Панфилов ауданының әкімі бір күн бұрын Пенжім ауылында болған оқиғаға түсініктеме берді. 27 қазанда Алматы облысы Панфилов ауданы Пенжім ауылындағы мектепте оқушылар төбелесіп, соңы "тәртіпсіздікке ұласқан". Бір адам жарақат алған. Полиция мәліметінше, түнде 30 шақты адам жиналып, бірнеше үйдің әйнегін шаққан, көліктерді бүлдірген.
28 қазанда Азаттықтың тікелей эфирінде сұхбат берген аудан әкімі Талғат Өмірәлиев оқиғаны "жастар бұзақылығы" деп атады.
"Ол неден шықты? Розыбакиев атындағы мектепте балалар төбелесіп қалып, бір бала ауруханаға түскен. Жарақат алған, бала аман-есен. Мен бүгін кіріп шықтым. Бас дәрігерді көрдік. Аяқ-қолы сау, сөзі дұрыс, түнде операция жасады. Басынан жарақаттанған. Гематоманы алып тастады. Баланың өзімен сөйлескен кезде "жағдайым жақсы, бәрі дұрыс" деді. Сол үшін түнде жастар ұлттық мәселені көтеріп жиналған. Бұл жерде ұлттық мәселенің еш қатысы жоқ. Облыс әкімінің тапсырмасымен штаб құрылды" деді Талғат Өмірәлиев.
Азаттықтың тікелей эфирін көріңіз:
Аудан әкімінің айтуынша, түнде полиция жастарды тарқатқан. Ақсақалдар мен жігітбасылар жиналып, әңгіме жүргізген. Ақпаратқа қарағанда, басынан жарақат алған оқушының қазақ, "ұрған адамның" ұйғыр ұлтынан екені айтылады.
Tengrinews сайты 2005 жылы туған баланың Панфилов аудандық көпсалалы ауруханада жатқанын, жағдайы ауыр екенін хабарлаған.
"Ашық бас сүйек-ми жарақатына байланысты науқастың жалпы жағдайы ауыр. Диагнозы - бассүйек-мидың ауыр ашық жарақаты, оң жағы көгерген. 2-3-дәрежелі травматикалық шок алған. Есін біледі" деп агенттік аурухана мамандарының сөзін келтірген.
Бұған дейін полиция "Топпен жасалған бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Қанша адамның ұсталғаны белгісіз. Бүлінген үйлер жөнінде де қарама-қайшы ақпарат қана бар. Аудан әкімінің айтуынша, қазір полиция тұрғындардан сұрақ-жауап алып жатыр.
"Ақсақалдар жастарды екі баланың арасындағы болмашы кикілжіңге басқаша реңк беруге болмайды деп айыптады" деді облыс әкімінің кеңесшісі Ғалымұрат Жүкел.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, Пенжім ауылында бес мың ұйғыр, жеті мың қазақ тұрады. Халық негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Ауыл қазақ-қытай шекарасынан небәрі 10-15 шақырым жерде орналасқан.
Қазір "Мәдениет" үйінде жиналыс өтіп жатыр.
ПІКІРЛЕР