Accessibility links

"Бұл тонау ғой!" Қырғыз жүк тасымалдаушылары Қытаймен сауданың жаңа ережесіне неге наразы?


Қырғыз-қытай шекарасында тұрған жүк көліктері. Көрнекі сурет.
Қырғыз-қытай шекарасында тұрған жүк көліктері. Көрнекі сурет.

Коронавирус пандемиясы кезінде Пекин қатаң шектеу енгізіп, Қытайдан жүк таситын қырғызстандықтар табыстан қағылды. Енді олар Бішкек ұсынған жаңа ереже жағдайды одан сайын қиындатады деп алаңдайды.

Қытайдың Қырғызстанмен шекарада коронавирус пандемиясына байланысты қатаң шектеу енгізгеніне 18 айдан асты. Соның кесірінен саудаға тәуелді жүк тасымалдаушылар мен кәсіпкерлер қиын жағдайға тап болып, қаржылай көмекке мұқтаж болып қалды.

Қырғызстан үкіметі екі ел арасындағы сауданы жандандырудың жаңа жүйесін ұсынған. Бұл шекарадан жүк өткізіп күн көретін жүргізушілерді алаңдатып отыр. Олар қосымша шығын жағдайды одан сайын қиындатып жібере ме деп алаңдап отыр.

"Бұл схема [жүк тасымалдаушыларға], жеке кәсіпкерлерге, мемлекетке зиян тигізеді, – дейді "Сапарман" жүргізушілер бірлестігі төрағасы Мақсатбек Дуйшеев Азаттықтың Қырғыз қызметіне. – Олар ұсыныс Қытай талаптарын орындау үшін қажет дейді, бірақ бізге ресми құжатты көрсетпейді. Жағдай анық емес".

Ұсынылған схема қарсылыққа тап болды: 8 қарашада 400-ге жуық жүргізуші Қырғызстанның Шығыс Нарын облысы Қошқар ауданында жиналып, наразылық білдірді. Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың кеңсесіне үндеу жасады.

Қытаймен сауда айналымы Қырғызстан экономикасының маңызды бөлігін құрайды. Бірақ пандемия басталған соң, 2020 жылы Қытайдан Қырғызстанға келетін импорт көлемі 57,5% пайызға, ал шекарадан өтетін жүк көліктері он есе азайған.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээенбеков (оң жақта) Қытай президенті Си Цзиньпинді "Манас" орденімен марапаттап тұр. Бішкек, 13 маусым 2019 ж.
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээенбеков (оң жақта) Қытай президенті Си Цзиньпинді "Манас" орденімен марапаттап тұр. Бішкек, 13 маусым 2019 ж.

Бішкек сауда көлемін пандемияға дейінгі көрсеткішке жеткізуге тырысып бақты. Бірақ оған Қытай билігінің коронавирусқа байланысты енгізген шектеуі кедергі келтірді. Бұл шектеу шекарадан өту үшін қатаң және ұзақ медициналық процедуралардан өтуді талап етеді.

Қытайдың коронавирусқа байланысты енгізген талаптарын толық орындап, шекарадан өтетін жүк көліктерін көбейту үшін Қырғызстан билігі Торугарт шекара бекетіне жақын жерде "санитарлық аймақ" құрмақ. Онда жүк көліктері Қытайдан тауар контейнерлерін екі ел арасындағы бейтарап аумаққа әкеліп, оны қырғыз тарапының жүк көліктеріне тиейді.

Ұсынысқа сәйкес, бұл қызмет қырғыз-қытай шекарасында салынған, көбіне Қытай инвесторлары қаржыландыратын Silk Way өндіріс және логистика орталығына жүктелмек.

Жаңа жүйе жүргізушілерге пандемиядағы жағдайдан ес жиюға септеседі делінгенімен, Қырғызстан жүк тасымалдаушылар қауымдастығы төрағасы Набир Токторов көлік компаниялары шығындануға мәжбүр бола ма деп қауіптенеді. Ол бұл жағдайда инфляция мен жүк тасымалы көлемі азаяды дейді.

Жаңа ережеге сәйкес, жүргізушілерден 1000-1500 доллар көлемінде ақы алынуы мүмкін. Үрей мен түсінбестік орнағанымен қоймай, қырғызстандық жүк тасымалдаушыларға келісім жайлы ешкім толық ақпарат бермеген.

"Олар бұл ақша бюджетке кетеді дейді. Мұны түсінбеймін. Егер ақша салық төлеуге немесе жол жөндеуге жұмсалмаса, олар қай заң негізінде 1000 доллар алады, – дейді Токторов Азаттықтың Қырғыз қызметіне. – Бұл тонау ғой!".

Қырғызстан мемлекеттік шекара қызметі Азаттықтың сауалына жауап бермеді.

ТРАНСШЕКАРАЛЫҚ САУДАНЫ ҚАЙТА ЖАНДАНДЫРУ

Қытай "коронавирусты жолатпау" саясатын жүргізуді жалғастырып отырған аз елдің бірі. Билік бір адамнан коронавирус анықталса, қаланы толық жауып тастауы мүмкін.

Қытай шекарасынан өтуге рұқсаты бар адамдар мен тауарларды шекарада қатаң тексеретін болған. Пандемия кезінде Қытаймен трансшекаралық сауда айналымы төмендеп кеткен елдердің ішінде Қырғызстаннан басқа Қазақстан мен Тәжікстан бар.

Орталық Азиядағы көршілеріне қарағанда, Қырғызстан экономикасы Қытайдан келетін импортқа қатты тәуелді. Әсіресе, электроника, тоқыма өндірісі, құрылыс материалдары секілді тауардың көбі Қытайдан жеткізіледі.

Қырғызстанның Қытаймен шекарасында пандемия салдары бірден байқалды. 2020 жылғы наурыздың аяғында елде Қытайдан келетін тауар жетіспей, Бішкек Қытай билігінен трансшекаралық жүк тасымалы шектеуін жұмсартуды сұраған.

"Импорт экспортқа қарағанда 2,5 есе көп, импорттың көбі Қытайдан келеді, – дейді Бішкектегі халықаралық іскерлік кеңестің атқарушы директоры Асқар Сыдықов Азаттықтың Қырғыз қызметіне. – Ел экономикасы үшін қырғыз-қытай шекарасындағы үздіксіз жұмыс өте маңызды. Тіпті жеңіл өнеркәсіпке қажет шикізаттың өзі Қытайдан келеді".

Шекарадағы тексеріс пандемия кезінде жүк тасымалдаған жүргізушілердің көп уақытын алып, жүргізушілер мен компанияларға кері әсер еткен.

Қазір шекарада Қырғызстаннан келген жүк көлігі мен жүкті дезинфекциялап, жүргізушілерді мұқият тексереді. Ол көп уақыт алатындықтан бір күнде шекарадан өтетін жүк көлігі бұрынғыдан әлдеқайда аз.

Жүргізушілер бұл процестер бір жарым сағаттан артық уақыт алатынын, шекарадан содан кейін ғана өтуге болатынын айтады. Олар Қырғызстанға өтер алдында жүк көлігіндегі контейнерді түсіріп, тауар толған жаңа контейнерге ауыстырады, тек содан кейін Қырғызстанға өте бастайды.

8 қарашада жүргізушілер қарсылық білдірген үкімет шаралары шекарадағы осы процесті жылдамдатуды көздейді. Бірақ Азаттықтың Қырғыз қызметі сөйлескен жүргізушілер жаңа жүйе жемқорлыққа жол ашуы мүмкін дейді.

Кейбірі әлгіндей қызмет көрсетуші ретінде Silk Way таңдалғанына да риза емес. Қазанда Мемлекеттік шекара қызметінің басшысы қызметіне Әділет Қубанышбеков бұрын осы логистика орталығын басқарған.

БІШКЕК ПЕН ПЕКИН

2020 жылы Қырғызстанның ішкі жалпы өнімі 8,6 пайызға азайып, пандемия кезінде қатты төмендеп кетті. Қырғызстан экономиканың нашарлауына қарсы күресіп жатыр.

Қырғызстанның қазіргі үкіметі көршісімен экономикалық байланысты нығайтып, жағдайды түзетуге басымдық берді.

Қырғызстан премьер-министрі Ақылбек Жапаров [президентке қатысы жоқ] 12 қазанда жаңа қызметіне кірісе сала осы істі қолға алды. Парламентте және Торугарт бақылау бекетінде ол шекарадан өтуге рұқсаты бар жүк көліктерінің санын арттырып, мемлекеттік бюджетті толықтырудың жаңа амалдарын табуға уәде берді.

9 қарашада Қытайдың Қырғызстандағы елшісі Ду Дэвэньмен кездескенде де шенеунік Қытаймен сауда байланысын нығайтып, елден көбірек инвестиция тартуға тырысты.

"Сауданы арттыруымыз керек. Үкімет инвесторлардың қауіпсіздігіне кепілдік беруге дайын" деген қырғыз премьері Қытай елшісімен кездесуде.

Қырғызстан мен Қытай тулары.
Қырғызстан мен Қытай тулары.

Қазір жүргізушілер үкіметтің қымбатшылық пен жүк көлігін арттыру бойынша шараларына ғана емес, шекара бекеттерінің толық жұмыс істемей отырғанына да наразы.

Жүк тасымалдаушылар қауымдастығы жетекшісі Темірбек Шабданалиевтің сөзінше, бұл көлік секторындағы жүк тасымалдаушылар мен басқа да адамдардың жұмыссыз қалуына алып келген.

"Көп жүргізуші жұмыссыз қалды. Олар ғана емес, көмекші, жүкші, логистика мамандары да жұмыссыз отыр. Жүргізушілер бізге хабарласып, не істейміз, наразылыққа шығамыз ба, жоқ па деп сұрайды. Отбасын асырай алмай отырғанын айтады" дейді Шабданалиев.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG