Қазақстанда жыныстық аз топтардың құқықтарын қорғайтын Feminita тобының белсенділері ішкі істер министрі, президент, полицейлерге мәлімдеме жасады. Жанар Секербаева мен Гүлзада Сержанның сөзіне қарағанда, олардың мәлімдеме жасауына полицияның Шымкент пен Қарағандыдағы шабуылдарды және Ақтөбедегі қоқан-лоқыларды тергемей отырғаны себеп.
"Қазақстанда ЛГБТИК (лесбиян, гей, бисексуал, трансгендер және квир) өкілдерінің шағымдары қаралмайды, шараны бұзып, қастық ниеттегі көңіл-күйді тарататын, жеккөрушілік негізінде қылмыс жасағандар жазасыз қалады. Осындай тұжырым жасауға мәжбүрміз" делінген мәлімдемеде.
Белсенділерді ІІМ-нің ресми жауабы наразы еткен. Ведомство белсенділердің Қарағандыдағы оқиғаға байланысты түсірген шағымдарын қараусыз қалдырған. 28 маусымда Қарағандыда ондаған агрессияшыл адам әйелдердің және лесбиян, бисексуал, трансгендер адамдардың құқықтары бойынша тренинг өтіп жатқан ғимарат маңына жиналып, шараны тоқтатқан. Полиция белсенділерді оқиға орнынан эвакуациялаған. Бірақ құқық қорғау органдары оқиға орнында ешкімді ұстамаған.
Оның алдында мамыр айында да осыған ұқсас жағдай Шымкентте болған еді, ол кезде беймәлім адамдар Секербаева мен Сержанға шабуыл жасап, белсенділер жарақат алған. Полиция белсенділерге берген жауабында "Бұзақылық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары әлі жүргізіліп жатқанын айтқан.
Полиция Ақтөбедегі жағдай бойынша да "қылмыстық құрам жоқ болғандықтан" белсенділердің арызын қараудан бас тартқан. Ол кезде белсенділердің адам құқығы бойынша тренинг өткізу үшін Ақтөбеге баратыны белгілі болған кезде қалада бір топ адам митинг өткізіп, белсенділерге қоқан-лоқы көрсеткен. Бұған қатысты полицияға шағымданған белсенділер айғақ та көрсеткен еді.
— ІІМ-нің жеккөрушілік негізінде жасалған қылмысқа неліктен жол беріп отырғаны түсініксіз. Шымкент пен Қарағандыда болған оқиға солай деп те аталады. Бір ғана нәрсе – біздің жыныстық ерекшелігіміз шабуылға себеп болып отыр. Шабуылдаушылардың бірде бірі жазаланбады. Біз ол қалаларға адам құқығы мәселелері бойынша бардық, — деді Жанар Секербаева Азаттыққа.
2020 жылы қазақ үкіметі азаматтық қоғам, белсенділер мен құқық қорғаушылар, ЛГБТИК өкілдерінің құқықтарын қорғау және оларға жағдай жасау бойынша рекомендацияларды қабылдаған. Белсенділер билікке сол уәдесін еске салады.
Олар биліктен Шымкент пен Қарағандыдағы шабуылдарды тексеріп, оқиғаларға және полиция әрекетіне құқықтық баға беруді сұрап отыр.
ПІКІРЛЕР