Accessibility links

"Назарбаевтың Қазақстаны" және "акулалар арасындағы" Тоқаев. Кейт Маллинсонмен сұхбат


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев биліктегі "Нұр Отан" партиясының съезінде. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев биліктегі "Нұр Отан" партиясының съезінде. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.

Президент болып сайланғанына екі жыл толған Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары халықаралық қауымдастықты "Қазақстан демократияға бет түзеді" дегенге қаншалық сендіре алды? Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев саяси сахнадан кеткен соң Тоқаев билікті сақтап қала ала ма? Бірінші президент отыз жыл бойы құрған бір адамға лайықталған жүйе ол кеткен соң қалай өзгереді?Ұлыбританиядағы Prism Political Risk Management компаниясының зерттеушісі, Chatham House сараптама орталығы Ресей және Еуразия бағдарламасының сарапшысы Кейт Маллинсон Азаттыққа берген сұхбатында осы және басқа сұрақтарға жауап берді.

"НАҒЫЗ ТРАНЗИТ ӘЛІ АЛДА"

Азаттық: Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың наурызында өз еркімен отставкаға кеткенде, "президент қызметінен жоғары мансапқа өрлеу Қазақстанда ғана мүмкін нәрсе" деген әзіл айтылды. Бірақ әр әзілдің астарында шындық жататыны белгілі. Сіздің ойыңызша, бұл қалжыңның артында шындық бар ма? Назарбаев расында да өзі ондаған жыл бойы құрған жүйенің үстіне көтерілді ме?

Chatham House сараптама орталығы Ресей және Еуразия бағдарламасының сарапшысы Кейт Маллинсон.
Chatham House сараптама орталығы Ресей және Еуразия бағдарламасының сарапшысы Кейт Маллинсон.

Кейт Маллинсон: Бірінші президент кеткелі көп өзгеріс бола қойған жоқ. Ол бірқатар маңызды институтты әлі де бақылауда ұстап отыр. Қауіпсіздік кеңесі арқылы ол қорғаныс пен қауіпсіздік салаларын және сыртқы саясат бағыттарын анықтайды. Сонымен қатар [Назарбаев] елдің ішкі жалпы өнімінің 40 пайыздайын басқаратын "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорына, "Нұр Отан" партиясына ықпалын сақтап қалды. Парламентте көпшілік орынға ие бұл партия арқылы Назарбаев үкімет ұсынған кез келген заң жобасына тосқауыл қойып, министрлер кабинетіне президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған адамды қабылдамай тастай алады. Яғни, ол жаңа президентке айтарлықтай өкілет бермеді. Ол элитаны сахна сыртынан басқарып отыр. Сондықтан мұны қаншалық қызметінің өрлеуі деуге болатынын білмеймін. Мұның (өкілеттің – ред.) бәрі бұрын-ақ оған өмір бойына берілген. Ол бұрын қолында болғаннан бөлек бірдеңеге қол жеткізді деп ойламаймын.

Азаттық: Ал тарихқа үңілсек, мемлекет жетекшілігіне басқа адам келгенімен, жүйені сахна сыртынан бұрынғы президент басқарып отырған Қазақстан билігінің конструкциясы қай елдікіне жақын: Дэн Сяопин заманындағы Қытайға ма, әлде аятолла мен президенті бар Иранға ма?

Кейт Маллинсон: Меніңше, бұл – министр-тәлімгер [Ли Куан Ю] жолын қайталауға тырысу. Бірақ қос билік моделі Орталық Азия үшін таңсық әрі бұрын-соңды болмаған жағдай.

Президент билігі транзиті әлі аяқталған жоқ және мұның белгілі бір тәуекелі бар. Өйткені билік бірінші президент пен оның айналасы және отбасынан келесі басшыға ауысатын нағыз транзит әлі алда. Қазіргі жағдай елдің дамуын баяулатып тұр. Өйткені кейінгі 15 жыл бойы елде не болып жатқанын бақылаған азаматтар мен элита Қазақстанда Назарбаев кеткен соң не болады деп алаңдаулы.

Себебі Назарбаев өзі құрған күрделі саяси экономияның үстінен қарап, түрлі элита топтары мен ойыншылардың арасалмағын теңестіріп, баланс сақтап, оларды сахна сыртынан басқарып отыр. Сондықтан оны орнынан қозғаған соң, бүкіл конструкция түбегейлі өзгереді. Осылайша "тұңғыш президент" статусына ауысқанымен, билікті сақтап қалған Назарбаев белгісіздік пен тәуекел факторын жоймады. Ал бұл елге келетін ірі инвестицияға және реформалардың іске асу қарқынына әсер етеді.

Қазақстанда мен сөйлескен адамдардың көпшілігі тоқырау туралы айтады. Бұл ел ішіндегі және әлемдегі қиындықтарға төтеп беруде қажет шешімдерді қабылдауға қауқарлы үкімет пен жетекшілер жоқ Брежнев кезіндегі тоқырауға ұқсас. Сондықтан билік транзиті толық іске аспайынша, ел дамудың келесі кезеңіне өте алмайды.

Азаттық: Chatham House зерттеу орталығының "Қазақстан: транзит сынағы" баяндамасында сіз "Президент міндетін атқарушы Тоқаевтың алғашқы шешімі бұрынғы президенттің құрметіне астанаға Нұр-Сұлтан атауын беруі болды. Бұл шешім әжуаға айналып, Тоқаев Назарбаевтың қолындағы құрал деген күдікті растады. Бірақ кейінірек Тоқаев имиджін өзгертіп, алдыңғы басшының билігінен алшақтауға әрекет етіп, халық алдында легитимді болуға тырысты" деп жаздыңыз. Тоқаевтың тәуелсіздігін көрсету талпынысы қаншалықты сәтті болды?

Кейт Маллинсон: Президент алдыңғы басшының саясатына айтарлықтай өзгеріс енгізген жоқ, бірақ қызметке кіріскелі бері екі маңызды нәрсені шешуге тырысты. Біріншіден, халық пен элита алдында ұлт көшбасшысы ретінде беделін орнықтыруға тырысты. Екіншіден, 2014 жылы шикізат бағасы құлдырағаннан кейін Қазақстан тап болған әлеуметтік-экономикалық дағдарыстан елді шығаруға күш салды. Ол бұл проблемаларды бір-бірімен байланыстырды, сол себепті популистік шаралар мен технократиялық реформаларды қатар алып жүру арқылы халықтың әл-ауқатын жақсартып, өз легитимдігін арттыруға тырысты. Ол "еститін мемлекет" құруға талпынып, өзін реформатор ретінде көрсетуге қатты күш салып жүр. Алайда билік аясы шектеулі болғандықтан, оған қандай да бір ірі өзгеріс жасау қиын.

Меніңше, халық оның саяси-экономикалық реформалар туралы риторикасын жақсы қабылдағанымен, істі нәтижесіне қарап бағалау керегін біледі. Соңғы сайлауды бақылағанда, көп нәрсе өзгермегеніне көз жеткіздік. Пандемия мен үкіметтің вакциналау бағдарламасының баяу жүргенін көрдік. Тоқаев үкіметті отставкаға кетіремін деп қорқытқанымен, шын мәнінде ол бұлай істеуге қауқарсыз, бұл оны әлсіз және шешім қабылдауға батылы жетпейтін адам етіп көрсетеді.

Мәжіліс сайлауынан кейін [іс жүзінде] Тоқаевтан бұрын премьер-министр [Асқар] Маминді қызметіне экс-президент қайта тағайындады. Бұл Тоқаевтың қолында үкіметке салмақты, тәуелсіз тұлғаларды тағайындайтын билік жоқ екенін әшкереледі. Бір жағынан орын ауыстыратын қосалқы ойыншылардың тізімі өте қысқа және шын мәнінде ондай тәуелсіз тұлғалар жоқ: Тоқаевты Назарбаевқа адал адамдар қоршаған. Тоқаевтың өз адамдары болмағандықтан, билігін орнықтыруы қиын.

Президент болу – белгілі бір билікке қол жеткізу деген сөз. Халықтың Тоқаевқа көзқарасы оң деп ойлаймын. Алайда оның қолы байлаулы, ол не істесе де бәрі үстірт болып шығады. Себебі аймақтарда оның өзгеріс енгізер адамдары жоқ, ал тұңғыш президент желкесінен қарап, жасыл шамды жағып отыр.

Азаттық: 2019 жылдың маусымындағы президент сайлауынан кейін елде ауқымды наразылық акциялары көп болды. Ресми дерек бойынша, сол түста 4 мыңнан астам адам ұсталды. Бірақ қазір наразылық бәсеңдеген сияқты, митинг сирек болады, оған шығатын адам саны көп емес. Наразылық неге бәсеңдеді?

Кейт Маллинсон: Меніңше, кейінгі он жылдағы әлеуметтік-экономикалық ахуалдың нашарлауы жаппай наразылық тудырды. Ал 2019 жылдың маусымында [сол наразылық] сыртқа шықты. Биліктің ауысуы, бюллетеньде бірінші президент Назарбаевың болмауы, жемқорлық даулары мен Тоқаевтың реформалар туралы уәдесі түрлі топтарды көшеге алып шықты. Сол кезеңде жаңа оппозициялық қозғалыстар пайда болды, олар әлеуметтік ахуалды сынап, саяси-экономикалық реформаларға үндеп, наразылыққа серпін берді.

Кезектен тыс сайлау һәм бейбіт наразыларды жаппай ұстау. Екі жыл бұрын елде не болып еді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:00 0:00

2019 жылдың соңынан бері наразылық бәсеңдегені рас. Бұған бір жағы Тоқаевтың реформа жасаймыз деген уәдесі себеп болса, екінші жағынан жік-жікке бөлініп кеткен түрлі топтарды кезінде сайлау біріктірген еді, ал қазір наразылыққа шығуға құлық жоқ. Оппозиция әлсіз, ал қауіпсіздік қызметкерлері күш қолданып, наразылық белгіленген уақытта сол көшеде кездейсоқ кетіп бара жатқан кез келген адамды ұстауға дайын екенін көрсетті.

Сонымен қатар пандемия мен оның экономикалық салдары халықты әбіржітіп жіберді. Осы проблемалар жұртты көбірек толғандырып, наразылық білдіруге жол бермеуі мүмкін. Заң шығарушы орган сайлауы (2021 жылғы қаңтардағы мәжіліс пен мәслихат сайлауы – ред.) осы себепті тыныш өтті деп ойлаймын.

Бірақ [халыққа] реформа туралы көп уәде берілді. Үкімет реформалар тұралап қалған саяси және экономикалық ахуалға оң әсер еткенін көрсете алмаса, онда алдағы уақытта проблемаға тап болады. Өйткені халық бұдан жақсырақ тұрмысқа үйренген. Әлеуметтік-экомикалық ахуал ушығып, баға өсіп жатыр, халық бағыттың дұрыс еместігін, елдің тоқырауда тұрғанын сезіп отыр, бұл көңіл күй әзірге сейілмейді.

Президент сайлауы күні Қазақстан қалаларында наразылыққа шыққан жұздеген адамды полиция көшеден күштеп әкетті. Алматы, 9 маусым 2021 жыл.
Президент сайлауы күні Қазақстан қалаларында наразылыққа шыққан жұздеген адамды полиция көшеден күштеп әкетті. Алматы, 9 маусым 2021 жыл.

Азаттық: Екі жыл бұрын президент сайлауынан кейін Тоқаев саяси реформаларды іске асыратынын мәлімдеген еді. Нәтижесінде партиялардың парламент мәжілісіне өту шегі 7 пайыздан 5 пайызға төмендетілді. Саяси партияларды тіркеу үшін бұрын 40 мың адамның қолы керек болса, жаңа өзгерістерге сай, бұл 20 мыңға төмендетілді. Сайлауға түсетін партия тізімінде әйелдер мен жастардың үлесі 30 пайыз болуы тиіс. Сайлау бюллетеніне "барлығына қарсымын" графасы қайтарылады. Сондай-ақ ауыл әкімдерін 2021 жылдан бастап тікелей сайлайтын заң қабылданды. Осы өзгерістерді саяси реформа деуге бола ма?

Кейт Маллинсон: Бұл реформа жасауға талпыныс қана. Халықаралық ұйымдар әділетсіз деп баға берген соңғы сайлауға қарасақ, оған демократиялық бағыттағы бірде-бір оппозициялық партия қатыспады. Саяси қудалау жалғасып жатты, сол президент сайлауынан кейін көп адам ұсталып, қамалды.

Партиялардың мәжіліске өту шегі 5 пайызға төмендетілгені және жергілікті әкімдерді сайлау – жақсы қадам, бірақ түптеп келгенде, елдегі саяси бәсеке қатаң бақылауда екені белгілі. Сондықтан бұл реформалардың саяси жүйеге әсер етуі қиын.

"АКУЛАЛАР АРАСЫНДАҒЫ ШАБАҚ"

Азаттық: Биыл ақпанда Еуропарламент "Қазақстандағы адам құқықтары жөнінде" қабылдаған қарарда елдегі азаматтық қоғам ұйымдарының қудалануы, адам құқықтарының бұзылуы, сайлаудағы әділетсіздік, сөз бостандығының тарылуы, т.б. жайттар айтылған. Артынша президент Тоқаев елдегі саяси реформалар туралы "беделді сарапшылар оң пікір айтып жатыр", ал оны сынаушылар "мәселеге үстірт қарайды" деп мәлімдеді. Тоқаев: "Реформаларды біреуге ұнау үшін немесе біреуге есеп беру үшін жүргізіп отырған жоқпыз. Реформаларды ешкімге жалтақтамай ұдайы іске асырамыз" деді. Назарбаев та президент болып тұрғанда Қазақстан демократияға өз жолымен келе жатқанын бірнеше мәрте айтқан. Тоқаевтың бұл мәлімдемесі ол Назарбаев тәрізді жабық саясаттың жақтаушысы екенін көрсете ме?

Кейт Маллинсон: Тоқаев – Назарбаевтың қойған адамы, Назарбаев оны көп жыл бұрын жартылай транзитті іске асыру үшін таңдаған. Ол Назарбаевтың жабық саяси жүйесінен қатты алшақтамайды. Тоқаев Назарбаев өзін бұдан алшақ кетпеу үшін қойғанын жақсы түсінеді. Тоқаев ол жерге Назарбаев жүйесімен күресу үшін емес, өзіне сызып белгілеп берген шектеулі аймақта өз жұмысын істеу үшін қойылды.

Биліктегілер кейінгі бірнеше жылда халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалы нашарлағанын және популизм өсіп келе жатқанын түсінеді. Сол себепті әйтеуір бір әрекет жасау керегін біледі. Тоқаев сол себепті "еститін үкімет", "тыңдаушы көшбасшы" және әлеуметтік желіде белсенді болу керектігін түсінеді.

Оның Назарбаев тәрізді жекелеген адамдарды қатты сынап басқаратын қатаң авторитарлық басқару стилі жоқ. Бірақ әрекет ете алатындай мүмкіндігі де жоқ. Тоқаевтың өзі де жүйені өзгертуге құлықсыз, өйткені осы қызметке келгенде қанаты қиылатынын, билігі шектеулі болатынын және толыққанды саяси және экономикалық реформалар жүргізе алмайтынын білді.

"Самұрық-Қазына" қорын алып қарасақ, ол – елдегі ең ірі экономикалық институт, ал Тоқаев оған мүлде ықпал ете алмайды. Елде саясат пен бизнес арасындағы байланыс өте тығыз, ал Тоқаевтың элиталық саясатқа ықпалы мүлде жоқ. Элиталық саясат Тоқаев жоқ басқа деңгейдегі адамдар арасында жүріп жатыр. Тоқаев олардан алшақ және әзірге олармен күресе алмайды.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев парламент сайлауында дауыс беріп тұр. Нұр-Сұлтан, 10 қаңтар 2021 жыл.
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев парламент сайлауында дауыс беріп тұр. Нұр-Сұлтан, 10 қаңтар 2021 жыл.

Тоқаевтың монополияға қарсы реформа және сатып алулар туралы заңды өзгерту жайлы бастамалары жақсы. Дей тұрғанмен ол жекелеген байлық көздеріне қарсы күрес ашып, монополияларды талқандамайынша, саяси экономияға әсер ете алмайды.

Азаттық: Қазақстанда Ақорда (президент әкімшілігі) мен "Кітапхана" (экс-президент Назарбаевтың кеңсесі) текетіресі туралы ара-тұра әңгіме қозғалып тұрады. Сырт көзге қалай байқалады? Расында да, Тоқаев пен Назарбаев арасында текетірес бар ма? Егер бар болса, ол ушығып, өршуі мүмкін бе?

Кейт Маллинсон: Иә, премьер-министрді қайта тағайындау немесе былтырғы наразылықты басу кезінде белгілі бір шиеленіс байқалғаны анық. Сахна сыртында әлдебір шиеленіс жүріп жатыр, шешім қабылдау күрделі, епсіз және бюрократиялық сипатта, өйткені қос билік бар. Бірақ жоғарыда айтқанымдай, елдегі негізгі маңызды институттар Назарбаевтың бақылауында.

Меніңше, көп нәрсе Назарбаевтың денсаулығы мен билікте қалу туралы шешіміне байланысты болмақ. Егер оның денсаулығы нашарласа, бірақ ол биліктен сонда да бас тартпаса, онда қазірден-ақ көзге көрініп тұрған билік вакуумы ұлғайып, оның шешімдері одан бетер ретсіз бола түседі.

Қауіптің бәрі осында. Бұрынғы президенттің не жоспарлағаны белгісіз. Елден көп ақша шығарылып жатқанын естиміз, бұл оның денсаулығы болжағаннан нашар болуы мүмкін екенін көрсетеді. Демек бәрі [толық кету жөнінде] шешім шығаруға қарай бара жатқандай.

Бірақ ол билікке жабыса берсе, ал ел дұрыс бағытта дамымаса және халық тұрмысы еш жақсармаса, халық Тоқаевтың жағына шығып, оны қолдауы мүмкін. Тоқаевтың келесі президент ретінде таңдалу себебі, ол бейтарап, ешқандай бизнес, элита топтарына қатысы жоқ, яғни ол басқаруға оңай және әлсіз деген сөз. Сондықтан бәрі саяси бизнес топтардың бірі Тоқаевқа қолдау білдіріп, онымен біріге ме, соған байланысты. Сонда ғана бұл тегеурінді күш болмақ. Ал жалғыз өзі ол акулалар арасындағы шабақ сияқты.

ҚЫТАЙ МЕН РЕСЕЙДІҢ ОРТАСЫНДА

Азаттық: "Қазақстан: транзит сынағы" баяндамасында Назарбаев пен Тоқаев арасындағы бәсеке тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін" деп жазыпсыз. Егер екеуінің арасындағы шиеленіс конфликтіге апарып соқтырса, бұл мемлекетті сыртқы ойыншылар алдында осал ете ме?

Кейт Маллинсон: Ресей Қазақстанда не болып жатқанын жіті бақылап отыр. Өтпелі кезеңде билік басына Кремльге қолайлы адамдардың келуінде Ресей шешуші рөл ойнады. Әсіресе, Батыспен қарым-қатынасы нашарлаған Мәскеу Қазақстанды әлемдегі ең жақын одақтасы санайды.

Ресей Қазақстан Кремль қалаған бағытта жүрсе дейді. Ал жыл өткен сайын Қазақстан халқы совет бұғауын үзіп жатыр. Қазақстандағы демография қазір мүлде басқа, ел Совет одағынан шыққалы бері қатты өзгерді, ал Ресей мұны мойындағысы келмейді.

Меніңше, Путин мен Назарбаев қарым-қатынасы өзара сыйластыққа негізделді. Путин Назарбаевтан кейін кім келсе де, оны сол деңгейде сыйламайды. Өйткені жасы, беделі мен тәжірибесі жағынан Назарбаевпен теңесу қиын.

Қазірдің өзінде қарым-қатынастағы шиеленісті байқап отырмыз. Ресей Қазақстан өзінен тез алшақтап кетпеуі үшін транзиттің келесі кезеңінде елді жіті бақылауды жалғастыра береді.

Бұл Қазақстанның аумақ тұтастығына әсер етеді деп ойламаймын. Дегенмен Қытай факторы және бар. Қытайдың Қазақстанға құятын қаржысы мен капиталы бар, ал Ресейде дәл қазір ол жоқ. Қытайдың Қазақстан ресурстарына тәбеті қатты. Ресей мұны бақылай алмайды, оның бір себебі – Қазақстан басшылығы қысқа мерзімге ғана жоспарлайды, олар 30-50 жыл болашаққа көз салмайды. Қытаймен мұндай қарым-қатынас оларға тиімді, өйткені Қытай Батыс инвестициялары тапшылығының орнын толтырады. Ал Ресейдің елге ірі инвестиция құятын ақшасы да жоқ, бәлкім бұған ниеті де жоқ. Демек, ұзақ мерзім тұрғысынан Ресей мен Қытай бақталастығы мемлекеттің аумағы мен егемендігіне әсер етуі мүмкін. Бұл халықты алаңдатады.

Азаттық: Қазақстандағы қазіргі статус-квоға Путиннің көңілі толатын сияқты. Дегенмен саяси транзит кезінде Қырымнан айрылып қалған Украина мысалын естен шығармау керек шығар. Осыған ұқсас сценарийлер болуы мүмкін бе?

Кейт Маллинсон: Расында да Украинада болған ең жағымсыз сценарий ескерілуі тиіс әлемде өмір сүріп жатырмыз. Бұл жұрттың бәрін таңқалдырды. Сондықтан Ресей Қазақстан шекарасын бұзуы мүмкін деген ықтимал сценарийді де қарастыруымыз керек. Меніңше, Назарбаевтан кейін билік басына ұлтшыл тұлға келіп, ол Путин немесе Ресейдің кез келген басшысына дәл сондай құрметпен қарамаған жағдайда немесе олардың құрметіне бөлене алмаған жағдайда осы іске асуы мүмкін.

Ресей мұндай жағдайда ықпал ету тетіктері барын біледі. Кейінгі жылдары Ресей жақтан түрлі даулы мәлімдемелерді естіп жүрміз, бұл әсіресе Ресеймен ортақ шекараға қатысты экспансионизм қаупін тудырды. Ресей Қазақстанның солтүстік аймақтарының бірінде түн ішінде аяқ астынан "сыпайы адамдар" пайда болып, ахуалды тұрақсыздандыру үшін арандатуға бара алатынын біледі. Алайда меніңше, бұл елдердің (Украина мен Қазақстан) өз ерекшелігі болғандықтан, толық аннексияның болуы екіталай. Бірақ Ресей постназарбаев кезеңіндегі кез келген үкіметті қорқыту үшін ықпал ету тетіктерін қолдана алады деп ойлаймын.

Азаттық: Жақында Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Назарбаев барлық қауіп-қатерге дайын болу үшін шекара мен әскерді күшейту керегін айтып, шекаралас елдімекендерді дамытуды тапсырды. Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясат ұстанады, көршілерімен достық қарым-қатынаста және Назарбаев "ешбір елмен шешілмеген шекара мәселесі жоқ" екенін бірнеше мәрте мәлімдеген. Бұған дейін Ресей саясаткерлері Қазақстан аумағы – Ресей мен Совет одағының сыйға тартқан жері деген даулы мәлімдемелер жасаған. Назарбаевтың Қауіпсіздік кеңесінде айтқаны мен Ресей саясаткерлерінің мәлімдемелері арасында қандай да бір байланыс бар ма?

Кейт Маллинсон: Ресейдің құбылмалы риторикасы мен Қазақстан жауаптарын көріп отырмыз. Тоқаевтың әсіресе Еуразия экономика одағында Ресей амбицияларының бетін қайтаруға талпынып жатқанын көруге болады. Әдетте Назарбаев Путинмен бейресми жағдайда сөйлескенді ұнатады, бірақ екі жақтың қарым-қатынасы нашарлаған сияқты. Жасырын коммерциялық келісімдер барын білемін, олар [Ресей сыртқы істер министрі Сергей] Лавров пен Назарбаевтың пікірлері негізінде сыртқа айтылып жатқандай. Меніңше, Тоқаев пен Назарбаевтың жария мәлімдемелері Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынасы күрделі екенін көрсетеді. Олар осылайша өзін жоғары қойып, Қазақстанға іні ретінде қарайтын Ресейдің ықтимал агрессияшыл қарым-қатынасына тойтарыс беріп, қарсылық көрсетуге мәжбүр.

"ЕГЕР БІРІНШІ ПРЕЗИДЕНТ ӨМІРДЕН ОЗСА..."

Азаттық: Қазақстандағы кей сарапшылар Тоқаев тек уақытша президент және келесі президент сайлауына қатыспайды дегенді айтып жүр. Бұған не дейсіз?

Кейт Маллинсон: Меніңше, Назарбаев тұрақтылықты бәрінен жоғары қояды. Сондықтан ол президенттерді жиі ауыстырғысы келмейді. Демек, бұл Тоқаевтың пайдасына жұмыс істейді. Егер ол бір мерзім ішінде Тоқаевты ауыстыратын болса, транзит сәтсіз болып көрінер еді. Тоқаев – көпшілік үшін қолайлы тұлға, ол партиясыз, тірегі жоқ, Назарбаевқа қарыздар, жақсы технократ. Сондықтан қай жағынан алсаң да мінсіз тұлға, демек ол мерзімінің соңына дейін отыратын болар. Оның үстіне қазір президент қызметін атқара алатын партиясыз тұлға жоқ. Сол себепті Тоқаев орнында қалатын шығар.

Ол екінші мерзімге қала ма, ол – басқа мәселе. Бұл көп ретте бірінші президенттің денсаулығына байланысты. Егер бірінші президент қазіргі қызметінде қала берсе, тұрақтылық пен бақылауды сақтап қалу үшін Тоқаев екінші мерзімге қала алады деп ойлаймын.

Ал егер бірінші президент өмірден озса, онда билік кімге өтетіні оның өлімінен кейін 48 сағат ішінде шешілуі мүмкін. Бұл дәстүрді Өзбекстан мен Түрікменстанда байқадық. Тоқаевты қызметінде қалдырғысы келетін және қызметінен алғысы келетін элита топтары болады. Бұл қай топтың күші басым түсетініне байланысты болмақ. Осы кезеңде біз үлкен өзгерістерді көре бастаймыз, кей тұлғалар билігінен айырылып, ойыннан шығуы мүмкін.

Азаттық: Тоқаев былтыр мамырда жарлық шығарып, бұрынғы президенттің қызы, сенат спикері Дариға Назарбаеваның өкілетін тоқтатқанда, бұл көпшілік күтпеген шешім болды. Бірақ биыл Дариға Назарбаева мәжіліске "Нұр Отан" партиясынан сайланған депутат ретінде оралды. Оның әкесі Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық ететін партия мәжілістегі көпшілік орынға ие. Дариғаның мәжіліске оралуын Назарбаевтың парламент арқылы биліктегі балансты сақтау әрекеті деп қарастыруға бола ма?

Кейт Маллинсон: Иә, бұл – күштерді теңестіру әрекеті екені сөзсіз. Сондай-ақ бұл қызмет Дариға Назарбаеваны қылмыстық қудалаудан қорғайды. Назарбаев отбасының мүшелері және элитаға қатысты көп компромат пен құқықтық мәселе шығып жатқанын көрдік. Меніңше, ірі тұлғалар мен отбасы мүшелерінің арасын теңестіріп, балансты сақтау – қалыпты тәжірибе.

Бірақ оны сенат спикері қызметінен алып тастады. Меніңше, ол коронавирустың таралуы, экономикалық көмек көрсету сияқты мәселеде атқарушы биліктен қосымша өкілет сұрап, амбициясын көрсетіп, элита мен Тоқаевты өзіне қарсы қойды. Сөйтіп, олар оны кетірді. Бірақ соған қарамастан, ол – бірінші президенттің қызы. Ал бірінші президент басқа адамдардың көп билікке ие болғанын қаламайды. Сондықтан бұл оның жүйедегі күштерді теңестіру әрекеті.

Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы, мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева балалар алаңының ашылуына қатысып тұр. Нұр-Сұлтан, 27 мамыр 2021 жыл.
Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы, мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева балалар алаңының ашылуына қатысып тұр. Нұр-Сұлтан, 27 мамыр 2021 жыл.

Азаттық: Назарбаев бір адамға бейімделген нәзік жүйе құрды. Қазіргі жүйе Назарбаевқа елді сахна сыртынан басқаруға мүмкіндік береді. Алайда бұл жүйе оның көзі тірісінде ғана жұмыс істейді. Ал ол саяси сахнадан кеткенде не болмақ? Нәзік жүйе қиындықтарға төтеп беріп, сол күйінде қала ала ма?

Кейт Маллинсон: Ол осы саяси экономияны құрып, ондағы күштерді 30 жыл бойы тежеп, тепе-теңдікті сақтап келді. Яғни, бүгінгі Қазақстан – Назарбаевтың Қазақстаны. Бір тұлғаға лайықталған жүйе бейресми, жабық, ал институттар әлсіз. Бәрі бір адамның тұлғасына барып тіреледі. Назарбаевқа кім жақын, кім алыс, бұл жүйеде бәрі соған байланысты. Ол жүйеден шығып кетсе, бір-бірімен қас топтар ғана қалады. Бұл топтардың күресін басқаратын төреші болмайды.

Қазақстандағы элита тәрізді дәулетті, экономикадағы үлесі үлкен әрі бір-бірімен қарым-қатынасы шиеленіскен топтар аймақтағы басқа елдерде жоқ. Аймақтағы өзге елдерде саяси экономия көлемі кішірек, топтарды басқару оңай және олар дәл Қазақстандағыдай жік-жікке бөлінбеген. Сондықтан Қазақстанда тәуекел көп. Кейбір ойыншылар ұтылып, ойыннан шығуы мүмкін. Бірақ ешкім өз еркімен кеткісі келмейді. Сол себепті олар өз ойнын жүргізуі мүмкін. Елдің тарихынан көргеніміздей, бұл ойыншылар наразылыққа итермелеп, тұрақтылықты шайқауы мүмкін.

Бұл билік вакуумын тудыруы ықтимал. Ал елде қатты наразы адамдар бар. Олардың көпшілігі саяси талап қоймаса да, билік басындағылар ел мүддесін ескермеді дейтін мәлімдемелер айтып жүр. Бұл адамдар түрлі топтардың манипуляциясына оңай еріп кетіп, солардың айтқанымен жүруі мүмкін. Бірақ тым пессимист болғым да келмейді.

Азаттық: Әңгімеңізге рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG