Accessibility links

Облыс әкімдігі: "Аралтұздан" қыркүйектен бері 111 адам жұмыстан шығарылды, "жағдай тұрақты"


"Аралтұз" АҚ жұмысшылары еңбекақыны көтеруді талап етіп, ереуілде тұр. Арал ауданы, Қызылорда облысы, 5 қыркүйек 2021 жыл.
"Аралтұз" АҚ жұмысшылары еңбекақыны көтеруді талап етіп, ереуілде тұр. Арал ауданы, Қызылорда облысы, 5 қыркүйек 2021 жыл.

Қызылорда облысының әкімдігі "Аралтұз" компаниясы басшылығы ереуіл кезінде "көзге түскен" жұмысшыларды біртіндеп жұмыстан шығара бастады деген ақпаратқа түсініктеме берді. Азаттық тілшісіне жолдаған жауабында әкімдік өкілдері 1 қыркүйек пен 17 қараша аралығында 111 жұмысшымен "еңбек келісім-шарты үзілгенін" жазды. Жұмыс берушінің ақпаратына сүйенген әкімдік олардың "объективті себептермен" жұмыстан босатылғанын айтты.

"71 жұмысшы өз еркімен арыз жазып, жұмыстан кетті. Тараптар келісімімен – үш адам, жұмысшының жұмыс орнында бір айдан астам уақыт болмауына байланысты – 8, жұмысшының себептен-себепсіз жұмыс орнында қатарынан үш немесе одан да көп сағат болмауына байланысты – 17, жұмыс орнына ішімдік ішіп келуіне байланысты – 9, зейнет жасына келуіне байланысты – 1, қайтыс болуына байланысты 1 жұмысшымен келісім-шарт тоқтатылды" делінген Қызылорда облысы әкімдігі баспасөз қызметінің жіберген жауабында.

Ондағы мәліметке қарағанда, 1 қыркүйектен бері бірде-бір адам еңбекті қорғау басқармасына "жұмыстан заңсыз шығарылуына байланысты" шағымданбаған. "Қазіргі кезде аталған ұжымда жағдай тұрақты" делінген әкімдік жауабында.

Өткен аптада "Аралтұз компаниясының кейбір жұмысшылары қыркүйек айындағы ереуілден кейін жұмыс берушінің "еңбек құқығын талап еткен" жұмысшыларды біртіндеп жұмыстан шығара бастағанына шағымданған. Компанияда слесарь болып істейтін жұмысшылардың бірі Ақылжан Қиылбаев Азаттық тілшісіне жұмыс берушінің өзін "себептен себепсіз келісімді ұзартудан бас тартқанын" хабарлаған. Кәсіподақ жетекшісі мен жұмысшы компания басшысымен сөйлесуге тырысқанмен оларды қабылдамай қойғаны хабарланды. Облыс әкімдігі Қиылбаевқа қатысты ақпарат бермеді.

Биыл қыркүйек айында "Аралтұздың" мыңнан астам жұмысшысы жалақыны кемінде 50 пайызға өсіруді талап еткен болатын. Олардың сөзіне қарағанда, кәсіпорын жұмысшылары орташа есеппен 48 мың теңге (шамамен 110 доллар) жалақы алады. Экологиялық жарнаны қосқанда айына 80 мың теңге (шамамен 185 доллар) шығады. "Қымбатшылық жағдайында бұл ештеңеге жетпейді" деп шағымданған еді. Он күннен соң компания басшылығы олардың талаптарын ішінара орындауға келісіп, жұмысшылар жұмысқа шыққан.

Жұмысшылардың сөзіне қарағанда, содан бері олардың жалақысына кемінде 15 мың теңге қосылған.

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, жалақы 22,5 пайызға артқан және қазір кәсіпорында "орташа жалақы (жалақы өсірілгеннен кейін экологиялық коэффициентті қоса есептегенде) – 100-120 мың теңгені" құрайды.

"Аралтұз" акционерлік қоғамы тұз өндіру және қайта өңдеу саласындағы ірі кәсіпорын. Компания мәліметіне қарағанда, жылына 450 мың тоннаға жуық тұз өндіріп, оның 75 пайызын Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Украинаға экспорттайды. 1200-ден аса қызметкері бар. Ресми мәлімет бойынша, Қызылорда облысында орташа жалақы жылдың екінші жартысында 203 157 теңгені (469 доллар) құраған. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықованың жалақысы – 1,8 млн теңге ($4157).

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG