Accessibility links

Сайлау реформасын зерттегендер: Өзін ұсынғандар институтын қайтару керек


"Еркіндік қанаты" мен "Құқықтық саясат орталығы" өкілдерінің сайлау заңнамасы бойынша жүргізген зерттеу нәтижесіне арналған пікірталас. Нұр-Сұлтан, 26 қараша 2021 жыл.
"Еркіндік қанаты" мен "Құқықтық саясат орталығы" өкілдерінің сайлау заңнамасы бойынша жүргізген зерттеу нәтижесіне арналған пікірталас. Нұр-Сұлтан, 26 қараша 2021 жыл.

Қазақстанда тұрғындардың бір бөлігі сайлау заңнамасына жүргізілген реформалардан хабарсыз. Басым бөлігі өзін ұсынғандар немесе тәуелсіз кандидаттар институтын қайтару қажет деп санайды. Соңғы бірнеше жылда сайлау заңнамасына жүргізілген реформаларды зерттеп, нәтижесін жариялаған "Еркіндік қанаты" және "Құқықтық саясат орталығы" қоры осылай деп мәлімдеді.

26 қарашада "Еркіндік қанаты" қорының атқарушы директоры Елена Швецова зерттеу нәтижесінің қорытындысымен таныстырды.

Бұған дейін Қазақстанда сайлау заңнамасына бірқатар өзгерістер енгізілген. Оған сәйкес, ауыл, ауылдық округ, аудандық маңызы бар қала, кент әкімдері тікелей сайланатын болды; саяси партиялар тізімінде әйелдер мен жастарға арнап 30 пайыз квота қарастырылатын болды; сайлау бюллетеніне "бәріне қарсымын" графасы енгізілді; парламентке өту межесі 7 пайыздан 5 пайызға қысқарды. Билік бұл өзгерістерді "демократиялық қадам" деп атаса, кей сарапшылар елдегі саяси жағдайдың оңалуына әсер етпейтін "косметикалық сылап-бояу" деп атаған.

"Еркіндік қанаты" өкілінің айтуынша, зерттеуде осы өзгерістердің барлығы қамтылған.

– Бір қызығы – сұралған 1200 адамның шамамен 30 пайызы жүргізіліп жатқан реформалардан хабарсыз болып шықты. 45 пайызы ауыл әкімдерінің тікелей сайлануын қолдайды. Бірақ респонденттердің басым бөлігі заңнамада тәуелсіз кандидат болу мүмкіндігі қарастырылмағанына қарсы, – дейді Елена Швецова.

Оның айтуынша, зерттеу нәтижесі елде саяси жағдайды толық өзгерту қажеттігін көрсеткен.

– Біріншіден, Қазақстанда саяси жағдайды толық өзгерту керек. Саяси партиялардың парламентке өту межесін азайту қажет. Партияларды тіркеу үшін қажетті мүшелердің саны 40 мыңнан 20 мыңға азайса да, біз үшін бұл өте көп. Кей сарапшылар бұл көрсеткішті 2-1 мыңға дейін азайту қажеттігін атап өтті. Сосын өзін ұсынғандар институтын қайтару керек. Тек мәслихат қана емес, парламентке де, – деді ол.

Қор өкілінің айтуынша, зерттеуге қатысқандар үкімет тек "тыңдап қана" қоймай, халықты "естіп", содан қорытынды шығарып, әрекет етуі тиіс деген пікір айтқан. Бұған қоса, сайлау процесін жетілдіру бойынша жұмыстар электоралды кезең ғана емес, үнемі жүйелі түрде жүргізілу қажеттігін алға тартқан. Мысалы, биыл көктемде парламент депутаттары, жұмыс тобының өкілдері сайлау заңнамасын өзгерту бойынша кездесу өткізген. Ал шілдеде ауыл әкімінің сайлауы басталып жатты.

– Мұның бәрі өте тез жүзеге асты. Дайындық керек. Шын мәнінде ешкім дайын болған жоқ. Саяси партияларға да, үміткерлерге де дайындалуға жеткілікті уақыт берілуі тиіс, – деді Елена Швецова.

Зерттеу барысында Қазақстанның бес өңірінен сауалнама жүргізумен қатар сайлау заңнамасы бойынша сарапшылармен, саясаттанушылармен, құқық қорғаушылармен, парламент депутаттарымен сұхбат жүргізілген.

Биыл және былтыр Қазақстанда сайлау және саяси партиялар туралы заңнамаға өзгертулер енгізілді. Биыл өзгертілген заңда ауыл әкімдерін тікелей сайлау, саяси партиялардың мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға төмендету және сайлау бюллетеньдеріне "Барлығына қарсымын" деген графа енгізу сияқты өзгерістер қарастырылған.

Билік бұл өзгертулерді "демократиялық реформа" деп сипаттағанмен, оппозиция мен тәуелсіз құқық қорғаушылар – "косметикалық сылап-сипау, болмашы өзгеріс" деп атады. Елде партияларын тіркей алмаған белсенділер "реформадан" кейін де қысымға ұшырап, партияларын тіркей алмай жүргенін айтып келеді. Соңғы болған парламент және ауыл әкімін сайлау кезінде де түрлі заңсыздықтар тіркелді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG