісін Лондон полициясы 2001 жылы да қолданған. Жаһандануға қарсы шеруге шыққан белсенділер полиция қоршауына түсіп, бірнеше сағат бойы шыға алмады. Кейінірек үш шеруші полицияның бұл әрекеті адам құқығын бұзды деп, Еуропаның адам құқықтары жөніндегі сотына жүгінді. Сот 2012 жылы шығарған шешімінде полиция "кеттлингті" дұрыс қолданды, адам құқығы бұзылған жоқ деген.

ЕГЕР ЕУРОПА СОТЫНЫҢ ӨЗІ ОСЫЛАЙ ҰЙҒАРСА, ДЕМЕК ҚАЗАҚ ПОЛИЦИЯСЫНЫҢ ӘРЕКЕТІ ДЕ ЗАҢДЫ БОЛҒАНЫ ҒОЙ?

Қысқа жауап: жоқ.

Дамыған елдерде полиция бұл амалға шеруші саны мыңнан асып, арасында агрессия танытқан адамдар айналадағының бәрін қиратып, бүлдірсе немесе сондай қауіп төнсе ғана жүгінеді. Мұндайда полиция қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді ғана көздейді. Соның өзінде бұл әдісті адам құқығы жөніндегі ұйымдар мен мамандар сынап жүр. Себебі полиция мыңдаған адамды алыстан қоршауға алғанда, оның ішінде наразылыққа қатысы жоқ адамдар да қалып қойған.

Алматыда былтырғы 16 желтоқсанда да, биылғы 10 қаңтарда да ондаған ғана шеруші болды, олардың қатарында агрессия танытқан ешкім болған жоқ, наразы азаматтардың тарапынан полицияның осы әдісті қолдануына себеп болатындай оғаш әрекет байқалмаған.

Демократиялық елдерде кейде "кеттлингтен" зардап шеккен адамдар полиция асыра сілтеді деп сотқа жүгініп, жеңіп шыққан, сөйтіп мемлекетті айыппұл төлеуге мәжбүрлеген.

Chicago Tribune басылымының жазуынша, 2003 жылы АҚШ-тың Чикаго қаласында полиция Ирактағы соғысқа қарсылық білдірген жүздеген наразыны "қазанға түсірген", артынан қамауға алған. Федералдық сот полицияның бұл әрекетін Конституцияға қайшы деп тауып, оған 6,2 миллион доллар айыппұл салған. Айып тағылып, әкімшілік қамауға алынғандарға 15 мың доллар, полицияға жеткізіліп, бірақ айып тағылмағандарға 8,75 мың доллар, ал қоршауға түсіп, бірақ кейін сол жерде босатылғандарға 500 доллар төленген.

Ирактағы соғысқа қарсы наразылық акциясы. Чикаго, АҚШ, 5 сәуір 2003 жыл.
Ирактағы соғысқа қарсы наразылық акциясы. Чикаго, АҚШ, 5 сәуір 2003 жыл.

Яғни сот жүйесі тәуелсіз елде полицияның шектен шығуының құқықтық салдары болады. Ал Қазақстан сияқты елдерде мемлекетті сотқа тартып жеңіске жетудің мүмкіндігі өте аз дейді Қазақстанның адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросының директоры Евгений Жовтис.

Қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтис "кеттлинг" туралы

"Кеттлинг" – өте күмәнді тәжірибе. Ол төтенше жағдайларда ғана, оның өзінде қысқа уақытқа қолданылуы тиіс. Дұрысы – оған мүлдем жүгінбеген абзал.

Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге қарайтын болсақ, болған оқиға адамның көптеген құқығын бұзады. Ең әуелі бұл – бейбіт жиналу құқығы. Ол сондай-ақ жүріп-тұру еркіндігін де бұзады. Себебі бейбіт жиынға қатысқан адам кеткісі келсе, кете алады. Ал мұнда ешқандай себепсіз ұстап тұрды. Ұстауға негіз болса, онда полиция бөліміне алып барып, әкімшілік жауапкершілік мәселесін шешуі керек еді. Оның үстіне біздің заң бойынша әкімшілік ұстау үш сағаттан аспауы тиіс.

Сонымен қатар бұл қатыгездік таныту болып та саналады. Оған күмән жоқ. Егер адамға әжетханаға баруға, тамақ беруге мүмкіндік бермесе, егер оны аязда ұстап, ол кейін ауырып қалса, ол адам полицияның үстінен шағымданып, өтемақы талап ете алады".

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАР КЕТТЛИНГ ЖАЙЛЫ НЕ ДЕЙДІ?

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бейбіт жиын еркіндігін бақылау жөніндегі нұсқаулығында былай делінген:

"Топты қоршау әдісіне тек басқа амал қалмаған жағдайда ғана жүгіну қажет. Кеттлинг адамның жүріп-түру еркіндігі мен құқықтарын бұзуға апарып соғуы мүмкін".

БҰҰ Адам құқығы жөніндегі комитетінің Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 21-бабына ескертпесі:

"Құқық қорғау органдарының қатысушылар тобын қоршап алып, құрсауға алу осы шараға жүгінуге тура келген кезде ғана қолданылады. Мұндайда топты түгелдей қоршамай, зорлық-зомбылықты бастап отырған нақты адамдарды анықтауға тырысқан жөн. Егер құрсауға алу жекелеген адамдарды анықтауды көздемесе немесе жазалау сипатында болса, ол бейбіт жиын өткізу құқығын және өзге де құқықтарын бұзады, адамдарды жөн-жосықсыз қамауға апарып соғады.

Human Rights Watch сынды адам құқықтарын қорғау ұйымдарының көбі "кеттлингке" сынмен қарайды.

Норвегиялық Хельсинки комитеті мен Human Rights Watch халықаралық ұйымы Алматы полициясының наразыларды он сағатқа жуық құрсап ұстауын "бейбіт демонстранттарға қарсы репрессивті тактика" деп айыптады.

ҚАЗАҚСТАНДА "КЕТТЛИНГ" СӨЗІ 16 ЖЕЛТОҚСАННАН БАСТАП АЙТЫЛА БАСТАДЫ. БИЛІК БҰЛ ӘДІСКЕ ОҒАН ДЕЙІН ЖҮГІНДІ МЕ?

2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасының кейінгі қарсылық акцияларына қатысқан журналист Инга Иманбай қоршауға алудың сол кезде болғанын, бірақ осы жолғыдағыдай ұзаққа созылмағанын айтады.

"Ол кезде полиция отыз минут, бір сағат қоршап тұратын да, қосымша күш келген соң бөліп-бөліп полиция бөліміне алып кететін. Ал классикалық тұрғыдағы кеттлинг осы 16 желтоқсаннан басталды".

16 желтоқсан күнгі бейбіт наразылық кезінде шерушілерді қоршауға алған полиция жасағы. Алматы, 16 желтоқсан 2020 жыл.
16 желтоқсан күнгі бейбіт наразылық кезінде шерушілерді қоршауға алған полиция жасағы. Алматы, 16 желтоқсан 2020 жыл.

Қазақстанның адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросының директоры Евгений Жовтис Инга Иманбайдың пікірін қуаттайды.

"Кеттлингтің кей элементтері бұрын да болды. Кей жерлерде қоршау орнатып, қандай да бір шектеу қоятын. Бірақ қоршап алып, құрсауда ұстап тұрудың айқын үлгісі былтырғы 16 желтоқсанда және кешегі [сайлау күнгі бейбіт шеруде] байқалды" дейді ол.​

ЫЗҒАРЛЫ КҮНІ ДАЛАДА САҒАТТАП ТҰРУДЫҢ АҒЗАҒА ӘСЕРІ ҚАНДАЙ?

Медицина ғылымдары кандидаты, дәрігер-белсенді Қайырғали Көнеевтің аязды күні далада бірнеше сағат бойы қимылсыз тұру адам ағзасына өте зиян дейді.

"Аязда аяқ-қолды, денені жылыту үшін ағзадағы энергия ресурсы тез сарқылып, жүдеуге әкеледі. Бұл несеп жолына, бүйрекке және жүрек-қан тамыры жүйесіне соққы болып тиюі мүмкін".

25 жастағы Айзат Әбілсейіт: Әлім құрып, жерге отыра кеттім. Ішімнен "Қайда жата кетсем екен?" деп ойлаумен болдым. Азаттыққа фотоны HOLA News сайты берді.
25 жастағы Айзат Әбілсейіт: Әлім құрып, жерге отыра кеттім. Ішімнен "Қайда жата кетсем екен?" деп ойлаумен болдым. Азаттыққа фотоны HOLA News сайты берді.

Дәрігердің сөзінше, дене температурасы төмендеген адам суық тиіп ауыруы немесе өкпе дертіне шалдығуы ықтимал.

Күн суықта көшеде қимылсыз сағаттап тұру ұл-қыздардың репродукциялық қабілетіне де теріс әсер етеді дейді дәрігер.

КОРОНАВИРУС ПАНДЕМИЯСЫ КЕЗІНДЕ ПОЛИЦИЯ ӘДІСІ САНИТАРЛЫҚ ТАЛАПҚА САЙ МА?

Қазақстан билігі "кеттлинг" әдісін коронавирус пандемиясы кезінде қолданды. Денсаулық сақтау министрлігі вирустың өршуін тежеу үшін азаматтардың бәрінен тиісті қашықтық ұстануды талап етіп келеді. Өзіне керек кезде билік министрлік талабын алға тартып, митинг өтеді деген жерлерде аяқ астынан залалсыздандыру жұмысын жүргізді, пандемияға сілтеп көптеген саяси-қоғамдық шаралар өткізуге жол бермеді. Бірақ 10 қаңтар күні шерушілерді қоршауға алып, тар шеңбердің ішіне біріне-бірін иық тірестіре тұрғызып қойған билік санитарлық талаптарды ескермеді. Дәрігер Қайырғали Көнеевтің сөзінше, қоршауда сағаттап тұру иммунитетті төмендетіп, коронавирусты жұқтырып көрмеген адамның осы ауруға шалдығуын тездетеді.

ҰСТАП ӘКЕТУ МЕ, ҚАМАУ МА? "КЕТТЛИНГТІҢ" ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСІ ҚАНДАЙ?

Қазақстан қылмыстық-процестік кодексінде ұстауға "белгілі бір орында мәжбүрлеп ұстау, анықтау және тергеу органдарына мәжбүрлеп жеткізу" деген анықтама берілген. Әкімшілік кодекс аясында азаматты үш сағаттан артық ұстауға болмайды.

"Қандай жағдайда болмасын ұстаған кезде нақты бір рәсімге – не әкімшілік кодекске, не қылмыстық-процестік заң ережесіне сүйенуі керек. [Шерушілер] 6 сағат, 10 сағат бойы ұсталған адамдардың кейпін киіп тұрды. Бұл біздегі заңды тікелей бұзу екеніне еш күмән жоқ" дейді құқық қорғаушы Евгений Жовтис.

Полиция орталық алаңда наразыларды ұстап жатыр. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.
Полиция орталық алаңда наразыларды ұстап жатыр. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.

ЕГЕР ҚОҒАМ ҚАУІПСІЗДІГІН КӨЗДЕМЕСЕ, "КЕТТЛИНГТІ" БАСҚА ҚАНДАЙ МАҚСАТПЕН ҚОЛДАНУЫ МҮМКІН?

Лондондағы SOAS университетінің оқытушысы Алексей Ульбрихт "Кеттлинг диалектикасы" дейтін мақаласында "кеттлинг" шерушілерді арандатуға жұмыс істейді дейді.

"Полицейлер шеп құрап қоршап тұр, ал сіздің еркіндігіңіз шектелген. Мақсат – әрекетке арандату. Егер шерушілер жауап ретінде қоршауды бұзып өтуге тырысса, полиция оларды ұрып-соғып, "біз жай ғана реакция білдіріп жатырмыз" деуі мүмкін. "Қазанға алу" полицияға білгенін істеуге ерік береді, шерушінің әр қимылы контекстен ажырап, полицияның әрбір іс-әрекеті сүттен ақ болады" дейді ол.

9 қаңтар күні "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының белсендісі Әсем Жәпішева Facebook-парақшасында "Дәл қазір маған ертеңгі митингіде арандату болатынын хабарлады" деп өзіне анонимді түрде жіберілген жазбаларды жариялады.

"Oyan, Qazaqstan" қозғалысының белсендісі Әсем Жәпішева дыбыс зорайтқышы арқылы талабын айтып тұр. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.
"Oyan, Qazaqstan" қозғалысының белсендісі Әсем Жәпішева дыбыс зорайтқышы арқылы талабын айтып тұр. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.

Жергілікті басылымдарда және әлеуметтік желілерде тараған видеолардан белгісіз бір топтың бейбіт шеруге шыққандарды арандатуға талпынғанын көруге болады. Желіде тараған видеолардың бірінде бокстан Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымовтың демонстранттардың қолындағы плакатты жыртып жатқаны байқалады. Malim.kz сайтына берген сұхбатында Ыбырайымов алаңда болғанын, шерушілерді "ел тыныштығын бұзбауға шақырғанын" мойындады.

"Демпартияны" құру бастамашыл тобының жетекшісі Жанболат Мамайдың әйелі, "қазанда" болғандардың бірі журналист Инга Иманбай арандатуға алдын ала дайын болғанын, сол себепті бір-бірін оған берілмеуге, төбелеспеуге шақырғанын айтады.

Қоршауда қалған белсенділердің сөзінше, шерушілер емес, полицияға қолдау білдіріп келген белгісіз азаматтар агрессия танытқан. Полиция олардың әрекетін тыймаған.

Полиция шерушілерді "кеттлингке" алу кезінде екі қоршау жасады. Бірі шерушілердің өзін ұстайтын ішкі қоршау, бірі журналистер мен құқық қорғаушыларды шерушілерге қашық ұстаған үлкен қоршау. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.
Полиция шерушілерді "кеттлингке" алу кезінде екі қоршау жасады. Бірі шерушілердің өзін ұстайтын ішкі қоршау, бірі журналистер мен құқық қорғаушыларды шерушілерге қашық ұстаған үлкен қоршау. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.

Инга Иманбай полицияның шерушілерді қос қабат қоршауға алғанын айтады. Ішкі шеңбер тікелей шерушілерді ұстап тұрса, сыртқы шеңбер сол шерушілердің жақтастарын, журналистерді, құқық қорғаушыларды ішке қарай жақындатпай ұстап тұрды. Ал бейбіт акцияға шыққан азаматтарды арандатуға тырысты деген топ сыртқы шеңберден ішке қарай кедергісіз өтіп, қайта шығып жүрген.

Наразылар қоршауда тұрған кезде екі сағатқа жуық дыбыс күшейтетін құралдарды қосып, қатты музыка ойнатылған. Осылайша ішкі қоршауда қалғандардың үнін үлкен қоршаудың сыртында тұрғандарға естіртпеуге тырысқан.

Сайлау күні полиция қоршауында болған белсенді әрі журналист Инга Иманбай

“Басында арандату әрекеттері болды. Онысы 40 минутқа созылды. Арандатушылар шаршаған болуы керек, кейін дыбыс күшейтетін құралдар әкеліп қоя бастады. Димаш Құдайбергеннің орындауындағы “Опять метель” дейтін әнді шамамен 20 рет қайталап қойды.

Мен мұны психологиялық қысым деп қабылдадым. Себебі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде “Метель” операциясы (Мәскеудің шешіміне келіспей, Алматыда бейбіт шеруге шыққан қазақ жастарын Совет армиясы сарбаздарының күшпен таратуы - ред.) болған.

Одан өзге де сайқымазақ әндерді қойды. Сөйтіп бұл екі сағат жалғасты”.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ "КЕТТЛИНГТІҢ" АРАНДАТУДАН ӨЗГЕ ҚАНДАЙ МІНДЕТІ БОЛУЫ МҮМКІН?

Алексей Ульбрихт мақаласында "кеттлингтің" астарында шерушілерді келесі жолы шықпайтындай етіп қорқыту жатқанын, бірақ ондай мақсаттың іске аспайтынын жазады.

"Кеттлинг" құрбандары қорқудың орнына өздері зардап шеккен әділетсіздікке деген ашу-ызамен одан сайын өршеленіп оралады" дейді ол.

Инга Иманбай "билік наразы азаматтарды ызаландыра түсті және бұл режиммен әлі де күресу керегін, күресу позициясының дұрыс екенін дәлелдей түсті" деп Ульбрихтың айтқанын нықтай түседі.

"Oyan, Qazaqstan" қозғалысы белсендісі, сайлау күні "кеттлинг" құрсауында қалған Димаш Әлжанов "Настоящее время" арнасына берген сұхбатта осы пікір қуаттады.

"Елде салмақты саяси өзгерістер болмаса, наразылық жалғаса береді. Назарбаевтың бағыты, оның президенттік модельге сүйеніп ұсынған қоғамдық келісімі сарқылып бітті" деді белсенді.

ҚАЗАҚ БИЛІГІНІҢ "КЕТТЛИНГІ" АЗАПТАУ ЕМЕС ПЕ?

Қайырғали Көнеевтің сөзінше, аязда ұзақ уақыт ұстау адамды физикалық азаптау мен оған қысым көрсету амалына жатады.

"[Мұндай әдісті] фашистік Германия, НКВД кеңінен қолданды. Адамдарды аязда ұстап, отыруға, жүруге рұқсат бермеді. Бұл – адамға физикалық қысым көрсету әдісі" дейді дәрігер.

Қазақстанның адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросының директоры Евгений Жовтистің айтуынша, Қазақстанның қылмыстық заңында "азаптау" сөзіне тар анықтама берілген.

"Қылмыстық кодекстегі анықтама халықаралық құқыққа және Қазақстан ратификациялаған азаптауға қарсы конвенцияға сай емес. Конвенцияда ауқымдырақ анықтама берілген. Оған сәйкес, азаптауға физикалық және психологиялық қысым көрсету ғана емес, кісіні қорлайтын әрекеттер де жатады" дейді Жовтис.

Конвенциядағы анықтама тұрғысынан Алматыдағы "кеттлинг" азаптауға жатады дейді құқық қорғаушы.

"Аязда ұстау, әжетханаға жібермей қою, тамақ бермеу, қатты музыка қосу – осы секілді әрекеттер [азаптауға] жатады" дейді ол.​

"Азаптау" сөзінің анықтамасы

Қазақстан қылмыстық кодексінің 146-бабында азаптауға мынадай анықтама берілген:

"Тергеушiнiң, анықтауды жүзеге асыратын адамның немесе өзге де лауазымды адамның не олардың айдап салуымен не олар біле тұрып немесе олардың үнсіз келісімімен басқа адамның азапталушыдан немесе басқа адамнан мәлiметтер алу немесе мойындату не ол немесе басқа адам жасаған немесе жасады деп күдiк келтірілген әрекет үшiн оны жазалау, сондай-ақ оны немесе үшiншi тұлғаны қорқыту немесе мәжбүрлеу мақсатымен немесе кез келген сипаттағы кемсiтуге негiзделген кез келген себеп бойынша қасақана тән зардабын және (немесе) психикалық зардап шектiруi".

Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерiне қарсы конвенцияда мынадай анықтама берілген:

"Осы Конвенцияның мақсаты үшін "азаптау" анықтамасы қандай да бір адамға одан немесе үшінші адамнан мәлімет немесе мойындау алу, ол немесе үшінші адам жасаған немесе жасағанына сезік келтірілген әрекетіне оны жазалау, сондай-ақ оны немесе үшінші адамды қорқыту немесе мәжбүрлеу үшін дене немесе адамгершілік қатты зақымдары немесе азап шегуі қасақана жасалатын немесе кез-келген сипаттағы кемсітушілікке негізделген кез-келген себеп бойынша мұндай зақымды немесе азап шегуді мемлекеттік лауазымды тұлғамен немесе ресми түрдегі басқа да адаммен немесе олардың азғырушылығы немесе олардың келісімімен немесе үнсіз келісу бойынша келтірілетін кез-келген іс-әрекетті білдіреді".

Қазақстан 1998 жылғы 29 маусымда осы конвенцияны, ал 2008 жылғы 26 маусымда оның факультативтік хаттамасын ратификациялады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG