Бүгін, 16 қарашада Алматының Әуезов аудандық соты саяси белсенді Жанболат Мамай мен журналист Инга Иманбайды жүргізуші куәліктерінен уақытша айырды. Бұған дейін жеке сот орындаушылары "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек туралы видеоны өшіруден бас тартып, сот шешімін орындамаған Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбайдың үстінен сотқа шағым түсіріп, жауапкерлерді көлік жүргізу құқығынан айыруды сұраған еді.
Сейсенбі күні сот орындаушысының өтінішін қанағаттандырған судья Толқын Далабаева дегенмен куәліктен айыру мерзімін нақтыламады.
Cудьяның сөзінше, Инга Иманбайдың 2007 жылы алған жүргізуші куәлігі 10 жылға беріліп, 2017 жылы уақыты өткен. Тиісінше мерзімі өтіп кеткен куәліктен айыру мүмкін емес, бірақ Иманбай жаңа куәлік те ала алмайды. Ал Жанболат Мамай жарамды жүргізуші куәлігінен уақытша айырылды.
Мұны саяси іс деген белсенділер аппеляциялық шағым түсірмекші.
- Бұл жерде ешқандайда әділдікті, шындықты да көріп тұрған жоқпын. Сот шешімін орындамағаны үшін жүргізуші куәлігінен айыру бұрын-соңды болмаған. Алимент үшін не болмаса ішіп алып көлік жүргізгені үшін, өрескел заң бұзып, жол көлік апатына қатыссаң – жүргізуші куәлігінен айыруы мүмкін. Бірақ сот шешімін орындамады деп куәліктен айыру – болмаған. Бұл саяси тапсырыспен жасалған сот процесі, - деді Жанболат Мамай.
Ал сотқа шағым түсірген жеке сот орындаушысы Жайнара Әлсеитова, өзінің "Атқарушылық iс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" заңға сүйенгенін айтты. Оған сәйкес, борышкер "мүліктік емес сипаттағы талап орындамаған жағдайда – сот орындаушысы борышкерге лицензия, рұқсат және арнайы құқықтардың қолданылуын уақытша тоқтату туралы сотқа шағымдана" алатыны айтылған.
Сот орындаушысы осылайша, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек туралы видеоны өшіруден бас тартқан белсендіні сот шешімін орындатуды көздейді.
Сот орындаушысын Бауыржан Байбектің өкілі, заңгер Айжан Ташенова да қолдайтынын айтты.
– Алда тағы осындай санкцияларға тап болмас үшін Мамай сот шешімін орындауы тиіс. Жала жабатын видеоны өшіріп, оның жалған екенін мәлімдеу керек. Егер Мамай оны бүгін жасаса, ертең-ақ сот орындаушысының барлық әрекеті тоқтатылады, - деді заңгер Айжан Ташенова.
Алайда Мамай мен Иманбай фильмді өшірмейтіндерін айтты. Олар фильмге қатысты шыққан сот шешіміне сенімсіздік білдіріп, Жоғарғы сотқа шағым түсіргендерін айтты. Мамай бұдан кейін БҰҰ-ның адам құқығы бойынша комитетіне де арызданбақ, "егер комитет "ия, Байбек адал екен, сендердікі жөн болмапты" десе ғана, өшіруге болады" - дейді Жанболат Мамай.
Белсенді мен шенеунік арасындағы дауға биыл көктемде Youtube'те жарияланған "Бауыржан Байбек: Назарбаев сыныптасы баласының жемқор бизнес-империясы" атты зерттеу фильм түрткі болған. Онда Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің "мемлекеттік қызметте жүріп үлкен бизнес-империя құрғаны", "Алматы әкімі болған 4 жылда 1 миллиард доллар заңсыз ақша тапқаны", "құрылысқа және көлік тұрағына" қала аумағының және Іле-Алатау ұлттық паркінің "жерін бергені" мен "пара алғаны" жайлы айтылған.
Бауыржан Байбек бұл сөздер "нақты фактілер мен құжаттар негізінде дәлелдеуі тиіс" деп фильм авторын сотқа берген.
Жазда сот Жанболат Мамайды шенеунік жайлы шығарған фильмді өшіруге міндеттеген. Ал Мамай сот үкімімен келіспей, шешімді апелляцияға беретінін айтқан. Осыған дейін сот шешімін орындамағаны үшін Жанболат Мамайға айыппұл салынған.
ПІКІРЛЕР