Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы шиеленіс пен соғысқа әкелген саясаткерлерге беріліп, сыйлықтың беделі кетті. Оны қалпына келтіру үшін сыйлықты қайтарып алу процедурасын енгізу керек деді Ресей Мемлекеттік думасының төрағасы Вячеслав Володин Telegram-каналында.
Іргелі ғылым салаларындағы Нобель сыйлығына сұрақ жоқ. Ол шынайы жетістіктерге беріледі дейді Володин. "Бірақ бейбітшілік саласындағы сыйлыққа келгенде мұндай нақтылық жоқ, бағалау критерийлері жоқ. Альфред Нобель өсиетінде қор қаражаты халықтарды біріктіруге, тұрақты әскерді таратуға не қысқартуға немесе бейбітшілік бастамаларын дамытуға үлес қосқан адамға берілсін деді".
Володин Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының СССР президенті Михаил Горбачевке, Мьянма саясаткері Аун Сан Су Чжиге, АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обамаға берілгенін еске салды. Дума басшысы Горбачевтың "билігі халықтардың бытырауына, 20-ғасырдағы ең ірі геосаяси апат – СССР-дің ыдырауына әкелді дейді. Ол сондай-ақ Аун Сан Су Чжидің Нобель сыйлығын алғаннан кейін рохинжа мұсылмандарына геноцид жасады деп айыпталғанын атап өтті. Онымен шектелмей Обаманы "араб көктемі" мен Сириядағы шиеленіске жауапты етті.
"Мұндай шешімдердің Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының беделін түсіргені анық. Оған деген сенімді қылмыс, адам құқығы мен еркіндіктерін бұзу фактілері анықталған жағдайлар үшін сыйлықты қайтарып алу процедурасы ғана қайтара аладады" деп жазды Володин.
Мемлекеттік дума басшысының бұл сөзі Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы ресейлік журналист Дмитрий Муратовқа берілген тұста айтылып отыр. Халықаралық журналистер, құқық қорғаушылар Нобель сыйлығының "Новая газета" сайтының бас редакторына берілуі Ресейдегі тәуелсіз журналистикаға қолдау деп бағалаған. Кейінгі жылдары Кремль сөз еркіндігін шектеп, тәуелсіз баспасөзді қудалаумен көзге түсіп отыр. Осы жылы билікке тәуелсіз басылымдардың көбін "шетел агенті" деп танып, оларды әр хабарының алдында осы туралы ескертіп отыруға міндеттеді. "Шетел агенті" деп танылған басылымдардың арасында Азаттықтың Орыс қызметі де бар.
Кремльге жақын адамдар Муратовтың сыйлық алуын не елемеуге тырысып, не жағымсыз сипатта көрсетуге тырысты. Ал Ресей президенті Владимир Путин Муратовқа қарата "Нобель сыйлығын қалқан қылып жасырынбай-ақ қойсын" деді.
ПІКІРЛЕР